Өлеңдер ✍️

  28.02.2022
  149


Автор: Елена Әбдіхалықова

Тайым қалды

Орынбай аға мен Айтқазыға
Төгілген Тарбағатай нуыменен
бала еді жүрген аңыз, қуып өлең.
Қалдырып кіндік кескен туған жерді
Көшпек пе шекара асып, шыныменен?!
Бабасы жандар еді есімі құт.
Тау - әке қату қабақ, кесімі нық.
Арғанаты тауының аржағынан
соғады самал болып есіп үміт.
Қыр еді қоныс еткен бабалары,
Ақ тілеу ақ жаулықты аналары,
Соларға мәңгі бесік болған белдерқалқалап екі көзін қарағаны.
Туған жер, бесігі – күн, құрсағы ырыс –
мәңгілік сарғайтатын бір сағыныш.
“Көшеміз” деген сөздер айтылғалы,
Басталды тірлігінде кіл сабылыс.
Белгісіз не болары. Алды жылым,
Уайым көп жүргінде әрбірінің,
Қытайдың заңы қатал үкіметі
сыпырып алып қалмақ мал – мүлігін.
Алса, алсын! Тағдыр солай қиды несіп.
Күтуде туған жердей игі бесік.
Жандарын жеткізсе аман, пейілді тек
тастауға мал-мүлкіне үйді қосып.
Туғанда сол баласы жаны нұрлы,
Берсем деп жұрттан асқан тәлім, үлгі.
Жүретін жалбарынып, дұға қылып:
“Жаратқан, аман ет, деп, жарығымды”.
Қуанып баласының қылығына,
Жақсылық тілеуші еді құлынына,
Жүрсін деп өскен кезде өзі мініп,
құлыншақ атап еді ырымына.
Сол бала құлыншақпен қатар өсіп,
Қуантты, “көке” десіп, “апа” десіп.
Оңай ма өзге жерде сұлтан болу,
Тұрмаса туған жердің шапағы есіп!?
Тай болды құлыншағы баласының,
Ұғам деп дала сырын - баба сырын
жалынан тартып мініп, шат күлудің
көрген соң өзі де мәз жарасымын.
Жағаңмен жатпаса да жау ырғасып,
бөтен жер, басқа халық.
Ауыл қашық
екені есінен бір шыққан емес,
Қалса да қанша жерден бауыр басып.
Елді ойлап, уайым-қайғы еселенді.
Айтады көп ұзамай қош өлеңді,
Шешілсе шекараның шаруасы
Бір күнде елге қарай көшеді енді....
Көшеді.
Жинап жатыр құжаттарын,
Босардай түскен бірде тұзаққа Күн.
“Тайымды ала кетем” дейді ұлы,
жүректе сезетіндей сызат барын.
Болмапты көшу жайлы бекер үміт.
Бір күні өре көшті көтеріліп,
Құлдырап кең қойнауы қалуда, әне
бұлдырап туып-өскен мекені – құт.
Тау, орман, тамылжыған төбе-көрік,
Қимай жұрт, көздеріне береді ерік,
Сезе ме иесінің келмейтінін,
Соңынан тайы қалмай келеді еріп.
Өткізген балғын күнін, бал қылығын
өлкені қимайды – ойы барлығының.
Өз заңы шекараның – келгендердің
алып қап жатыр жиған бар мүлігін.
Бұл жұмыс қалай болар?
Уайым бар-ды.
Соңында таныс бейне ауыл қалды.
Баласы шырқырайды жан ұшырып,
“Көкежан, анау жұртта тайым қалды!”
Балаға керек пе енді басқа жағыәкенің биік жолға бастағаны.
Айрылып иесінен исі сіңген
тайдың да мөлтілдейді қос жанары.
Сақшы көп шекарада, сыр аңдайды,
Өмірде асқан емес мұнан қайғы,
тілгілеп әке жанын одан сайын
боздайды жас баласы, жұбанбайды.
Жатқан жоқ болған істі жас ұғынып,
(мойынға жүрген кез ол асық іліп),
шырқырап шыбын жаны әкесінің
келеді екі бетін жасы жуып.
Болса да тағдырының тайқы жыры,
әкеге бәрінен де артық ұлы.
Ойлайды: “атамекен аман болса,
жүрер деп, тұлпар мініп, тай түгілі”...
...Тектім-ай, топырағын тіреу көрген
тілекпен талай жоғы түгенделген.
... Жас бала жұртқа сыйлы болды азамат
бүгінде бірден артық, біреуден кем.
Өмірдің сейілсе де сан сайраны,
жүргендей жетімсіреп жан саумалы,
ес кіріп ер жетсе де, тайын сол бір
елжіреп ет-жүрегі аңсайды әлі.
Жанымды алыстатар қайғы-мұңнан
Адалдық күтем, елім, айбыныңнан.
Тілеймін: ұлтым енді мәңгілікке
ажырап қалмаса деп тай-құлыннан.
2007 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу