Өлеңдер ✍️

  28.02.2022
  159


Автор: Елена Әбдіхалықова

Тәлім

Тағдырың тастаса лақтырып,
Бақыттан, байлықтан жыраққа,
Кезікпей кететін сәттілік –
сені іздеу пендеге мұрат па?!
Сол үшін түсерсің сынаққа!
Өтеді күндерің, түндерің,
Сәттілік!
Кездесу!
Жымию -
бұйырмай бақыты,
Күндегің -
тағдырға басыңды мың ию....
Көңілге күдікпен құм үйю.
Ақылың, айлаңмен кем болса,
Сәттілік кезіксе, танымай,
Есіріп жүрерсің,
Елге онша
сүйкімсіз сыйқыңмен сан ұдай.
Сосын кеп жыларсың: “Сорым-ай,
маңдайды ашпады Ием” деп,
өлшерсің бағыңды тарыдай,
сорыңды қарыстап, сүйемдеп.
Сен сонда, түңілме, бауырым,
Сәттілік аяқтың астында –
Еңбектің ете алсаң ауырын,
Еліңе боларсың бас тұлға!
Арсыздық жайлаған кеудесін
жандардан қашық жүр қашанда!
Шындыққа көр қазып жерлесін,
Тартынба ол жолдан, бас алма!
Осы жол бермес те толымды еш
байлығын, тоқшылық-тоятан.
Жылпостың сонда да жолын кес,
Мейлі ол болса да Хан, Әкім!
Жақса да жамандық күйесін,
Татсаң да у дәмін кермектің,
Сәттілік өзі іздер иесін –
Ел үшін етілген еңбектің!
Өмірдің мәнісі тек осы –
Сәттілік өзі кеп қол қысса!
Ажалдың тисе де жебесі,
Бұл сөзді есіңде мәңгі ұста!
2007 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу