Өлеңдер ✍️

  26.02.2022
  211


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

АУЫЛДА ЖҮРМІН

Амансыңдар ма,
әкеммен жолдас болғандар?
Сау жүрсіңдер ме,
шешеммен мұңдас болғандар?
Еліме келдім
сендерді көріп қайтуға,
Ауыз толтырып:
«Сәлем бердік!» – деп айтуға.
Халдерің қалай,
ауыл-ел тегіс аман ба?
Тыныштық керек
тоқтаусыз мынау ғаламға.
Өзгеріп кеткен,
таулар да шөгіп қалыпты,
Қимайды көзім
төмпешік болған алыпты.
Сендерді көріп
тағы бір жасап қаламын.
Ұмытып бәрін
жүгірген бейне баламын.
Таяғын сүйреп
қарт адам кетіп барады,
Таныды ма екен?
Үңіліп маған қарады.
 – Армысың, бабам!
Баласымын ғой досыңның...
Шырамытып жатыр,
сұрақтар жауды сосын мың.
– Бармысың, балам?
Шешең қалды ғой осында,
Әкең аман ба
тосқауыл болар тосынға?
– Әкем де қайтқан.
– Жасаурап кетті көздерім.
Бірақ жыламаймын,
тірегімсіңдер өздерің.
Әкем өлсе де
әкемді көрген сендер бар,
Ақылшыларым,
таусылмас қазына кендер бар.
Тартылған көлдер.
Өзендер қайда шулаған?
Үйрек, қаз ұшып,
төсінде сазан тулаған.
Бәріміз кетіп,
нулар да солып қалғандай,
Жол жаққа қарап
жанары оның талғандай.
Ауылда жүрмін
өткеннің іздеп елесін.
Күрсінтер бәрі,
несіне айта бересің.
Зымырап уақыт,
самайды қырау шалады,
...Қырлардан асып
қызыл күн батып барады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу