file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  202


Автор: Рафаэль Ниязбек

БАСТАП КЕЛЕМ КӨШІМДІ КҮНГЕ ҚАРАЙ


Көшпенділер секілді жиі көшіп,
Жолымды ылғи жүреді құйын кесіп.
Кісі бар ма дем берген
Жүргенімде
Жараланған бөрінің күйін кешіп.
Көздің жасы мөлдіреп көк кесемде,
Әлі талай, білмеймін, от кешем бе.
Жұпар атып гүлдемей келем неге,
Көктем сайын бүр жарып көктесем де.
 Кеңістігім тұрса да арайланып,
Қара бұлт жүр төбемде тағы айналып.
Қалтыраған жанымның жапырағы,
Суық желдің өтінде талай қалып.
Көсегесі көгерген көшелі елде
Қаңғып қалған жан қанша көшелерде.
Зауал туса көсеудің күйін кешер,
Көшін түзу бастаған көсем ер де.
Еріккенге болмайын күлкі кейін,
Үркіп қалған үмітті үкілейін.
Кім ұғынсын Жалғанның жалғандығын,
Бақ қашпаса басынан түлкідейін.
Кемеңгері көп елде, кемел елде
Арманымды арқалап келем мен де.
Менің бақыт жұлдызым жанар еді,
Жолбарысы Жамбылдың жебегенде.
Кейбір жерде топ жарып өктемдігім,
Ақ сәулесін төгеді көктен Күнім.
Айдынымды асырып асқақтайды,
Алыстарға естіліп көктемде үнім.
Көркімді ашып көгімде күлген арай,
Шұғыласын шашады кімге қалай.
Мұратыма жетсем де, жетпесем де,
Бастап келем көшімді Күнге қарай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу