file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  150


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

ҚАРАСАЗ

Қарасаздың
кездім де шатқалдарын,
Жүрегіңнің
іздедім аққан қанын.
Орны қайда
қара үйдің су басында,
Әжең қайда
кештетіп жаққан шамын?
Ертегісі
таусылмас Тиін әже.
Мейірімді де
қатігез қиын әже.
Екі өлеңнің біреуі
сен жайында,
Аруағыңа арнаған,
сыйым әже.
Елестеттім
қара үйді – хан сарайын.
Әжеңді
сырға толы жан сарайы.
Қара мұрт
аттаныпты бақилыққа,
Жеңгең де
жастық шағын аңсамайды.
 Суретте де
шырайлы қайран жеңгең,
Қарғаның
валетіндей ойран жездең.
Қара мұрт та,
жеңгең де, ағайың да,
Бірі елде,
бірісі майданда өлген.
Жалғыз артып
мойныңа ортақ мұңды,
Жоғалтпа деп
жыладың ұрпағымды.
Әр көшенің
басында ойын қуған,
Жатқа оқиды
жырыңды ұрпақ үнді.
Музейіңде портфелің,
түймең қалды,
Өлеңде құдық қазған
инең қалды.
Құба жел,
қара құйын ойып салған,
Шарынның
шатқалында бейнең қалды.
Жырың ашар
әр үйдің есігін де,
Тасқа басып
жазылды есімің де.
 Әлдилейді
ата-жұрт алақанда,
Тербетеді
туған жер бесігінде.
16.07.2014 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу