file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  26.02.2022
  221


Автор: Абдрахман Асылбек

Мінез

Сендім бе екен біреуге – сенем мықтап,
Ердім бе екен біреуге – ерем мықтап.
Әсте, екі сөйлеуім мүмкін емес,
Сенімімді селт етпей өлем құптап.
Кетістім бе біреумен – оралмаймын,
Қаңтардағы бұрқасын борандаймын.
Бірде жайсаң, сылыңғыр бірде лайсаң,
Әрі-сәрі бұлыңғыр бола алмаймын.
Ұнаттым ба біреуді – қатты ұнатам,
Шат бұлағын көңілдің шапқылатам.
Ақ жарылып алдында атқан таңдай,
Күміс күйді кеудемнен атқылатам.
* * *
Белдік керек адамға,
Белдік керек,
Белді бекем буатын теңдік керек.
Егер, белдік болмаса, нетер едік?
Былқ-сылқ етіп, болбырап кетер едік.
Кеңдік керек заманға,
Кеңдік керек,
Батыл басып жүретін теңдік керек.
Егер, кеңдік болмаса, нетер едік?
Көсіле алмай, құрысып өтер едік.
Елдік керек әманда,
Елдік керек,
Ел менен ел жарасар теңдік керек.
Егер, елдік болмаса, нетер едік?
Қырқ пышақ боп қырқысып өтер едік.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу