02.03.2022
  419


Автор: Баламер Сахариев

ҚАЙТА ТУҒАН РОМАН

 


Аға жазушыларымыздың бірі Сəбит Мұқанов өзінің алпыс жасқа толуы қарсаңында қадірмен халқына тағы бір тыңтарту ұсынды. Ол 1931 жылы алғаш рет «Адасқандар» деген атпен жарық көрген шығарманы кең тынысты, көлемді роман етіп қайта жазып, оқушылардың қолына берді. Жаңа романға «Мөлдір махаббат» деп ат қойды.


Реті келгенде айта кетелік, «Адасқандар» романы біз тұрғылас оқушылардың қолына бертініректе ғана түсті. Оның себебі – дер кезінде ел арасында əрі тез, əрі кеңінен тараған бұл кітап біз ес біліп, етек жинап, қара танып, көркем əдебиетке тұщынатын дəрежеге жеткен кезде бірлі-жарым данасын сақтап қалған кейбір ұқыпты адамдардың қолында ғана бар еді. С. Мұқановтың «Ботакөз»,


«Сұлушаш» сияқты таңдаулы туындылары, əсіресе олардағы ма- хаббат жайы сөз болғанда, «Адасқандарды» кезінде оқып үлгерген үлкендер: ол кісінің «Адасқандар» романын оқыдыңдар ма? Міне, нағыз тамылжыған поэзия, тамаша махаббат, таза махаббат сонда ғой деп қызықтыратын. Олар жəй əңгімелеп айтқан жеке эпизод- тарды есіміз кете тыңдайтын едік. Сөйтіп құмартқан шығарманы оқудың сəті институттың III курсында жүргенде ғана түсті. Бір оқытушымыздың өз кітапханасынан «Адасқандар» романын ат- түйедей қалап алып, бір топ студент қолдан-қолға тигізбей оқып шыққанымыз есімде.


Бұдан едəуір уақыт бұрын «Қазақ əдебиеті» газетінің бетін- де жазушы «Мөлдір махаббат» романы қалай жазылғанын, бұл шығарманың жазылуына не түрткі болғандығын жариялады. Роман оқиғасының негізіне жазушының өзі көзбен көріп, егжей-тегжейіне дейін тексеріп білген, сот процесінде өзі қоғамдық айыптаушы бо- лып қатынасқан бір қылмысты істің тарихы алынған. Бұл алуандас жағдай əдебиетте толып жатыр.


XVIII ғасырдың басында ағылшын саяхатшысы Роджер Вудстың əлі адам баласына мекен болмаған Хуан-Фернандес тобындағы аралдардың біреуінен бақытсыздыққа ұшырап, 4 жыл мекендеп қалған шотланд саяхатшысы Александр Селкиркті алып қайту фактісі реалист жазушы Даниэль Дефоның сол кездегі Англияның экономикалық артықшылығын, буржуазиялық қоғамның өсіп келе жатқан дəуірін бейнелейтін ескерткіш – «Робинзон Крузо» романын тудырды.


 


Ұлы жазушы Лев Толстой орыстың даңқты заң қызметкерлерінің бірі Конидің юристік тəжірибесінде кездескен бір кішкентай ғана оқиғаның негізінде қоғамдық маңызы соншалықты зор «Арылу» атты нағыз əлеуметтік роман жасады. Н.В. Гогольдің «Ревизор» комедия- сын жазып, патша самодержавиесінің бойындағы барлық кінəратты бір жерге жинап, оның басқару-əкімшілік жүйесін масқаралауына А.С. Пушкин айтып берген бір кішкентай ғана күлкілі оқиға жет- кілікті болды. Сол атақты адвокат Плевако қорғаған «Бартеевтер ісінің» негізінде Бунин «Корнет Елагиннің ісі» деген повесін жаз- ды. Демек, мəселе шығарма жазу үшін ненің тілге тиек, ненің түрткі болғанында емес, жазушының сол фактіні, сол оқиғаны қаншалықты қоғамдық мазмұнға, əлеуметтік аренаға көтере суреттеуінде жатыр.


«Адасқандар» – прозалық кесек туындыларымыздың ең алғашқыларының бірі жəне кезінде айтулы шығарма болды. Бірақ ол шығармадағы ең басты олқылық – жазушының сюжет қызықтап, екі ғашықтың арасындағы сүйіспеншілік мəселелерін суреттеуге көбірек зер салып, кейіпкерлердің басына түскен бақытсыздықты, трагедиялық халдерді туғызушы əлеуметтік жағдаяттарға, қоғамдық ортаны, дəуірге тəн құбылыстарды бейнелеуге жеткілікті назар аудармағандығы еді. Өз ортасынан да, оның идеологиясынан да бойын аулақ салған Бүркіт арқа сүйеп, иек артар əлеуметтік күшті танымай, бұқараға келер жол үстінде қара бастың намысын жыртқан дара кейіпкер боп құлайтын. Сол сияқты Бəтес те қайтып бақыт та- бар-таппасы белгісіз бей-жай күйде қалатын.


Ел тілегін ескеріп, шығармасын қайта жазу үстінде əдеби тəжірибесі мол жазушы ең алдымен осы олқылықтарды болдырмауға барынша күш салған жəне ол мақсатына жетіп тынған.


«Мөлдір махаббатты» оқып отырғанда, оның тартымды оқиға- сынан алатын əсерің бұрынғыдан кемімейтіндігі былай тұрсын, қайта анағұрлым арта түседі. Ең алдымен шығарманың əлеуметтік маңыздылығы жайындағы оқушының бұрынғы қанағатсыздық сезімі мүлде жойылады. Бұл романда қоғамдық мəселелердің шеңбері ба- рынша кеңейе түскен. Революция жылдарының оның қарсаңындағы жəне одан кейінгі кездердің, жаңа экономикалық саясат пен ауылды кооперативтендіру кезеңінің саналуан қат-қабат шындығы, заман рухын айқындайтын небір əлеуметтік саяси маңызы зор қоғамдық күрделі оқиғалар оқушы көз алдынан кино лентасындағыдай тізіліп өтіп жатады. Романның 125 бетін алып жатқан алғашқы бөлімінде шығарманың бас кейіпкерлері Бүркіт пен Бəтес əлі жүз керісіп


 


жолыққан да жоқ. Бірақ бұл бөлім жастардың болашақ махаббаты- на зұлымдық тұзағын құратын озбыр күштерді, қоғамдық ситуаци- яларды алдын ала даярлайтын романның беташары тəрізді. Мұнда жастардың болашағына кедергі болар жайлар, трагедияға ұрындырар əлеуметтік мотивтер бар. Бұл уақыттың ішінде күндей күркіреп 1916 жылдың оқиғасы болып өтті, қазақ еңбекшілеріне нұрын шаша Ұлы Октябрьдің шұғыласы туды, патша үкіметі келмеске кетіп, қарасын батырды; уақытша үкімет те құлап үлгірді. Осындай санқилы əлеуметтік өзгерістерді, сан-алуан жаңалықтарды əр тұрғыдан қабылдап, өз болашақтарына əр түрлі жоспар-жоба құрып жатқан əлеуметтік топтар арасында сапырылысқан тартыс жүріп жатыр.


Еңбекші халықтың дүниені дүр сілкіндірген ұлы күресі кезінде қайткен күнде өз өктемдігін жоғалтпай, бас сауғалап қалуға жанта- ласып жүрген Əбеу жəне іргесі мықтап шайқалып кеткен Əбеулер дүниесі бар. «Таң атпайын десе де, күн қоймайды» дегендей, Əбеу- лер қаншама жанталасқанмен бастан ерік, қолдан билік кетіп ба- рады. Өмірдің өткелең кезеңдерінің дүрбелеңі Əбеуді жел аударған қаңбақтай қаңғыртып алып кетіп жүр. 1916 жылғы көтерілісте қамаудан қашып жүргенде, талауға малы түскен Əбеу аз күн қолына есе қайыратын күш тиіп калғанда, күні кеше туған шешесі мен жан баласын өлім аузынан арашалап алған кедей Нұржанды өз қолымен дарға асып, құрбандыққа шалуға жүзі жанбайды; революция жеңгеннен кейін Сыр бойына жан сауғалап көшіп барған ол іштен шыққан екі қызын ақшаға сатып, мал жинауға кіріседі; жазғытұры жұтаған жұртқа тыққан тұқымдық астығын үстеме бағамен үлестіреді; аштыққа душар болған ата-ананың 13 жасар қызын бір дорба тарыға сатып алып, үлкен ұлы Текебайға қатын əпергенде де Əбеуден ар-ұят дегеннің нышаны байқалмайды, алашордашылар- мен астыртын жеңұшынан жалғасып, Торғай өлкесіндегі ашыққан кедейлерге көмекке жиналған малдан үлес алудан да үміттеніп,


«топалаңда той» жасауға да əрекеттенеді. Бірақ оның əрекеттерінің бəрі де сəтсіздікке ұшырайды. Өйткені арқа сүйер, табан тірер ті- регі əлсіз, желді күнгі құмдай сусып кетеді. Заман тізгіні еңбекші халықтың қолына көшкен – барлық себеп сонда.


Жазушы Əбеудің осы сияқты жеркенішті кылықтарын, жауыздық əрекеттерін көрсету арқылы ол шыққан ортаның – үстем таптың азғындығын, іріп-шіріп бара жатқан моралін де идеологиясын ше- бер көрсете білген.


Əбеуде адамгершілік аталатын асыл қасиеттен көрер көзге азбаған, тозбаған, шірімеген не қалды? Ештеңе де қалған жоқ. Оның


 


семьясының өзінде ырың-жырың, шəлкем-шалыс жағдай жиі болып кетті. «Жау жағадан алғанда, ит етектен» дегендей, əлеуметтік іргесі шайқалып тұрған заманда, қатын беттен алып, бала бағынудан кетті. Қиюы қашқан қазіргі шақта оның үйі, Бүркіттің сөзімен айтқанда:


«...Қуарған ағаштың басындағы жапырақсыз бұтақта, тағы бір қаттырақ дауыл соқса құлауға əзір боп, қарғаның қалтылдап тұрған ұясына ұқсайды» (143-бет).


Жағдай дəл осы айтқандай болып шығады да. Жаңа экономикалық саясат аяқталып, шаруашылықтың социалистік жүйесі шабуылға шыққанда, осы бір семья мүлде ыдырап, күйрегенін көресіз. Барар жер, басар тауы, татар дəмі таусылған Əбеу кейінірек шетелге өтпек болып қашып бара жатқан сапарында Ауғанстан шекарасында оққа ұшқанын естисіз.


Əбеу, образ ретінде, өте күшті шыққан ірі тұлға. Онда ойға алған дүниесін орындауға жанын сала кірісіп кететін батылдық та, қысылшаңнан із шалатын тапқырлық та, ожар өктемдік те, қайыспас қаталдық пен мейірімсіздік те, қысқасы, характер тұтастығын беретін сипаттардың бəрі де табылады. Ол өз мүддесі, өз қоғамы, өз бағыты үшін, өз идеалы үшін барын сала күресті, талмай тартысты, қолдан келгенін жасап бақты. Ал қандай мақсат үшін болса да, ешқандай толқусыз, теке-тірес, тай-талас тартыста құлап, мерт болу – күшті адамның, ірі характер, тəуекелшіл ірі тұлғаның ісі. Бірақ қоғамның тарихи дамуы ығыстырып бара жатса, бұған қарсы шыққан күш мерт болмай қайтпек. Жазушы бұл образдың логикалық бітімін ете дəлелді жасап шыққан.


Асылында Əбеудің тағдыры – бүкіл бір əлеуметтік топтың тағдыры. Ал осыған қарама-қарсы қойылып, қақтығысқа түсетін тағы бір тағдыр бар, ол жайында кейінірек тоқталмақпыз.


Ретті жерінде айта кететін тағы бір мəселе – осы ортадан алы- нып жасалған Əбеуден басқа өрелі, шоқтығы биік образдардың тапшылығы. Шынын айту керек, үстем тап өкілдерінен көрінетін Мəмбет қожа, Қоңыр қожа, Сасық бай т. б. толып жатқан ірілі- уақты жау адамдардың бəрі де Əбеу сияқты тегеурінді іс-əрекеттің, ірі қимыл, адуын мінездің адамынан əлдеқайда төменде тұр. Мы- сал үшін, көбіне сырттай аталып келіп, алғаш рет оқиғаға араласқан Сасық байдың бейнесіне тоқталып көрейік.


Сасық кім? Жазушының айтуына қарағанда, ол – алашорда шаңырақ көтеріп, газет ашуға қаржы жинағанда, 100 ту қой, ал «алаш полкы» құрылғанда 100 құр ат ұстап берген, «ата-бабасынан бері осы


 


елдің тұтқасы болып келе жатқан адам». Жазушы оның портретін бы- лайша суреттейді: «...ақ үйдің маңында бізді қарсы алған Сасықтың түр-тұлғасы қызық адам болып шықты. Ол аса биік бойлы, жуан де- нелі, ірі сүйекті адам екен. Кескінсіздеу қара бұжыр бетті, тұмсығы жуан, түбі батыңқы мұрынды, шүңірек көзді, қалың ерінді, үлкен ауызды, аралары ашық жалпақ күрек тістері сойдиған, қылы иегіне ыдырай біткен көселеу сақалды (Қоңыр қожаның екі шықшытында екі уыс, сүйірлеу иегінде бір уыс қылы бар екені есімізде – Б. С), азғантай ұзын қылы екі езуінің үстіне ғана шоқталған сұйық мұртты адамның сопақтау басы, кішігірім өгізбен теңдеседі десе де бола- ды. Біз барған шақ «шілденің сарша тамыз» аталатын ыстық мезгілі болғанымен, Сасықтың үстінде етек-жеңі мол үлкен күпі, басында тыссыз елтірі тымақ, аяғында байпақты үлкен етік» (161-бет).


Жазушы енді сізді оның үйіне ертіп кіреді. Əңгіме үстінде сіз


оның қалған сипаттарымен танысасыз: «Ол сөз арасында қара өкпе болған түйедей деміге ауыр жеткіріп алады екен де, алақанның ая- сына толарлықтай қақырықты аузынан есікке қарай атқанда, кей- де тері мен есігі он метрдей табалдырықтың қасына түсіреді екен, кейде, егер ашық тұрса, есіктен де шығарып жібереді екен...». (163- бет). Соншама жасаусыз, соншама салақ үйде енді не ғажап көрер екенмін деп көз салсаңыз, «ағаш төсектің алдында киімдері түрсіз, көнетоз жаулығының кірі құрым киіз сияқты шүйкедей ғана арық кемпір» отыр. Автор осылардың бəрі əлі де аздау болар дегендей, сый қонақтардың қолына ернеуінің кірі екі елі, сыртының кірі сойы- лып жатқан аяқпен қымыз ұстатқызады да, ақыры қымыздың ішінен көлбақа сияқты бірдеңе шығарып, Бүркітті дастарханға құсқызып бір-ақ тынады. Сіз айналасы төрт беттің ішінде Сасықтың əкесі де дəл осылай болғандығын біліп үлгересіз.


Сасықты соншалықты сүмірейтпей-ақ дұшпан етуге, «сасық»


етуге де, пасық етуге де болар еді ғой.


Бəлки өмірде мұндай жағдай болған да шығар. Дегенмен, дəл осы айтылғандар ақиқат өмірдің шындығынан гөрі, кейіпкердің шыққан ортасына, анкетасына қарап алып барып, сосын мінездеме беріп, портрет жасау болып кеткен сияқты. Кейбір жағымсыз образдардың Əбеу көтерілген дəрежеде шықпауы дəл осыдан ба деп ойлаймыз.


Шынында да, жазушы кейіпкерінің бүкіл мінездемесін сахнаға шыға келген сəтте бірден ақтара көрсетіп, оған өз қатынасын, өз көзқарасын қоса айтып беріп отырса, онда ол образдың бойынан ха- рактер ашатындай басқа ерекшеліктер іздеп оқушы несіне əуре бол-


 


сын. Бəрібір ондай қасиет табылмайды. Мына жағдайларда да дəл солай болып шыққан.


Əдебиетімізде бұрын жасалып, жұртшылық жұмыла қол қойып таныған Құнанбай, Итбай, Игілік, Шəкен образдары осы айтылған тəсілден аулақ болғандықтан да соншалықты биікке көтерілгендігі аян.


Көркем əдебиеттегі образ дегеннің өзі ақиқат өмірдегі адам жəне бір адам емес, жиынтық бейне ғой. Ал өмірдегі əрбір адам өзінше оригинал, өзінше құпия. Əр адамды ашу, білу, тану қажет.


Егер жазушы образдың характерін бірте-бірте ашып, өсу эволю- циясына қарай мысқалдап таныстырып отырса, онда оның өмірлік шындығы, ақиқаттығы да айқындала түседі.


Неғұрлым образ оқушыға сыр бермесе, сыр шашуға сараң болса, солғұрлым оқушы образдың құпиясын ашқанша іңкəрлана түседі, солғұрлым шығарманың тартымдылығы арта береді.


Біз жоғарыда Əбеу тобының тағдырына қарама-қарсы қойылып, қақтығысқа түсетін басқа бір тағдыр бар деген едік. Енді соған тоқталайық. Ол Бүркіт пен Бəтес тағдыры. Романның бірінші бөлімінен басқа үш бөліміндегі не бір оқиғалар осы екі жастың ма- хаббат драмасының төңірегіне құрылған. Солай болғандықтан, айна- лып келгенде, шығармаға түп қазық болып тұрған ең басты тұлғалар да осы екеуі.


Біздің байқауымызша, Бүркіт кейбіреулердің айтып жүргеніндей махаббат серісі ғана емес, үлкен əлеуметтік те кейіпкер. Аумалы- төкпелі, ұлы дүбірлі күрес күндерінде күйреушілікке ұшыраған семьяның заман көшіне ілесер, жаңа керуенге қосылар бұтағы та- рихта да болған жəне советтік əдебиетімізде де бұл жиі кездеседі. Бүркіт – дəл осындай тұлға.


Тіпті оның жасөспірім кезінде-ақ (бірінші бөлімнің аяғында) «Со- вет тұтатқан жаңа өмірдің ұшқынын сөндіре ала ма олар?.. (жаулар



  • Б.С.). Сөндіре алмаса, тағы да өртенгеніміз бе біздің?. .Жоқ, əкем өртенгенмен, мен өртенбеспін енді!.. Туған жеріме деген мөлдір махаббатымды ешкім енді сөндіре алмас!.. Мен енді оның жаңа ұшқынына қосыла, бірге жалындармын!» (126-бет) – деген сөздері қалтқысыз сендіреді. Бұл – оның саналы өмірінің программасы тəрізді.


Таяуда ауызекі əңгімеде сақа сыншыларымыздың бірі романның соңында кесімді мерзімін өтеп, абақтыдан оралған Бүркіттің Комму- нистік партияға кіруге ойы бар екендігін білдіретін эпизодқа шүбə келтірді. Біздіңше, осының өзімен жазушы үлкен проблема қойып


 


отырған сияқты. Шынында да, Бүркіттің саяси қылмысы жоқ. Ен- деше ағынан жарылып, шын пейілімен келген, тіпті қылмысын, қателігін адал іспен ақтап алуға келген адамды біздің қоғамдық құрылысымыз сырт теппейді деген тұжырым жасайды жазушы.


Бүркіт табиғатының өзінде өжет, турашыл, иілмей, морт сынатын емен сияқты қайсар, соған қоса ақылды адам. Романда оның харак- терін ашатын оқиғалар, эпизодтар жеткілікті. Біз осы роман жөнінде пікір айтқан З. Шашкин мен Қ. Бекхожиннің «Бүркіттің туған ортасы- нан безінгендігін жəне біздің қоғам санасына батыл бой ұрғандығын əсерлі сипаттайтын суреттер тапшы» деген пікіріне қосылғымыз кел- мейді. Төрт жастың өзінде əкесіне бетінен сүйгізбей қашамын деп құмда адасып, кебежеге таңғызбаймын деп түйеден құлаған сəтте-ақ образ болашағының бір қыры ашылатын тəрізді. Ал 8 жаста оның сəби жүрегі дарға асылған Нұржанға ара түссе, Ақмешітте Аралбаев басқаратын «жетім балалар коммунасына» жасырын кіріп алған бай балаларын əшкерелеуде Ғани Мұратбаевқа жəрдемдеседі.


Əкесі қалың бермей келін етіп түсірген жас жетім қыз Шынарды коммунаға орналастыруы, Торғайдағы аштар үшін жиналған малға ортақтасуға барған əкесінің ниетіне қарсылығы, Еркін, Нұрбек, Найзабек, Самалықтарға ниеттес болып, қысылғанда қызыл ота- удан, коммунистерден пана табуы, ұлтшыл нағашысы Жақыпбекпен саяси мəселелер жайында айтысып қала беруі, ақырында Ташкенде алашорда басшыларына сот болғанда, олардың қылмысты істерін əшкерелеп сөз сөйлеуі – міне, осылардың бəрі Бүркітті өскен орта- сынан бірте-бірте алыстатып, мүлде қол үздіреді де, жаңа көшке, жаңа заманға ілесуге жағдай жасайды. Осылардың бəрінен кейін Бүркіттің əлгіндегідей байлам жасауында ешқандай жасандылық жоқ екені көрініп тұр.


Жазушы бұл образдың логикасын əдемі ашқан, даму, жетілу про- цесін шебер дəлелдеген. Бүркіт қазақ əдебиетінде бұрын жасалған кейіпкерлердің ешқайсысын қайталамайтын, жағымды образдар қатарынан өз орнын алатын, өзіндік нəр-нақышымен көрінетін об- раз.


Бəтес көп жағдайда Бүркітті толықтырып отырады. Ол оқушыға алғаш жолыққанда қалада қолдан өсіргендей алаулап, жайнап тұрған гүл емес, күтусіз, қысыла өскен, бірақ хош иісімен жаныңа рахат нұрын себетін қырдың қызыл қырмызысындай шешек атып келе жатқан қарапайым ауыл қызы. Жалын атқан жастық шағында жар таңдап, сүйгені үшін бүкіл ата-ана, ауыл-аймағынан қарғыс естіп, адам көрер ауыртпалықтың бəрін көрсе де қайыспай, махаббат ер-


 


кіндігі үшін алысады. Ескілік атаулы кедергіден аттап өтіп, жаңа за- ман жаққан жарыққа ұмтылады, жаңаша заңнан пана табады. Осы күресте жүріп ол мұратқа енді жеттім бе деген шағында ардан без- ген бір алаяқтың арбауына түсіп, аңдаусызда мерт болады. Абыройы төгіліп, адамгершілік ары қорланған жас қыз, Лермонтов сөзімен айтқанда, сабағынан үзіп алып, иіскеп рахатын көргеннен кейін жол шетіне лақтырып тастаған гүлдей аянышты халде қалады. Ал сол гүлді көтеріп қатарға қосып, көктеуіне мүмкіндік берген, білім берген, өмір жəне өмір болғанда жай ғана тіршілік емес, бақытты өмір берген кім? Тағы да Совет өкіметі, совет елінде қорғансыздар жоқ, мұнда ешкім де панасыз емес дегенді аңғартады автор. Аяныш- ты трагедиялық жайлармен аяқталатын шығарманы оқып біткен- де оқушыда ешқандай күйректік, пессимистік сезім қалмай, опти- мистік сарын сезілетіндігі де осыдан болуға тиіс. Бұл біздің советтік əдебиетімізге ғана тəн қасиеттердің бірі.


Романның эпилогында абақтыдан қайтқан Бүркітті таудағы де- малыс үйлерінің бірінде жаңа моральға сыйымды жарастықпен қарсы алған жұбайларды (Бəтес пен оның күйеуі Ақпан) көресің. Бұлардан туған баланың аты Бақыт қойылуында да символика жа- тыр. Бұл ұрпақ ата-анасы көргенді көруге тиісті емес. «Адасқандар» романында күңгірт қалатын Бəтес тағдыры жана романда осылайша жаңаша шешімін тапқан.


Осы жағдайлардың барлығы бұл шығарманы тек махаббат ту- ралы дастан ғана емес, сонымсн бірге үлкен əлеуметтік роман деп атауға да мүмкіндік береді.


Рас, көпшілік оқиға Бүркіт пен Бəтестің махаббаты, екі жастың сүйіспеншілік драмасы төңірегінде дамып отырады. Жақсы шығармада, əдетте, жарыса жүретін сала-сала оқиғаның ішінде барлығының басын қосатын, қамшының өрім таспаларына өзек болғандай бір оқиға бедерлірек көрінуге тиісті де. Əдебиет тео- риясына сайғанда, лейтмотив дейтініміздің өзі де осы боларға ке- рек. Автордың айтайын деген идеясы да оқушыға сол бедерлі, өзекті оқиға арқылы, сол оқиғаға басты-басты кейіпкерлердің көзқарасы, қатынасы арқылы жетпей ме? Олай болса, сөз болып отырған шығармада да өзекті оқиға – махаббат тақырыбы автордың айтпақ болған əлеуметтік тұжырымдарын жеткізерлік кұрал болып шыққан сияқты. Демек, З. Шашкин мен Қ. Бекхожиннің «Романдағы барлық шиеленістер, шытырман тартыстар екі абзал жанның ма- хаббатын, бостандығын қорғау төңірегінде өрістегендіктен, автор қозғаған əлеуметтік өзгерістер, ауылдағы тап күрестері, еңбекші


 


тап өкілдерінің жаңашыл іс-əрекеттері өзінше бір мақсат ретінде көрнекті суретін таппаған тəрізді», – деген пікірлеріне де қосылуға болмайды.


С. Мұқанов бұл сияқты тəсілді алғаш рет қолданып отырған жоқ. Мысалы, «Сұлушаш» поэмасының басынан аяғына дейін Алтай мен Сұлушаштың трагедиямен аяқталатын махаббаты жырланбай ма? Бірақ автордың айтпақ идеясы ұлтшылдарға қарсы қазақ қоғамында да таптар болғандығын, тап тартысы болғандығын дəлелдеу еді. Олай болса, əлеуметтік мəселені тақырыптың төңірегінен ғана із- демей, сол тақырыптың шешілу процесін іздеп таба білу, көре білу қажет.


Жағымсыз кейіпкерлердің ішінде нанымды жасалған образ – Мүсəпір. Сіз онымен Бүркіттің аулында бала кезінде кездескеннің өзінде-ақ өз еркін өзі билей алмайтын, күлгенге еріп күліп, шытынғанға қарап томсара қалатын жігерсіз, жетесіз, жасық адамның қалпын аңғарасыз. Бұндай адам əрбір күшті натураның ықпалына еріп кете беретіні белгілі. Ал өсе келе оның бұл мінезіне жұлын құрттай жымысқылығы келіп қосылады. Біздің болжауымыз- ша, Мүсəпір, кейбір сыншылардың айтып жүргеніндей, қулығына құрық бойламайтын зұлымның бейнесі емес. Ол жүріп бара жатқан адамның аяғының астына жіп керуден арыға бара алмайтын уақ- түйек бақай қулықтың ғана адамы. Өзің дəл осы үшін құйып қойған сияқты. Ол – толық мəніндегі əрі жасық, əрі пасықтың образы. Образ ретінде əбден мүсінделіп əдемі жасалған осы Мүсəпірді адам ретінде өмірге көшірсең, Бүркіттер жоғалып табылса, сүйіншісіне іркілмей ұстата беруге болады. Ауылдан келген ақпейіл, аңқау қызды алдап, айтпақшы, алдап айласын асырып емес-ау, тəжірибесіз жас қыздың ақжүрек сенгіштігін пайдаланып, мас қызды масқаралағаннан басқа Мүсəпірден аршынды бір қоғамдық ірі істер күтудің өзі артық бо- лар еді. Мұның өзін де ол бір жігіттік намысқойлығынан, баяғыда оқудан қайтып келе жатқанда Бүркіттен таяқ жегенін еске алып, өз тұрғысынан жасаса бір сəрі ғой. Соның өзінде ол Жақыпбек пен Əбеудің үндемей келісіп жасаған, ұшығы тереңде жатқан жоспа- рын жүзеге асырушы қолжаулық қана. Республикалық бір газеттің қызметкері болып жүргенде, «жарықтықтың» тапқан ортасын (қайдағы бір Қарсақ, Күзен, Коришандар) көрсейші. Қолына көтеріп тұрған кетпенмен өзін өлтіруге келген Бүркітті бір салып қалуға жа- рамаудан өткен жасықтық бола ма? Ынжықтық пен пасықтықтың қосындысы ретінде бұдан өткен образды қазақ əдебиетінен іздеп табу қиын сияқты.


 


Романның бір ерекшелігі – оқиға басынан аяғына дейін Бүркіт пен Бəтестің күнделігі ретінде беріледі де, оқушы барлық жайға тек бірінші (баяндауыш) жақтың айтуымен ғана қанып отырады. Осы ерекшелікке байланысты оқиғаға, театр сахнасындағы сияқты, керек- ті жерінде ғана өз кезегімен кіріп, араласып, шығып кетіп жататын көптеген кейіпкерлер бар. Оның бəрін шетінен тізіп, анау қайда, мы- нау қайда деп авторға талап қоюға болмайды. Солардың ішінде екін- ші планда алынған коммунист Еркін мен Нұрбек, өз буына өзі піс- кен Қисық пен шебер жеңгетай Қалиса, маубас Текебай мен пысық Қайрақбай, ептеп ішіп қоятындығымен бір көрінгеннің өзінде күлкі шақыратын Найзабек, жемтік аңдыған күшігендей біреудің құпиясын аңдып күн көруге машықтанған, европалық вымогательдің қазақ са- харасына лайық түрі Жұман, Бəтеске жол серік болған Балқаш пен Жаңыл, Қызыл отау иесі Əсиялар аз көрінгеннің өзінде əрқайсысы өзіне лайық мінез-құлықпен есте қалып қояды. Бұл жарасымды-ақ. Бірақ романда ірілі-уақты көптеген Алашорда басшыларының атта- ры аталады. Бұлар ел ішіндегі байлармен тізе қосқанда самсаған сары қол. Бірақ солардың ішінде оқиғаға тікелей қатынасатын Жақыпбек Дəуітов, Жұнысбек Дауытбаев, Аралбаев сияқтылардың зұлымдық əрекеттерін əлі де қоюлатып, характерлерін аша түсу керек еді деп сын айтқан жолдастарды біз де құптаймыз.


С. Мұқанов – тіліне жұрт қанық болған, стилі əбден қалыптасқан жазушы. «Мөлдір махаббат» романының баяндау, материалды беру тəсілі «Өмір мектебі» романына ұқсайтын болса, ал сөйлемдердің синтаксистік құрылымы, сөз орамдары көбінесе «Сырдарияны» еске түсіреді. Кейбір шұбалаңқы суреттеме сөйлемдер болмаса, жалпы алғанда романның тілі тартымды, көп жағдайда поэзиялық көркемдікке көтеріліп отырады.


Жазушының тілі, стилі арнайы зерттеуді керек ететін үлкен тақы- рып болғандықтан, бұл мақаланың мақсатынан тыс қалдырдық.


Сəбең оқиғаны қызықты, тартымды етіп беруге де, композициялық, архитектоникалық желі құруға да өте шебер жазушы. Бұл ретте Сəбеңе тəн бір қасиет – оқиғаның баяндалу барысында жерге, елге байланысты көптеген ғылыми, этнографиялық маңызы бар аңыз- əңгімелерді қосып отыру екендігін оқушы жұртшылық «Сырдария»,


«Өмір мектебі» романдарынан өте жақсы біледі. Бұл жағдай, сөз жоқ, шығарманың білім берерлік маңызын күшейте түседі. Осын- дай жайлар сөз болып отырған «Мөлдір махаббат» романында да баршылық. Сыр бойының өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесін баяндайтын сəттер, Бəтестің күнделігіне енген бірнеше ертегілер мен


 


ел арасында жүрген аңыз-əңгіме, хикаялар оқушыға көп мағлұмат береді. Бірақ кейде ақиқаттығынан гөрі қауесетке жуық жайлар да ұшырасып қалады. Романның 117-бетінде жұпар Торғай мен Сыр бойында жолаушының алдынан шауып өтіп жүретін Зорман ата- латын тышқанның құйрығынан алынады-мыс деген мағлұмат бар. Егер осы рас болса, жұпар кім көрінгеннің қолында жүрмес пе еді? Жоқ, олай емес, жұпарды жұрттың бəрі айтады, бірақ көрген кісі ша- малы. Өйткені жұпар мүлде басқаша.


Алтай, Тибет тауларының ең биік құздарын мекендейтін, қазір өте сирек кездесетін, үлкендігі ешкінің марқа лағындай ғана киік тақылеттес аң болады. Біздің елдің жергілікті қазақтары оны күдір дейді. Орысшасы – кабарга. Жұпар осы күдірдің текесінің үйірге түскен кездегі үйек терісі. Жұпардың хош иісі текенің тек үйірге түскен кезінде ғана болады. Аңшылар оны дəл осы кезде, онда да текесін ғана (өйткені қызығатын еті, терісі болмайды) аулайды. Ал қолға түскен шикі терінің өзін иісін шығармай өңдеп алу үшін де шеберлік керек болады. Осы жұпар мен бұғының мүйізі ертерек кез- де Алтай қазақтары мен көршілес елдер арасында таптырмайтын аса бағалы сауда товары болған.


XIII ғасырда Тибет тауларын зерттеп қайтқан атақты Венеция саяхатшысы Марко Поло да жұпардың алынуын дəл осылайша су- реттейді. Жазушы С. Бегалин де өзінің Алтай қазақтарының өмірі- нен жазған «Көксегеннің көргендері» атты повесінде осы пікірді растайды.


Оқушыға жағымсыз əсер ететін мына бір үзіндіні өзгеріссіз келтірейік: «...Көзімді жұмып жіберіп суды құныға сіміріп жатқан шағымда, былқылдаған бірдеме ерніме тигендей болғасын, басымды көтеріп қарасам, өліп қалған тышқан!.. Суға құмарлануым сондай, тышқанды саусағыммен іліп ап лақтырып жібердім де, бақырдағы суды қайтадан сіміре бастадым...



  • Апырай, шіміркенбей қалай ішіп жатырсың? – деді Қайрақбай.


Оған жауап қайтармай жұта бердім де, мейірім қанып болғаннан кейін:



  • Шешеңнің сүтін, тышқан түгіл, қабан түссе де емерсің, – дедім Қайрақбайға. – Рас па?

  • Рас! – деді Қайрақбай демін соза алып.

  • Бұл су маған шешемнің сүті сияқтанып кетті» (108-бет).


Бұл – Сыр бойынан туған жері Торғайға алғаш келгенде, мекенін сағынған бала жігіт Бүркіттің құдық басындағы əңгімесі.


Біріншіден, жер басып жүрген адамзатта ана сүтін дүниедегінің


 


бəрінен қасиетті санамайтын пенде жоқ шығар. Екіншіден, Сасықтың үйінде қымыз құйған ыдыстың кірінен жеркеніп, дастарханға құсып қойған Бүркіттің жүрегі бұған қалай дауалады екен? Бұл диалогта жазушы туған жердің, өз топырағының адамға соншалықты қымбат екендігін білдіріп отыр. Шіркін, дəл осы ойды А. С. Грибоедов қандай əсем етіп жеткізіп еді. Оның: «Туған елдің түтіні де тəтті (и дым отечества сладок и приятен) дегені ұрпақтан ұрпаққа мақал боп жетпеді ме?


Көркем əдебиет, эстетика көркемдік сезімді, талғамды тəрбие- леудің құралы ғой. Ендеше ең асыл, ең қасиетті деген ана сүті тышқан түскен сумен қатар қойылса, оқушы одан қандай лəззат алмақ. Сол сияқты Бүркіттің жылан етін жеп, сорпасын ішетін тарауды да алып тастаса, оқиға тұтастығына ешқандай залалы тиейін деп тұрған жоқ сияқты. Айтулы шығармада осындай тым анайы дүниелердің болмағаны абзал.


Біз роман туралы «Қазақ əдебиеті» газетінің бетінде пікір айтқан Т. Əлімқұловтың Асылбеков деген дұшпанның партиялық билетті үлестіріп жүргендігі үйлеспейді деген пікіріне қосыламыз. Бірақ біз романға осы оқиғаның кіруіне қарсы емеспіз. Өйткені бұл да белгілі бір дəуірде тарихи болған жəне көркем шығармада сол бір кезеңнің сипатын суреттеуге септігі тиетін оқиға. Тек сол Асылбековтен ком- мунистік билет алып қалған Əбеу мен Қайрақбай оны бірде болмаса бірде өз мақсаттарына пайдалануы керек емес пе? Ал олай болмаған жағдайда бұл эпизодты енгізбесе де болатын сияқты.


Бір мақалада айтулы шығармаларымыздың қатарын толықтырған бұл сияқты кесек туындыға барлық жағынан түгел, жан-жақты тал- дау жасап шығу мүмкін емес жəне біз мұндай мақсат көздегеніміз де жоқ.


Романға жазған алғысөзінде автор «көркем шығарма – жанды дене сияқты, оның бір жеріне жасалған түзету, өн бойын қамтиды» деген пікір білдіреді. Дəл айтылған сөз. Бір ғана шынашаққа шыққан кішкентай жара адамның тұла бойын қыздырып, бүкіл дененің тем- пературасын көтеретіні сияқты, көркем шығармада да ішінара кез- десетін кемшіліктер, оның жалпы сом құйылған ұлы денесіне аз да болса кеселін тигізеді. Сондықтан да біз романға пікір айту үстіне өзіміз қызыға-қызыға оқып шыққан, əлде де сан қайтара оқитын кі- табымызды мінсіз күйде көрсек деген ниетімізді де қоса білдіруді жөн көрдік.


1960.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу