Өлеңдер ✍️
Ақынның ескерткіші
(Пушкиннің өлгеніне жүз жыл толуына)
Өмір бақша жемісі мол,қызыл гүлі жайнаған,
Жан иесі бейне бұлбұл, гүлге қонып сайраған.
Сол бақшаны мен келемін тамашалап,аралап,
Гүлдің сырын,бұлбұл үнін жырға тізіп,саралап.
Гүлдің сыры, бұлбұл үні тербетеді жанымда,
Балқытады жас тәнімді, қайнатады қанымды.
Ұлы мұхит толқынындай тасқындайды көңілім,
Май айының бақшасындай құлпырады өмірім.
Нұрын төгіп, мейірленіп,күн қарайды күлімдеп,
Бақша ішінде музыкадан күй төгілед дірілдеп.
Шаттық жыры жүрегімді,көкірегімді кернейді,
Көңіл құсы шарықтайды, күнге қарай өрлейді.
Аралаймын гүл бақшаны,тамашаға тоймаймын,
Толқындаймын,тасқындаймын,толғанамын,ойлаймын.
Ой шыңынан құлдырайды асыл сөздің бұлағы,
Жыр тыңдайды, түріледі бар әлемнің құлағы.
Жырлаймын да, шарқытамын шаттық жырын өмірдің,
Еркіндеймін, орындаймын бар тілегін көңілдің.
Іркілмеймін, бақша ішінде тамашалап келемін,
Бақша ішінде,көз алдымда бір ескерткіш көремін.
Мрамордан орнатылған ескерткішке келемін,
Иілемін тәжім етіп, жырмен сәлем беремін.
Жыр тәңірінің, ұлы ақынның ескерткіші еді бұл,
Дақ түспеген,ескірмеген,өтсе –дағы талай жыл.
Бұйра шашы толқынданған,кең мандайы керілген,
Тапжылмастан ұлы ақын тұр,терең ойға көмілген.
Ескерткішке кірпік қақпай қадаламын,қараймын,
Ескерткішін ұлы ақынның дәл өзіне балаймын.
Қараймын да ескерткішке, терең ойға батамын,
Сырымды айтам, шынымды айтам,ақынға тіл қатамын:
-Шіркін жалған, опасы жоқ,әттен сұмырай,
зар заман,
Не көрсетпеді, не қылмады, не қылмады ол саған!
Ақын едің, албырт едің, сұм жалғанмен алыстың,
Таң жолынан тапжылмадың,қайтпадың сен,қарыстың.
Ақын едің, күн боп едің, мезгіл жетпей сөндің сен,
Сонда-дағы борышыңды адамзатқа бердің сен.
Ақын едің,жалын едің, желмен ойнап өрт болдың,
Ақын едің, соққы жедің, сұм жалғаннан мерт болдың.
Бірақ, сені жоя алмады, құрта алмады сұм жалған,
Мәңгі сақтар, жүрек жаттар сенен асыл жыр қалған.
Сені қысқан сұм замана, болды міне күл-талқан,
Сен аңсаған, құмарланған атты міне, атар таң,
Жаңа заман сені бүгін жүрегіне бөледі,
Жаттап жырың, ақтап атың, сені тірі көреді...
Деймін-дағы, ескерткішке қайта-қайта қараймын,
Ескерткішін ұлы ақынның дәл өзіне балаймын,
Қарсы алдында ескерткіштің кетем жырлап тағы да,
Жырлаймын да, гүл орнатам ескерткіштің маңына.
1937,Алматы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter