Өлеңдер ✍️

БҰЛТ
Жаз күні
неткен тымырсық,
Атырап
күйді күн ысып.
Таңдайлар
тілге жабысып,
Маңдайлар
кетер тырысып,
Жер мен көк
қалған ұрысып.
Ұмыт боп
салқын азанғы,
Күн алар
әбден мазаңды.
Ыстық жел
үрлеп ошағын,
Қайнатқан
қара қазанды,
Тексеріп төзім,
шамаңды.
Лүп етсе
самал бір демде,
Сілкініп
қалар гүлдер де.
Жапырақтар
жаутаңдап,
Құлағын
көкке түргенде,
Көк аспан,
ақ бұлт жүзгенде.
Көк аспан
кенет күркіреп,
Найзағай
өтті тілгілеп.
Бұйығып
ақ бұлт тұрды да,
Ақ жаңбыр
құйды сіркіреп,
Жер бетін
жатыр сілкілеп.
Еріксіз
көкке қарадым,
Жабырқап
жаным барады.
Жалаң аяқ
жүгірген,
Есіме
түсті бала күн,
Шалшықта
ізім қалатын.
Жылғадан
сулар ағатын,
Аққан су
арна табатын
Малмандай
су-су көйлегім,
Көтеріп
апам алатын,
Жып-жылы
көрпе жабатын.
Ақша бұлт,
жүзіп барасың,
Қай жерде
тыным табасың?
Апама
сәлем айта бар,
Сағынған
шығар баласын,
Ұмытпас
бала данасын...
30.08.2014 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇