Өлеңдер ✍️
* * *
Осы мен кімнің ырысын ұрлап жүр екем?
Жүрегімнен сөз жарқырап шықса – мұң екен:
Қарайды маған қайғылы көзбен барлығы,
өлгендей болып тірі әкем.
Осы мен кімнің ырзығын жеппін,
Айтыңдар!?
Аталса атым, әдеті несі – салқындар!?
Ібіліс жайлап алған ба жұрттың жүйкесін?
Азабын онда тартыңдар!
Осы мен кімнің
атасын сөгіп, тілдеппін!?
Арыз да жазып, арзандап мына дүрмектің
дүрбелеңінде ырду да дырду дау қуып,
далбасалап та жүрмеппін.
Көргенде мені жиырылардай жыланша,
Қу емес едім жүретін көпке ылаң сап....
Айтпай-ақ бәрін түсінетұғын тегі – асыл
жандарды жаным жүр аңсап...
Мейлі ғой маған:
Тілдесе-дағы күндесім!
Төбемнен анау күн көзі шығып, күлмесін.
Мені жұрт, сірә, талантсыз десін, құр десін.
Жазамын жырды, айтамын әнді өзім боп,
өмірдің сырын, қайғының уын білгесін.
Жанымды жеумен, сезіммен өмір сүргесін.
Білмесін мейлі,
ешқашан жұртым білмесін!
2007 жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter