01.03.2022
  941


Автор: Оспан Әлсейіт

ЖЕЗДЕ

Ол кісінің азан шақырып қойған аты – Ережеп болатын. Ес білгеннен бастап үйлкеніміз де, кішіміз де «Ережеп ата»



  • дейтінбіз. Тұратын жері – Түркістан қаласы болатын.


«Шын атамыз болса, неге біздің үйде тұрмайды» – деп бас қатырып жатпайтынбыз. Атамыз барына ризамыз. Ол кісі бізді өте жақсы көреді, біз де ол кісіні жақсы көреміз. Келмесе, сүйтеміз, сағынамыз. Одан басқа не керек?!


Ережеп атамыздың бізге, яғни әкеме жезде боп келетінін сәл есейген соң білдік. Әкемнің үлкен әпкесіне үйленген, демек, біздің ауылға күйеу болып келеді екен. Жезде екенін білсек те, түк те өкінбедік. Әкемізге ағасындай, бізге атамыздай болып кеткен.


Шоқша сақалды, қызыл шырайлы, көздерінен мейірім нұры төгілген, аңқылдаған кісі еді, басында фуражка, үстінде китель, аяғында былғары етік. Үсті-


 


басы мұнтаздай таза, жүрісі ширақ. Ертелі-кеш аузынан


«айнал-лайын», «құл-лыным» деген сөздер түспейді, не деген мейірбан адам!


Біз өзіміз бір үйде үйемелі-сүйемелі бес-алты баламыз. Әкеміз күні бойы жұмыста, анамыздың шаруасы басынан асады. Қаншама жақсы көрсе де, біздерді айналып- толғануға шамалары жете бермейтін. Баланы кім жақсы көрсе, бала соны жақсы көреді емес пе?! Ережеп атамыз қайта-қайта бетімізден, маңдайымыздан сүйіп айналып- толғанып құшағына алып еркелетеді.


Ол кісі біздің ауылға жазға салым қауын піскен мезгілде келіп, жиырма-жиырма бес күн қона жатып кететін. Біз де оған үйренгенбіз. Қауын піссе болды, жолға қарайлаймыз:


«Ережеп ата қашан келеді екен» деп.


Келгенде ол кісі жай келе ме? Үйге бүкіл Түркістанның базарын көшіріп әкеледі. Кепкен өрік, мейіз, жаңғақ, кәмпит дейсің бе, есебі жоқ зат. Әй, бір қарқ боламыз да қаламыз. Кішігірім той ғой. Әкем мен шешем: «Жезде-ау, несіне әкелдіңіз мұның бәрін?» – деп күйіп-піседі. Оған құлақ асатын Ережеп атам ба? Жанында кемпірі мен немересі. Әпкеміз ертерек қайтыс болып кеткен көрінеді. Содан ол кісі соғыстан қайтпай қалған ағасының жесіріне, яңни жеңгесіне үйленген. Ол кісіні әже дейміз. Жүзінен шуақ төгілген мейірімді жан.


Қайтыс болып кеткен әпкеміздің аты – Наркүл. Ережеп атамыз әкемізді «Наркүлімнен қалған көз» – деп туған інісіндей керемет жақсы көреді. Бір келгенде жиналмалы жұмсақ жаймасы бар жарқыраған кереует алып келді.



  • «Ереке-ау, несіне әурелендіңіз», – деп әкем ренжісе:


«Менің пенсиям обком хатшысының айлығымен бірдей, өзімізге жетіп артылады», – дейді күліп. Десе дегендей еді. Ол кісі отыз жылдан астам уақыт теміржолда қызмет жасаған. Паравоз машинисі болған. Тылдан майдан шебіне қару-жарақ, азық-түлік тиелген эшелондарды жеткізіп


 


отырған. Алған наградаларында, орден, медальдарында қисап жоқ. Кителінің екі өңірінде бос орын жоқ десе де болғандай. Ережеп атам өте мейірімді кісі еді. Балаға ұрысып, жекігенді білмейтін, балажан болатын. Бала емеспіз бе, жарқыраған орден, медальдарды көргенде естен танып қала жаздаймыз ғой. Ұстап сипап көреміз, атамыз ұрыспайды. Тізесін басып отырып әңгімесін тыңдаймыз. Үлкендер ұят болады, кетіндер деп қуса да кетпейміз ол кісінің қасынан. Соғыс туралы, бомба, оқ астында қалған сәттері туралы әңгіме айтса ұйып тыңдаймыз. Ондай кезде пойызда бар жылдамдықпен айдау керек екен, әйтпесе тоқтап тұрған пойыз жау ұшақтарына оңай олжа болады екен. «Пайғамбар да күйеу баласын сыйлапты» дегендей ауылдағы туыстар үйме-үй кезектесіп мал сойып, ол кісіні қонақ етеді. Қай үй шақырса да Ережеп атамыздан бір елі қалмай шұбырып ереміз де жүреміз. Қайтуына бір-екі күн қалғанда құлағына сыбырлап:



  • Ата, маған бір медалыңызды беріп кетіңізші, жоғалтпай сақтап жүремін, – дедім. Ол кісі жүзіме күлімдеп:

  • Жарайды берейін, – деді. Қуанғаннан төбем көкке бір елі жетпей қалды. Ережеп атам жолға жинала бастағаннан менен маза кете бастады. Бір медалын маған беретін болған, тек ұмытып кетпесе екен деймін. Тіпті шыдамай кетіп әкемнің көзінше:

  • Ата, медаль берем деп едіңіз ғой, бермейсіз бе? – дедім батылданып.

  • Орден, медаль ойыншық па екен, бермеңіз, – деп әкем кесіп тастады. Мен жылап жібердім де, далаға атып шықтым. Атам байқап қалған болуы керек, сәлден кейін тысқа шығып мені оңаша шақырып алды. Қолыма қол орамалға оралған қатты бірдеңе ұстата қойды. Мен бірден түсіне кеттім. Ашып қалсам – медаль. Қуанғаным соншалық, атамды құшақтай алдым да:


 



  • Ата, жоғалтпаймын. Келесі жылы қауын піскенде келесіз ғой. Сол кезде қайтарып беремін, – деп уәде бердім. Ол кісі күлімсіреп басымнан сипады да үндемеді. Сол сәтте бүкіл ауылда менен бақытты бала жоқ еді. Атама дән риза болдым.


Арада күз өтті, одан кейін қыс өтті. Қайтадан көктем келді. Тайлы-тұяғымызбен жабылып қауын егетін жерді күрекпен аударып шықтық. Одан соң тырма салдық, мала салдық. «Ережеп атамыз биыл келеді ме?» – дейміз сөз арасында.



  • Әрине, келеді, қауынды неғұрлым тезірек пісірсек соғұрлым ерте келеді, – дейді әкем бізді қызықтырып.

  • Сондықтан қауынды жақсылап күтіп баптайық.


Әуелі арық, атыз алдық. Сонан соң жердің беті қыза бастаған кезде қауын егуге кірістік. Арақашықтығын үш қарыстай етіп алып, топырақтан ұя қазып, бес- алты шопақтан тастадық. Содан қауын қашан қылтиып шыққанша тосамыз сарылып. Шықса қатты қуанамыз. Арам шөп те шығады жарысып. Әкем: «Арам шөп жердің өз баласы, ал қауын өгей баласы», – дейді. – Оны күтіп қарамасаң өсе береді.


Шыққан қауын әуелі құлақтанады. Одан жапырақтары төртқұлақтанады. Осының бәрі – біз үшін үлкен қуаныш. Одан соң шыққан қауынды жегенелейміз, яғни екі талын ғана қалдырып қалғандарын жұлып тастаймыз. Өйтпесе, бәрі жайқала өскенмен жарытып түйнек байламайды. Бір суғарғаннан кейін топырақта нәр қалмайды. Сондықтан да оны екі атыздың ортасында жатқан жаңа топырақпен алмастыру қажет. Бұл оңай жұмыс емес, бәрі кетпенмен істеледі. Сонан соң, қауын әбден   шөлдеген   кезде тағы су жіберіледі. Осындай жолмен қауын екінші, үшінші шабақтан өтеді. Әр шабылған сайын қуынның жапырақтары жайқала түседі де, гүлдеп түйней бастайды. Сөйтіп алпыс күннен асып жетпіс күнге жақындағанда


 


қауын пісе бастайды. Көрші-қолаң «Қауындарын қалай тез піседі?» – десіп жатады.


«Шабықтан өткермесе қауын болама. Суғарғаннан басқа ештеңе білмейсіңдер» деп әкем оларды сөгеді. Бізге қауынның піскеннен гөрі Ережеп атамыздың тезірек келгені керек. Қауынның түрлері көп. «Әміркен» қауын американдық сорт. Оны біз «әшә қызыл қауын» дейміз. Жарсаң, іші қызыл, қызғылт сары. Баспалды қауынның сырты жолақ-жолақ, қабығы жұп-жұқа езіліп тұрады, кәрі кісілердің жегеніне жақсы.


Әсеті қауын «осетин» дегеннен шыққан дейді, сап- сары алтын түстес. Піскені түбінен өз-өзінен үзіліп кетеді. Қырықпа қауын күзде кеш піседі. Құрғақ сабынның ортасына салып қойса, қыс ортасына дейін сақталады. Қауыннан қауынқұрт, қауынқақ жасалады. Ызаның қауыны күзде піседі. Ыза дегеніміз өзеннің екі арнасы. Көктемде өзен тасығанда су сол ескі арнаға шығып кетеді. Сай-саладан аққан су да сол жерге жиналады. Су қайтқанда топырақ араның түбіне шөгеді. Ылғал ұзақ сақталады. Арық, атыз алмай-ақ қауынды еге саласың. Суғармайсың, шаппайсың. Ал, қауыны бал татиды, тіпті аузыңды ойып та жібереді, тәттілігі соншалық. Әбден піскенде ет сыймай қақ айырылып кетеді. Тоғайдағы шибөрі мен түлкі де жеп көруден кет әрі емес. Әкем диқаншылықтың қыр-сырын жақсы біледі. Біз де жанынан қалмай шамамыз келгенше қолғабыс жасаймыз.


Биылғы қауын жақсы болды. Алды пісе бастады. Ережеп атамыз келетін қара жолға көз тігіп елеңдей бастаймыз. Бір апта күттік, екі апта күттік. Жоқ. Кешікті, келмеді. Әкем: – Ауырып жүр деп еді. Мүмкін бәлнісаға жатып қалған болар, – дейді. «Ата-ау, өрік, мейіз, кәмпит керек емес. Тек өзіңіз келсеңіз болғаны. Өзіміз баптап өсірген қауыннан дім татсаңыз ғой, шіркін», – деп жылы сөзін, мақтауын естігенше асықпыз.


 


Бір күні ағайын-туыстар аяқ астынан жиылып, автобус жалдап Түркістанға жүретін болды. «Ережеп ата қатты қысылып жатыр екен» – деген хабар жетіпті. Мен жылап жібердім. Жүгіріп барып қауындықтың басына бардым да, үлкен қауын әкеліп, әкеме бердім. «Атама беріңіз, дәм татса мүмкін жазылып кетер», – деймін. Екі кұн өткен соң ағайын-туыстар қайтып келді. Әкемнің жүзі пәс,қабағы салыңқы. Ережеп атам қайтыс болыпты. Сарайдың артына тасалау жерге барып, әбден жылап алдым. Қайран, Ережеп атам! Ол кісіні өледі деп кім ойлапты. Үш ұйықтасам түсіме кірген нәрсе. Жылда қауын піскен мезгілде ауылдың желке тұсынан өтетін үлкен қара жолға еріксіз қарайлаймын. Атам келіп қалатын сияқты болады да тұрады. Әй, бірақ келмейді-ау. Өзі сыйлаған медаль, қолда қалған жалғыз ғана ыстық белгі.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу