26.02.2022
  180


Автор: Уәлихан Шот-Аман Ыдырысұлы

ӘЛЕМГЕ МӘШҺҮР

1962 жылдан бастап «Советтік энциклопедия» баспаханасы бүкіл әлем көркемөнері және архитектурасына арналған төрт томдық шағын энцик- лопедия шығара бастаған еді. Жақында жарық көрген екінші томда (Зам- бия — Мозамбик) біздің республикаға да әжептәуір орын беріліпті. Бұл мақаланы жазушы авторлар: Қазақстан сәулет өнерінің дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан архитекторлардың бірі ғалым Малбағар Меңдіқұлов, өнер зерттеушілері А. П. Пусургашева мен Н. В. Черкасова. Мақалада бар дүниеге баға беріліп, жоғымызға жол нұсқалыпты.


Мақала төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім көне дәуірдегі сәулет өнеріне, көркемөнерге, қолөнерге арналған, екінші бөлімде орта ғасырлар, үшінші бөлімде XIX және XX ғасырдың басы, төртінші бөлімде Совет- тік Қазақстандағы көркемөнер мен архитектура сөз болады. Мұнымен қатар Қазақстан топырағындағы ескерткіштер, қалалар мен замандас суретшілеріміз жайында жан-жақты мәліметтер берілген. Мақала соңын- дағы әдебиет тізімінің болуы да орынды.


Көне дәуір тарихына үңілсек, республикамыздың бұрыш-бұрышында кез- десетін көптеген ескерткіштер назар аудартады. Кейбіреулері сонау жоғарғы палеолит пен неолитке жатады екен (Баянауылдың үңгірлеріндегі қызыл бояумен салынған адам және жануар суреттері, Балқаш түбіндегі тесік тастағы аң аулау сахнасы, таутеке және марал суреттері).


Қола дәуірінен де көптеген туындыларды атауға болады. Бұлар андро- нов мәдениетіне жататын түрлі тұрғын орындар: Атасу, Қарқаралы, Тас- тыбұтақ қоныстары. Діни сенімге байланысты пайда болған түрлі құлпытастар да бар. Көркемдігімен көз тұнған өнер бұйымдарын сақтар, үйсіндер, қаңлылар қалдырыпты. Қарғалыдан табылған алтын диадема бұл сөзімізге дәлел. Мұнда бұғы, құс, айдаһар, қанатты ат, адамдардың бейнелері ғаламат шеберлікпен бейнеленген. Адамның ұлылығын көрсететін бұл туынды ұшқыр қиял, ақындық жүрек біздің халқымызға атам заманнан тән екендігін көрсетеді.


Өкінетініміз де, мақтаныш тұтатынымыз да — орта ғасырлардағы қала- лар тарихы, зәулім сарайлар мен өнер туындылары.


VІ–VІІІ ғасырларда қазақ елі түрік қағанатының құрамында еді. Бұл кезде ірі қалалар пайда болды: Исфиджаф (ХІ ғ. Сайрам), Тараз, әскери бекіністер, ірі феодалдардың салтанатты сарайлары (Қаратаудағы Баба Ата сарайы) салынды. Қолөнер, сауда-саттық дамығаннан кейін, Қарахандар билігінің тұсында (Х–ХІІ ғғ.) қаланың көлемі күрделене түседі. Қала үш бөлімнен тұратын болды: бекініс (цитадель), «Шаһристан» (тұрғын кварталдар),


«рабад» (қала шеті). Ислам дінінің тарауына байланысты мешіт, медресе, керуен сарайы, мазарлар пайда болады.


Құрылыстардың күйдірілген кірпіштен салынуы, түрлі түсті бояуы оң- байтын плиткалардың қолданылуы, күмбез конструкциясының жақсара түсуі сәулет өнерінің қазақ топырағында үздік дамығандығын дәлелдейді.


Біздің дәуірімізге дейін сақталған, орта ғасырлар ескерткіштері Түр- кістандағы Қожа Ахмет Иасауи, Жамбыл облысындағы Айша бибі мен Ба- баджа қатын, Орталық Қазақстандағы Алаша хан, Жошы хан, Қызылорда облысындағы Сырлы там мазарлары жайында да мақалада толық мәлімет бар.


Александр Македонскийден бастап арабтардың, моңғолдардың, жоңғар- лардың, ақсақ Темірдің жойқын шапқыншылықтарына ұшырап құрып кет- кен қалалардың кейпін бүгінге дейін сақталған қыруар ескерткіштерден, археологиялық материалдардан, қалалардың гүлденіп тұрған кезінде болып қайтқан грек, араб, қытай авторларының естеліктерінен көзге елестете аламыз.



  • ғасырдың 60-жылдары Қазақстанның Ресейге қосылуы аяқталған- нан кейін, қала салу қайта дамыды. Бір кезде орыстардың әскери бекіністері болған Орал, Гурьев, Өскемен, Семей, т.б. қалаға айналды. Бір қабатты үй- лермен қатар, әкімшілік, сауда мекемелері салына бастады, вокзалдар пайда болды.


Дәстүр бойынша, мазар салу да етек алды (Қарағанды облысындағы Жүзден, Батыс Қазақстандағы Нұрберген, Сенеке мазарлары). Авторлар әр жерде салынған сағана там, құлпытастар сәулет өнерінің сәнді бір перзенттері екенін атап өткен, XIX ғ. аяғы, XX ғ. басында қазақ халқының қолөнерінің күшті дамығандығы айтылған.


Орыс халқымен байланыстың күшеюіне орай, сол кезде қазақ халқы- ның өміріне арналған суреттер алғаш жарық көреді. Атақты суретшілер: В. В. Верещагин, Т. Г. Хлудовтардың үлкен сезімталдықпен қазақ өмірін су- реттегендігі энциклопедияда сипатталған.


Әрине, мақаладағы аса зор зер салып оқитынымыз Советтік Қазақстан- ға арналған бөлім.


Қазақстанда қалалардың, тұрғын үй, қоғамдық үй құрылыстарының күрт көтерілген кезі — 20-30-жылдар. Өнеркәсіптің, халықтың әл-ауқатының дамуына байланысты ескі қалалардың көркеюімен (Алматы, Өскемен, Қарағанды) қатар жаңа қалалар мен селолар пайда болды (Балқаш, Жезқаз- ған, Ленгір, т.б.).


Отызыншы жылдардағы сәулет өнеріне тән нәрсе — конструктивизм ықпалы (Алматы қаласындағы почтамт пен бұрынғы үкімет үйі, Гурьевтегі Эмба мұнай үйі, т.б.). Соңынан орыс классикалық сәулет өнерінің ықпалы күшейе бастайды (портик, колоннада, фронтондарды пайдалану).


1954 жылдан бастап архитектурада жаңа бағыт пайда болды, ол Қа- зақстанға да тән. Орынсыз әлеміштен сақ болу, жаңа құрылыс ма- териалдарының қасиетін ескеру, техниканың дамуына сай құрылыс салу — басты мақсат болды.


Соңғы жылдары Қазақстанда осы тілектерге жауап берерліктей бір- неше күрделі құрылыстар салынды. Олар: Орталық стадион (архитекторы А. К. Капанов, 1960 ж.), «Қазақстан» қонақ үйі (архитекторы Е. К. Дятлов, Ким До Сен, 1958 ж.).


Советтік Қазақстанда көркемөнердің де табысы мол. Отызыншы жылдары Суретшілер одағы ұйымдастырылды, көркемөнер галереясы мен училищесі ашылды. Суретшілердің ішінен А. Қастеев, Н. И. Крутильни- ков, Ә. Ысмайылов, А. И. Бортников, Л. П. Леонтьевтер сан алуан карти- налар жазды. Ұлы Отан соғысы біткеннен кейінгі жазылған картиналарда тақырыптың молдығы байқалады. Суретшілер А. М. Черкасский, М. С. Лизо- губ, А. М. Степановтар, т.б. замандастарымыздың тамаша портреттерін жаса- ды. Ә. Қастеев пен Н. Таңсықбаевтар Қазақстан табиғатын ақындық шабыт- пен бейнелейді. Елуінші жылдары өнер саласына қосылған тың күш Қ. Тел- жанов, С. Мамбеев, Н. Нұрмұхамбетов, М. Кенбаев, X. Наурызбаевтардың әрқайсысына тән шеберлік, өзіндік дүниеге көзқарас, бейнелеудегі сан қилы тәсіл Қазақстан көркемөнерін алдыңғы қатарға шығарды.


Энциклопедиядағы мақала арагідік кемістіктерден құр емес. Келтірілген кейбір иллюстрациялар таңдаулыларға жатпайды. Мысалы, Орталық ста- дионды басқа бір қырынан, Қазақ ССР Ғылым академиясының үйін тұтас көрсету әсерлі.


Суретшілер жайлы айтарымыз да осы. Қанафия Телжановтың «Жамал» картинасы орнына «Ата-баба мекенін», Е. Сидоркиннің «Қазақтың ұлттық ойындарын» берген ұтымдырақ қой.


Қазақстан архитекторларының өмірбаяны туралы мәліметтердің жоқтығы бізді таңғалдырады. Сәулет өнеріне маңдай терін сіңіріп жүрген өнер иелері аз емес. Архитекторлар: Т. Басенов, М. Меңдіқұлов, Н. И. Ри- пинский, А. А. Лепик, А. Қапанов, Ким До Сен туралы айту керек-ақ еді.


«Қысқа энциклопедиядағы» Қазақстан архитектурасы мен көркем- өнеріне, қолөнеріне арналған мақала халқымыздың өнер тарихының бел- белесін алдымызға тартып, жақсы үлгілерін әлемге мәшһүр етіп тұр.


«Қазақ әдебиеті» газеті, № 19.


6 май, 1966 ж.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу