Әңгімелер ✍️
ҒАРЫШҚА АТТАНҒАН ҰЛТТЫҚ БЕЛГІ
Биылғықазанның 2-сінде А. Волков, Ф. Фибекпенбіргеғарышқаұшқантұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің кеуде тұсына қадалып бір белгі кетті. Ол – Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген сәулетшісі, белгілі ғалым, драмашы Шота Уәлихан жасаған ұлттық елтаңбамыздың нұсқасы. Бұл жөнінде ғарышкерге елтаңба үлгісін табыс етуші Қазақ КСР Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі Қ. Сұлтанов Байқоңырдан сол күні авторға хабарлады. Аттанар сәт куәгерлерінің әсерімен айтсақ, «ғарышкер Тоқтардың жүрек тұсындағы елтаңба үлгісінде ай, шаңырақ және көк аспандағы жұлдыз бейнеленген. Оны алақанымен аялай басып, қойылған сұрақтарға терең де толымды жауап берді» («Жас алаш» газеті, 1991 жылғы қазанның 2-сі). Демек, ақжолтай ғарышкеріміз ата сөзінің парызын, ана сүтінің қарызын толық сезінеді екен.
Бүгін ғарышқа аттанған елтаңба үлгісінің авторы Қазақстанның мем- лекеттік нышандары туралы ойын ортаға салып, өзі жасаған үлгілерді көпші- лік талқысына ұсынып отыр.
«Құр шулаймыз, жоқ жалау, байрақсыз қайрат — бос қайрат»
Жақында ғана профессор Т. Қожакеев Мағжан Жұмабаевтың 1925 жылы
«Тілші» газетінде (бұрынғы «Жетісу») басылған өлеңін жариялады. Өлең мынадай:
«Құр шулаймыз, жоқ жалау, Байрақсыз қайрат — бос қайрат. Майданда бақ бар, білеміз, Кетпейміз, біз кіреміз.
Жалғыз-ақ бізге ту керек...
........
Шерлі, ойлы апекем, Тезірек ту тоқыңдар.
Ғалым ағамыздың болжауынша, ақын бұл өлеңін қазақ халқының ав- тономия алуына байланысты жазған сияқты. Болса болар. Елінің ыстығына
күйіп, суығына бірге тоңған ақын шерлі Отанымыз еркіндік, тәуелсіздік алар ма деген дәме, үміт туған сәтте асығып, лүпілдеген жүрегін қолына алып, шын қуанып, шабыттың сабасын күмпілдеткен-ақ екен. Тудың керектігін білген зерек көрегендікке қоса өлеңде мен назар аударған екі жай бар. Біріншіден, «Көпті көрген әжем бар, баяғы туды сағынған» дейді. Бұл сөз — көне қазақта кейін көңілінде, көкірегінде қалған өз туы болғандығы- ның айғағы. Бұдан «ол ту неге, қалай жоғалды?» деген сауал туады.
Екінші, «Тезірек ту тоқыңдар!» деген жол. Мен туды ту құлынның жұқа терісінен иленіп жасалады (жарғақ) деп естуші едім, матаның да пай- даланылатынын білуші едім, ал тоқылуы... Алаша сияқты, белгілі бір өрнек- пен тоқылуы да мүмкін-ау. Тудың қалай жасалуынан бұрын басты мәселе- нің басын ашып алайық.
Ту... Иә, біздің ата-бабаларымыз байтақ қазақ елін талай қанды майданда өз туы астында қорғап, оны жықпай өткен. Қазіргі ту деп жүргеніміз — жасанды, дәстүрден жұрдай боп жал-құйрығы кесілген, бізге үйлеспейтін ту. Кеңес өкіметі тұсында аштықтан қаза болған үш жарым миллион қазақтың қанына малынған- дай болып елестейді де тұрады, көзге сүйелдей басылып, жанға батады. Ақсақ Темірдің туы қызыл болған дейді, мүмкін, мұнда ұқсастық бар шығар.
Сөз жоқ, ата-бабамыз туды қастерлеген, көнекөз, кәріқұлақ қариялар төл туымыздың қадірін білген, елдің елдігінің белгісі, бүтіндік, дербестік ныша- ны деп қараған, ғасырлар бойы сақтап қалған, бізге жеткізген. Абылай дәуірінен бір ғана көрініс.
...Ханның ту ұстар Айдабол Байғазы деген батыры болыпты. Қанкешті со- ғыста ту ұстап жүргенде сол жақ тізесінен үш оқ бірден тиіпті. Ту қолында, жалма-жан қосқа келіп, бақыршысына «бір бақыраш май қайнат» депті. Майды қайнатып алып келген екен, ат үстінде тұрып аяғын тізесінен шорт кесіп, сан жағын қайнап тұрған майға батырып, шалбарының балағына тас қып буып, кесілген аяғын қанжығасына салып, туды ұстап, жауға қайта шауыпты. Кейін ағаштан аяқ жасап, «ағаш аяқ» атаныпты. Өзін атқа екі кісі зорға көтеріп мінгізеді екен. Ат үстіне мінген соң жүз кісі жабылып түсіре алмаушы еді дейді аңыз (ҚазҚСР ҒА ОҒК кітапханасының Қолжазба қоры, 658, № 8). Аты дүние жүзіне мәшһүр Жюль Верн қазақ өмірінен алып Кенесары туралы роман жазған. Жас ғалым Марат Әбсеметов жариялаған («Дала дидары», 1991, №№ 36, 37, 38) романнан үзіндіде ту елдіктің, зор құрметтің белгісі екендігі айтылады. Оқып көрейік: «Кенесарының лагері, расында да, ғажайып сұлулығымен ерекше көз тартатын. Аң терілері, киіз жөне түрлі- түрлі жібек маталар жабылған мыңдаған шатырлар күн нұрына шағылысып, қыз жасауындай құлпыратын. Шошайған төбелерінде шашақтары желбіре-
ген шатырлардың жоғарғы бөлігі қолына байрақ пен жалаушалар ұстап, басына дулығасын киіп, ат үстінде шіренген қазақ батырларын көз алдыға елестетін. Осылардың ішіндегі ең жасаулы да, еңселі шатырға Кенесары ханға жақын жүретін оң қолдары — билер мен қожалар орналасқан. Жылқының құйрық қылымен әшекейленген, ағаш сабы шоқтанған сәулелердің жиынты- ғы іспетті, ак, қызыл бояулы жіптермен оралған ерекше байрақ қазақтар- дың қолбасшыларына деген жоғары құрметін аңғартатын».
Ал енді тарихи тудың түрі мен түсіне кешейік. Сонау Ғұн ұлыстары, Түрік қағанаттары мен Шыңғысхан, Жошыдан бастап Әз Жәнібек, беріден Әбілқайыр мен Абылайға деген тудың басым түсі ақ болатын. Орыс ғалымы Николай Рерихтің айтуынша, Шыңғысханның ақ туына баратын сапарының мақсатына орай жолбарыстың, еліктің не болмаса тағы бір жануардың алтын бейнесі салынады екен. Қазақ туларында ру таңбалары болмаса оны колдайтын перілердің бейнелері берілген (мысалы, шапыраштыда касқыр- дың басы салынған жебелі ту болған).
«Ақ түс — күнмен, көктен келетін құт» деген ұғыммен байланысты... Та- залықтың белгісі — ақ түсті туды Атилла көтеріп шығып, Еуропаға дейін паш етті. Содан кейінгі түркі елдері ақ тумен жүріп, ұшы-қиырсыз далада қабырғалы мемлекет құрды» деген ғалым Бек Ыбыраевтың пікірі («Ана тілі», №№38, 39, 1991 ж.) өте орынды және тарихи шындық.
Қазақ халқы үшін ақ түстің ерекше мәні бар. «Ақ ниет», «ақ жол»,
«ананың ақ сүті», «ақсақал», «ақ орда» деген ұғымдар қасиетке толы. Ба- лалардың да аттарын қазақ «Ақбота», «Ақнұр», «Ақселеу», «Ақан, Ақжігіт», «Аққошқар» деп тегін қоймаған.
Сондықтан болашақ мемлекеттік туды сөз қылғанда киелі ақ түске ора- луымыз керек-ақ.
Қазақстанның халық ақыны Әбу Сәрсенбайұлы «Ұлттық ұлы тұлғалар» деген өлеңінде: «Абылайдың Ақ туына» ақын Шәңгерей неге сонша қасиет санап қарайды?» деп сұрап қояды да, өзі жауап береді: «Төбеде Ақ ту — тұтастықтың белгісі, Айбарынан жау жанары жасқанған», әрі қарай ойын:
«Абылайдың аруақты Ақ туы, Аласармай жайқала түс, Шұғылалы аспан- да», — деп аяқтайды («Егеменді Қазақстан», 1991 ж.). Маған белгілі бір себептермен келтірілген өлең жолдарын үзілді-кесілді жақтап, оған түсінік беріп жату ыңғайлы болмас. Дегенмен қарт ақынның ойында үлкен тарихи астар бар...
Жаңа тудың жобасын сөз етсек, ол көптеген авторлардың айтқанындай, тарихи негізде жасалып, үлкен талғам, оянған, жетілген ұлттық сана-сезім деңгейінде болуы керек деп ойлаймын.
Мен жоба ретінде бәйгеге тудың алты нұсқасын ұсынып отырмын (үшінші ту Олжас Сүлейменов екеуіміздің қиялымыздан туды). Барлық тудың да түсі ақ. Ұзындығы мен енінің арақатынасы байырғыдай 2:1. Өзара айыр- машылығы — тудың кақ ортасындағы көк аспан бейнесін көк дөңгелектің (диаметрі жалау енінің жартысы) ішіне орналасқан суреттерге байланысты.
Бірінші нұсқа. Ту ақ. Көк дөңгелек — аспанның дүбірмен қарағандағы бір бөлігі, ішіне сегіз бұрышты жұлдыз орналасқан. Бірімен-бірі алмасып келген екі сынық — төртбұрыш деуге болады. Жұлдыздың сырт қабырғасы үш түрлі: қызыл, ақ, көк түстермен әдіптелген. Бұл үш түс кейінде кездесетін болғандықтан, оның символдық мәнін тереңірек түсіндіре кеткен жөн болар. Франция һәм РКСФР мемлекеттерінің жалауларындағы қызыл, көк, ақ түстердің мазмұны: «Азаттық. Теңдік. Туыстық» ұғымдары. Біз ол үш түске басқа мән, мазмұн беріп отырмыз: Көк — БІРЛІК. Бірлік бар жерде туыстық бар. Қызыл — АЗАТТЫҚ. Бірліксіз азаттық келмейді. Азаттық бар жерде теңдік бар. Ақ түс — АДАМДЫҚ. Әрі-беріден соң прогрестің өзі, қоғамның даму бағыты адамға, адамзатқа пайдалы ма, пайдасыз ба, сонымен өлшенуі керек. Академик В.И. Вернадскийдің айтуынша, «адам — табиғат баласы». Адамзат — табиғат арқылы пайда болған күрделі құбылыс. Адамзат өмірі қаншалықты әр түрлі болғанымен, ол бөлінбейтін тұтас нәрсе. Биосфераны еркін ойлайтын, табиғи дамуды қамтамасыз ете алатын адам баласы үшін толық пайдалансақ, екінші бір одан да күрделі қалып — ноосфераға көшеміз». Демек, адамдық деген ұранды ұстау — өнегелі, әрі өнімді іс. Біздің халықтың рухани ой-өрісінде бұл ұғым зор орын алады.
Сонымен біз ұнатқан үш түс: көк, ақ, қызыл — біз асатын асу: Бірлік, Азаттық, Адамдық.
Сегіз бұрышты жұлдызымыз арқа сүйеп отырған көк аспанның да символдық мәні зор. Көк тәңірі деп көз сүзген бағзы заманнан киелі санал- ған аспан әлемі бар болмыстың бесігі емес пе? Философ Кант дүниеде екі ғаламат нәрсе бар дейді екен. Бірі — жұлдызды аспан, екіншісі – адамның түпсіз терең ішкі дүниесі. Демек, туымыздың бір элементі болып көк аспанның жүруі ақылға қонымды.
Екінші нұсқа. Ақ ту. Шартты түрде бұл нұсқаны «Үш күлтелі гүл» деуге болады. Көк дөңгелек аспанның ішінде ақ шеңбер. Шеңберді үш жерден қолтықтап өтетін жарты дөңгелектер үш күлтелі гүл құрайды, бұл баяғы біз айтқан: бірлік, азаттық, адамдық. Кіндік ортасында, доғал боп келген жасыл үш бұрышты шаңырақ орналасқан (жасыл жер). Егер гүлдің бір күлтесін алып тастасаңыз, сурет өзінің тұтастық кейпінен айрылып, кем көрінеді. Осы
шешім арқылы қазақ елін құраған үш жүзге меңзеу бар. Олардың бірімен- бірінің тығыз байланысы, бір тамырлы сом құбылыс екендігі графика арқылы дөлелді беріледі.
Бұл нұсқаның бір ерекшелігі — баса-көктеп өтетін тура сызық жоқ, бір сызыққа екінші сызық орағытып барып жалғасады. Қазақта нені болсын кесіп айтпайды ғой. Біреудің кісісі өлсе, айта салмай, жайлап естіртеді, нені болсын бадырайта айтуды әдепсіздік санайды.
Суреттердің элементтері космос денелеріне де ұқсайды. Шаңырақ — қазақ планетасының белгілі бір орбитада үнемі қозғалыста болатынына сенесің. Тағы бір ой көзімен қарасақ, атом құрылымын елестетеді. Суретте жасыл жайлау жеріміз де, киелі көк аспанымыз да бар.
Үшінші нұсқаны «садақ» деп атадық. Мұны Олжас Сүлейменов екеуі- міз ақылдасып отырып жасаған едік. Бұл тудың да түсі ақ. Сегіз бұрышты жұлдыз шығыс елдерінде кездесетін пагодалардың шатыры ұқсап қайқа- йып барып біткен. Көк сызық — садақтың жағы, ортадағы қызыл сызық оғы сияқты. Қызыл сызықтың асты — өткен өмір, үсті — болашақ. Тартылған садақтай тудың элементтерінде жаура деген айбат бар, сол арқылы халыққа, елге қалқан болу ниеті айтылды ма деп ойлаймыз.
Төртінші нұсқа. Ту ақ түсті. Ортадағы элемент әрбір жағы бірінің қолтығына бірі еніп, дөңгеленіп барып біткен сегіз бұрыш. Көк аспан, кіндік ортасында шаңырақ. Доғал сегіз бұрыштың өн бойы (периметрі) жоғары- да айтылған үш түспен көмкерілген: қызыл, көк, ак. Баламасы жоғарыда айтқанымыздай.
Бесінші нұсқа. Ақ түсті. Көк аспан. Қошқар мүйізді болып келген ал- тыннан жасалған үш элементтің құшағында алтын шаңырақ. Азаттық, бір- лік, адамдық деген ұғымды білдірумен бірге, басы қосылған үш жүздің де символы бола алады деп ойлаймыз.
Алтыншы нұсқа. Ақ түсті. Көк аспанда жаңа туған аймен қазақ шаңыра- ғы дербес планета ретінде қалқиды. Қазақ «айың тусын оңыңнан, жұлды- зың тусын соңыңнан» деп бекер айтпаған. Тудың сол жақ шетінде тартыл- ған үш түсті сызық: бірлік, азаттық, адамдық. Ай діни ұғымнан аулақ, мұны поэтикалық таным деген дұрыс.
Оқырман назарына жұлдыздың екі нұсқасын ұсынып отырмыз. Бірі ту- дың алғашқы нұсқасында қолданылған сегіз бұрышты жұлдыз, екіншісі, үш күлтелі гүл. Жұлдыздың екі түрі де елтаңбада пайдаланылған.
Елтаңба. Бірінші нұсқа. Аспан әлемінде қалқып жүрген шаңырақ — елдік белгі, оны «қазақ планетасы» деуге болады. Жоғарыда ай, одан да биігі- рек — сегіз бұрышты жұлдыз. Шырқау биікке самғаған қос қанат шаңырақ-
қа қорған болып, аясына алған. Қанаттың бейнесінен қазақ жерінде табыл- ған ескерткіштердің қолтаңбасын аңғаруға болады. Ал қанаттың топшысында көк, ақ, қызыл түсті жолақ, бірлік, азаттық, адамдық деген ұғымдардың символы берілген. Екі қанатты біріктіріп ұстаған тұтқаға «Қазақстан» деп жазылған.
Бүкіл әлем қандай халық екенімізді білуі үшін, шаңырақ шеңберінде
«Малым — жанымның, жаным — арымның садағасы» деп жазылған. Тауып айтылған, адамшылыққа толы осы сөзді келешектегі Қазақ елі президенті беретін ант мәтініне мен үлкен қуанышпен кіргізер едім. Қазақ елтаңбасы- ның фоны — көк аспан.
Екінші нұсқаның біріншіден айырмасы — қанаттың суреті байырғылау.
Шаңырақтың диаметрі үлкенірек. Үш күлтелі гүл бейнеленген.
Осы жерде кеңірек тоқталайын дегенім — қанат символикасы. Оны мен тегін алғаным жоқ. Дүниежүзілік өнерде қанатты қадірлемеген, оны жырға қоспаған, бейнелемеген ел жоқ.
Сонау көне грек елін алайық. Ника қос қанатты, «Ника Самофракийская» деген мүсін бұл күнде Лувр мұражайында тұр. Христиан дінінде де, ислам дінінде де бейкүнә, кіршіксіз таза періштелер қанатты болып келеді. Алланың Мұхаммед пайғамбарға аян берген төрт періштесі: Жебірейіл, Мекайыл, Ысрайыл, Исрафил. Исрафилды Сарафил деп те атайды. Басты міндеті – Алла тағаланың халықтар, адамдар тағдыры туралы үкімін тарату. Қолындағы құралы сыбызғы екен. Иерусалимдегі киелі тыңға шығып ойнағанда, өлгендер тіріледі екен. Тұлғасын алсаңыз, ғарыштық деуге болады: аяғы жерде, басы көктегі Алла тағаланың тұғыры тұсында. Төрт қанаты бар, бойы толған көз, ауыз, тіл. Үш рет күндіз, үш рет түнде жаһанамға кіріп, ондағы қиналғандарды көргенде дауыс қылып жылайды екен.
Ал ақындардың арқауы болған, талайын шабыт дүниесіне апарған қанатты тұлпар Пегас ше?! Муза тауы Геликонда тұяғымен теуіп Иппокрен атты бұлақтың көзін ашып, одан ақындар сусындамайды ма?!
Ассирия патшасы Саргон екіншінің сарайына кіреберістегі қанатты шеду атты бұқаларды (б.д.д. 712–707 жж.), топыраққаладан табылған қанатты арыстанды (б.д.д. VІІ ғасыр) да айтуға болар еді.
Алысқа бармай-ақ, қазақ жерінен табылған алтын бұйымдарды алайық. Қанаты бар салт аттыны көрсететін әшекей (Теңдік қорғанынан табылған, б.д. д. ІІІ–ІІ ғғ.). Қарғалыдан табылған алтын диадемадағы қанатты ат, қанатты адам әдемі-ақ (шамасы жоғарыда айтылған мезгіл). Есік қорғанынан табылған қанатты және мүйізді аттар, таудағы қанатты барыс қандай десеңіз- ші (б.д.д. V–IV ғғ.). Тіпті «Алтын адамның» жүзігіндегі бейнеде де қауырсын бас киім көрсетіледі.
Жошының теңгесінен орыс елтаңбасына көшкен екі басты самұрық та қанатын жайып, ел-жұртын қорғап тұрған жоқ па?!
Күні-бүгінге дейін қанат адамның арманының жетер жиегі сияқты. Әсем сазды халық әні «Әупілдікте» де: «Қос қанат құсқа біткен маған бітсе, барушы ем сүйгеніме әлденеше», — дейді. Сонымен, ұшқыр қиял, барар биікті айшықты көрсету үшін, қанат деген бейнені пайдаландық. Жұрт ұғынып, жүрегінен орын тапса демекпіз.
Елдік, ұлттық белгімізді белгілейтін аса қолайлы сәт туып отыр. Ендігі гәп — осы мүмкіндікті қапы жібермеуде.
«Ана тілі», 10-17 қазан, 1991 ж.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter