27.02.2022
  219


Автор: Пернебай Дүйсенбин

CӘЛИМА ӘЖЕЙ

Университеттiң соңғы курсын бiтiрер жылдың алдында пәтер iздеуiме тура келдi. Үш жыл тұрған жатақхананың шуынан қашып, оңаша жайды, тыныштықты қаладым. Әрi диплом жұмысына алған тақырыбым мол iзденiс, көп еңбектi қалайтын-ды.


Ұзақты күнге көше кезiп жүргенiмде жерлес жiгiттiң бiрi жолығып қалды. Жайымды бiлген ол Пушкин кiтапханасының ескi үйiнiң түбiнде тұратын қазақ кемпiрдiң адресiн бердi.


Кеше ғана өз жолдасының ол үйден бiржола шығып, Талдықорғанға жұмысқа кеткенiн айтты.


Мен қатты қуандым. Әрi кiтапханаға, әрi орталыққа жақын. Төртiншi трамвайға отырдым да, сол жерлесiм айтқан үйге тарттым.


Сыры семген көк шарбақтың есiгiн ашып, iшке ендiм. Ескi сарайдың iргесiндегi орындықта отырған қартаң, арықша әйелге көзiм түстi. Сырт әлпетi жасының жетпiстерге жетеғабыл екендiгiн аңғартқандай. Иегiнiң астынан орай тартылған көнелеу ормалының астынан ереуiлдей шығып тұрған күмiс шашы мен ақ құба өңiн аяусыз орғылаған әжiм iзi менiң әлгiндей кесiмдi ойымның кепiлi болардай. Пәс жанарының қатпарланған айналасы көкшiлтiм тартып, қарт көркiндегi көңiлсiздiктi одан әрi ұлғайта түсiп тұр.


Менiмен сылбыр амандасты. Сөйлеуi де сылбыр. Мен бұйымтайымды айттым. Алғашқы көрген жан ғой деп, жай-жапсарымды, жөнiмдi қазбалап сұрап жатпады.



  • Iмм... Дұрыс онда. Одан әрi тiс жарып үндеген жоқ. Жартылай жер қабырғалы үйге апарар ағаш баспалдақпен ақырын басып, есiкке беттедi. Yйге жүр – деп мезiрет те етпедi. Дегенмен де дидарының дұрыстығын арқа тұтып, артынан iлесе басып, iшке кiрдiм.

Көлемi тар да емес, бәлендей кең де емес, шағын қос терезелi, сенегi бар қоңырқай жалғыз бөлмелi үй екен. Ортада дөңгелек шай үстел. Соның қос қанатын ала орналасқан бiрi үлкен, бiрi көнетоздау шағын кереуеттiң бастары терезе кенеремен түйiсе тұрыпты. Отыр деп айтпаса да, аяғымды шешiп, жоғары шықтым. Шағын кереуеттiң астынан кiшкене ғана қобдиша момақан бiр пiшiнде қылаң ұрып көрiнiп тұр екен.


Әлгi кiсi әлi тiл қатқан жоқ. Көк құманды сыртқа алып шығып кеттi де, әудем шақтан соң iшке ендi. Қаракеугiмдене бастаған бөлмеге көз тоқтатып шақ тұрды да:



  • Қалқам, шам жағын жiбершi, тегi, күздiң де жеткенi-ау, ә, кеш ерте түсетiн болды, – деп иегiмен менiң қабырға тұсымды нұсқады. Тұрып шам жақтым.
  • Әп, бәрекелде! Көзiң ашылсын, – деп ризашылық еттi де, терезе алдында тұрған қоңыраулы сағатқа тақап барып, сүзiле қарап тұрды. Одан соң кереует басынан қаттап бүктеген мол шаршыны алып, алдына жайды да, намазға кiрiстi. Үнсiз отырып, ұзақ оқыды. Мен жалығып кеттiм. Көңiл аулаған

 


болып, жан-жағыма барлай қарап отырмын. Көзiме терезе алдында жатқан жұқалтаң көк кiтапша iлiндi. Алып қарадым. Есiмi белгiлi жас ақынның балаларға арнаған өлеңдер жинағы екен. Iшкi бетiнде «Қадiрмендi әже!» деп бастаған жылы сезiмдi арнау сөз жазылыпты. «Туысы шығар», – деген тоқтамға келген мен кiтапшаны әрi қарай аударыстырып, бояулы суреттерiн қызықтап қарап отырдым. Әлгi кiсi жайнамазын жия, орнынан көтерiле берiп, үн қатты.



  • Әлгi осында келiп жүрген баланың бергенi. Аты кiм едi өзiнiң… Есiмде қалмапты-ау, ә, – деп қабағын шытып, ойына түсiре алмай жатты. Мен атын айттым.
  • Е, со бала! – дедi қуанғандай. – өзi бiр қызық бала едi аңқылдап тұрған.

«Менiң шығарған кiтабым», – деп әкелiп берiптi сол қолыңдағыны. Осында бiр Қабыш деген бала жатқан, соған келiп жүретiн. өзi бiр жақсы бала едi, – деп жылы жымиып қойды.


Әлден соң ауыз үйге ақырын басып, шығып кеттi де, шай әкелдi.



  • Ал, шырағым, берi тақалып отыр, – дедi одан соң.

Шайды үнсiз ұрттап анда-санда маған қарап қояды. Мен де ол кiсi көз ала бере кесе үстiнен көзiмдi барлай саламын. Аздап қозғалақтап, жөткiрiнiп те алдым. Арамызда орнаған үнсiздiк үнiн өшiрер күштi қармайтындай халдемiн. Әйтеуiр айтылуға тиiс әңгiмемiздiң түйiнiнiң шиiн шешудi сол кiсiнiң өзiнен тағатсыздана күткен жайым бар. Бiрақ әжей үндер емес. Көптен соң барып тiл қатты.



  • Атың кiм едi, шырағым?
  • Пернебек.
  • Пернебек?! – Естiп көрмеген есiмiндей таңдана айтты. Аз ойланып қалды. Тап бiр менiң есiмiмнен бойымдағы бар қадiр-қасиетiмнiң бүге- шiгесiн бiлетiн көрiпкел балгер iспеттi.
  • Әке-шешең бар ма?
  • Бар.
  • Қарт па?!
  • Иә. Әкем жетпiс төртте, шешем алпыста, – деп тақ еткiздiм.
  • Iмм… Әкеңнiң өзi маған iнi болады екен онда.
  • Сонда қаншадасыз?

Сәлима шешей менiң сұрағыма жымиып күлiп қойды.



  • Менiң тұңғышымның өзi биыл алпысқа шығады екен. Он жетiмде көргем.

Кесе түбiндегi суыған шайды сарқа iштi де, кесесiн құманның шүмегiне тоса берiп:



  • Кешегi сүргелеңде әкесiмен екеуi Қытайға өткен байларға қолды болып кеттi. Әкесi сол кәмпескелеуге қатысып жүретiн. Осы Нарынқолға барар жолдың шетiнен тауып алдық. Екеуiн де, – деп сөз аяғын тез жиды да, маған қарап:
  • Ал, шырағым, осында келем десең кел, егер тартынбасаң, – дедi. Ертеңiне мен Сәлима шешейдiң үйiне келiп орналастым.

 


Күндер бiр қалыпты өтiп жатты. Әжеймен тез үйренiсiп кеттiм. Қолым қалт еткенде колонкадан суын әкелiп берiп, ол-пұл шаруаларына еткен көмегiме ол кiсi дән риза. Осында менен бұрын тұрған Қабыш деген жiгiттi сырттай сөгiп те алады:



  • Түкке ебi жоқ бiреу-тiн, әйтеуiр. Қайта әлгi кiтап шығарғыш бала анда- санда келгенде елпiлдеп: «Ананы үйте салайын ба, бүйте салайын ба», – деп тұратын. өзi бiр жақсы бала едi. Түнеугунi көктемде қағаз ба, хат па, бiрдеңе жiберiптi, «Мейрамыңызбен құттықтаймын» деп. Қарашы, өзiнiң ұмытпай жүргенiн.

Осы күндердiң iшiнде өткен-кеткен өмiрден әңгiме қозғап, менi көп жайға қанық етiп үлгерген. Ынта қоя тыңдап, қызық жерiн тәптiштей сұрағанымды ұната ма, iш тартып, жылы сөйлеп, айтқан жайын ыждағатпен,ерекше баппен баяндайды. Бiрде:



  • Әлгi осында сенен бұрын жатқан бiреуге кейде iшiң пысып, ол-пұл айтқың келсе, аза бойы қаза тұратын. Жақтырмағандай, «қойыңызшы» дейтiнiн қайтерсiң тағы да өзiнiң, – деп көңiл түкпiрiнде жатқан жеңiл өкпесiнiң шетiн де шығарып қойды.

Бұл күндерi әжей әңгiмесiнiң астарынан мен оның жеке тағдырының кей беттерiнен азды-кем сыр татқандай болып жүрдiм.


Әжем бiрде қызығы мол бiр оқиғаны тамсана, бөлекшек бiр ықыласпен маған күле отырып баяндап та берген. Бұл сәттегi оның пәс жанарына ойнап шыға келген жанды ұшқын мен әжiмдi ажарындағы әрлiлiк маған соншама әсем, сұлу көрiнiп едi.


…Жаңадан келiн боп түскен шағы екен. Бiрде ауыл сыртынан бiр топ келiншектермен бие сауып оралып келе жатады. Алдарынан кезiккен даңғойлау Ахметше деген бозбала жiгiт оларға маза бермей қояды. Сонда оңтайына келген Ахметшенi Сәлима орайын тауып, аш белден қапсыра құшақтап алады да, тiк көтерiп, аласа жарқабақтан үйiрiм суға атып жiбередi.



  • Содан былай менi көрсе: «Сәке, Сәке», – деп ыржақтап, айналсоқтап өтiп жүретiн болды, – деп басын шайқай күлген қалпы: – Шiркiн, жастық-ай десеңшi, не iстеткiзбеушi едi, – деп күлкiсiн тез жиып, мұңшыл арманға енiп кеткендей күйде қалды. Мен күле түсiп:
  • Әже, өзiңiз нағыз палуан болған екенсiз ғой, – дедiм.
  • Ей, палуан болмасақ та ерге бергiсiз жұмыстар iстейтiн ек қой, ол күнде. Кеше ұрыс алдында егiн орағында менiмен ауылда тайталасатын адам санаулы-ақ болатын. Езуiнде үйiрiлген тәттi күлкi ескi күндердiң шуағы мен шапағына шомылған күлкiге ұқсады.

Ол кiсi сәл ойланып отырды да, әңгiмесiн жалғап:



  • Сондағы бастығымыз ақсақ Досай марқұм талай рет ауылдағы мен құралпы еркектердi мазақ етiп: «Сендерге шабынып не керек-ей, сонша…

«Аяз би, әлiңдi бiл, құмырсқа, жолыңды бiл» деген. Бәрiң жабылып, жалғыз Сәлиманың орғанын ора алмай жатырсыңдар», – деп қатты қажайтын, марқұм. өзi бiр жақсы адам едi, ақ көңiл едi. Ал осы күнгi қыздар не? Iлiнiп тұрған бiрдеңе. Әлгi Қабыш осында бiр қызды ертiп келiп жүретiн. Аты кiм


 


едi өзiнiң, Сайра ма едi? Сәл ойланып қалды. – Әншейiн сыңсып тұрған бiрдеңе. Көзiне әйнек iлген. өзiне тiптi келмейдi де, түрiн сұңқитып жiбередi.


Ал бiз болсақ, аттың құлағында ойнайтын ек қыз күнiмiзде. Керек болса менiң атамның қарындасы Зұлхия деген барымташылардың екi жiгiтiн аттан түсiрген екен, – дедi көтерiңкi үнмен, мақтанышын еш iрiкпестен.


Даусы әдеттегiден бөлекше, әрi ширақ.


Мен де қарап қалғаным жоқ. Қызбалығым ұстап, қарсы дауға көштiм.


Мәншүк пен Әлияны, ұшқыш әйел Хиуазды алға тарттым.



  • Әлгi аспанға ұшқанды айтасың ба?
  • Иә! – дедiм нықтап.
  • Е, оны мен де көрдiм ғой, әлгi мына жоғарыдағы үйдiң көрсететiн немесiнен. Аты немене едi өзiнiң?
  • Телевизор ма?
  • Иә, иә! – дедi қуанғандай. Сөйттi де дауысын бәсеңдете сөйлеп, көзiн қулана күлiмсiретiп:
  • Е, өйтiп шандып байлап қойса мен де ұшармын, – дедi. Мен қарқ-қарқ күлдiм.

Бiр күнi әжем базардан көңiлсiз оралды. өңi тым жүдеу. Онсыз да пәс жанары солғын тартып, шүңiректене түсiптi. Келгелi тiс жарып, ләм-мим деген жоқ. Менiң жүзiме тура қараудан тайсақтайтындай, бетiн бұрып әкете бередi.


Кейде: «Буыным сырқырады, басымның сақинасы ұстады», – деп жатып қалатыны бар-ды. Бұл жұмбақты халге түсiне алмай мен дал. Әлден соң әжем маған ақырын бұрылып:



  • Сабағыңа бармаушы ма ең бүгiн? – дедi.

Менiң жаутаңдап қарай берген жайымды ұғынды ғой деймiн, сездiрмеймiн деп бiр түрлi жұмсақ дауыстаса да, үнiнен көңiлсiздiктiң көлеңкесi көлбей бергендей. Мен:



  • Әже, ауырып жүрсiз бе? – деп сұрап едiм, ол:
  • Жоқ, әншейiн, қалқам, – деп күлген болды. Қиналып күлдi. Көрпе арасына қолын сұғып жатып:
  • Орамалыңды сонша кiрлетiп ұстайтының не, қалқам-ау, тастай салмай, маған берсең жууға шамам келедi ғой, – деп қатталған таза бет орамал алып берiп жатты. Маған қамқоршы аяу көзiмен қарады. Басымнан аяғыма дейiн жүгiрте қарап шығып, солғын үнмен:
  • Басыңды байқа, қалқам, бүгiн  қара суық болып тұр ғой, өзi,  – дедi.

Қобалжулы ма, үнi бiр түрлi дiрiлдi естiлдi.


Ештеңеге түсiне алмай, бейжай күйде сыртқа шықтым. Аспан қара сұр бұлтпен тұтасып, тұйық тұр екен.


Шыңылтыр суық құлақты шымшиды.


Көше де көңiлсiз. Жұрттың көбi жылы киiнiп алыпты.


Ұйтқып өткен өкпек жел ағаш басындағы алақандай зерлi жапырақтарды алысқа қаңғытып әкетедi. Кейбiрi ағаш тасасында айналсоқтап үйiрiлiп, кешегi кешкi жаңбырдан әлi дегдiмеген қара жон тротуардың үстiне шыр айналып кеп, кимелесе қонысып жатыр.


 


Кенет көшенiң оң қанатындағы хабар-жарнамалар iлетiн тақтаға көзiм түсiп кеттi. Тақта бетi сан түрлi қызылды-жасылды хабарлама, шақыруларға толы екен.


Көзiме аққу құстың бейнесi жылы ұшырап сала бердi. «Қыз Жiбек». Бүгiн кешке болмақшы. Не iстесем екен? Сәлима әжей есiме оралды…


Әжем екеумiз театрда қатар отырмыз. Жолда келе жатып әжем: «Роза да өлең айта ма?» – деп сұраған. «Қай Роза?» – деген қарсы сұрағыма әжем кейiгендей кiнәмшiл үнмен: «Қай Роза болушы едi, әлгi «Сәулемайды» айтатын ше? – дедi. Әжемнiң кiмдi ойына алып келе жатқаның ендi ұғынған мен күлiп:



  • Ол Роза мұнда айтпайды ғой, әже-ау, – дегенiмде, әжем бiр түрлi көңiлi толмағандай томсарып қалған.

Қазiр де сол қалпы. Сахна күйлетiп ашылып, ойын көңiлдi басталса да, қалпынан тайған жоқ. Тегi жаны қалаған әншiсiнiң жоқтығына көңiлi толмайтын сияқты. Тек Шегенiң шырқата салған әнi тұсында ғана еңсесiн сәл көтерiп, сергек отырды.


Әжем үзiлiсте артистердiң өзiне ұнағандарын түстеп мақтап отырды.



  • өздерi аз сөйлейдi ғой, тегi, өстiп айқайлап айта бере ме? – деп қойды. Әжемнiң бұл наразылығына артымызда отырған жымысқы жүздi қара жiгiт мырс етiп күлдi де, алға еңкейе берiп:
  • Қалай, шеше, ұнай ма? – дедi. Әжем:
  • Әйбәт екен, балам, – деп оның сөзiн құптай берiп, iле сөйлеп: – Баяғыда көрген бiр ойында бұлай айқайлап айтпаушы едi, – дедi. Жаңағы жiгiт екi езуi екi құлағына жете, ыржия күлiп:
  • Шеше-ау, бұл опера ғой, – дедi. Әжем жұлып алғандай:
  • Отарба дейдi! – дедi таңдана. Әлгi жiгiт булыға барып, бар денесiмен селкiлдей, шиқылдап күлiп жiбердi. Бөгде жанның бұл қылығына әжем шамданып қалды бiеiм, жүзiн суық ұстап, назарын жабық сахнаға артқан күйi үнсiз отырып қалды.

Ойын жүрiп жатты. Қарағайдай қалпақ қиiп, қањар атып шыққан аса таяқты Базарбайды көргенде:



  • Мынауың кiм өзi, қызылқұрықтатып тұрған, – дегенi. Мен булығып күле жаздап, өзiмдi әзер тоқтаттым. Әжемнiң меселiн жыққым келмей:
  • Төлегеннiң әкесi ғой Базарбай деген, – дедiм. Әжем бiр түрлi менсiнбегендей:
  • Е, соның ба едi, өзi лоқылдап неғып тұр? – деп маған қарады. Мен үндемей отыра бердiм.

Бiр уақытта әжем қозғалақтап, қыжым бешпентiнiң жан қалтасының аузын қолымен қармап жатты. Арық саусақтары дiр-дiр етiп, байыз табар емес. Жүзiне көз салсам, бетiн жас жуып кетiптi. Көз кенерiне iркiлген мол тамшы сахна жарығына шағылысып, аз дiр еттi де, көз асты әжiмiнiң сайымен төмен суси жөнелдi. Қолы әлi қалта аузын таба алмай жүр. Сонда да көзiн зарлы ана құшағынан ажырап, алыс сапарға аттанып бара жатқан Төлегеннен алар емес…


 


Түн ортасында шошып ояндым. Жүрегiм ойнап, төбеме шықты. Есiмдi жия алмай, есеңгiреп қалдым.


Түнде түскен қардан бөлекше бiр кеугiм сәулеге енген бөлме бұрышында ақ киiнген тiрi аруақ сынды әлдене маған қарай ентелей түсiп, қос қолын жайып, еңiрей жылап тұр. Дудырай шудаланып, алдын ала тұтас жапқан бозаң шашы соншама суық, соншама сұсты. Арса қолдың арық саусақтары менiң көзiме тiптен ұзарып самсаған сансыз найзадай көрiнедi. Тек аз толғаса, көкiрегiме қадалап, құлатып түсiрердей.


Не өңiм, не түсiм екенiн бiлмеймiн. Шектен тыс шошынғандығым сонша, тас қабырға ырқыма көнсе, қақ жарып, құтылуға дайынмын.


Кенет әлгi қорқынышты тұлға ащы дауыспен:



  • Жарығым-ау, жаным-ау, – деп зарлап қоя бергенде ес жиған мен, төсектен қарғып тұрып, кереует кенерiнде алға ұмсына барып, құлауға шақ қалған Сәлима әжейдi құшақтай алдым.
  • Әже, әже! Не болды? Әже! Әже деймiн! Осы мезет аз толас тапқандай болды.

Айылымды тез жиған мен шамды жағып жiбердiм. Ол кiсi ендi ғана ес жиғандай көзiн ашып алып, құшағымнан сытылып шыға бердi. Көзiнде жас iркiлiп тұрыпты. Кереметтей таңданулы. Маған шошына қарап тұрды да, сенделгендей болып, бетiн қос қолдап басқан күйi кереует үстiне сылқ етiп отырып қалды…


Мен шамды сөндiрдiм. Құлағыма көпке дейiн өксiк үнi келiп жатты. Әдеттегiсiнше әжем таңертеңгiлiк ерте оянса да, орнынан тұрған жоқ.


өңi тым жадау, жабығулы. Төбеге тесiле қараған күйi сұлық жатты. Биылдыққа түскен тұңғыш қарға да елең етiп, зер салған жоқ. Еш қазасыз оқитын таңғы намазын да ұмытқандай.


Үстелге шай жасағанда ғана орнынан қозғалуға ыңғай еттi. Жүгiрiп барып, қолтығынан демеп, тұруына көмек еттiм.



  • Құдай көсегеңдi көгертсiн, қарғам! – деп күбiр еттi де, қүрсiндi. Ауыр күрсiнiс, азапты күрсiнiс. Бiрақ осының бәрi мен үшiн жұмбақ, беймәлiм.
  • Соғыс басталысымен осы мына КазПИ-де оқып жүрген жерiнен әскерге әкеткен едi. Қарашаның қара суығына дейiн хат үзiлген жоқ едi, содан соң пышақ кескендей сап тыйылды. Кейiн ұрыс аяғы басылған соң қағаз жiбертiп, сұрастырмаған жерiм қалмады. Не өлiде жоқ, не тiрiде жоқ, – деген сараң сөзiнен аңғарғаным, әкесiмен бiрге оққа ұшқан үлкен ұлымен тетелес Ермек атты екiншi баласы болғанын ұғынғам-ды. Тереңдей сұрап, сыр тартқанымда:
  • Е, шырағым-ай, соны сұрап кайтесiң, бұл құдай сорлы қыламын десе сыбағасын аяп қалмайды ғой, – деп ауыр күрсiнiп, iштей тынған.

Сәлима әжей шайды сараң ұрттап отырды.


Бiр уақытта ол өзi жататын кiшкене кереует астынан алғашқы күнi менiң назарымды белгiсiз себептен аударған сарғыш түстi қобдишаны тартып алды. Бет өрнегi көнерiп, ескiлеу тарта бастаған екен. Дегенмен де ұсынақты зерлi қолдан шыққандығы сырт пiшiнiнен айқын сезiлгендей. Шап-шағын әрi әсем жасалыпты. Оймышты қақпағында саусақ ұшы жиi тигендiгiн


 


аңғартқандай таңбаның ақ табы бар екен. Iшiнен сарғыш тарта бастаған ақ қағазға оралған әлдене түйiншектi алдына алып, аузын шеше бастады.


Алдыма бұрыштары бүгiлiп, кей жерлерi жырымдалған бiр топ үшкiл хаттарды ысырып қойды. Көзiме күңгiрт тартып, күйi кете бастаған хат сыртындағы «Можайск» деген жазу отай басылды.


Әжемнiң арса саусақ ұшы алдыма күлiп түскен қою қасты толық келген шырайлы жiгiт бейнесiн жылжытып қойды. Екi иығына екi кiсi мiнгендей еңгезердей қалпы бар. Сержант формасында түсiптi.



  • Кеше Наушаны көрдiм. Жаңылмасам, тап соның өзi. Сол қара торы күйi, сәл толық тартқаны болмаса. Бiрақ ол сорлы менi ендi қайдан танысын.

Сәлима әжей мен үшiн есiмi бейтаныс жанның кiм екенiн аңғартқысы келдi ме, аздан соң жанарын кесе түбiндегi қадалған шамбыға қадай сөйлеп:



  • Бiрақ кездескенде не деймiн?.. Ол не дейдi?.. Ермектiң шешесiмiн ғой десем ше?.. Бiрақ ол менi қайтедi. өз алдына от жағып, отау құрып кеткен жан емес пе?

Сәлима әжей бiраз үнсiз отырды да, сөзiн әрi жалғады.



  • Анау жылы осында бiр кезiктiрдiм. Қолында жас баласы бар екен. Қасында күйеуi ме бiлмеймiн, қолы шолақ қағiлез бiреу жүр. Ол Наушаны автобусқа демеп мiнгiзiп жатты. «Науша!» – деп айқайлай ұмтылғанымша, автобус жүрiп кеттi. Естiген жоқ қой ол сорлы, әйтпесе бұрылар едi де… Осы iшiм жидiп, көз алдым бұлыңғыр тартып, арық жағасына отырып қалдым. Қайтсiн ендi ол сорлыда не жазық бар? Тiрi адам тiрлiгiн қылады да. Мүмкiн, кiм бiледi…

Сәлима әжейдiң кесесiнiң түбiндегi шамбы кенет шайқалақтап теңселе бердi де, сол бүйiрге қарай сұлай салды. Ол өзгеше бiр жiтi қимылмен суыған шайды есiкке қарай шашып жiбердi.



  • Ермек фронтқа жүрерiнде, вокзалда тұрып айналшақтап қарай берген едi. Мына сорлы басым, сонда түктi де ұқпапты ғой. Бiлсемшi… Науша менен ұялып сырттап… Ендi қайтсiн, қыз болған соң сол да, не Ермек ұялып айтуға батпайды. Әй, сорлы басым-ай «Ермек!» – деп жан ұшыра айқайлаған дауыс шаққанда барып, бiр-ақ көргем жоқ па? Сөйтсем, Науша жылжыған поезбен қатарласа жүгiрiп барады екен. Тал шыбықтай қара торы, әдемiше қыз екенiн аңғарып қана үлгердiм. Көзiм жасқа толып, не боп кеткенiмдi бiлмеймiн. Үнiм де шықпай сапырылысқан жұрттың арасында сенделiп қалдым. Буыным дiрiлдеп, өзiме-өзiм ие бола алмай, сүрiнiп құладым. «Қош, апатай, қош!» – деген дауыстың артын iле-шала шыққан: «Науша, хат жазып тұр. Жарай ма?» – деген үнi ызы-қиқы шудың арасынан талықсып әзер жеттi.

Сәлима әжей күрсiнiп барып, сәл толас алды да, қайта тiл қатты:



  • Ой, өзi де тым момын едi. Талай рет ұрсып та едiм: «Жасық болма», – деп.

Сәлден кейiн Сәлима әжей қозғалақтап, жөткiрiнiп алып:



  • Қарағым-ай, қайдағыны айтып, көңiлiңдi бұздым ба? Бұл кәрiнiң тiрлiгi құрғыр осы ғой. Айта берсең әңгiме таусыла ма, – деп кiнәлай сөйлеп, маған қарап жылы езу тартты. Сөйттi де:

 



  • Қалқам, мына суреттi үлкейтiп, рәмкiлеп iлетiн қылшы! Қашаннан берi жәшiк түбiнде жатып құритын болды, – дедi маған суреттi ұсына берiп. – Әлгi молдалар ғой үй қабырғасына сурет iлуге болмайды деп. Олардың айтқан қай тыйымын орындай бересiң. Кемерiмнен шыққан ұлымның өзiн көрмесем де, суретiн көрiп отырайын. Оның жанарына ұялаған тамшы жас сурет бетiне тамып түстi.

Менiң тұла бойым шымырлап сала бердi.


Радиодан Роза Бағыланованың ашық-жарқын ерке үнi естiлдi. Осы мезет оның әжiмi мол көзiнiң айналасы бөлекше ажарға енiп, шапақтанып сала бердi.


Мен радионың үнiн көтерiп қойдым.


1968 жыл.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу