file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  316


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

БАЛАПАН ҚАЗ

Қыз кетті,
үйімізден қызық кетті,
Қалыптасқан
тірлікті бұзып кетті.
Ақ қағаздай
әппақ-ты көңіліміз,
Шимай-шимай сиялап,
сызып кетті.
Қыз кетті,
үйімізден көктем кетті,
Бізде күз,
бір үйлерге көктем жетті.
Уақыт бар деп
асықпай жүргенімде,
Айтылмай сыр,
айтылмай өкпем кетті.
Құлазиды көңілім,
сені іздеді,
Қуаныш пен сағыныш
егіз бе еді?
Өмір осы,
біреу боп жүргендерді
Бір-біріне қосты да,
егіз деді.
 Қуаныштың
жасырып тамшыларын.
Сыр бермедім,
өзімді қамшыладым.
Сәукелемен
жасырып тұлымыңды,
Сәуле шашып
барасың шам-шырағым.
Таңдағаның өзіңе боп тірегің,
Бере көр,
О, Жасаған, көп тілегін?
Жолың болсын,
жарық күн балапан қаз,
Жапырағың
жайылсын деп тіледім.
28.07.2011ж .




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу