01.03.2022
  209


Автор: Оспан Әлсейіт

САПАРБЕК АТАНЫҢ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ

Сапарбек ата – бізбен көрші тұратын Ерлан деген баланың атасы. Ол кісі қалаға анда-санда келіп-кетіп тұрады. Әр келген сайын аулада тұратын балалар ол кісіні ортаға алып әңгімесін тыңдаймыз. Сапарбек ата керемет әңгімешіл кісі. Әңгіме айтқанда құдды бір сол оқиғалардың ортасында жұргендей сезінесін өзіңді.



  • Ата, сіз де біз сияқты бала болдыңыз ба осы? – дейміз біреуіміз.

  • Е-е-ей, қарақтарым-ай. Осы шал күйімде аспаннан түсе қалды деймісіңдер мені. Мен де өздерің сияқты бала болғам. Бірақ бізде балалық шақ болды ма. Қу соғыс әкемізді де, балалық шағымызды да жалмап кетті ғой, – деп күрсініп қойып Сапарбек ата әңгімесін бастап кетті. Әкем бес ағайынды еді. Әкем мен төрт ағам соғыстан оралмады. Бір ағамыз аман келіп еді. Соғыстан алған жарақатының әсерінен көп ұзамай қайтыс болды. Соғыс басталған да бес-алты жастағы бала едім. Кішкентай болсақ та, сонау батыста басталған алапат дауылдың легін сезгендей болдық. Ер-азаматтар соғысқа аттанып жатты. Ауылда жұмыс істейтін адам қалмады. Олардың орнын қарттар, әйелдер, балалар басты. Көктемде егін егу, шөп орудан қол босаса мектепке де барамыз. Суық бөлмеде киіммен отырамыз. Жағатын отын қайдан болсын. Кітап бірлі-жарым. Дәптеріміз газет беті. Табылмаса ол да жоқ. Соған қарамастан жақсы оқуға тырысамыз. Жаман оқысақ соғыста жүрген кісілеріміз ренжитіндей. Бірінші кластың соңына таман мені мектептен шығарып жіберді. Бір


 


күні мектепке келсем, маған мұғалім: «Үйіңе қайта бер, сен енді оқымайсың!» – деді. «Неге?», – деп едім, «Оны білудің қажеті жоқ», – деді. Содан шығып шешеме келдім. Шешем бәрін айтып түсіндірді. Менің үлкен атам би болған кісі екен. Ол кезде би, болыс, бай дегендердің үрім- бұтақтарын оқуға алмайтын. Болмайды дегенге қарамай мектепке күнде келемін. Кейде жалынып-жалбарынып отырып алам. Мұғалім – шал кісі еді, көңілімді қимай, кейде, сабаққа кіргізеді. Бір күні былғары күрте киген біреу келіп:



  • Мынаны неге оқытып жатырсың? – деп мені көрсетіп мұғалімге дүрсе қоя берді. – Жоқ, әлде сен Сталиннің, коммунистік партияның шешіміне қарсысың ба? Мұғалімнің түрі бұзылып сала берді. Мен ертеңіне сабаққа келуді мүлдем қойдым. Сол кезде атамның би болғанына қатты өкіндім. Ызам келіп биік жардан секіріп өлсем бе деп ойладым. Бірақ шешемді аядым. Содан жұмысқа кірісіп кеттім. Атшы да болдым, өгізге арба жегіп те айдадым. Жұмысқа алданып бәрін ұмытқандай болдым. Бір күні ауылда кеңеске шақыртып жатыр дегенді естідік. Шешемнің үрейі ұшып кетті. Келсем, сол былғары күрте киген отыр түксиіп. Сәлем алмастан қабағын шытып.

  • Сен ФЗО-ға барасың, – деді.


ФЗО-ның не екенін мен қайдан білейін. «Е-е, ФЗО деген соғыс болып жатқан жер шығар, мүмкін әкемді көріп қалармын» – деген оймен:



  • Барамын, барамын, – дедім қуанып. Былғары күрте киген: «мынаның есі дұрыс па? Жұрттың баласы бармаймын деп қиғылық салып жатқанда, – деді кекете күліп. Соңынан білдім. ФЗО деген фабрика, заводта жұмысқа дайындап оқыту екен. Барамын дегеніме қатты өкіндім. Амал қанша, шешем жылап-сықтап жүріп, мені жолға дайындады. Мойныма алақандай тұмар тағып берді. Содан ауылдан бес-алты ұл-қызды машинаға


 


мінгізіп алып кетті. Машинаға бірінші рет мінгеміз ғой. Алғашында қорқып едік, кейін етіміз үйренді. Екі езуіміз құлағымызда. Ауылдан алыстап бара жатқанымыз ойымызға кіріп-шықпайды. Бес-алты сағат жүріп, бір жерге келіп тоқтадық. Үлкен төбенің асты үңгір сияқты қазылған екен. Үңгірден шыққан адамдардың касы-көзі, кірпігі, кап-кара. Біз таңданып қалдық.



  • Бұлар шахтерлер. Жердің астынан көмір қазады, – деді бізге біреу түсіндіріп.


Бір жігіт менен жөн сұрады. Маған:



  • Жұмыс бөлгенде ат айдаушы боламын деп сұра, –деп сыбырлады. Оған ішім жылып қалды. Бәріміз бір бөлмеге кірдік. Ескі киімдерімізді шешіп алып,отқа тастады. Су жаңа киімдер берді. Сабын ұстатып, моншаға кіргізді. Моншаны бұрын көрген емеспін. Шыққан соң, асханаға апарып тамақ берді. Үстел үсті самсап тұр. Содан төсекке жаттық. Таң бозара бере «Подъем!» – деген шаңқ еткен дауыстан оянып кеттім. Көзімді уқалап, жүре киініп, асханаға беттей беріп ем:

  • Сен не, жуынбайсың ба? – деп біреу білегімнен ұстай алды. Таңғы асты ішіп болған соң жанағы біреудің бригадир екенін білдім. Кімнің қай жұмысқа қабілеті бар екенін сұрастырып жаттық.


Ал, мен:



  • Атқа міне аламын. Ауылда өгіз арба айдадым, – дедім.

  • Аттан қорықпайсың ба?

  • Жоға, қорықпаймын.


«Шахтада ат не істеуші еді, тағы да барып кел, шауып кел боламын ғой деп ойладым. Сөйтсем, нағыз жұмысты аттар атқарады екен. Аттарды көріп аң-таң қалдым, құдды бір ертегідегі Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары сияқты алғашқы да жақындауға қорықтым, сөйтсем нағыз жүк тартатын жылқылар екен. Ресей жақтан әкелінген. Бригадир: – Сен олардан қорықпа, өте


 


ақылды. Барып-қайтуды, бұрылысты өздері біледі. Сен тек жетектеп отырсаң болды. Жемін, суын беріп күтімге аласың, – деді. Түскі ас болған кезде қоңырау соғылады. Аттар да іле тоқтайды, мен оларды босатып алып, арнайы жемдерді суға шылап, араластырып беремін. Бір-екі күннен кейін үйреніп кеттім. Бір ай өтер-өтпестен жұмысымызға ақша бере бастады. Бізге жатқан, ішкен-жегенімізден не артылады деп ойлағам. Бізді де шақырады. Бір жерге келіп терлеп-тепшіп памилемізді әрең жаздық. Маған бір бума ақша берді. Осының бәрі маған ба дегендей шошынып кеттім. Өмірімде мұндай ақша ұстап көрмегенмін. Жүрегім дүрсілдеп кетті. Келдім де шапанымның астарын тіліп, арасына ақшаны салып, қайтадан тігіп тастадым. Екі-үш айда әжептеуір ақша жиналып қалды. Әйтсе де қарын тоқ болғанмен, ауылдан шығып көрмеген басымыз, туған үйімізді сағына бастадық. Алғашында жұмысымыз, жатар орнымыз, ішер тамағымызға дейін қызық сияқты көрінген. Дегенмен, туған жеріңе, туған ауылыңа ештеңе жетпейді екен. Соны түсінгендей болдық. Сағынышымыз ұлғая түскендей жиналып әңгіме айтамыз. Ауылды айтқан сайын, онсыз да шыдамымыз таусылып жүрген біздер


«Ал, қайтыңдар!» десе, құс болып ұша жөнелердей күйде едік. Бірақ біздерді кім жібере қойсын.


–.. Жібермесе, қашып кетейік, – деп шештік. Үш- төрт күн бойы берген тамақты жеместен дорбаға салып жинай бердік. Таң ата ерте жолға шықтық. Ешкім ештеңе сезбейді. Бәрі ұйқыда.


Жолды жөнді білмейміз де. Әйтеуір жобалап жүріп келеміз, жүріп келеміз. Жететін түріміз жоқ. Ымырт түсіп, күн қараңғылана бастады. Тауда түн суық болады емес пе, тоңазып, жаурай бастадық. Шақпақ алғанымыз қандай жақсы болған. Отын жинап от бастық. Бұл жерлерде аю да, қасқыр да бар деп естігенбіз. Қорықанымыздан отты айнала отырып алдық. Содан таң атқанша міз бақпастан


 


отырдық. Күн көтеріле бере алдымыздағы кең жазықтан тігулі тұрған киіз үйді көрдік. Қойшылардың қосы сияқты. Төңіректе сиыр, қойы жайылып жүр. Қарнымыз аш, шегіміз шұрылдап барады. Әуелі біріміз барып мән- жайды біліп келмек болдық. Имене басып киіз үйге жақындап келдім де:



  • Ассалаумағалейкүм! – деп ішке ендім. Алдымда қарт кісі отырғанын байқадым. Ой құшағында отырған болуы керек. мені алғашында байқамады. Мен жөткірініп қалдым. Ол кісі аң-таң күйімен:


– Қайдан жүрген баласың, бұл төңіректегіге ұқсамайсың ғой, – деді.



  • Иә, мен Қызылтаңнанмын. ФЗО-да оқып жүрмін. Әрі шахтада жұмыс істеймін, – дедім күмілжіп.

  • ФЗО-да оқитын болсаң, айдалада неғып қаңғып жүрсің, әлде қашып кеттіңдер ме? – деді жүзін суытып.


Мен үндемей қалдым лажсыздан.



  • Сен әуелі тамақ ішіп ал, сонан соң сөйлесеміз, – деді. Мен тамақты не ішерімді, не ішпесімді білмей дағдарып қалдым. Аналар аш отырғанда маған қалай тамақ батсың.

  • Неге тамақ алмайсың? Әлде тоқпысың. Мен шынымды айттым:

  • Жалғыз емеспін, қасымда екі бала бар, – дедім.

  • Қайда оларың?

  • Анау қырқаның астында.

  • Енді неге отырсың, шақырмайсың ба? Бар ертіп кел,



  • деді.


Мен орнымнан атып тұрып, жүгіре жөнелдім. Ет жеп, айран ішіп әл жиған соң ол кісі:



  • Ауылды сағынғандарың дұрыс. Бірақ қасқырға жем бола жаздапсыңдар. Қызылтас алыс емес. Жаяуға бір-екі сағаттық жер. Мен сендерге жолды түсіндіремін, – деді. Дорбамызға жолда жейтін оны-мұны салып берді.


Сонымен күн бата ауылға да жеттік. Шешем сырттағы


 


ошаққа от жағып жатыр екен.



  • Апа-ау, – деп кемсеңдеп жылап жібердім де, құшақтай алдым.

  • Құлыным-ау, қайдан жүрсің? Оқуыңды бітіріп келдің бе? – деп ол кісі де жылап қоя берді.


Апам екеуміз шайды ішіп бола берген кезде қуғыншылар да кіріп келді.


Апам әлі ештеңе білмейтін. Қуғыншыларды көргенде зәре құты қалмады. Қашып келгенімді естіп, жерден алып, жерге салды. Іздеп келген кісілер ұрысқан жоқ. Қайта бізді аман-есен тапқандарына қуанды.



  • Біз сендер үшін басымызбен жауап береміз. Онсызда жақын арада каникулға жібергелі жатқан едік, – деді мосқалдау бір кісі. Шешеме шапанымды тастап кеттім. Абайлап сөк, ішінде ақша бар, – дедім қоштасып жатып.


Шешем байғұс көз жасын сығып қала берді. Бізді қайта алып кетті. Барған соң ФЗО директоры бізбен әңгімелесті. Татар кісі екен. Қазақшаға судай. Ұрыспай-ақ, жаймен сөйлесті. Бізді қатты ұялтты. Екі-үш күннен кейін жанағы кісі мені шақырып алып:



  • Маған бала боласың ба? – деді күлімсіреп. Жылы жүзді кісі болған соң ба:


–. Болсам болайын, – дедім шын көңілімнен. Ол кісі күліп жіберді де:



  • Біздің шынымен баламыз жоқ. Әрі үйге қарайлайтын адам керек. Мен де, апайың да күні бойы жұмыстамыз. Біреулер телефон соққанда жауап бересің. Әрі ФЗО-дағы оқуыңды да оқи бересің, – деді. «Әйелі бар болса неге баласы жоқ, еркек пен әйел үйленген соң неге баласы болмайды», – деп ойладым. Балалық қой, кейіннен білдім әлдеқандай себептермен балалы бола алмай жүр екен.


Содан директордың әрі «баласы», әрі қызметшісі болып шыға келдім. Ертемен тұрып алып, ауланы тап- таза ғып сыпырып қоямын. Онан кейін апай жазып берген


 


тізіммен базардан, дүкеннен керекті нәрселерді сатып алып келемін. Күнделікті, ай сайын ақша беріп тұрады. Тамақты осы үйден ішемін. Тағы да шапанға ақша жинай бастадым.


Бәрі жақсы-ау, бірақ шешем есіме түсе береді. Жалғыз басты ғой. Оның үстіне күз түсе бастады. Отын жиып алды ма, әлде алмады ма деп қоям. Қиналып жүргені есіме түсіп кетсе, көзімнен жас та шығып кетеді. Ұнжұрғам түскенін байқаған болу керек:



  • Сен не, ауырып қалған жоқпысың? – деді директор аға. Мен ол кісіні директор аға, ал әйелін Мәриям апай дейтінмін.

  • Күн суытып кетті. Шешемнің отыны жоқ еді. Өзінің әлі келмейді, – дедім жыларман болып.

  • Сол ма уайымың. Бір-екі күннен кейін отынды машинамен өзің апарып келесің, – деді ол кісі жымиып. Мен қуанып кетіп:

  • Шын ба? – дедім өз құлағыма өзім сенбей.


Содан ертеңіне жолға жиналдық. Мариям апай бір сөмкеге апама арнап неше түрлі кәмпит, шай, көйлектік мата салды.


Көмір мен ағашты жүк машинасына тиедік те, Мариям апай екеуміз директор ағаның қызмет машинасына мініп, жолға шықтық. Ауылға жеткенше шыдамым таусылып, дегбірім қалмады. Іңір болмай жеттік-ау әйтеуір. Екі машина біздің үйдің алдына келіп тоқтай қалғанда ел- жұрт лезде жиналып қалды. Шешем байғұстың есі шығып кетті. Үйге не кірерін, не шығарын білмейді. Ол кезде біздің ауылда көмір болмайтын. Бәрі көмірді ұстап көріп аң-таң қалды. Пешке салып едік, пеш дұрыс болмағандықтан ба от жанбады. Ертеңіне Мариям апай екеуміз қайтатын болдық. Менің қайтқым келмейді. «Пеш жөндейтін кісіні қасыңа қосып жіберем, өзің бірге келіп кетесің», – дегенде мәз болып қалдым.


 


«Қайта келесің» дегеніне шешем де қуанып қалды. Шешеме директор аға, Мариям апай туралы айттым.


«Иманды кісілер екен, жақсылықтары құдайдан қайтсын. Айтам ғой жер беті жақсы адамдардан кенде емес» деп ол кісі одан сайын риза боп қалды.


Мариям апай қайтар кезде шешем қатты састы: – Қап, ұят болды-ау, келінді қалай құр қол жеберем, – деп. Ақырында төрдегі сандығын ашып:



  • Әжеңнен қалған көз еді, – деп алтын білезікті алып шығып, Мариям апайға ұсынды. Ондай салтты біле бермейтін болуы керек, әуелі шошып кетті. «Орамал тон болмайды, жол болады, алмасаңыз ренжимін», – деп шешем қоярда-қоймай алғызды.

  • Менің жалғызыма бас-көз боп жүр екенсің, өмір жасың ұзақ болсын, – деп батасын да берді.

  • Әгәрда бұзықтық жасап, тыңдамаса сабап алсаңыз да рұқсат.

  • О, не дегеніңіз, балаңыз жақсы бала. Тыңдырымды, ұқыпты, – деп жатыр Мариям апай.


Бір аптадан кейін, Мариям апай айтқандай пеш жөндейтін кісіні алып келіп пешті жөндеттік. От жағып едік, үй іші жылып қоя берді. Пеш үстіндегі шәугім түні бойы сақылдап қайнаумен болды. шешем біресе жылайды, біресе күледі.



  • Апа, осы кісілермен бірге үлкен қалаға барып, оқу оқысам қайтеді, – деп ақылдасып ем.

  • Жо-жоқ, атай көрме. Маған сенің көз алдымда жүргенің керек, – деп бой бермеді.


Бара салысымен директор аға бірер айдан кейін үлкен қызметке ауысты. Маған: «Барсаң жүр, бірге ала кетейін, оқу оқисың», – деді.


Мен бар ризашылығымды айтып, шешемнің ойын білдірдім.



  • Мейлі, өзің біл, – деп ол кісі мені аса қинамады.


 


Ертеңіне бар сәлем-сауқатымен директор аға мен Мариям апай мені машиналарымен ауылға шығарып салды.


Одан бері қаншама жаз, қыс, көктем, күз өтті. Шешем өле-өлгенше сол кісілерді аузынан тастамай кетті...


Біз құдды бір ертегі тыңдап отырғандаймыз. Сапарбек атаның сөздеріне не сенерімізді, не сенбесімізді білмейміз.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу