Өлеңдер ✍️
* * *
Қилы-қилы замандарда сыналған,
Қиын күннің қасіретінен мұң алған,
Көрем оны белгісіндей бақыттың –
Көкірегімде күлімдеме бір арман.
Жалғыз арман – мұңым да сол, тілегім!
Соған ғана жетсем деумен жүремін!
Мойным тосып тұрар едім жолында,
Буындырар болса мені бір өлім!
Бір-ақ арман – үлкен арман, басты арман!
Тәй-тәй басқан қадамдардан басталған –
Менің елім, менің жерім кең байтақ
айнымаса ашық түсті аспаннан.
Жүрер едім жырға қосып, ән қылып,
Бала күлсе бесігімде сан қылық,
Менің далам жусан исі бұрқырап,
жусап жатса төбе, қыры мәңгілік.
Қыздай сұлу көктем болса таңдарым,
Ұлым сүйіп өссе далам заңдарын.
Мен жанымды құрбандыққа берем де,
“Бар ма!?”- десе, “жоқ” дер едім, “арманым”.
Басқа менде арман болмас бүгінде,
Тұрса болды көгімде Күн күлімдеп!
Соқса самал қыл қобыздың сазымен,
Сөйленсе сөз менің ана тілімде!
Мұны бәлкім, түсінбес те сырт атты ел,
Шықпасам да жұрттан асып шырқап бел,
Тым құрыса, менің мынау далама
Мен сияқты армандайтын ұрпақ бер!
2007 жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter