Өлеңдер ✍️

  03.03.2022
  330


Автор: Қасым Аманжолов

Экспромт жырлар

Экспромт
Аты шулы шығып тұр
Қасым деген бір ақын!
Киіп-жарып, басып жүр,
Болды- ау мынау қыратын!
Шығып тұр ғой бұ күнде
Қасым деген бір ақын,
Осы болар түбінде
... леріңді ұратын.
***
Қазақтың әні мен өлеңін
Найзадай көтеріп келемін.
Шығыстың аласа аспанын
Түндіктей түріп бір тастадым.
1942
***
«Өлім» деген арсыз сөз,
Қайдан маған болдың кез?
Өлім - жауым, өмір - дос,
Неге өлейін бостан - бос!
***
Аспанымды бұлт торлап,
Құрыстырды денемді.
Көзімнен жас домалап,
Төктім сонда өлеңді.
Жырымды да жасымды
Бір сығып мен тастадым.
Жайнап қайта ашылды
Ойым менің - аспаным.
1944
***
Ойлаймын да жазамын әр немені,
Дамылсыз - ақ еседі көңіл желі.
Байтақ жатқан сары дала сықылдымын,
Кең өмірдің қадырын білер елі.
1945
***
Құраулап жылқы шақырған,
Қоңырау үнді келіншек;
Қуалап құлын қайырған
Қайда жүрсің, жеткіншек?
1945
Әшім
- Ойбай, мынау
Малғұн фрау!
Неге маған көз қысад
Қағып қасын?!
Дейді де Әшім
Сығад жасын.
Есіне алып
Өзінің Жәмиласын.
1945
***
Шарт жүгініп бұйығып,
Молда отырса намазға.
Шарқ ұрып келіп түйіліп,
Мен төнемін қағазға.
Молда сенде не ісім бар,
Сұбхан айт та сұңқылда.
Тірілтіп өлең жаратар
Өзім тәңір - бір құда.
1946
***
Берсең бер, бермесең қой, баспанаңды,
Сонда да тастамаспын астанамды.
Өлеңнің отын жағып жылытармын
Өзімді, әйелімді, жас баламды.
1948
***
Әттең, жоқ қой, қанатым,
Жерім көп ұшып баратын.
Борышым көп беретін,
Сыбағам көп алатын.
1949
***
Бұл шытырман ойлардан
Әйтеуір шығып кетермін.
Арманым бар ойға алған,
Соған да бір жетермін.
1950
***
Жігіттің көрдік «жүйрік, шабанын да»,
Япыр-ай, бір шаба алмай қаламын ба.
Үстімнен қойды – ау түспей қара тоным,
Көк бөрік, көк жағаның заманында.
1951
***
Япырай! Тудым неге ойшыл болып?
Кеудем толып барады, кеудем толып.
Түгім қалмай жарылып аспанға ұшып,
Неге ғана атпаймын фонтан болып?
26 март,1952
***
Көңілдің кілті жатыр ықыласта,
Ашық қабақ, сусын мен адал аста.
Әркім қалай ойлайды, өзі білсін,
Соны біреу ойлатты – ау біздің басқа.
1952
***
Алты ай жаттым ауырып,
Бір келмедің хал сұрап.
Жұмысың көп, кінә жоқ,
Қалыпсың ғой қалжырап.
Жатыр деп ед қиратып,
Маңдайдан тер тамшылап,
Уақытыңды алмайын,
Бара қойшы, ал, шырақ.
1953




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу