file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  04.03.2022
  460


Автор: Рафаэль Ниязбек

АҚ АРҒЫМАҚ ТҮСІМДЕ КІСІНЕГЕН


Алыстарға атылған жырым – жебе,
Тасқа әлі де табаным тіліне ме?
Арыстан дауыс жігіт ем күні кеше,
Шықпай қалған құмығып үнім неге!
Көмейіме жұп-жұмыр тас тығылып,
Жатыр менің ішімде қасқыр ұлып.
Қалың елдің ішінен қай кісі кеп,
Алтын сандық кеудемді ашты ұғынып.
Ауласына кірмеген тай кісінеп
Еңселі елдің әлі де қайғысы көп.
Әрі-сәрі хал кешсе,
Аша қойсын
Алтын сандық кеудемді қай кісі кеп.
 Бірақ, бірақ жолына қақпан құрып,
Көк бөріні ішімде жатқан ұлып.
Ұстап алып терісін сыпырмақшы,
Қаныпезер қылығын мақтан қылып.
Дұшпан көздер кесегін лақтырса да,
Көңілімнің өзені аққан тұнып.
Ойда жоқта қан қызып туған елде,
Боз далада бағымды қуғам мен де.
Боз көйлекті неге өмір кешеді, айтшы,
Боз жусанды жұлқынып жұлған пенде?
Қалай ғана марқайсын көңіл өсіп,
Көз алдымда жатса егер өмір көшіп.
Атым шабан болса егер жеткізе ме,
Қуғанменен бағымды өліп-өшіп.
Бірақ қашан ер жігіт бақ қумады,
Бақ қуса да, қырында қақ тұнбады.
Анам мені туса да ақын етіп,
Биелерден мен мінер ат тумады.
Тал бойымда тебінбей күшім ерен,
Солғын тартып барады сұсым неден?
Мүмкін менің мінетін атым шығар
Ақ арғымақ түсімде кісінеген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу