Өлеңдер ✍️

  03.03.2022
  182


Автор: Қасым Аманжолов

* * *

Қайдасың махаббаттың періштесі?
Жаныма жақынырақ ұшып келші.
Қолға алып жүрегімді жалбарынам,
Жұбатшы жан қайғысын, есіркеші.
Періштем-сүйген сәулем, қалқажаным,
Тәтті үміт, сүйіншім, ұлар арманым.
Тыңдашы, құлағыңа жетер ме екен,
Сағынып сені, сәулем, салған әнім.
Ауыпты түн ортасы. Қашты ұйқым.
Үһілеп, ән саламын, дүркін-дүркін.
Жел жаттап осы әнімді, жеделдетіп
Жаныңа жеткізер ме ед, әттен шіркін.
Ғашықтың жан әуезін тыңдағандай,
Телміріп тереземнен қарайды ай.
Мен өстіп отырғанда, тереземнен
Ай болып сен қарарма ең, үһ дариғай.
Кім айтар шыны ғашық мен емес деп?
Мұншама ғашық болар жөн емес деп.
Қалайын құшақ жайып, көз алдымнан
Өтсеңші ең болмаса бір елестеп.
Әлде сен тәтті ұйқының құшағында
Маужырап, еш алаңсыз жатырсың ба?
Түс болып барайында да, сырласайын,
Соғуын жүрегімнің тыңда-тыңда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу