Әңгімелер ✍️
«ҚАЗАҚСТАН» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ АРНА БОЛАТЫНЫ ҚУАНТАДЫ
- Cұлтан аға, сіз телевизияда «Сұхбат», «Кездесу» бағдарлама- ларын жүргізіп, қазақтың небір ірі тұлғалары Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Ғали Орманов, Ғарифолла Құрманғалиевпен т.б. сұхбаттасқаныңызды жақсы білеміз. Сол күндерді еске алыңызшы. Сізді таң қалдырған немесе ағалық өсиетін айтқан тұлғалар кімдер?
– Дүниеде өзің айтқандай ұлы адамдармен жолығып қана қоймай, олардың ортасында жүріп, сұхбаттас, сырлас болу, солардың тұрмыс- тірлігін көру, ішкі сезімі мен ойларын білу – үлкен ғанибет, өмірлік университет екені сөзсіз. Мысал үшін бір Ғабит Мүсіреповтің не Ғабиден Мұстафиннің өзі неге тұрады?! Ағаларымыз өте қарапайым еді. Бұл кісілердің əңгімесін қызыға тыңдайтын едік.
Ол кезде жас болғандықтан, кейде əдебиет, мəдениет туралы пі- кірлерімді аңқылдап, ашық айтып қалғанымда, менің ойым олармен үндес түсіп жатпаса да, жас жігіттің өз пікірін ашық айтып отырғанына қызықтай қарайтын. Барлығында бар бір үлкен қасиет – адамдарды баурап өзіне тартуы еді. Сырт қарағанда, Ғабиден Мұстафин де, Ғабит Мүсірепов те, Шыңғыс Айтматов та икемге көне беретін тұлғалар емес. Олар өз пікірін қолма-қол əркімге жайып салмайтын адамдар. Кейбір жазушылар білгенін айтпауға тырысады. Ал кейбір адамдардың білімі теңіздің толқыны сияқты шексіз, көл-көсір. Ақтарыла сөйлегенде өзі содан қанағат тауып, басқаға көп бердім деп ойламайды. Менің кез- дескен адамдарым қазақтың біртума азаматтары еді. Бағым жанып, екінші курста оқып жүргенде Мұхтар Əуезовтің лекциясын тыңда- дым. 10-шы сыныпта Мұхтар Əуезовті көрудің сəті түсіп, бірге түскен сурет те бар.
Ғабит Мүсіреповпен сұхбаттасудың сəті кейінірек түсті. Өзім де сол кісімен жолығуға құштар едім. Ғабең туралы аңыз əңгімелер көп бола- тын. Жазушылар одағында бұл кісілер қатысатын жиындардың бəріне де қалмай баратын едік. Ол кісілермен жанасып кетіп, тіпті олардың айтып отырған сөздерін құлағымызға сіңіріп алуға тырысатынбыз. Мұқаңмен сөйлесе алған жоқпын. Бірақ Мұқаңның 1961 жылы сту- денттермен өткен кездесуінде болып, ұзақ əңгімесін тыңдадық. Оны Əбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғалиевтар ұйым- дастырды. Ол тұста мен екінші курста оқимын. Ал менің достарым үшінші-төртінші курста болатын. Олар əдебиет бірлестігін басқарады. Алғаш Мұхаңның лекциясына мені солар ертіп апарды. Қай жерде мəдениетке, əдебиетке байланысты жиын өтетін болса, соған құла- ғымызды түріп жүріп, бəріміз бірге баратын едік.
Сондай жиындардың бірі Рабиндранат Тагордың жүз жылдығына арналып Ғылым академиясының үлкен залында өтетін болды. Оны Мұхтар Əуезов басқарып, Бауыржан Момышұлы баяндама жасайды екен. Күні бұрын орын алу үшін екі жолдасыммен бірге залға кірдік.
Қарасақ, бір шетте Мұхтар Əуезов пен біздің университеттің ректоры, академик Т.Дарханбаев əңгімелесіп отыр екен. Біз ақырындап келіп, сол кісілердің дəл артына барып жайғастық. Мұхаң артына бір қарап қойды да, жымиып, бізге ештеңе деген жоқ. Екеуінің əңгімесі менің əлі есімде. Мұқаң əңгіме үстінде: «Мен Үкіметтің барлық басшылары- мен келістім, енді сəтін салса, біздің Академиядан Əдебиет жəне өнер институты жеке ашылатын болды. Оған қаражат бөлінеді. Осы мəселенің басы-қасында өзім жүрдім», – деді. Т.Дарханбаев: «Бұл бір ғажайып, керемет іс болған екен!» – деп жауап қатты. Содан кейін:
«Енді сол институтқа өзіңіз директор болатын шығарсыз», – деп еді, Мұхаң: «Жоқ! Маған бұл директорлықтың керегі не, қазір жазып жатқан үлкен романдарым бар. Содан қолым тимейді. Оған лайық жас жігіттер табылады», – деді. Ректорымыз кім деп сұрағанда, Мұқаң:
«Осында өсіп келе жатқан жас ғалым Мүсілім Базарбаев деген өте іскер азамат бар. Сол азаматты директорлыққа ұсындым» – деп жауап берді.
Одан кейін Мұхаң Рабиндранат Тагор жайлы əңгіме бастады: «Ол сондай ғаламат адам. Ақын, жазушы, эссеист. Онымен қоса керемет білімді», – дей келе, оның үлкен қызмет те атқарғанын айтты. Сол кез- де жанында отырған Т.Дарханбаев: «Сондай қызметті сіз де істемейсіз бе? Тарихта қаласыз, біздің университетке декан болсаңыз қайтеді», – дегені. Мұқаң оған жалт қарады да: «Өй, мен сені білмейді екенмін! Өзің шолақ ойлайтын адам екенсің. Маған сенің директорлығың, декан- дығың, ректорлығың неменеге керек?! Жə, болды, тұралық!» – деп, орнынан қозғалды. Біз жым боп отырмыз. Əлгі əңгіменің бəрін естідік қой. Содан орнынан тұрып: «Қайда əлгі Момышұлы?» – деп даусын көтерді. Бауыржан Момышұлы əлі келмеген еді. Мұқаң: «Бұларда тəртіп жоқ екен ғой. Жиналыстың басталуына екі-ақ минут қалды», – деп, Т.Дарханбаевқа қарамастан трибунаға шығып кетті. Мұқаңның бұл мінезі менің есімде тайға таңба басқандай қалды.
Үлкен ағаларымыздан көп нəрсені біліп-үйренуге ұмтылдық. Мысалға, мен Ғабдол Сылановтың үйінде апталап жататын едім. Ол кісі ғажайып əңгімешіл адам əрі менің ағам Кəмен Оразалиннің жақын жолдасы еді. Ол кезде тұрмыс жағдайы өте төмен болатын. Олар қаламақымен ғана күн көретін. Кейде ақшалары таусылғанда менің шəкіртақыма қарап қалатын кездер де болды. Жазушылық еңбектің соншама азап екенін сол кісілердің ортасында жүріп көрдім.
Қайнекей Жармағамбетов деген қазақтың үлкен ақынымен де жақсы араластық. Баллада жанрының үлкен шебері еді. Ол Қаныш Сəтбаев- тың туған күйеу баласы. Мен сол кісінің үйінде жиі болатынмын. Кітапханасы бай. Онда тек əдеби шығармалар ғана емес, өте құнды, жасырын қолжазбалар да болды. Мен сол кезде, яғни Сейфуллиндер əлі ақталып, ағара қоймаған кезде, қазақ зиялыларының сотталғандағы сөздеріне дейін Қайнекей ағамыздың үйінде отырып оқыдым. Ол мені ешқайда шығармай, түнде кітаптарды, қолжазбаларды береді. Мен
таң атқанша оқимын. Таң атқанда Қайнекей аға өзі келіп, қолжазбаны алады. Міне, осылай ағаларымыздан көп білім алдық.
– Сұлтан аға, сіздің жақын достарыңыз Əбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауиндер үлкен жазушы, танымал тұлғалар. Біріңіз біріңізден кем түспейтін азаматтарсыздар. Бұл арада Əбіштің – Əбіш, Мұхтар- дың – Мұхтар, ал Сұлтанның Сұлтан болуына осы орта мен үлкен тұлғаларды көріп өскендеріңіз белгілі бір деңгейде əсер етті ме?
– Əрине, алдыңғы ағаларымыздың рухани шапағаты шексіз еді. Əлі есімде, Фурманов көшесінің бойында менің достарым пəтер жалдап тұ- ратын. Пəтер жалдап тұрудың себебі – ақшамыздың көптігінен емес, оңашада көбірек жұмыс істеп, оқып, білім алу үшін еді. Дос-жарандар жиналып, біріміздің білмегенімізді екіншіміз айтып отыратынбыз. Əбіш, Мұхтар, Рымғали, Төлек Тілеуханов сияқты басқа да көптеген студенттер сол үйде бас қосатын. Күні бойы кітапханада білім жиып, кеште əр түрлі əңгіме айтамыз. Біріміз бір нəрсені білмей қалсақ, Пушкин атындағы кітапханадан білмей қалған нəрсені іздеп тауып, ертеңіне «дауласуға» дайындалатынбыз. Міне, осының барлығы біздің ғылымға, білімге ұм- тылысымызды тудырды. Ал ағаларымыздың мінез-құлқы, тазалығы, адамгершілігі, сөз жоқ, тұтас ұрпаққа əсер етті. Соның бірі біз едік.
– Қазір байқасақ, дүниеден Қадыр Мырзалиев, Əзілхан Нұршайықов сияқты небір тарландар өтіп жатыр. Өмірдің заңы, əрине, бірақ олармен бірге қазақ əдебиеті мен мəдениетінің де үлкен бір дəуірі кетіп бара жатқан жоқ па? Ал сіздерден кейін келе жатқан ұрпақтың артына осыншама мұра қалдыратындай қауқары бар ма?
– Баяғыда бір газеттен осыған қатысты бір əфсана оқығаным бар еді. Осыдан мың жыл бұрын Грекияның бір ғұламасы қатты күйініп отыр екен дейді: «Мына жастардың бəрі бұзылып кетті, білімге, ғылымға еш ұмтылысы жоқ. Біздің ұрпақтан кейінгі ұрпақтың бəрі ұсақталып барады...» – деп. Ал қазақтың тарихына келер болсақ, XVIII–XIX ға- сырдағы ақын-жазушылардың сөздерін оқысаңыз, олар да «ұрпақ азып, тозып бара жатыр» деп күйінеді. Бірақ содан кейін де қаншама ұлы- лар туды. Менің ойымша, алдыңғы ағалар жасарын жасады, өз биігіне шықты. Кейінгі ұрпақтың ортасында да мықтылар бар. «Ел болған соң ер туғызбай тұра алмайды», – деген Иса Байзақов. Ел болған соң өзінің ақылдыларын, суреткерлерін, даналарын туғызбай тұрмайды. Ең бастысы – еліміздің мықты болуы. Елді мықты ететін дарынды адам- дар. Сондықтан «біздің ұрпақ қана керемет еді, ал бізден кейін бас- қа тұлғалар шықпайды» дегенге сенбеймін. Тұлғалар əлі де шығады. Олар бүгін көрінбесе де, өз уақыты келгенде алға түсер. Мысалы, Əбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғалиев, Ақселеу Сейдімбектер күні кеше қатарда жүрген жас жігіттер болатын. Бүгін олар үлкен тұлғаға айналды. Қазір де артымыздан еріп келе жатқан дарынды, талантты жастар бар. Осылардың барлығы, сөз жоқ, өзінің кемеліне келген кезде өз сөздерін айтады.
- Сіздердің заманыңызға қарасақ, сіздер кезінде Мұхтар Əуезов
сияқты үлкен адамдарды көріп, үлгі алдыңыздар. Ал сіздер мен қа- зіргі жастар арасында сондай байланыс бар ма? Жалпы, ұрпақтар арасындағы сол байланыс үзіліп кеткен жоқ па?
– Бұл өте күрделі мəселе. «Бар» деп те, «жоқ» деп те айтуға болады. Мен екі университетте, атап айтсақ, əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін- де біраз жыл дəріс оқыдым. Екеуінде де тележурналистика негіздері бойынша сабақ бердім. Жастау кезімде Марат Барманқұлов ҚазМУ-ге дəріс оқуға шақырған еді. Сондағы студенттер қазір əр салада жүр- ген мықты азаматтар. Олар мені жас деп қабылдамай, сөзімді жақсы тыңдайтын. Осыдан екі-үш жыл бұрын Еуразия ұлттық университетін- де орыс тобына дəріс оқыдым. Менің таң қалғаным, осыдан он бес жыл бұрын журналистикада өңкей ұл балалар оқыса, қазір кілең қыз балалар екен. Солардың ішінде білімге қызығып, сөз тыңдап, білуге талпынған екі-ақ адамды байқадым.
Тағы бір айта кететін жайт – кезінде мен бес жылдай Əділет ми- нистрлігіне қызметке алатын комиссияның мүшесі болдым. Респуб- ликаның түкпір-түкпірінен келген заңгерлер байқауға түседі. Ең өкі- ніштісі, солардың көбі кітап оқымайды, мəдениет, өнерден түк хабары жоқ. Мен олардың заңгерлік білімінің қандайлық екенін айтпай-ақ қояйын. Ал бірақ қазақтың мыңдаған жылдық тарихы бар дəстүрлі əдет-ғұрып заңдары туралы терең ой, мол мағлұмат қалдырған Абай, Шоқан, Мұхтар т.б. сияқты ұлы адамдардың бірде-бір шығармасын оқымаған заңгерлерді кім деп айтуға болады? Бір азамат бөлім бастығы болуға конкурсқа түсіп отыр. Кезінде министрлікте істеген азамат екен. Көкшетаудан келген ол Шоқан Уəлихановтың жерлесі боп шықты. Мен одан: «Шоқан Уəлиханов кім, немен айналысқан адам?» – деп сұрадым. Сөйтсем, жаңағы азамат ары ойланып, бері ойланып: «Шоқан жазушы болуы керек...» – дейді. «Қандай шығарма жазды?» «Білмеймін, əйтеуір романдар жазғаны анық», – деп қарап тұр. Мен оған: «Айналайын, сен өзің Шоқан шыққан ауылдансың. Ең болмаса, бұл адам кім деп ойландың ба? Университет бітіргенсің, жоғары білімің бар. Ал мына қызметте адамдардың тағдырын сен қалай шешесің?» – дедім. Біраздан кейін: «Онда Абайдың кім екенін айтшы! Абайдың бір өлеңін, тым құрығанда бір өлеңінің екі-үш жолын айтшы», – дедім. Білмейді.
«Мұхтар Əуезов қандай роман жазған?» – деймін. Білмейді. Байқауға келген жоғары білімді заңгерлердің 50–60 пайызы бір кітап оқымаған. Міне, осындай адамдар қазір мемлекеттік қызметте жүр. Оны айтасыз, олар Əділет министрлігінің үлкен қызметтеріне конкурсқа келіп отыр. Қызметте отырғандардың өздері де сондай. Сондықтан біздің жастар деген ұғымға келсек, бұрындары оқымаған адамдарды надан деуші едік, қазір дипломы бар надандар көбейіп кетті. Ең өкініштісі, Білім жəне ғы- лым министрлігінде білімнен, Мəдениет министрлігінде мəдениеттен жұрдай адамдар да жоқ емес. Кейде біз кімді оқытып жатырмыз деп шошисың.
- Ал сіз қазіргі қазақ телевизиясының жай-күйіне қандай баға бересіз?
– Мен телехабарлардың бəрін көремін деп айта алмаймын. Бірақ телевизияда жақсы бағдарламаларды қараймын. Мысал үшін, ұлттық рухы бар бағдарламаларды жасауда «Қазақстан» ұлттық арнасы ал- дыңғы қатарда деп ойлаймын. Мұнда үнемі ізденіс бар.
Телевизия деген – космополиттік өнер. Мысалға айтсақ, бүгінде орыстар да көптеген жаңа бағдарламаларды өздері тауып жатқан жоқ. Олар Еуропаның, АҚШ-тың бағдарламаларын көшіріп беріп отыр. Тіпті «КВН» хабарының өзі орыстікі емес. Масляковтар мұның бəрін шетелден көріп, Ресейге алып келген. Бұл бағдарлама орыстық бетін кейін алды. Шығармашылық жағынан кеңіді. Дамыды, ұлттық бренд- ке айналып кетті. Бұрындары «Хабар» арнасында Серік Абасшахтың қызықты бағдарламалары болушы еді. Қазір бұл арнадан ондай ха- барларды кездестіре алмай жүрмін.
– Сіз «Қазақ зиялылары туралы» антология топтамасымен Абай, Ғабиден Мұстафин, Əбіш Кекілбаев, Қуаныш Сұлтанов т.б. ту- ралы жалпы саны жиырмадан астам деректі фильм түсірдіңіз. Жалпы, бұл деректі фильмдердің таралым мəселесі қалай? Екіншіден, сіздің қолыңызда Ғабиден Мұстафин туралы таспалар бар емес пе? Мəселен, Ресейде «Ностальгия» атты көне таспа, бағдарламаларды көрсететін жеке телеарнаға дейін бар, ал сіздің таспаларыңызды қазіргі көрерменге неге жеткізбеске? Ескі бағдарламаларға арналған жеке телеарна да сұранып тұрған жоқ па?
– Қазір «Мəдениет» атты жеке телеарна ашылады деп жатыр. Менің ойымша, солардың өздері маған сол таспаларды іздеп келуі тиіс деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, біз өзі ашық-шашық халықпыз ғой. Өз құндылықтарымызды уақытында жинай алмай жатырмыз. Менің жанымды түршіктіретін нəрсе – кезінде мен жасаған біраз хабарлар
«Алтын қорда» сақталады деп шешім қабылданса да, олардың көбін жойып, өшіріп жіберген. Біреулер қызғаныштан, біреулер жаман пи- ғылдан, енді біреулер жауапсыздықтан бұл хабарларды сақтап қал- маған. Мен Ғабиден Мұстафинмен 1969 жылы бір сағаттық сұхбат- хабар жасаған едім. Ғабиден Мұстафиннің өз өмірінде осылай ашылып сөйлегенін көрген емеспін. Өкінішке қарай, сол бағдарламаны да өшіріп тастапты. Ал Ғабиден Мұстафин туралы таяуда аяқтаған де- ректі фильмдегі сюжеттерді сақтап қалған едім. Оны өз ақшама рес- таврациялап, жөндедім. Оларды қайта тірілте алмайсың. Ғабит Мү- сіреповтің экранға түскен бейнесін де солай сақтап қалдық. Жалпы, ағаларымызды келер ұрпаққа тірі қалпында сақтаудың жолы осы.
Ностальгия демекші, əр заманда адам əрқалай өмір сүреді. Біз де артымызға қараған жоқпыз. Осы күнге дейін артқа қарайлаудан гөрі, алға ұмтылыстарым көп болды. Жасым 70-ке келіп қалғанда, əрине,
«артымда қандай із қалды» деп ойлану заңды. Жаңа өзің айтқандай, дүниеден небір тұлғалар кетіп жатыр. Олар қазақтың ғажайып тұл- ғалары. Алдымыз азайып қалды. Əрине, алдыңғы ағаларымыздың дү-
ниеден өткені өкінішті, тек соларды экранда «тірі» алып қалсақ қой?! Олардың аттарын өшірмейтін – еңбектері мен шығармалары бар. Бірақ
«өмірде осындай тұлға болып еді» деп ұрпаққа экраннан көрсеткен- ге не жетсін?! Кеңестік заманда кинохроника болды. Сол заманда Жамбылдың суырып салма ақындығын түсіріп алып, көрсеткенде, қазір əлəулəймен жүрген көп ақын далада қалар еді. Егерде біз халықтың көз алдында тұтас поэмаларды суырып салып шығарған Иса Байзақовтың шабытты шағын таспаға түсіріп алып, ұрпаққа көрсеткенде, қалай болар еді?! Бұл ұрпақ үшін, жалпы мəдениет үшін қажетті дүние ғой. Бірақ кезінде осының бəрін ойламадық. 70–80-ші жылдары да небір тұлғаларымызды түсіріп алуға мүмкіндік болды. Соны алғашқы боп көтеріп, біраз ақын, жазушы ғұламалардың бейнесін сақтап қалғанмын. Қазақ спектакльдерінен ондаған сағатқа созылатын үзінділерді таспаға жазғанбыз. Онда С.Қожамқұлов та, Е.Өмірзақов, С.Майқанова да, бүкіл қазақтың керемет актерларының біразы ойнады. Солардың көбін өшіріп жіберіпті.
– Кімдер өшірді?
– Кезінде телевизияда талай басшы ауысты. Телевизиядан мүлдем бейхабар адамдар да басшылық жасады. Міне, сол кезде иесіздіктен бейнеқордағы таспалардың біраз бөлігіне жаңбырдың суы өтіп ке- тіпті. Мен сізге айтайын, қазір осыдан 20 жыл бұрын жазылған бей- нетаспалардың барлығы да тозды. Олар өзінен өзі бүлінеді. Себебі ол кездегі техника əлсіз болатын. Бұл таспаларды бес жыл сайын, не үш жыл сайын қайта көшіріп отыру қажет. Ал оларды қайта көшіру ісі 15–20 жылдан соң қолға алынды. Ұқыптылығымыздың жоқтығы, бейнемұрағатты сақтай алмайтынымыз – үлкен кемшілік. Ал теле- визияда əрбір нəрсе қымбат қой.
– Қазір қолыңызда кімдер туралы бейнетаспаларыңыз бар?
– Мінеки, Шыңғыс Айтматов, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Есенберлин, Нағашыбай Шəйкенов т.б. Ал мына таспада Шыңғыс Айтматов, Қайсын Күлиев, Мұстай Кəрімнің сұхбаты. Бұл қазақ те- левизиясының тарихында тұңғыш рет қазақша, қырғызша, башқұртша жəне балқарша сөйлеп, сұхбаттасқанымыз еді. Бүкіл Қазақстан осы- ны көрді. Академиктер Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Мұрат Бай- маханов, Ғайрат Сапарғалиев т.б. туралы да көп материалдар бар. Мына тұрған телевизия тарихындағы тұңғыш айтыстың бейнетаспасы. Мен Орталық партия комитетіне жұмысқа ауысып кеткенімде, айтысты жүргізуге басқалар келді. Қолымда Тахауи Ахтанов, Асқар Тоқпанов, Сапарғали Бегалин т.б. туралы деректер бар. Жинақтаған қорым осы.
Мен өзім басшылық қызметте жүремін деп, жазу мəселесінде кешеуілдеп қалған өкінішім көп адаммын. Ғабит аға айтушы еді:
«Атқамінерлікті айтасыңдар, қайраткерлік деп мақтайсыңдар, бірақ менің содан көрген зияным шаш-етектен» деп... Тағы бір сөзінде: «Ал бірақ соның бəрін көре тұра еліңнің, халқыңның тағдырына араласпасаң, тағы да жартыкеш жазушы болар едің», – деуші еді. Қайраткерлік пен
жазушылық бір-бірін толықтырып тұратын қасиеттер. Халықтық, елдік мəселелерді шешуде қолыңда билік қамшысының болғаны да артықтық қылмайды. Мəселен, өз басым Тіл комитетін басқарғанымда, қазақтың тілін дамытуға қолымнан келгеннің бəрін істедім деп ойлаймын. Бір кісідей соған жанымды салдым. Тіл туралы жазған мақалаларымды жеке кітап етіп шығарайын деп отырмын.
– Сұлтан аға, сіз көп жылдар тележурналист болдыңыз, екінші жағынан, Тіл комитеті, Авторлық құқықтарды қорғау комитетін басқардыңыз. Жалпы, шығармашылық адамына нағыз бюрократиялық аппараттарда қызмет ету қиын емес пе?
– Мұның бəрі адамына байланысты. Мысал үшін, қолына тырнақтай билік тисе, бригадирдің өзі керемет бюрократ бола алады. Пушкиннің
«Журналист – мемлекет адамы» деген жақсы сөзі бар. Сондықтан жақсы журналистерден үлкен қайраткерлер, басшылар шығады деп сенемін.
Ал телевизияның бір қасиеті – ол адамның ұйымдастыру қабылетін барынша ұштайды. Мен жастайымнан, 22 жасымда телевизияда қыз- мет еттім. Телевизиядағы бір хабар үшін ақ тер, көк тер болып қанша- ма уақытың кетеді. Бюрократтыққа ұрынбас үшін ішкі мəдениеттің жоғары болғаны шарт. Білімді, жоғары мəдениетті адам ондайға бар- майды. Мансаптың бір күндік, уақытша екенін біледі. Ал уақытша іске бола құбылу кісілікке жатпайды. Мəселен, мен өзім көрген Ғабиден Мұстафин, Ілияс Есенберлин, Қалтай Мұхамеджанов ағаларымыздың бірде-біреуінің қызметке бола құбылғанын көрген жоқпын. Мəселен, Ілияс Омаров деген ағамыз өтті. Ғажайып адам еді. Кезінде министр де, ОК-ның хатшысы да болды. Ғабит Мүсірепов Ілиясты қатты бағалап отыратын. Ілекеңді өз көзіммен көрдім, хабарлар жүргіздім. Жаспыз ғой, бірде тез қабылдай алмағанына ренжіп қалғанымда, ол кісі күліп, арқамнан қағып, адамдарды шақырып алып: «Журналистің айтқанын орындау керек» дегені əлі есімде. Оның қарапайымдылығы сондай еді. Мінеки, ішкі мəдениеті жоғары адамдар қандай биіктікте болса да, ешкімді төмендетпейді.
Қасым Аманжоловтың Ілиястың алдына барған əңгімесін естіген шығарсың. Қасымның үй-күйі жоқ кезі болса керек. Бір күні Ілияс Омаров Қасымның жағдайын есітіп, Орталық комитетке шақырады. Екеуі жолыққанда Ілекең Қасымның өлеңдерін жатқа оқи бастайды. Хатшының өз өлеңдерін жатқа біледі деп ойламаса керек. Ақын қуан- ғанынан келген шаруасын ұмытып, есі шығып кетеді. Кеңседен Қасекең қуанып шыққан соң, сыртта тосып тұрған əйелі үй алған екенбіз деп қуанып: «Үйді қай жерден беретін болды?» – деп сұрамай ма, сонда ол: «Өлеңдерімді ОК-ның хатшысы жатқа айтып тұрғанда, мен қалай ұялмай үй сұраймын?» – депті. Міне, білімділік пен қарапайымдылық деген осы!
– Студенттік кезден дос болған Əбіш, Мұхтар ағаларымызбен арадағы достықтарыңыз қандай сын сағаттарынан өтті?
– Біз жас кезімізден араласқан достармыз. Осы жасқа дейін əркім өз
жолымен жүрді. Əбіш пен Мұхтар жазушылықпен айналысты. Рымғали ғылым жолына түсті. Мен телевизия саласында көп қызмет еттім. Қай жерде жүрмейік, сыйластықтан жазған емеспіз. Əрине, пікірлеріміз келіспей қалатын кездеріміз болады, бірақ жамандыққа қиятындай жағдай болған емес.
Фильм түсіруге достарыңыздың ішінен неге Əбішті таңдап алдыңыз деп сұрадың ғой. Фильм түсіретінімді Əбіштің өзі де күткен жоқ. Мүмкіндікті таптым, фильмді шығардым. Ол қатты қуанды. Өзіне деректі фильм ұнады. Өйткені ол досыма жүрегімнен айтылған сөзім еді. Əбіш біздің қатарластарымыздың ішіндегі ең жарқын тұлға ғой. Біз оны мойындамасақ, қалай болады?! Əбіштің жасағанын мен жасай алмаймын. Бірақ менің жасағанымды Əбіш те жасай алмайды. Мағауин де солай. Ешкімді салыстыруға болмайды. Əркімнің өз орны бар. Біздің əрқайсысымыз өз саламызда өз биігімізге жеттік. Біреудің табысын тартып алмадық. Құдайдың берген қабілеті мен дарыны жеткенінше адал еңбек етіп жүрміз.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Əңгімелескен Кəмшат Тасболат.
«Айқын» газеті, 12 наурыз 2011 жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter