file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  376


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТАҒДЫРЫМ ТАЛҚАН БОЛҒАНДА


Өскенмін мен де ашынып,
Қаламым – найза ұштаған.
Жүрегім еді жасырып
Кеудеме тығып ұстаған.
Күн кешкен мені сағалап
Жүрегіме қанжар сермеме.
Сұм аз ба кеткен жаралап,
Тықсам да зындан – кеудеме.
Күш-қуат жиып елден мен,
Бекінгенде белді буынып,
Ажал да зындан – кеудемнен
Жүрегімді алмақ суырып.
 Ақын көп кеткен арманда,
Жарты бақытқа да кенелмей.
Жүрегім жарық Жалғанда
Келеді, жүдә, не көрмей.
Өмірге жылап келгелі,
Бар ма азап жаным төзбеген.
Тағдырдың сұсты мергені
Жүрегімнен талай көздеген.
Құламай намыс-тірегім,
Ақынмын ардан жаралған.
Оқ тескен қызыл жүрегім
Жапырақтармен жамалған.
Жыр жазып әппақ қағазға,
Ой кешкен ылғи сарылып,
Инфарктан өлген жан аз ба,
Жүрегінде бомбы жарылып.
Арам шөп өссе шарбақта,
Ормайын неге шалғымен.
Еліме түсер салмақ та
Жүрегіме түскен алдымен.
Мұқалмай өмір – орманда,
Мұратқа қалай жетермін.
Тағдырым талқан болғанда,
Жүректен, мүмкін, кетермін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу