Өлеңдер ✍️
Беркімбай қалпеге шағыну
Мен Сізді көргенім жоқ.
Көп естідім.
Көк деген естілерге егес-ті Күн.
Аруақ, құран жайлы жақ ашқызбас
Үкімет қызыл жаға Кеңес тұғын.
Көтеріп жүрегіңмен Һақтың жолын,
Алаштан сый дәметіп, ат мінбедің.
Аластап ел-жұртыңнан жын-періні,
Шоқ көсеп уысыңмен, от та үрледің.
Жұрт Сізді қадір тұтып, пір көретін,
Еміңіз сырқағанға нұр беретін,
Алыстан әулие іздеп сабылмай – ақ,
Сенетін сүйеніші – іргеде- тін.
Тимепті ешбір жанға залалыңыз,
Жұрт үшін құрбан бопты бағалыңыз,
Таба алмай Сіздей жанды бүгінгі күн
Кеудеме күңіреніп толады күз.
Қайда сол аруағың!
Асыл аға!
Жоқтасам, күйінішім басыла ма!?
Запыран – тағдырымның тәлкегімен
Зиярат етпеппін-ау басыңа да!
Алдымнан қаумалайтын шұрқырасып,
Азайды жақсыларым, жұрты жасып,
Құны арзан адалдықтың, құлашы кем,
кеудемді күрсіністің бұлты басып....
Жеп бітті мендегі арман, жалын-нұрды,
Қажытқан уақыт сыны халім мұңды -
Болмаса биліктінің бағыты нық
Бураға біткен айлық арын құрлы.
Тебеді кеудесінен көсемінің,
(Көсемді тепсе бүгін, өседі кім?)
Жаңалық атаулыңыз жаныңа қас,
Салмақсыз аға сөзі, есер інің.
Солдырып соның бәрі тірлік гүлін,
Шырылдап шарқ ұрады шындық бүгін.
Төгілген көздің жасы мөлдірейді,
Тапталып табанында бір мықтының.
Қалпе аға,
Сәулесіз саналарды, нәр сіңбеген,
дем салып, емде-дағы тамшыңменен,
Ездердің арқасынан, тіріліп кеп,
алсаңшы осып-осып қамшыңменен!
Сарықтым сезімді де іркіп, құртып,
Шықпадым топты жарып жұлқып-бұлқып.
Жандарды жебегейсіз жаны күйген,
Ал-дағы мені де бір сілкіп-сілкіп!
Оза алмай ар - иманым тоқ бәйгеден,
өкінтіп, көкірегімді оттай жеген
әулекі тіршіліктен сая таппай,
Әулием, сені әйтеуір жоқтай берем!?
2007 жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter