Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  139


Автор: Абдрахман Асылбек

Жазушылар одағы

Қасиетті шаңырақ –
Жазушылар одағы.
Жыр алауын жағып ап,
Бастайын бір оданы.
Одақ десем,
Ойыма
Ортақ отау үй түсер.
Қуат құйып бойыма,
Керемет бір күй түсер.
Сенде бірден нұрланам,
Сенде шуақ, алтын күн.
Мен өзіңнен тыңдағам
Жақұт жырын халқымның.
Ұрпақтарға бүгінгі
Мақтанышпен қарай қап,
Төріңде тұр ілулі
Махамбет пен Абайлар.
Домбырасын өңгеріп,
Жүз жасаған Жамбыл да,
Жас буынға дем беріп,
Жетелейді даңғылға.
Сәбит, Сұлтанмахмұт,
Саттар менен Қасымдар –
Жыр тоғанын ағытып,
Жанып өткен жасындар.
Жырларымен қымбатты
Ілияс пен Бәкең жүр.
Сұлу мұртты, сымбатты
Ортасында Сәкен жүр.
Тарлан ақын Тайыр да
Ұқсай қалған қыранға.
Күлімдейді Сайын да,
Қолтығында «Күләнда».
Қара сөздің құдайы –
Кең маңдайлы Мұқаң жүр.
Өтінеді ұдайы,
Жазбаңдар деп жұтаң жыр.
Сәбең де жүр,
Жастарға
Ақыл айтып, жол сілтеп.
Махаббатың бастаудай
Мөлдір, таза болсын деп.
Төлеужан мен Төлеген
Мінезімен аңқылдақ
Оқиды кеп өр өлең,
Жиын сайын жарқылдап.
Мұқағали арысым
Тап кешегі қалпында.
Жаңғыртып бір зал ішін,
Жыр оқиды нар тұлға.
Жиырмасыншы ғасырдың
Ақыны ғой алып тым.
Жарқылындай жасынның
Қалды есінде халықтың.
Иә, солай, Одағым,
Тарландарың талған жоқ.
Ішінде жыр-доданың
Өлгендерде арман жоқ.
Түріп Одақ түндігін,
Танытып шын тірлігін,
Жалғастырып жыр жібін,
Тірілер де жүр бүгін.
Қасиетті Одағым –
Сүйенішім, тірегім.
Мен де ішіне доданың
Кимелей кеп кіремін.
Алтын Ордам сая-бақ,
Түлер талай түлегің.
Ақындарды аялап,
Жайната бер жыр елін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу