file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  397


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖЕСІРЛЕРДІҢ ЖАН ШЫРЫЛЫ


Көңілімнен тасқындап жыр ағылып,
Көзім шайдай ашылған мұң арылып.
 Соғыстан соң жетілген жетім едім,
Көз жасыма өзімнің суарылып.
Көктемдердің көзінен шуақ көріп,
Арман қуғам бұлқынған бұлаққа еріп.
Бір ауылдың бірге өстік жетімдері,
Бірімізге біріміз қуат беріп.
Әкесі бар балалар бір жүретін,
Сабаймыз деп біздерді дүрлігетін.
Кілең жетім біріктік,
Қасқыр көрсе,
Иттері де ауылдың бірігетін.
Дүрлікті ауыл мұны естіп, дүрлікті ел де,
Үйлеріне тығылып шірік пенде.
Бұлшық еті даланың секілденген,
Кілең жетім топтанып біріккенде.
Кім-кімді де есінен бір тандырып,
Бәрі шыға келген-ді қырға атылып.
Алған беттен жетімдер неге тайсын,
Іштерінде көк бөрі тұрғанда ұлып.
Тәңіріге жалынып мына Жалған,
Ұрпақтары болатын сұрап алған.
Қос жағасы өзеннің секілденіп,
Екі жаққа сап түзеп тұра қалған.
Үлкендердің сөзіне құлақ асқан
Жетімдердің көңілін қына басқан.
Мұрынынан дірдектеп қан аққанда,
Әкесі бар балалар тұра қашқан.
 Кісіліктің қаратып бетін жерге,
Бәрі құлдық ұра ма жетілгенге.
Сөзін сөйлеп әкелі балалардың,
Бүткіл ауыл жабылған жетімдерге.
Жесірлерге бұйырмай өз тоғайы,
Құзырлының қашанда озған тайы.
Жетімдерін қорғаған сонда аналар,
Кеудесінде шырылдап бозторғайы.
Қайғы-мұңын таратқан үлестіріп,
Сол жылдардың қалса да жыры ескіріп,
Жесірлердің сондағы жан шырылы.
Құлағыма әлі де тұр естіліп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу