file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  164


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

ЖАҚСЫ АНА

Құм көшкіні жер бетін
сипап салған,
Селдірейді шөп басы
сидаң қалған.
Қырқаларды қақ жарып
көш келеді,
Созылмайды,
алды-артын жинап алған.


Бір сарынмен барады
қырдан асып,
Қырдан асқан
сағыммен араласып.
Тас-түйін боп
шашылмай етек-жеңі,
Салқынымен
құралай жағаласып.
Жылдағы тіршілігі
көшкен елдің
Тауы таныс,
тасы ыстық өскен жердің.
Ерте көктем,
ызғары бой қарытып,
Бетегенің басымен
ескен желдің.
 Қыр асып жол тартса да
неше күндік,
Көш бойы көрінбейді
еркек кіндік.
Қанша ана жалғызын
жауға алдырған,
Жасын төккен жасырып
неше мұңлық.
Барымта, қарымтасы
шабыс күнде,
Саналы өмір
сырғыған ат үстінде.
Кеше туған жас бала
тәй-тәй басып,
Жатырқаған әкесін
жат кісідей.
Жерінің, жесірінің
дауын қуып,
Еркек біткен елде жоқ,
кеткен суыт.
Ер салып, Ереуіл атқа,
қамшы тартып,
Тәуекел деп,
тас жұтып, белін буып.
Кешегі қыз,
бүгінгі бала келін,
Аты шыққан
далаға дана келін.
 Жақсы ана
келеді көш алдында,
Қатты қыстан
алғанда дала демін.
Алда үміт,
күмәнін артқа тастап,
Жетелейді алысқа
арман асқақ.
Бағыт қылып жусанды,
бетегені,
Жақсы ана
келеді елін бастап.
.
Далада талай-талай
дарын өткен,
Жақсыларын сардала
мақтан еткен,
Жақсылығы көп тиіп
жылағанға,
Елі оны жақсы-ана деп
атап кеткен.
Тай үріккен атынан,
маңайынан,
Омар, Мәтек
Адайдың Шоңайынан.
Жақсы Анамыз
келіні осылардың,
Мәртебесі көп
биік талайынан.
 Етегінен бала жоқ,
амал нешік.
Тербетпей-ақ
өтіпті бала, бесік.
Елі үшін еңіреген
ғазиз ана,
Дамылдауға уақыт аз
белін шешіп.
Қолының ашықтығы
аңыз болған,
Болса да әйел адам
абыз болған.
Жақсы менен
жұмсағы қонағына,
Қабағы жайма-шуақ
тамыз болған.
Құдайы қонағына
арнап қойып,
Піскен етті артады
малын сойып.
Ат мініп,
шапан киіп аттанады,
Түскен адам марқайып,
асқа тойып.
Қашанда келген асқа
өң беретін,
Тау-тау қылып
бауырсақ өңгеретін.
 Дастарханы жиналмай
ертелі-кеш,
Жарлысын да,
байын да тең көретін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу