Өлеңдер ✍️
ӨР КӨКІРЕК
Қанша шайып, жауса да боз жаңбырым,
Қалай сәуле шашады тозған нұрым.
Иір бұтақ секілді қарсы біткен
Неге қарсы өзіме өз тағдырым?
Кеудем менің толқыған теңіз еді,
Айдынымда шомылып ел жүзеді.
Өз тағдырым болмаса қарсы өзіме,
Көңілімнің гүлдерін неге үзеді?
Көк бөрілер ішімде ұлып, өріп,
Бөріліктің жатқанда ұрығы өніп,
Тағдырымның бұл қалай сұстанғаны,
Баянды елдің баянсыз ұлы көріп.
Айбарымды бір қырдан асырмаған,
Күнім бар ма тағдырға ашынбаған.
Жан сарайым қоңырсып бара жатыр,
Үй секілді әйнегі ашылмаған.
Жығар мүмкін түбіме азап жетіп,
Күннен-күнге барады маза кетіп.
Тағдырымды өзіме қарсы айдап сап,
Күлгендер көп сыртымнан мазақ етіп.
Келе жатқан ұстасып, тайталасып,
Тағдырымнан құтылам қайда қашып?
Қырсыққанда дүние
Жүрем кейде
Өзімді өзім жеңе алмай майдан ашып.
Биігімнен сырғанап төмен қарай,
Көп сүрініп таяқты жегем талай.
Жеңе алмасам егерде тағдырымды,
Өр көкірек өзімді жеңем қалай?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter