Туындылар ✍️
ЖҮРЕК АЙНАСЫ
Жазушы Ғабиден Мұстафин
(Деректі фильм-эссенің сценарийі)
Көктөбенің үстіндегі биік телемұнараның төбесінен қарағанда Алматы алақанда жатқандай. Зəулім ғимараттары, кең проспек- тілері, толассыз ағылған адамдар мен автокөліктер қаланың қайнаған тіршілігін танытады. Абай ескерткішінен басталатын кең даңғыл, Республика алаңы, Фурманов көшесіндегі əсем ғимарат, соңғы жылдары əйнектен салынған мұз тауларға ұқсайтын үйлер көз алдыңнан өтеді. Қаланың екінші шетіндегі кең даңғыл – Ғ.Мұстафин көшесі Алатаудың асқар шыңдарына қарай өрлейді. Осы көшемен жүрген адам Қарғалыға барып тіреледі. Қарғалыдағы биік шынардың саясында тұрған шағын ғана əдемі үй – жазушы өмірінің соңғы жиырма жылы өткен құт мекені. С.Оразалы осы үйдің ауласын аралап келеді. Көз алдына Ғ.Мұстафиннің тірі бейнесі елестейді. С.Оразалы баяу аяңдап үйге кіреді. Есіктен аттасымен-ақ жазушы үйінің қабырғасында тұратын алып сағат елестейді. Бұрынғы дүние-мүлкі жоқ, төрт қабырғаның бір шетінде тұрған жазушының суретіне көз тоқтатады. Сурет қайта тірілгендей, Ғабеңнің өз үйінде, жазу столында отырғаны, кітап сөрелерін аралағаны С.Оразалының ірі планда алынған көзі арқылы қимылға көшеді. Бұл бейнекадрлар С.Оразалының мұрағатынан алынған. Үнемі ойлы, сазды музыка естіліп тұрады. С.Оразалының сөзі ішкі монолог түрінде беріледі.
С.Оразалы (кадрдан тыс): Тарихта əрбір басқан ізі, жүрген жері, өмір сүрген мекені қасиетті саналатын тұлғалар бар. Олар халықтың жүрек түкпірінен мəңгі орын алған, сүйікті перзенттері. Абай, Шоқан, Қаныш... Қазақ халқы атын да, затын да қастерлейтін бұндай аяулы есімдер аз емес. Соның бірі – жазушы Ғабиден Мұстафин. Ол өмірі мен өнері бір- бірінен ажырағысыз, халқымыздың тарихындағы ұлы суреткерлердің бірі. Оның шығармаларында өзі ғұмыр кешкен өткен ғасырдағы қазақ қоғамының келбеті көркем бейнесін тапқан. Иə, бүкіл замандастары, барша оқушылары, əдеби сын бір ауыздан мойындағандай, ол өз заманын бейнелеуде көшбасшы болған қаламгер. Ал ол «адамзаттың алда баратын базары – коммунизм...» деп табынған социалистік дəуір емес пе еді?! Ғабиден де, барша замандастары тəрізді, сол идеяның тілектесі еді ғой.
«Бізде биік мақсат біреу ғана. Оның аты – коммунизм... жазған сайын, тарих ілгері барған сайын совет дəуірі биіктей бермек... – деп толғанған еді Ғабекең. Сол «биіктей беретін» дəуірдің жазушы өмірден өткен соң айналасы 6–7 жылда күйреп түсетінін ол білді деу қиын. Бірақ «білмедің» деп жазғыру, миллиондаған адамдардың ой санасын билеген идеалдан
«бас тартпадың» деп оны кінəлау əбестік болар еді. Ол «Сталинге тең таппай қиналған» Жамбылды, Никита Хрущевтың жеті жылдық жос- парының ізімен жеті роман жазбақ болған Мұхтар Əуезовті мансұқ
етумен бірдей. Ол суреткерлігі мен дүниелік көзқарастарында керағар алшақтық жататын Гете мен Лев Толстойды жоққа шығарумен парапар.
Сонымен өмірі мен өнері тарих еншісіне айналған Ғабиден Мұстафин бізге несімен қымбат? Оның шығармалары уақыт өткен сайын қауызы- нан аршылған дəндей нəрленіп, ұрпақтың рухани қажетін өтеуін қалай түсінеміз? Оның сыры – заманына тəн саяси жамылғыштары болмаса, жазушы қаламынан туған дүниелердің сүйегі асыл, тілі көркем, өмір суреттері айшықты, кейіпкерлерінің жан дүниесі тұңғиық, мұраты биік болып келуінде. Өмірдің көркем бейнесін, заман тынысын дəл аша білуінде дер едік.
С.Оразалы қайтадан аулаға шығады. Маңайдың бəрі гүлге бөленген. Ол есік алдындағы көрпе жабылған тақтаның үстіне отырады. Ойлы қалыпта. Көз алдында үй маңында Ғабекең екеуінің қыдырып жүргені елестейді. Ол айқындалып отыз жыл бұрынғы көрініске айналады. Екеуі күліп, сөйлесіп келеді.
С.Оразалы (кадрдан тыс): Бұл үй – жазушының соңғы жиырма жыл өмірі өткен құт мекені. Мына бейнекөріністер осыдан отыз жыл- дай бұрын түсірілген еді. Ұлы суреткермен сан рет жолығып, оның жан сарайына үңілген, көкірегіндегі асыл ойларын тыңдаған мен үшін сəулелі шақ болатын. Қазақтың не бір даңқты перзенттері дəм татқан бұл қара шаңырақ – біздің мəдениетіміз үшін аса қымбат жəдігер.
Ғабекеңнің қызы Жанар əкесі салдырған үйдің алдында отыр. Кадрда жазушы өз қолымен еккен жеміс ағаштары мен зəулім бəйтерек- тер, өзі жасаған стол, орындық, тақталар, үйдегі жиһаз... Ғабекең шеберханасында темір жонып, əлденені жасап жатқан бейнекөрініс...
Жазушының киім киісін, жүріс-тұрысын көрсететін суреттер: оның осы үйдің ауласында демалып отырғаны. Зейнел апай екеуі, Абай елін аралағанда, немересімен бірге қыдырып жүргені.
Жанардың сөзінің мазмұнына сай көршілері С.Бегалин мен М.Қара- таевтың сөйлеп тұрғанын бейнелеген киноүзінді...
Ж.Мұстафина (кадрда): Осы маңда Қазақстан Тұтынушылар ода- ғының тəп-тəуір шипажайы болды. Əкем олардың саяжайын жалдап тұратын. Кейіннен үй салу туралы ой туып, жақын достары оны қолдаған соң, осы үйді салдық. Үйдің сызбаларын өзі жасады. Үш бөлмелі үй. Бұл жер бұрын бос жатқан. Қазір осы үйдегінің бəрі сақтаулы.
Мына столды əкем жасады. Ол бəрін ағаштан жасағанды ұнатушы еді. Үйдегі дүниелердің бəрі Алматы фабрикасында жасалған. Мынан- дай тақталардың бесеуі бар. Оның үстіндегі киімдердің бəрі Алматынікі. Жасаған бұйымдары қолдануға ыңғайлы, алмалы-салмалы. Үнемі тыным таппай, бірдеңені істеп жататын. Шешем əне тағы бүлдіріп жатыр деп ренжіп жүруші еді. Жоқ, олай емес. Əкем столдың төрт аяғын кесіп тастап еді, карта ойнауға ыңғайлы болып шықты. Ол стол əлі сақтаулы тұр. Əкем бірдеңені жөндеп, қайта істеп жататын. Біз күйеуім Марат екеуміз келгенде, шешем үнемі «ана əкелерің тағы бүлдіріп жатыр» деп шағымданушы еді.
Əкем ресми киінгенді ұнатпайтын. Шешем костюмінің жағасын кесіп
береді, көйлегінің жағасын қайта тігеді. Ол толстойшылық деп аталатын тұрмысты ұнататын. Жаңа бəтеңкесін қайта жөндеп, жел кіріп тұрсын деп бізбен тесіп қоятын.
Мына жағымызда балалар əдебиетінің классигі Сапарғалы Бегалин тұрды. Сəлима жеңгей екеуі қоршаудан өтіп бізге келеді. Ал мына жақ- та академик Мұхамеджан Қаратаев тұрды. Бəрі жиналғанда кереметтей жылылық сезінетінбіз.
Жазушы жұмыс кабинетінде. С.Оразалы оның кітап сөресін ара- лап көреді. Ғабекеңнің əкесінің жеке портреті жəне əке-шешесінің бірге отырған бейнесі. Хроника. Мүлгіп отырған молда, сабақ оқып жатқан балалар.
С.Оразалы (кадрдан тыс): Өткен ғасырдың басында «жапан даладағы мыжырайған екі шым үйдің бірінде туып», тілі шыға бастағанда «Құдай бір, Пайғамбар хақ, Құран шын» деп əкесінің үйреткен ілімі, «Əліпте жоқ, би астында бір ноқат, ти астында екі ноқат, си үстінде үш ноқат» деп молдадан сауат ашқаны есінде.
Жазушы мен С.Оразалы (1982 жылы түсірілген) (кадрда):
Сұрақ: – Ғабиден аға, сіздің ең алғашқы оқыған мектебіңіз, алған біліміңіз қандай?
Жауап: – Мен мектеп көргем жоқ. (Мұстафиннің дауысы естілмей кетеді. Оның орнына С.Оразалы кадрден тыс сөйлейді):
Ғабекең он жасқа келгенде бір жылдай орыс мектебіне барады. Бірақ одан əрі оқи алмайды. Бар алған білімі осы.
Кадрда Ғ.Мұстафиннің жас кездегі суреттері мен кинохроника- дан 20-жылдардағы ел көріністері. Бір-бірімен қырқысқан, ақтар мен қызылдар болып шайқасқан оқиғалар, көшпенді елдің тұрмыс-тірлігі жас Ғабиденнің (фотоархив) көз алдынан өтеді. Қызылорда қала- сының жиырмасыншы жылдардағы бейнесі, Ғабиден мен Зейнелдің үйленген жылы осы қалаға келгендегі суреті...
«Еңбекші қазақ» газетінің тігінділері, «Ер Шойын жəне басқа əңгімелер» кітабының мұқабасы көрсетіледі.
С.Оразалы (кадрдан тыс): Бірақ оның мектебі шынайы өмірдің өзі еді: ен даланы астан-кестен етіп ойрандаған «революция» атты дауылдың əлегі, сүттей ұйыған ағайын арасына байларды тəркілеуге салған жан- жал, ақтар мен қызылдардың сайын далада қалған қанды іздері... Міне, көкірекке жиған осы «олжасымен» жас жігіт соны қарды омбылағандай, төтелей тартып əдебиетке бет қойды. Ол 1925 жылы білім іздеп Қызылорда қаласына келеді. Бірақ оқуға түсе алмай Қазақстан жоғарғы сотында қатынас қағаздарын тіркеуші болып істейді. Қалың елден келіп түскен шағымдар мен өзінің елде көргендерінен «Еңбекші қазақ» газетіне хабар, очерк, фельетондар жаза бастайды. Келе-келе көркем əңгімеге ауысады. Тумысынан зерделі, ақыл ойға уызынан жарыған, дарынды жас тез арада көзге түсіп, болашағынан зор үміт күттіреді. Оның алғашқы жинағы «Ер Шойын жəне басқа əңгімелер» деген атпен 1929 жылы жарық көреді. Бірақ аз біліммен ұзаққа бара алмайтынын əрі заманның бұзылған түрін сезген Ғабиден Қарағандыға кетіп, жұмысша ортасынан пана іздепті.
Кадрда отызынша жылдардағы Қарағанды. Шахтадан көмір қазу. Шағын вагондарды итеріп, бара жатқан жұмысшалар. Отызыншы жылдардағы өндіріс орындарындағы жұмыс. Кинохроника. «Қарағанды пролетариаты», «Қызыл ту» гезеттерінің тігіндісі. Ғабиденнің жас кезіндегі фотосуреттері. Кітап көрмесі. Бұл кітаптардың арасында В.Гюго мен М.Горькийдің томдары бар. Кадрда ірі планда латын əрпі- мен терілген «Өмір не өлім» романы...
С.Оразалы (кадрдан тыс): Ғабекең үш жылдай қара жұмысқа жегіле- ді. Көмірді қайламен қазып, терең құдықтан темір шелекпен тартып шығарады екен. Ол темірдің тотын қыру, жер қазу, токарьлық жұмыс- тар атқарады. Үш жылдан соң «Қарағанды пролетариаты» газетіне, одан кейін Новосибирскіде шығатын «Қызыл ту» газетіне өзі тіленіп ауысады. Осы кезде газет тапсырмасымен Сібір қалаларындағы өндіріс ошақтарын аралап, болашақ шығармасының төс табаны болатын өмірлік деректер жинайды. Ол өз бетімен көп оқиды. Əсіресе Максим Горький мен Виктор Гюго шығармаларының көркемдік тəсілі, кейіпкерлерінің биік рухы оған айрықша əсер еткен. Бұл – бойға қор, жүрекке нəр жиған жылдар болатын. Ол тегін кеткен жоқ. Сегіз жылдай зерек те дарынды жастың көкірегіне тоқыған өмірлік деректері «Өмір не өлім» романы болып бірнеше айда жазылады да, 1938 жылы «Əдебиет жəне искусство» журналында жарияланады.
Ж.Мұстафина алғашқы қалпында əңгімесін жалғастырады. Оның сөзінің арасында киномұрағаттан алынған кадрлар көрсетіледі. Қыр- қыншы жылдар. Жазушы тар бөлмеде жазу үстінде отыр. Ол толас- сыз темекі тартып, ауық-ауық ақ қағазға үңіледі.
Ж.Мұстафина (кадрда): Əкем бала кезімнен есімде қалыпты. Өте жақсы білем, тұрған үйіміз суық болатын. Ол түнімен жазу жазып отырады. Таңертең оянғанымызда əкем көк түтіннің ортасында əлі де жазуын жалғастырып жататын. Жан-жағы шашылған қағазға толы. Темекіні өте көп тартушы еді.
Ғ.Мұстафин «Өмір не өлім» романын қолына ұстап ойланып отыр. Осы көрініс жазушының əр тілде шыққан «Қарағанды» романының басылымдарына ұласады. Кадрда 1982 жылғы бейнекөрініс. С.Оразалы екеуі парктің ішінде əңгімелесіп отыр.
С.Оразалы (кадрдан тыс): Бұл романда отызыншы жылдардағы Қарағанды өмірі, қазақ жұмысшы табының қалыптасу кезеңі сурет- телген. Шығарманың өң бойынан биік пафос, романтикалық сарын сезіліп тұрады. Роман-өндіріс тақырыбында жазылған алғашқы шы- ғармалардың бірі болумен бірге, қазақ əдебиетіне аса тегеурінді, зор таланттың келгенін айқындаған туынды. Кейіннен «Қарағанды» деген атпен тұтастай қайта жазылған бұл шығарма жұртшылық көңіліне жол тауып, көптеген тілге аударылды. Оның басты қасиеті – өндіріс ошағының алғашқы кезеңіндегі сан түрлі қиындықтарды жеңу үстінде ортақ мақсат, биік мұрат жақындастырған сан ұлт өкілдерінің бейнесі сəтті мүсінделгені. Шығармада – еңбек поэзиясы жарқын суреттеледі. 1982 жылғы бейнекөрініс.
С.Оразалы (кадрда): Ғабиден аға, «Өмір не өлім» романына бірінші пікір айтқан кім еді?
Ғ.Мұстафин: «Өмір не өлімнің» журналға басылып шыққан кез еді. Басылып бітуін күтпей-ақ бірінші пікір айтқан Мұхтар Əуезов болатын. Ол қуанып, оған баға беріп, бірталай кеңестер айтты. Оның кеңестерін мен қатты ескердім. Шамам келгенше пайдаландым.
С.Оразалы: Романды өңдегенде пайдаландыңыз ғой.
Ғ.Мұстафин: Əбден пайдаландым. Ол ғана емес, «Қарағанды» рома- нын жазған кезде айтылған пікірлерді еске алдым. Бұл менің тырнақ алдым болғандықтан, журналға көп хат келді. Осы жағынан келгенде Мұхтардың маған көмегі тиді.
Ғ.Мұстафин мен М.Əуезовтің бірге тұрған суреттері. Олар- дың жанында орыс жазушыларымен қоса С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ə.Тəжібаев т.б. жазушылар да көрінеді.
С.Оразалы (кадрдан тыс): М.Əуезов Ғабиден талантын өте жоғары бағалап, оны ерекше құрмет еткен. Аумалы-төкпелі заманда жиі кез- дескен қиыншылықтарда үнемі қолдау көрсетіп, көзі жұмылғанша Ғабиденге сеніп өткен.
«Ғабиден жазушылығының ерекшелігі – ол ең алғашқы жауапты қа- дамынан бастап өз арнасын, тақырыбын талғап тапқан жазушы», – дейді М.Əуезов. Тақырыбы – өзі өмір сүрген бүгінгі өмір, сол ортадағы еңбек- тің мəні. Ғабекең де Мұхаңды пір тұтқанын өз аузынан талай естідім.
С.Оразалы (кадрда): Мұхаң туралы айтқанда, ол кісінің өзінің де көзі жайнап, өңі шырайланып, сонша бір махаббатпен, ықыласпен сөйлей- тін. Сонда айтқан бір екі-үш ауыз сөзі: «Мұхаң кеудесі соншама күйлі еді, ойы соншама даңғыл еді. Мұхаң сөйлеп кеткен кезде дүниенің төрт бұрышын түгел шарлап кететін еді. Мұхаңның адамгершілігі, Мұхаңның азаматтығы, Мұхаңның даналығы біздің бəрімізді таңырқататын, бізге ерекше əсер ететін» деген сөздерді айтқаны менің есімде.
Дүниеге ойлана қарап, əлденені күткендей елегізген кейіптегі жазушы. Оның көздері ірі планда көрінеді. Ш.Берсиев еңбек еткен егіс даласындағы тары өсіруші əйелдер. Бұл – ұлы диканның ізба- сарлары. Тарыны қолмен орып, арбаға тиеп, тасып жатыр. Еңбек үстіндегі адамдардың портреттері. Жарқын жүзді, жайдары мі- нез танылады. (кинохроника.) Осы көрініске үңіле, ойлана қарап отырған Ғабекең суреті. Жазушы шығармалары. Көп тілде жарық көрген кітаптарының ішінен «Шығанақ» романы жеке алынады. Ғ.Мұстафин жұмыс кабинетінде жазу жазып отыр (1950 жылдар кинохроникасы). Сол кездегі Алматы көшелері. Кадрда қайтадан жазу үстіндегі Ғабекең. Ол терең ой үстінде. «Шығанақ» романының көптеген тілдегі нұсқалары баяу жылжып өтеді. Киномұрағаттан алынған Ш.Берсиев туралы кадрлар. Ол жанындағы көмекшілерімен бірге егіс даласында жүр. Жалғыз өзі дəн масақтарын көріп отыр.
«Шығанақ» романының алғашқы нұсқасы. Тағы егіс даласындағы Шығанақ ірі планда. Жанындағы көмекшілері тары өсімі туралы ай- тып отырғаны байқалады. Жазушы Политехникалық институттың
студенттерімен кездесуде. Олар сұрақ қойып, жазушы жауап беруде. Қызу əңгіме, ашық пікір алмасуда. Егіс даласы. Жүк машинасымен келген егінші қыздар толқыған тары алқабын аралап келеді. Бұл алқап көкжиекке дейін шалқып жатыр. Жазушымен сұхбат жүргізіп отыр- ған журналист. «Шығанақ» романының əлем тілдеріне аударылып таралуы, жазушының мұрағаттағы қолжазбалары көрінеді.
С.Оразалы (кадрдан тыс): Адам бойындағы жақсы-жаман қасиет- терді еңбек үстінде ашып, бейнелеу Мустафин шығармашылығының өзегі. Ғабекең үшін еңбек – адамгершілік қасиеттердің таразысы іспеттес.
«Оның шығармалары ізденімпаз, байырғы таланттың табанды еңбегінің жемісі екендігі өз алдына, автордың жаңа адам жасауда ұстанатын шешуші эстетикалық принципінің өзі негізінен осы еңбек», – дейді академик Мұхамеджан Қаратаев. Бірінен кейін бірі жарыққа шыққан отызыншы, қырықыншы жылдар шыңдығын суреттеген «Шығанақ»,
«Миллионер» романдарының өн бойынан да осы идея жылы ағын тəрізді үзілмей, тұтасып жатады. Бұл суреткердің өмір шыңдығын қатпар- қатпар қайшылықтарымен ашуына мұрша бермеген саяси қыл тұзақтан орағытып өткен тəсілі болса керек.
Жазушының əр туындысы шыққан сайын үнемі пікір таласына өзек болған. Жақтастары да, қарсыластары да көп еді. Елді елең еткізген сондай туындының бірі – «Шығанақ» романы қазақ даласындағы ұжымға біріктіру кезеңінен басталып, екінші дүние жүзілік соғыс жыл- дарындағы ел өмірін суреттеумен аяқталады. Осы аралықтағы оқи- ғалар, адам санасының өзгеруі – романның негізгі өзегіне айналған. Романның басты кейіпкері Шығанақ – өмірде болған, тары өсіруден дүниежүзілік рекорд жасаған адам. Жазушы шығарма жазуды ниет еткен кезде ол қайтыс болады да, екеуі кездесе алмайды. Бірақ атақты тарышы Шығанақ Берсиевтің көзін көрген адамдардың ортасында айлар бойы жүрген Ғабекең көп деректер жинайды. Сауаты жоқ қарапайым диқанның жан киярлық еңбегі, халықтың ғасырлар бойы жинаған диқаншылық тəжірибесін бойына сіңіріп, соны даналықпен пайдалануы, əділ, шыншыл мінезі жазушыны тəнті етеді. Бұл ретте кейіпкер мен суреткердің тағдыры мен ішкі сырында ғажайып жақындық, тұтастық бар еді. Ғабекең «Шығанақты» сомдауда аянып қалмайды. Оның əр сөзі халық даналығына тұнып тұр. «Осы реңсіз құмды шөл адырдан не өндірмексің?!» – дегендерге, Шығанақ: – «Жаман жердің белгісі жел еседі, жақсы жерге ел көшеді. Бабамның бабасы мекен еткен бұл жер қалайша реңсіз болады?» – дейді. Өз шəкірттеріне: «Шөп жердің өз баласы, егін – өгей баласы. Қарамасаң, қағажу қалады» – деп үйретеді. Ұлт мінезі, халық даналығы бойына терең сіңген Шығанақ бейнесі қазақ əдебиетінің ірі табысы еді.
Кинохроника. Кеңес одағының алып картасы. Свастикамен таң-
баланған самолеттер сол картаның батыс жағын аяусыз бомбалап жатыр. Өртенген үйлер. Шешесі өліп, анасының жанында шырқырап жылаған бала. Мыңдаған қазақстандықтар митингіге жиналған. Сол жерде майданға баруға жазылып, қолына қару ұстаған қазақтар.
Жаттығу алаңы. Алатаудың бауырында лек-легімен соғысқа аттанып бара жатқан сарбаздар. Ғ.Мұстафиннің майдан даласында түскен суреті. Оның жанында өзімен бірге барған сахна шеберлері көрінеді. Майдандағы жауынгерлер бас қосып, газет оқып отыр. Қар басқан соғыс даласындағы алға ұмтылған танкілердің соңында аяғына шаң- ғы байлаған қазақ жауынгерлері кетіп барады. Пулеметті қазақтар. Қанды шайқас. Олар дұшпанға оқ жаудыруда. Жүсіпбек Елебековтің
«Жас қазақ» əні естіледі. Қар басқан орман арасында дамыл тапқан жауынгерлер мылтықтарын құшақтап, жерге жантая кеткен қа- лыптарында əн тыңдауда. Əн ырғағымен қоса олардың ойлы да мұңды жүздері көрінеді.
Қар жамылған далада қанды шайқас жүріп жатыр. Жауына қар- сы ұмтылған жауынгер қолындағы гранатасын лақтырысымен өзі де орған шөптей қиылып түседі. Қазақ мергенінің оғынан ұшып түс- кен неміс солдаты. Жаяу əскер танкінің көмегімен шабуылға шы- ғып барады. Өзенді кешіп өткен сарбаздар. Аспаннан бомбалаған жау ұшағы. Окопта жатып жауын жайратқан жас солдат. Ол орны- нан ұшып тұрып ұмтылғанда оқ тиіп, қайта құлайды. Жолдастары сүйемелдеп оқ астынан шығарып барады. Жаралы солдат. Төлеген Тоқтаровтың суреті. Қираған неміс танкісі. Кеңес жауынгерлері зеңбіректен, «Катюшадан» оқ жаудыруда. Қолға түскен немістерді айдап келеді. Рейхстагқа шабуыл. «Жас қазақ» əні осы көріністердің фонында орындалады.
С.Оразалы (кадрдан тыс): Миллиондаған адамдардың тағдырын талқандаған екінші дүниежүзілік соғыс қазақ халқына да оңайға түскен жоқ. Қан майданда əрбір төртінші қазақ боздағы қаза тапса, тылдағы жанқиярлық еңбек Ұлы жеңістің жақындауына өлшеусіз үлес қосты. Ғабиден қолына қару алып соғысқан жоқ. Бірақ өнер адамдарының үлкен тобымен жауынгерлердің рухын көтеру үшін Калинин майданын- да бірнеше ай болып, қан басқан даладағы шайқастарды көзімен көрді. Осы сапарда жас композитор Рамазан Елебаевтың жаңа туған «Жас қазақ» əнінің сөзін жазды. Бұл əн Жүсіпбек Елебековтің орындауында майдан даласына тез тарап, кейіннен тұтас бір дəуірдің үні мен рухына айналып кетті.
Ғ.Мұстафиннің қырқыншы жылдары кабинетінде жұмыс істеп отырған суреті. «Миллионер» романының əр тілдегі басылымдары. Кітап көрмесі. Оны аралап жүрген қалың көпшілік. Ғ.Мұстафин өз кітаптарына қолтаңба беруде. Жайдары жүзді жастар жазушымен сұхбаттасуда. Олардың қаламгерге деген ықылас-пейілі айқын көрінеді (кинохроника). Жазушының үлкен бір жиынды ашып, сөйлеп тұрғаны (хроника). Ой үстінде отырған түрлі суреттерінен оның ішкі сезімі көрінгендей.
С.Оразалы (кадрдан тыс): Соғыстан кейін жазылған «Миллионер» романы – Ғ.Мұстафин есімін əлемге жайған, бүкіл Кеңес жазушы- ларының алдыңғы қатарына шығарған туынды. Бүгінгі күннің тұр- ғысынан қарағанда, роман кейіпкерлері арман еткен жайлар күлкі ша-
қырғандай. Қазір заман да, адамдар да, тілек-талаптар да өзгерген, өмір озып кеткен. Бірақ арманшыл да іскер, таза жанды Жомарт пен Жанат бүгінгі оқушыны бейтарап қалдырмайды. Австралиялық жазушы Ральф де Буасье жазғандай, «Бұл кітап өз оқушысын күнделікті өмірдің батпағынан құдайлар мекендеген шың басына алып шығатыны бекер емес».
С.Қирабаев сөзінің басы Ғ.Мұстафиннің кітаптары мен сурет- терінің фонында айтылады: «Миллионер» романының əр түрлі басы- лымдары, Ғабекең қырқыншы жылдардағы жəне кейін түскен, қалың тоғайдың арасында демалып отырған сəті бейнеленген суреттер. С.Қирабаевтың 1982 жылы сөйлеген сөзі С.Оразалы мұрағатынан алынған. Осы сөздің арасында Ғабиденнің оқушыларымен отырған, кітап сөресінің жанында тұрған бейнесі көрінеді.
С.Қирабаев (кадрда): «Миллионер» романы кезінде үлкен жаңалықты бойына сіңіре білген шығарма деп бағаланды. Бұл жөнінде «Правда» газетінің бетінде жақсы пікірлер болды. Үлкен орыс жазушылары Александр Фадеев, Петр Проскурин, Борис Горбатов сияқты кісілер жақсы пікірлер айтты. Осы романдарынан бастап Ғабиден жаңалық- ты тез көре білетін, соны көркем бейнелей білетін үлкен талант еке- нін танытты. «Миллионер» шығысымен көп тілдерге аударылып кетті.
«Миллионердің» ең басты проблемасының өзі ауыл шаруашылығын өркендету үшін жаңаша басқару жүйесі қажеттігінен туды. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығының қиын жағдайында Ғабиден осын- дай қиын өзгерістің қажет болып отырғанын білді. Жаңа табыстарға жеткізетін Жомарт сияқты басшы адамдардың образын жасай білді.
Терезенің сыртанан түнгі шам жарығымен жазып отырған жазу- шынның бейнекөрінісі. З.Қабдолов сөзінің арасында Ғабекеңнің қазақ жазушыларымен тұрған суреттері қоса көрсетіледі.
З.Қабдолов (кадрда): Өнер туындысының күллі идеялық, көркемдік құны өмірмен салыстырғанда ғана өлшем табады. Бір кезде Петр Павленко жазушыны гүлден шырын жинаған бал арасымен салыстыр- ды. Шығарманың шырынын жазушы өмірден алады дейді. Бұл ретте кейбіреулер, құдды диқан секілді, өз шығармасына керек өмірлік нəр- ді жылғамен арықта су жүргізгендей, өмірден алып келе жатады. Енді біреулер құрылыс жасайды. Өз шығармасының іргетасын тағы да өмір- ден теріп, жинап, үйіп, қалап жатады. Осы ретте Ғ.Мұстафин туралы қызық ой келді. Ғ.Мұстафин осынау ұлы өмірден бөлініп, өнерге түскен бір бөлшек тəрізді. Ғ.Мұстафиннің өзінің аспаны, өзінің жері, өзінің таң самалы, өзінің тауы, жазық даласы – осылардың бəрі бар. Ғ.Мұстафиннің өнер өлкесінде Қарағанды бар. Қарағанды шахтёрлары бар. Миллионер колхозы бар, оның адамдары бар. Шығанақ бар. «Дауылдан кейін» бар. Осылардың бəрі өмірдің өзі секілді.
С.Оразалы «Алматы» шипажайында жан-жағына жіті қарап келе жатыр. Отыз жылдай бұрын Ғ.Мұстафин туралы əдеби хабарды осы жерде түсірген болатын. Ол ірі планда алынады да, көз алдында орындықта отырған Ғабиден елестейді. Сол кездегі биік бəйтеректер,
тоғай арасындағы жолдар мен орындықтар өзгеріссіз сақталыпты. Екінші бір шеттен қолында таяғы бар Ғ.Мұстафин баяу аяңдап, таяп келеді (бейнекөрініс С.Оразалы мұрағатынан алынған). Ол да ой үстін- де. Бүгінгі С.Оразалы мен осыдан отыз жыл бұрынғы Ғ.Мұстафин бір- бірімен кездесуге келе жатқандай əсер береді.
С.Оразалы таяп келіп орындыққа отырады. Осы жерде Ғабекеңмен сөйлескені есіне түседі. Бейнекөріністе екеуі əңгімелесіп отыр. Елуінші жылдары Ғабиденнің Шыңғыстауға барған суретінде Абай ұрпақтары да бар. Камера ірі планда оларды көрсеткен соң Ғабекеңнің оқушыларына қолтаңба жазып, Абай елі азаматтарының ортасында тұрған, ел аралап жүрген сəттері экранға шығады. С.Оразалы сөзі ішкі монолог түрінде оқылады.
С.Оразалы (кадрдан тыс): Алматының ең көркем жеріне орналасқан
«Алматы» шипажайы Ғабекеңнің Қарғалыдағы үйіне таяу болатын. Көп жылдар бойы жазушы таңғы алтыда тұрып, осы жерді жаяу аралаған- ды ұнататын. Күн райы қандай болса да, бұл əдетінен жаңылған емес. Заман туралы, адамдар туралы ой кешетін. Талай шығармаларының басты идеясы осы жерде туған. Сондықтан Ғабекеңнің сексен жылдық мерейтойы қарсаңында Орталық телевизиядан бүкіл Кеңестер Одағына орыс тілінде бірнеше мəрте көрсетілген «Куəгердің көзімен» атты əдеби хабарды осы жерде түсірдім. Сол жолы көп сырластық. Бірақ ол кісіні ең алғаш көргенім есімнен кетпейді. Бұл 1954 жыл еді. Ол кезде бесінші сыныпта оқитынмын. Бір күні өзіміз оқулықтан суретін күнде көріп жүретін, шашын бір жағына қисайта тараған, жүзі сұстылау көрінетін Ғабиден Мұстафин Семей облысының Қарауыл селосында тұратын жазушы – менің ағам Кəмен Оразалиннің үйіне келіп түсті. Машинамен ел аралап жүр екен. Ғабекеңмен кездесуге көп адам жиналды. Оладың ортасында Əрхам, Бердеш, Исраил сияқты Абай ұрпақтары да бар еді. Сол жолы Ғабекеңнің қолына су құйып, батасын алғанымды ерекше мақтан тұтам. Содан көп жылдар өткен соң Ғабекеңмен Абай елін бірге араладық.
С.Оразалы Абай атындағы Опера жəне балет театрының оң жақ қапталындағы скверде отыр. Осы жерде отыз жыл бұрын Ғабиден Мұстафинмен «Сұхбат» хабарын жүргізген С.Оразалы сөзінің маз- мұнына сай фотодеректер көрсетіледі. Жазушының үйінде сұхбат алып отырғаны, студияның ішінде өткен хабардан үзінді, «Сұхбат» хабарынан түсірілген бір топ суреттер сол күндердің айғағы тəрізді. Ғабекеңнің отырған орындығы, жүрген жерлері, төбесіне саясын түсірген ағаштар куəге тартылады. Бəрі де сол күндердегідей, көп өзгермегені байқалады.
С.Оразалы (кадрда): Жетпісінші жылдың аяғында мен Ғабекеңмен көп кездестім. Ол кісімен кең түрде ақылдасып, жазушының ішкі сырын, жан-жүрегімен айтатын ойларын, толғандыратын мəселелердің бəрін білгім келді. Соның бір күні реті келді де, ол кезде мынадай камера- лар жоқ, телевизиялық станцияны алып келіп, Ғабекеңмен бірнеше күн əңгіме өткіздім. Ғабеңнің сөздері, ол кісінің сол күнгі толқыныстары,
Ғабеңнің сондағы ойлары шын мəнінде де, өзінің өміріндегі де, біз- дің əдебиетіміз үшін де, халқымыз үшін де қадірлі сəт болды. Ғабекең сол жолы өзінің жүрегін жанып жүретін, əлгі «Біз заманымызда ұлт- шылдармен күресіп едік, енді сендер ұлтсыздармен күресетін заман туды» деген сөздерін, сол кезде қазақтың тілі, оның ділі, оның діні туралы айтқан ойлары, Ғабекеннің жалпы əдебиет, мəдениет туралы толғаныстарының бəрі, мінеки, осы алаңда, осы жерде туған. Мына тұрған орындық, сол кезде екеуіміз отырып сөйлескен жер болатын. Түк өзгермеген, сол орнында, сол қалпында сақтаулы тұр. Ғабекеңнің ойлары айтылған осы бір қасиетті орын еді.
Жасы жетпістің жуан ішіне келген кезі еді. Соның өзінде Ғабең шаршамай, сұраған ондаған сұрақтарымның бəріне ойын бүкпестен, ақжарқын күйінде жауап берген болатын. Ғабекеңнің тіл жөніндегі ойлары жəне қазақ тілінің мүшкіл хəлі туралы пікірлері шын мəнінде жұрттың жүрегін толқытты.
Ғабиден аға өмірде өте қарапайым адам еді. Қазақ əдебиетінің классигі, ұлы жазушы екендігін іштей біле тұрса да, бүкіл халқы мойындай тұрса да, ол кісі өзін ешқашан ерекше санамайтын. Анау, өзі тұрған Қарғалыдан осы жерге автобусқа отырып келе салатын.
- Мен машинамен барып алып келейін, аға, – десем,
- Жоқ, оған əуре болып жүресің бе арлы-берлі? Мен өзім автобусқа отыра салам да, ана пəленше деген аялдамадан түсем. Сол жерден алып кетсең де болады дейтін. Ал қайтарда: – Сен анау Қарғалыға əуре болып жүрме, өздеріңде көлік жоқ. Үкіметтің көлігін арлы-берлі шапқылатып қайтесіңдер? Мен соған өзім-ақ бара саламын ғой, – дейтін.
Қарапайымдылық пен даналық, дарын мен таланттылық, ойының тұнықтығы, пікірінің ашықтығы – осының бəрі де Ғабиденнің бойында бар қасиеттер еді.
С.Орзалының мұрағатында сақталған бейнекөрініс. Жазушы мен екеуі əңгімелесіп Ғ. Мұстафиннің жазғы саяжайының алма бағын аралап келеді. Бір жерге келгенде тоқтап, шашылып жатқан алманы көтеріп, С.Оразалы ағаштың басында самсап тұрған жемісті көр- сетеді. Ғабекеңнің үйі сол ағаштардың саясынан өте əсем көрінеді. Кадрда сөреде тұрған кітаптар. Солардың ортасында «Дауылдан кейін» романы бар.
С. Оразалы (кадрдан тыс): Бір кезде жазушы Стендаль романды күре жолдардың үстімен алып өткен алып айнаға теңеген еді. Өмір жолдары... Заманалар жолы... Ұлы Абай: «Жүректе айна жоқ болса, сөз болмайды өңгесі»,– дейді. Бір бірін толықтырып тұрған қандай жақын, туыс ұғымдар. Ғ. Мұстафиннің кейіннен жарық көрген «Дауылдан кейін» жəне «Көз көрген» романдарында өзі өмір сүрген дəуір мен өмір жолдарын жүрек айнасы арқылы түсіріп, бейнелепті. Ондағы кейіпкерлердің қайталанбас мінездері хас шеберліктің, өмір шындығы- на адалдықтың жемісі. Ғабекең романдарының үздік қасиеттерінің бірі, Шекспир айтқандай, шындық шұғыласымен нұрланған сұлулы- ғында» жатыр.
С.Қирабаевтың даусы кадрдан тыс естіледі. «Дауылдан кейін» романының əр түрлі басылымы. Ғалымның сөзінің арасында Ғабе- кеңнің алпысыншы жылдардағы бейнесі мен мұрағаттағы қолжаз- балары «Дауылдан кейіннің» жалпақ дəптерге араб əрпінде жазыл- ған нұсқасы,орысша аудармасының көшірмесі, жеке папкаға салынған қолжазба мен түрлі материалдар, осының бəрі панорама арқылы баяу көрсетіледі. Жазушының жеке портреті қайта көрініп, камера оның көзіне тоқтайды.
С.Қирабаев (кадрда): Ғабең «Дауылдан кейін» атты роман жазды. Бұл революциядан кейінгі қазақ ауылындағы өзгерістерді кең суреттеуге арналған шығарма еді. Шынында Ғабиден шығармаларындағы шың- шылдық... кей адамның қолынан келе беретін дүние емес. Шындық қаншалықты күрделі болатын болса, Ғабиден сол шындықты қатал күйінде, жұмсартпай, жұқартпай, терең қыртысымен көрсете білетін... қазақ шаруаларының революцияны қабылдау жолы оңай болмағаны жалпыға түсінікті... Осындай жағдайда жаңа адамның қалыптасуы... үлкен мəселе болатын. Ғабиден ең алдымен осы проблеманы шешті. Аман бейнесінде болсын, Аманға еріп келе жатқан сол ауылдың адамдары Қаракөз, Таймас болсын – барлығы да үлкен жаңалықты бойына сіңіре білген.
З. Қабдолов (кадрда): Сол секілді «Миллионердегі» Жомарт пен Жақып, Жанат, я болмаса «Шығанақтағы» Олжабек, Шығанақтың өзі,
«Дауылдан кейіндегі» Аман, тағы сол секілділердің барлығы ешбір күш жұмсамай өмірдің өзінен келген адамдар, тірі бейнелер. Осы ретте М. Əуезовтің Абай шығармалары туралы айтқан бір қызық ойы есіме түсті. – Абай өлеңдері, – дейді Əуезов, – бұл ешбір күш салмағандай, өзімен-өзі туа салғандай. Абайдағы үлкен шеберліктің сыры осында деген. Сондай-ақ Ғабиден Мұстафин де осындай шеберліктің иесі деуге болады.
Жазушы өзінің жұмыс кабинетінде журналиспен сұхбаттасып отыр (кинохроника). Қытай жазушыларын аэропорттан қарсы алу. Қытай делегациясын қарсы алушылардың ішінде Ə. Тəжібаев та бар. Шет ел жазушыларымен кең кабинетте бас қосу. Олардың ортасында Т.Ахтанов, С.Сейітов, А.Тоқпанов т.б. көрінеді. Ғабекең сөз сөйлеуде (кинохроника).
М.Əуезов, М.Шолохов, Л.Леонов, Ғ.Мұстафин – төртеуі құшақ- тасып тұр. А. Фадеев бастаған орыс жазушыларымен Қазақстан Жазушылар одағындағы кездесу. Ал Сурков пен Ғ.Мұстафиннің бір-біріне ықылас-пейілі ерекше. Дем алу үшін көкке шыққан қазақ жазушыларының ортасынан М.Əуезов, Ғ.Мүсірепов, К.Симонов, Б.Кербебаев, З.Кедрина, Ғ.Мұстафинді көруге болады. Бір топ Еуропа мен моңғол жазушылары Ғ.Мұстафинде қонақта. Ғ.Мұс- тафин шет ел жазушыларына дастарқан жайып, шапан жауып, құрмет көрсетуде (кинохроника). Əлемнің əр түрлі елдерінен келген жазушыларды əуежайда, вокзалда, Жазушылар одағында қарсы алып жүрген Ғ.Мұстафин. Оның өз замандастары М.Əуезов,
Ғ.Мүсірепов, С.Мұқановпен бірге түскен суреттерінен олардың мақсат-мұраттарының бірлігін тануға болады. Түрікмен Б. Кер- бебаев, тəжік Мырза Тұрсын-заде оның жақын достары екенін су- реттегі бейнелерінен аңғару қиын емес.
Орталық алаңдағы Үкімет үйіне қарай ағылған жұрт. Жоғарғы Кеңестің сессиясы. Мінбеде Ғ.Мұстафин сөз сөйлеп тұр. Мемлекет басшыларымен қоса залда отырған жазушы, өнер қайраткерлері де көрінеді. Ол Кеңестер Одағының жəне Қазақстанның халық депутаты екенін Кремльде жəне Алматыда түскен суреттер айғақтайды. Оның Жазушылар одағында жəне Жоғарғы Кеңесте төрағалық еткенін кинокадрдан көреміз.
Кадрда замандастары М.Əуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсіреповтермен бірге жүрген суреттері көрінеді.
С. Оразалы (кадрдан тыс): Ғабекең ешкімге ұқсамайтын дара талант. Оның өмірді суреттеуі, адамдарды бейнелеу тəсілі, сөз қолдану, сөй- лем құру ерекшелігі, яғни жазушылық стилі барынша айқын əрі өзіне ғана тəн қасиетімен көзге түседі. Үлкен таланттардың ғана маңдайы- на жазылатын бұндай бақытты оның замандастары да бағалай білді. Ол орыстың ұлы жазушылары Михаил Шолохов, Александр Фадеев, Леонид Леонов, Алексей Сурков т.б. жақын танысып, араласты. Көп- теген шет елде болғанында яки басқа елдердің жазушылары қазақ еліне келгенде оларды қарсы алып, елін, жерін, халқын таныстыру- ды өзіне парыз санайтын. Жалпы қазақ əдебиетінің ұлы тұлғалары М. Əуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов салған бұл дəстүр елімізді, əдебиетімізді əлемге таныстыруда, таңдаулы шығармалардың басқа тілдерге аударылуында айрықша ықпалы тиді. Ғабекең түркімен- нің ұлы жазушысы Берді Кербебаевпен, тəжіктің ұлы ақыны Мырза Тұрсын-задемен өмірінің соңына дейін сыйласып, араласып өтті.
Ұлы Гете бір сөзінде: «Бірегей шығарма тудыру үшін өзің де татымды болуың керек», – деген екен. Ғ. Мұстафин əдебиетке аз біліммен келсе де, ұстазы Максим Горький тəрізді, кемеңгерлікке жетіп, заманында- ғы биік мінберлерден ұлағатты ой айта білді. Ол Кеңестер Одағының жəне Қазақстанның Жоғарғы Кеңесіне əлденеше рет депутат болып сайланды. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің, Қазақстан Жазушылар ода- ғының бірнеше мəрте төрағасы болып, əділ де ақылды, қара қылды қақ жарған Төбе бидің тағында лайықты отырды. Ешқашан асқан да жоқ, тасыған да жоқ, заманының əлеуметтік құбылысына елітіп, бой берген емес. Сондықтан ары таза, ортасына сыйлы болды.
Əрине, өмір күнде той емес. Өзімен үзеңгілес ғұмыр кешкен ұлы замандастары М.Əуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсіреповтермен əдебиет май- данында бірде келісіп, бірде керісіп қалса да, өмірлерінің соңына дейін аралары ажырамай, сыйласып, əзіл-қалжыңдары жарасып өтті.
Кадрда Ғабит пен Ғабиденнің бірге отырған фотосуреттерімен бейнекөрініс жəне Ғабиттың хаты көрінеді.
Ғ.Мүсірепов (кадрда): Ғабиден екеуіміз екі насыбайшы сияқтымыз. Бұл екеуіміздің қалжыңымыз өнегелі жағдайда делінеді. Қатар жазып
жүресін, қатар жасасқан адамсың, қатар тойға барған адамсың, жиналыс- қа барған адамсың, бірде болмаса бірде тəтті не қатты айтқан уақытымыз болмауы мүмкін емес. Сөйте тұра ұзақ жылдар құрдастар арасында бір жарасымды деп саналатын жағдайдамыз. Менің бір айтқаным бар: жас жазушылардың кітабын оқып отырып шаршап кеткенде, Ғабиденнің кітабын оқып демалып қалдым дегенмін. Сол сияқты біздің арамыз.
С.Оразалы (кадрдан тыс): Мына хатты Ғабит бір жиналыс үстінде жазған екен.
Ғабиден! – дейді ол.
Құттықтаймын. «Көз көрген» тіпті əдемі шыққан екен: ерінген жоқпын, жалыққан жоқпын, ылғи ырза болып отырдым. Кейбір ескертпелер кітаптың бетінде болар. Тұтас алғанда айтар сыным жоқ. Құттықтап. Ғабит. 15 қараша 1967 жыл.
Екі құрдастың əзіл-қалжындары ел арасына кеңінен тарап кеткен. Ғ.Мүсіреповтың мұражайы. Сонда сақтаулы тұрған экспонаттың бірін қолына алып, мұражай директоры Ə.Қайырбеков сөйлейді.
Ə.Қайырбеков (кадрда): Ғабиттің досы, құрдасы, жазушы Ғабиден Мұстафин арнайы жасатып, сыйға тартқан таяқ. Бұның өзі тек қана таяқ емес, бір жағынан қолға ұстап жүруге болады, екіншіден, бір шаршап келе жатқан адам тыныстағысы келгенде мына құлақшасын жазып, орындыққа айналдыра алады. Мұнда: «Ғабитке» деп жазылған.
«Тоқалы тепкен, іші кепкен, жетпістегі сылақ шалға тартуым! Таяқ –
үшінші аяқ. Ғабиден» дейді.
Үй жанында отырған Ж. Мұстафина əңгімесін жалғастырады. Оның сөзінің арасында мінбеде тұрған І. Омаров, Сəбит пен Ғабиттің əкесімен бірге отырғаны, жазу столындағы М.Əуезов, Ə.Тəжібаев- тар көрінеді. Қ.Қуанышбаевтың, Шараның, Е.Өмірзақовтың сурет- тері əр түрлі кейіпте алынады.
Карта ойнау олардың ортасында үлкен дəстүрге айналған. Бұл су- реттерден Ғабитты, Əлжаппар Əбішевті, Шəкен Аймановты, Сапар- ғали Бегалинді, Мəжікен Бутинді көреміз. Ең соңында бəрі көңілді күйде дастарқан басында жиналыпты.
Ж. Мұстафина (кадрда): Əкемді өз заманындағы зиялы қауымнан бөліп алуға болмайды. Мысалы, ғажайып адам, ұлы гуманист, мəде- ниет министрі болған Ілияс Омаров, Мəжікен Бутин, Ғабит Мүсірепов, Сəбит Мұқанов, Мұхтар Əуезов, Əбділда Тəжібаев, міне, ортасы осындай адамдар болатын. Олардың қыдыруы, театрға баруының өзі қызық еді. Қалибек Қуанышбаев, Шара, Елубай Өмірзақов. Театрдың жаңа қойылымдарына бəрі бірге баратын. Бірде-бір қойылымнан қал- майтын. Ол кезде іссапар ұзаққа созылатын. Мысалы, Мəскеуге біреуі баратын болса, бəрі жиылып шығарып салушы еді. Ал қайтарында ұйымшылдықпен қарсы алатын. Неткен жылы қауышулар десеңізші.
Əкемнің құмар ойыны – преферанс еді. Төрт қол дейтінбіз. Сыйлас адамдар тез арада жиыла қалатын. Өте сирек суреттер сақталып қалыпты. Онда Шəкен Айманов, Бутин, Əкем, Мүсірепов, Əбішев, Сапарғали Бегалинді көресіз. Осындай жылылық, адамшылық қаты-
настарды қалай ғана сақтап, болашаққа жеткізуге болады? Бұның бəрі сол дəуірдің үні, ал одан біз не алып қаламыз? Білмеймін. Аса құнды, адамгершілікке толы, құдайдың өзінен, табиғаттан туған қасиет пе? Əйтеуір керемет еді. Мəңгілік деген осындай шығар.
Қарта ойыны біткен соңғы қызықты көрсеңіз! Барлығы абыр-сабыр. Ғабит аға бұрқыратып темекісін тартуда, маңайы шашылған темекі тұ- қылдары, шешем оларға ашуланып жүр, ал əкем ештеңе болмағандай, былқ етер емес. Қандай қызық! Менің жұмысым – шай əзірлеу. «Əй, шайларың дайын ба?» – десетін. Содан бəрі дастарқанға отырысымен көңілденіп, ойындарын талқылай бастайды. Бізде сол карта да, қа- рындаштар да сақтаулы. Бұл үй көпті көрген, нағыз қара шаңырақ қой. Ғажайып адамдар болған жер.
Кадрда Алматы облысындағы кездесу: қалың топ Ғ.Мұстафинді қарсы алады. Қазақ үйдегі көңілді отырыс.
С.Оразалы (кадрдан тыс): Бұл кездесу Ғабекеңнің 80 жасқа толуы қарсаңында Алматы облысының «Қазақстан» атты кеңшарында өткен еді. Өзінің сүйікті жазушысына деген халықтың зор құрметін аңғару қиын емес. Осы отырғандардың арасында оның кейіпкерлермен тағдырлас адамдар да, шығармаларын оқып рухани нəр алғандары да кездеседі. Сондықтан бұл жүздесу – бəріне де аса қымбат, есте қалған кездесу еді. Оған сыншы Серік Қирабаев пен Ғабекеңнің бəйбішесі Зейнел апай қатынасқан болатын.
Ғ.Мұстафин (кадрда): Бас қосу деген... адаммен адамдардың пікір- лесуі, осындай күліп отыруы үлкен ғанибет, үлкен байлық. Ұлықпан Хакім мың жасады дейді қазақ. Бірақ Ұлықпан Хакім мың жасадым деп айтпапты. Əрбір осы сияқты кездесулерді бір жасқа балаған екен. Міне, сіздермен, мына отырған бəйбішемен, ақсақалдармен, замандас, мұңдас- тармен бас қосу мені қуаныштың үлкен сатысына көтеріп тастағандай. Осындай кездесулер бола берсе екен, ойнап-күліп жүре берсек екен.
Кадрда жазушыға бөрік, шапан сыйлап жатқан адамдар. Оны шығарып салған көпшілік. Музыка. Ғабекең мен Зейнел екеуінің əр түрлі суреттері, баласы Қайраттың, қыздары Жанар мен Маяның, немерелерінің суреттері көрсетіледі.
С.Оразалы (кадрдан тыс): Жазушы еңбегі ешқашан да жеңіл болған емес. «Сөз өнері – дертпен тең» дегендей, үнемі оймен алысқан адам- ның тағдыры қилы-қилы қиындықтарға кездесетіні сөзсіз. Сонда оның жанына тіреніш болатыны – қасындағы асыл жары, отбасы, бала-шағасы. Ғабекең бұл жағынан бақытты адам. Он алты жасында сүйіп қосылған асыл жары Зейнел екеуі алпыс жылдай бірге ғұмыр кешті. Бала сүйді, ұрпақ өсірді.
Зейнел ана (кадрда): Ғабиден өте сабырлы, ақылды, жайдары кісі еді.
О-о, дүние жалған деген осы.
С.Оразалы (кадрдан тыс): Зейнел ана Ғабекеңнің 100 жылдық мерей тойын көзімен көріп, тоқсаннан асқанша өмір сүрді. Ұлы Қайрат белгілі фотосуретші болды, қыздары Жанар атақты дəрігер, Майя француз əдебиеті мен тарихының үлкен маманы. Ал олардан тараған əулет – бір
қауым жұрт. Бəрі де ата даңқын ардақтаған, қара шаңырақты қасиет тұтқан текті ұрпақ.
Кадрда Ғ. Мұстафин үйінің алдында ой үстінде отырған С.Оразалы. Оның көз алдына Ғабиден елестейді. Екеуі бақшаның ішінде əңгімелесіп отыр. Жазушы ірі планда алынады. Оның сабырлы, салиқалы жүзі. Ғабекең бақшасында жұмыс істеп жүр. Қимылы ширақ. Əлденені жинап, бұтақтарды кесіп жатыр.
С.Оразалы (кадрдан тыс): Ғабекең менің есімде қара жердің ке- месіндей салмақты, сабырлы, адал жүріп, бұл тірлікте кісілік қасиетін жоғары ұстаған, қандай қиындық көрсе де кемерінен аспаған, əділдіктен жазбаған қалпында қалыпты. Бірде Əлжаппар Əбішев: «Осы жасымда Алматыда жер екеш жердің де талай сілкінгенін көрдім, бірақ Ғабиденнің орынсыз қозғалғанын байқамадым», – деген еді. Қандай дəл айтылған баға!
З.Қабдолов (кадрда): Ғабиден Мұстафин біртұтас творчестволық тұлға ретінде біздің көз алдымызда Медеудегі керемет ғажайып пло- тина секілді. Тау. Екі таудың аралығында құлап түсіп, құзды шыңға айналдырған осы плотинаның керемет құпия сырлары бар. Ол құзды, шатқалды шыңға айналдырып қана қойған жоқ, ар жағынан келе жатқан керемет селді тоқтатты... Уақыт дегеннің өзі де бір сел ғой. Сол селді тоқтатқан плотина секілді, Ғ. Мұстафин өнерге өмірдің өзінен келіп түскен бір жартас секілді. Ғ.Мұстафин шығармалары бір өмір емес, бірнеше өмір жасайтынына сенемін.
Кадрда Ғ.Мұстафин мен С.Оразалы. Екеуі тоғай арасында əңгіме- лесіп келеді. Бұл 1982 жылы жазылған бейнекөрініс.
Ғ. Мұстафин (кадрда): Жазушы еңбегі қиын, жауапты, ең азапты жұмыс. Ғылымда даңғыл жол болмаса, көркем əдебиетте де даңғыл жол жоқ. Мен біраз жасадым, біраз еңбек еттім. Қаламым аздап төселген- дей болды. Ойларымды жазғанымда сан рет көшіріп, сан реттен басып, жарамды дегендерімді ғана қалдырамын. Сол жарамдымды жазып отырғанда күлемін, қуанамын, қайғырамын, тіпті жылаймын. Қинал- масақ, қиналып тапқан бір сөзің, не бір ойың «мен бақытты» дегізбесе, ондай жазушыға бəрібір. Мен алдыма қарасам артта қалыппын деп қорланамын, артыма қарасам менен де кейін қалғандарды көріп жұба- намын. Нағыз жазушы болғанды ғана айтып қоймай, былай болсын деп те айта алады. Менің жазушылық жолымдағы көңілім, ойым, қысқартып айтқанда, осылай.
Музыка. Ғ.Мұстафин көшесі, оның атындағы орта мектеп. Қарағандыда жазушыға ескерткіш ашу салтанаты. Қалың жұрт жиналған. Арасында жазушының балалары да бар.
С. Оразалы (кадрдан тыс): Иə, тілден асқан байлық, сөз өнерінен асқан өнер жоқ. Ендеше оның ұлы сардары Ғабиден Мұстафин де мəңгілік.
Камера қалың көптің үстінен көктей өтіп,ескерткішке тоқталады.
Көз алдымызда ескерткіш мəңгілік тас мүсінге айналады.
2010 жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter