Өлеңдер ✍️

  03.03.2022
  316


Автор: Қасым Аманжолов

ДАРИҒА СОЛ ҚЫЗ

(Әні бар)
І
Өңімде ме еді,
Түсімде ме еді,
Көріп ем ғой бір
Армандай қызды...
Бір нәзік сәуле
күлімдеп еді
Сұрапыл соғыс
Соқты да бұзы.
Сапырды дауыл,
Тебіренді теңіз,
Тулады толқын,
Шайқалды шың-құз...
Қып-қызыл өрттің
Ішінде жүрміз,
Қайда екен, қайда,
Дариға, сол қыз?!
ІІ
Оқ тиді келіп,
Қайратым кеміп,
Барамын сөніп,
Келмейді өлгім!
Тұрғандай сол қыз
Жаныма келіп,
Талпына берді
қайран жас көңілім!
Барамын сөніп,
Барамын сөніп.
Жұтар ма мені
Мына сұм соғыс?
Арманым бар ма,
Өлсем бір көріп,
Қайда екен, қайда,
Дариға, сол қыз?!
ІІІ
«Келмейді өлгім,
Келмейді өлгім.
Қайратым қайда
келші осындай да»
дедім де тұрдым,
жүгіре бердім,
қолымда найза,
шағылып айға.
Жеңдік қой жауды,
Арман не, құрбым,
Күркіреп күндей
Өтті ғой соғыс.
Табалмай жүрмін,
Айқайлап ән сап,
Қайда екен, қайда,
Дариға, сол қыз?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу