Өлеңдер ✍️

  03.03.2022
  329


Автор: Қасым Аманжолов

ТҮНГІ СЫР

(Романс)
Ай жарық, сүттей әуе тұрған ұйып,
Майда жел сыбырлайды беттен сүйіп.
Тілек қып сол сағатта тұрмын мен де,
Бір жылып, бірде суып, бірде күйіп.
Тілегім бүгін түнде сүйгенімдіСүймекпін, куә қылып меңіреу түнді.
Ерітіп жас жүректі құшағында,
Ойыма түсірмекпін өткен күнді.
Мінекей, сол мезгілде біздің тілек,
Болған соң тілек солай қайтсін жүрек.
Ол-дағы асау аттай тыпыршидыАлысып, жанды қинап бермей тірек.
Осымен тұруменен уақыт өтті,
Келмеді сүйген жарым, үміт бітті.
«Қайтам ба, енді қайтам» дей бергенде,
Көлбеңдеп қарсы алдымнан біреу шықты.
Тағат қып тұра алмадым, жүрдім солай,
(Сол жерде қозғалуым болды оп- оңай).
Ол- дағы маған қарай бұрды бетін,
Екі ара жақындасты тіпті сондай.
Қалғанда арамызда бес-алты адым,
Мен- дағы сүйгенімді шын таныдым.
«Келші» деп құшақ жая бергенімде,
Мақпалдай ақ саусағын берді жаным.
Айқасып кетті оп-оңай екі білек,
Дүрсілдеп көңілденді шіркін жүрек.
Жабысып, құшақтасып бір адамдай
Болдық та, жоғары қарай жүре бердік.
Сол жерде жас жүрегім атша тулап,
(Әлдене бар денемді кетті улап).
Тым- тырыс, сөз айтуға тіл күрмеліп,
Келемін шыққан бетке бастап тура – ақ.
Ұзамай кез болыстық бір терекке,
(Ол- дағы демеу болды жас жүрекке).
«Сәулешім, осы араға тұрайық» деп,
Бұрылып тура жолдан шықтық шетке.
Бұраңдап тал шыбықтай тұрды жаным,
Бір минут аялдауға жоқ амалым.
Сол жерде ауызға-ауыз тиіп қалды,
Сәулешім тәтті аузынан берді балын.
Сәулешім құшағымда тұрды еркелеп,
Дәл тар төсек сықылды болды терек.
Жайқалған жапырағы шымылдықтай,
Сыбырлап бізді тұрды көлеңкелеп.
Табиғат тамылжыды майдай болып,
Бұлт тарап, әуе ашылды шайдай болып.
Жұлдыздар жымыңдады бізге қарап,
Ай-дағы күлімдеді жеткен толып.
Сүйгеніммен екеуміз сыр айтыстық,
Сыр сандықтан шыққан сөз болмай ма ыстық.
Тағы біраз сүйісіп алдық-тағы,
Тәтті өмірдің жайынан жыр айтыстық
Осылай тұра бердік құшақтасып,
Табиғат еркелетті қойнын ашып.
Сол кезде күн шығыстан таң белгісі
Сарғайды жер жүзіне нұрын шашып.
Сонда да елең қылмай емін-еркін
Сүйісіп түрдық тағы екі ғашық.
Таң нұрымен құлпырып жер ойнады,
Жер бетінде ызыңдап жел ойнап.
Қораздардың қып-қысқа әніменен
Кемпір-шалдар бас болды, ел оянды.
Тоқтатауға ма дүние сабыр етіп,
Тоқтатуға бізде де жоқ қой тетік.
Табиғаттың еркесі алтын күннің
Ыстық нұры лезде келді жетіп.
Сүйіп, жанап, жағалап өте беріп:
«Қайт» дегендей ым қақты, жымың етіп.
Бізде ерік жоқ, биледі жастық жалын,
Минут сайын барады елжіретіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу