file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  228


Автор: Рафаэль Ниязбек

ВОКЗАЛДА

Даң-дұң оймен жүргенде миым қатып,
Өмір өте шығады-ау құйындатып.
Кімдер екен, шіркін-ай,
Менің өмір
Сүруімді жіберген қиындатып.
Жанарымда жалғыз от тұр ма жанып,
Қабағыма көк мұнар мұң қамалып.
Әділетсіз мезгілде кеткен еді
Менің өмір жолдарым бұрмаланып.
Түзетілмей келеді әлі күнге,
Өкпе, назым бұл күнде дәрі кімге?
Жаны бірге дегенге кім сенеді,
Адамдардың шырқалмай әні бірге?!
Қырда қалған қой баққан жетім күнім,
Түзу жолдан қайтарсын бетімді кім?
 Жат біреудің құм басқан арнасында
Ызалы аққан шерлі өзен секілдімін.
Намыс қайда тереңнен тебінетін?
Жер де қалмай барады шегінетін.
Біреулердің жүр ойнап тақымында
Ақбоз ат та әуелі мен мінетін.
Мені өмірге тау тұлға тіреу көрме,
Жұрттың бәрі бұл күнде бітеу кеуде.
Мен алатын сыйлық та
Кете барған
Сыбаға боп тартылып біреулерге.
Қалай төзіп, шыдағам күйігіне,
Оқ атқанда жырыма – киігіме.
Менен бұрын біреулер шығып алған
Мен шығатын Алтайдың биігіне.
Арқалаған тірлікте мың күнәні,
Өксіп өткен өмірге кім кінәлі?
Билет алған пойызым жүріп кетіп.
Тоңып
суық вокзалда жүрмін әлі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу