26.02.2022
  557


Автор: Уәлихан Шот-Аман Ыдырысұлы

АЛМАТЫ ЕСКЕРТКІШТЕРІ ҚАЛА АЖАРЫН ҚҰЛПЫРТУДА

 


Алматы — өзіндік ажарымен, өзіне ғана тән сұлу сәулетімен даралана- тын бірегей қала, мемлекетіміздің мақтанышы. 70-80-жылдары Алматының сәулет өнері қарыштап дамып, жоғары деңгейге көтерілсе, еліміз Тәуелсіз- дік алған уақыттан бастап қайта жандана түсті. Мемлекетіміздің елдігін айшықтайтын жаңа сәулет нысандарының өмірге келуі заңдылық еді. Осы ретте үлкен еңбек атқарған әріптестеріме дән ризамын. Өз алдына шаңырақ көтерген егемен еліміздің жаңа монумент-ескерткіштеріне қалдырған қол- таңбамыз үлкен мақтаныш екені сөзсіз.


Бір ғана Алматы қаласында мұндай сәулет нысандарының қанша- масы ашылды. 1996–1998 жылдардың аралығында бой көтерген, респуб- лика алаңындағы көз тартар Тәуелсіздік монументі мемлекеттік символ- дарымыздың біріне айналып отыр. Бұл — менің жетекшілігіммен жұмыс істеген мүсіншілер — А. Жұмабаев, Н. Далбай, Қ. Сұраншиев, сәулетші Қ. Жарылғаповтың маңдай терлерінің жемісі. Асқақ та әсем монументтің өмірге келуіне үлес қосқан өзге де азаматтар — мүсіншілер А. Баярлин, М. Мансуров, сәулетші К. Монтахаевтардың да еңбегі құрметке лайық.


Тәуелсіздік монументін тұрғызу немесе жобалау оңай шаруа емес еді. Оның бойынан халқымыздың өзіндік ерекшеліктері мен құндылықтары көрініс табуы тиіс болатын. Былайша айтқанда, үлкен ізденіс пен мол ақыл қажет болды. Тәуелсіздік монументінің қысқаша тарихы жайлы біреу білер, біреулер біле бермес...


90-жылдардың басында Қазақстан Республикасының Президенті Нұр- сұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге мемлекеттік делегация құрамында Мы- сыр еліне барған едім. Осы елдің Пуксор деп аталатын қаласында әйгілі храм бар екен. Храмға бастар тұстағы үлкен пилонның алдында асқақтап жалғыз обелиск тұр. Олар бастапқыда екеу болатын. Біреуін Наполеон Бонапарт Мысырды жаулап алған сапарында сүйікті жары Жозефинаға сыйламақ бо- лып Францияға алып кеткені тарихтан белгілі оқиға. Бүгінгі таңда сол та- рихи тас Париждегі Келісім алаңында тұрғаны да мәлім. Ал оның жаңағы өзіміз сөз еткен Мысырдағы сыңарын тамашалаған Елбасы Н. Назарбаев:


«Республикамыздың Тәуелсіздігінің құрметіне Алматыда да осындай бір белгі боларлық ескерткіш тұрғызсақ қайтеді?» — деген ой айтты.


 


 


Сапардан оралғанымыздан соң, Президенттің ұсынысына орай, ойлана келе шәкірттерім мен сәулет саласындағы достарымның басын қосып, Тә- уелсіздік монументінің алты нұсқасын жасадық. Президент оларды қарай келе, бүгінде алаңда тұрған монумент жобасын таңдады. Мұндай мону- менттер Еуропа елдерінде көптеп кездеседі. Бірақ олар бағана үлгісімен тұрғызылған. Мәселен, Лондонда — Тлаф, Парижде — Вандом, Санкт- Петербургте — Александр бағаналарын жасауда сәулетшілер көбінесе грек сәулетіне сүйенген екен. Гректерде үйдің кіреберіс маңдайшасын көтеріп тұратын үлкен бағана болады. Дорифская, Ионская бағаналары солардың қатарына жатады. Батыс Еуропада сол бағаналардың басына адамның бейнесін қондырады. Ал мен өз жұмысымды басқаша жолмен жүргіздім. Біздің кең-байтақ даламызда табиғаттың өзі мүсіндеген небір құлпытастар, сондай-ақ, белгілі адамдардың басына орнатылған тастар көп. Міне, солар- дың ерекшелігіне сүйене отырып, бағананың басына адам мүсінін орнатуды қажет деп шештім. Алғашында біздің жаңадан қол жеткізген Тәуелсіздігіміз іспеттес кішкентай баланың бейнесін келтірмек болдым. Бірақ, осынау кең- байтақ жерімізді қорғап қан төккен батыр ата-бабаларымызды әспеттегіміз келгендіктен, монумент биігіне батырдың бейнесін орнатқанды жөн көрдік. Биікте батыр бейнесі садақ тартып тұрған жоқ. Садағы мен қорамсағы сол жағында. Бірақ, қажет жағдайда ол қорамсағына қол салады. Адамзат ба- ласы қашанда зеңгір көкке шығуды армандаған ғой. Батырдың басындағы шошақ бас киімі шорт кесілмей, сүйір болып бітеді. Ол — бағанамыз шорт кесілмесін дегенді білдіреді. Кейбіреулер маған: «Қазақты тым биікке көтеріп жіберіпсің», — дейді. Мен: «Қазақ нағыз алар орнын енді тауып отыр. Ол биікте болуы керек», — деймін.


Біз ақылдаса отырып, алаңда тек бір ғана діңгекті орната салуды қалама- дық. Қазақтың екі жарым мың жылдық тарихын қамтитын үлкен кешен жа- сауды жөн деп таптық. Онда бейнеленген бедерлі мүсіндер қазақ тарихын- дағы елеулі кезеңдерді арқау ете отырып, сол замандағы айтулы оқиғалар мен тарихи тұлғаларды бейнелейді. Массагеттер патшайымы Томиристің пәуескеде отырып, Кир патшаны тізе бүктіргені бірінші көрініс болса, одан кейінгі көрініс әл-Фараби заманына байланыстырылған. Үшінші көріністе XV ғасырдағы Қазақ хандығының құрылуы, халқымыз тарихындағы аса ауыр кезең — «Елім-ай» жыры туған кез бейнеленген. Келесі көріністе Қазақ хандығы бекіген — Абылай хан билігі тұсы суреттелген. Осы кешен-


 


 


де, сондай-ақ, орыс-қазақ байланысы, ұлт-азаттық көтеріліске қатысты Ке- несары ханның ұлы Садық бейнесі, Екінші дүниежүзілік соғыстағы Бауыр- жан Момышұлы, генерал Панфилов, батыр қызымыз Әлияның бейнелері де көрініс тапқан. XX ғасыр басындағы ағартушыларымыз бен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы, тұңғыш Президентіміздің ант беру сәті де қалыс қалмаған.


Сондай-ақ, монумент маңында төрт адамның мүсіні де орнатылған. Тай- ға мінген екі бала — біздің болашағымыз. Ал бәйбішенің қолындағы кесе- де көне түрік тілінде «Малым — жанымның садағасы, жаным — арымның садағасы» деп жазылған. Шәкіртім Нұрлан Далбай сомдаған абыз ақсақал — ойдың адамы. Жүзінен үлкен парасаттылықтың лебі еседі. Әке, ана, бала — отбасы. Әрбір мемлекет қабырғасын отбасы құрайды емес пе?


Алматы қаласында бұдан өзге де мақтанышпен атауға болатын тарихи ескерткіштер жеткілікті. Әсіресе, еліміздің ардақты азаматтарына арналға- ны қаншама? Бұл — Абай, Шоқан, Жамбыл, Абылай, Дінмұхаммед Қо- наев, Әліби Жангелдин, Әлия, Мәншүк сынды біртуар тұлғаларға деген құрметіміздің белгісі. Келер ұрпағымыздың алдындағы біздердің парызы- мыз. Оларды көзіміздің қарашығындай сақтауға тиіспіз.


«Алматы ақшамы», 22 мамыр, 2004 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу