26.02.2022
  170


Автор: Уәлихан Шот-Аман Ыдырысұлы

СӘТТI САПАР

Үстiмiздегi жылы шiлденiң 2-сi мен 4-i аралығында Премьер-министр- дiң орынбасары, Бiлiм және мәдениет министрi Иманғали Тасмағамбетов бастаған Қазақстан делегациясы Моңғолияда болып қайтты. Делегация құрамында академик Манаш Қозыбаев, түркiтанушы ғалым Алтай Аман- жолов, жазушы, Ақселеу Сейдiмбек және осы жолдардың авторы болды, кейiнiрек бiзге Қазақстаннның Моңғолиядағы елшiсi Қуаныш Сұлтанов қосылды. Бiздiң басты мақсатымыз — ұлан-байтақ Моңғолия жерiндегi көне түркi жазу ескерткiштерiмен танысу, келiссөздерiмiз келiссе, келешек- те бұл жаққа ғылыми экспедиция ұйымдастыру бүкiл түркi халықтарына ортақ ескерткiштердiң көшiрмесiн алу. Осы бiр әдемi идея делегация бас- шысы Иманғали Нұрғалиұлын қатты ойландырады екен. Оның арманы Қазақстандағы және басқа жерлердегi көне жазба ескерткiштердi (ең бол- маса көшiрмесiн) бiр жерге жинап, «Көне жазбалар алқабы» атты аспан астындағы мұражай жасау көрiнедi. Жол бойғы әңгiме-дүкен тек осы жайлы болды.


Арнаулы ұшағымыз Ұланбатыр қаласының «Буян-Ухаа» аэропортына келiп қонды. Бiздi Бiлiм, мәдениет, технология және ғылым министрлiгiнiң мемлекеттiк хатшысы Р. Бат-Эрдэне және осы министрлiктiң Мәдениет және өнер департаментiнiң директоры Н. Уртнасан қарсы алды. Бiздi Моңғолия астанасының ең көрнектi «Шыңғыс хан» қонақ үйiне орналастырды. Бұл да болса осы елде болып жатқан көп өзгерiстердiң бiр нышаны. Он шақты жыл бұрын мұнда болғанымызда, Шыңғыс ханның мұражайындағы суретiн көрiп фотоға түсiрейiн дегенiмде, рұқсат етiлмеген едi. Ал қазiр, моңғол азаматтары Шыңғыс хансыз сөз сөйлемейдi, әрбiр сөздерiнде оған деген сенiм, күш, мақтаныш байқалады. Тiптi Шыңғыс ханды өзiне тели сөйлеген бiреулерге сенiмсiздiкпен, қызғанышпен қарай ма деп қалдым.


Н. Уртнасан мырза маған: «Жолдастарыңыз сiздi Шыңғыс ханның 23-ұрпағы деп жатыр. Оны сiз қайдан бiлесiз, дәлелi болса, оны қайдан алдыңыз», — дедi. Байқаймын, жымыңдаған көзiнде сенiмсiздiк байқалады.


Мен: «Бiрiншiден, мен — қазақ хандарының ұрпағымын. Олардың бәрi Шыңғыс ханның үлкен Ұлы Жошыдан тарайды. Мұны академик В. Бартольд растайды. Шыңғыс ханның үрiм-бұтағын зерттеп жүрген моңғол академигi Нацагдрож да бұл деректерге үлкен сенiммен қарайды, ол кiсiмен бiз өзара өте сыйласпыз».


Бiздiң делегация Моңғолияға Қазақстандағы Жошы хан мавзолейiнiң макетiн алып барып сыйлаған едi. Министрiмiз И. Тасмағамбетов бұл ескерткiштiң реставрациясына көп қаржы бөлiнiп жатқанын айтқанда, моң- ғол ағайындар дән риза болды, бұл оқиға олармен руникалық ескерткiштер жайлы нәтижелi келiссөз жүргiзуге де себiн тигiздi...


Үшiншi шiлде күнi тікұшақпен Ұланбатырдан 360 шақырым жердегi Хархоринге, өзiмiзше айтсақ, атақты Қарақорымға ұшып келдiк. Бұл өлкедегi Архангай аймағының Хашаат самоны Көшөө Цайдам деген жерiнде Күлте- гiн кешенi орналасқан. Аты әйгiлi ескерткiштi 1889 жылы Орыс жағра- пия қоғамының Шығыс Сiбiр бөлiмi ұйымдастырған, Шоқанның досы Н. М. Ядринцев бастаған экспедиция ашқан едi. 1891 жылы академик В. В. Радлов та Моңғолияда болып, ескерткiштi егжей-тегжейлi зерттеп (Моңғолия көне ескерткiштерiнiң атласы» («Атласы древностей Монго- лии»), деген атпен тамаша кiтап шығарды. Кiтапта суретшi С. М. Дудиннiң, академиктiң баласы фотограф екен, оның суреттерi пайдаланылыпты (Осы сирек кездесетiн, аз данамен шығарылған кiтаптың бiр данасының И. Тасмағамбетов мырзаның жеке кiтапханасында болуы бiздi сүйсiндiр- дi. — Ш. У.)


1958 жылы чех археологы Йисл моңғолдармен бiрге Күлтегiн кешеннiң әу бастағы қалпы қалай болғанын зерттептi. Ол бойынша құрылыс шығыстан батысқа қарай созылған 80х40 шаршы метр жердi


 


 


алып жатыр. Кiреберiс қақпада ғана үзiлген, айнала тереңдiгi екi метр ор. Құрылыс ауданы балшықтан қаланып, ақбалшықпен сыланған, төбесi күйдiрiлген кiрпiшпен (черепица) жабылған, қабырғамен қоршаған. Кiреберiс қақпа алдында бiрiне-бiрi қарсы жатқан тастан қашалған екi қойдың мүсiндерi болған. Кiрген соң, алдыңызда тас жол жатады, өн бойында артық суды сыртқа шығаратын құбырлары бар көлшiк.


Көлшiктiң төр жағында, мрамор тасбақаның үстiне қойылған жазуы бар атақты Күлтегiн бiтiктасы. Тасбақаның мүсiнi мәңгiлiктiң символы болса керек.


Археологтардың болжауы бойынша, ескерткiш о баста шағын жабық бөлменiң (павильон) iшiнде болған көрiнедi. Павильонның төбесiне шатыр (черепица) жабылған, қабырғасы ақпен ақталыпты. Павильон- нан әрiректе шаршы (10.25х10.25 м) пішінді храм болыпты. Iшiнде құрмалдық шалатын ошақ және Күлтегiн мен әйелiнiң мәрмәр мүсiн- дерi орналасқан екен. Храмның архитектурасында қытай әсерi бар. Қабырғаға терракоттан салынған айдаһарлар, шатырдың қайқайып барып бiткен бұрыштары, ақ қабырғаға әлемiштелген қызыл жолақ- тар — соның дәлелi.


Храм мен павильонның ортасындағы жолдың екi жағында, биiк- тiгi адам бойындай болған, сарай қызметкерлерiнiң тас мүсiндерi орналасқан, олар мәңгiлiк күзетте тұрғандай әсер қалдырса керек.


Ал үш шақырымға дейiн созылған балбалдар тiзбегi осы кешенге келiп тiреледi, бұрын бұдан да көп болса керек, сақталғаны 169-дай ғана. Бiз Күлтегiн кешенiне келгенде, басында түрiк ғалымдары жүр екен. Бi- тiктас целлофанмен жабулы тұр, себебi жапондықтар да зерттеумен айналы- сып жатқан көрiнедi. Ал Бiлге қағанның бiтiктасы бөлiнiп-бөлiнiп жатыр. Тас мүсiндердiң бәрiнiң де бастары жоқ, қағылып қалған екен. Будда мо- нахтары қыс қатты болып, тапшылық көрген жылдары бар пәленi осы- лардан көрiп қиратқан екен дейтiн деректер де бар. Көп бүлiнген жазу ескерткiштерiнен көшiрме алудың оңайға соқпайтынын да сездiк. Осы тастар алынған жерден жаңа тас тауып, бiзге дейiн өткен ғұламалардың бұлжытпай қағазға түсiрген еңбектерiн пайдалана отырып қана дегенiмiзге жетуге болар едi... Профессор А. Аманжолов түрiктермен оңай сөйлесiп кеттi. Киелi тастардың әрбiрiне жақындағанда, ондағы жазуларды оқи бастағанда, үлкен толғаныс құшағында болғандығын, осы бiр тарихи минуттарға аса зор мән беретiндiгiн байқадық. Алдын ала айта кетейiн, бiз кейiнiрек барған, Ұланбатырдан 35 км жердегi, Орталық аймақта орналасқан Тонұқық ескерткiшiнiң жазуы бiрсыдырғы жақсы сақталған екен. Бiздiң көшiмiзге кейiнiрек қосылған моңғол-қазақ ғалымы Қаржаубай Сартқожаұлы бұл елде ғылымға әлi белгiлi болмай жатқан талай дүниелердiң барын баян- дады. Егер Моңғол мемлекетiмен келiсiмге қол жетсе, бiрге экспедиция ұйымдастырсақ, тарихтың тың беттерiнiң ашылатынына көз жеттi.


Моңғолияға барсаң, аты аңызға айналған Қарақорымды көрмеуiңе де, оған бармауыңа да болмайды. Мейлi, одан түк қалмасын, ескi жұрт-ақ бол- сын! Бiз Қарақорым жұртын көзiмiзбен көрдiк. Мен ата-бабамнан қалған iз бар ғой деп, жерiне шалқамнан түсiп жаттым да...


Қарақорым қаласы Орхон өзенiнiң оң жақ жағасына орналасқан. 1220 жы- лы оны Шыңғыс хан Моңғол империясының астанасы деп жариялайды. Қаланың өсу, гүлдену шағы Үлгедейханмен (1128–1241) байланысты. Бұл қаланың сыр-сипатын дүние жүзiне әйгiлi жиһанкездер Марко Поло, Пла- но Карпини, Гильом де Рубрук қалдырған. Олардың айтуынша, қала биiк, бекiнiс қабырғамен қоршалыпты, төрт кiрер қақпасы, он екiдей құдайға құлшылық ететiн ғибадатхана болыпты.


Қаланың күн сәулеттi ғимараттарының бiрi, Мөңке ханның бұйрығымен 1256 жылы салынған бес қабатты будда храмы едi. Оның биiктiгi кейбiр жерде 93 метрге жетiптi, енi 22 метр екен. Төменгi қабатындағы арнайы жасалынған қуыстарда бурхандардың түрлi мүсiндерi орналасыпты. Француз жиһанкезi Гильом де Рубрук хан сарайының алдындағы фон- танды былай суреттейдi: «Таза күмiстен жасалған жапырағы жайқалған ағаш түбiнде төрт күмiс арыстан жатыр, аузынан қымыз төгiледi. Ағаштың iшi арқылы төрт түтiк жоғары көтерiлiп барып, төмен иiлiп тұр. Иiлген басы жыланға ұқсайды, өзiне алтын жалатылған. Жерден берiлген бұйрық арқылы жоғарыдан әр жылан бiрi қымыз, бiрi шарап, бiрi бал, бiрi күрiштен жасалған сыраны саулатады. Мұны жасаған француз шеберi Вильгельм ағаштың шар төбесiне сыбызғы ойнаған қанатты перiштенiң бейнесiн мүсiндеттi...»


Жүз қырық сегiз жылдық ғұмырында Қарақорым қырық жыл бойы аста- на болған. Сан рет өртенген, таланған, ақыры өшiп тынған. Қарақорымның орналасқан жерiн ХIХ ғасырдың аяғында орыс ғалымдары тапқан. 1948– 1949 жылдары кеңес-моңғол ғалымдарының жүргiзген қазба жұмыстары көп нәрсенiң сырын ашты. Кейбiр табылған заттарды (арыстанның тас мүсiнi, шырағдандар) бiз Қарақорым ескi жұртының жанында салынған Эрдэнэ Зуу ғибадатханасының ауласынан көрдiк. 1586 жылы салынған бұл кешен- нiң де аты әйгiлi, ол қасиеттi Баруун-Зуу, Их-Зуу және Зуун Зуу атты үш храм- нан тұрады. Бас храмда көптеген бұрхандардың мүсiндерi орналасқандық- тан, ол «мың құдайдың храмы» деп аталады. Эрдэнэ-Зууда 1792 жылы 62 храм, 500-ден аса басқа құрылыстары болған екен, «құдайсыздар» зама- нында вандализмге ұшырапты. Ғибадатхана базарынан Иманғали iнiмiз қаңылтырдан жасалып, майысып қалған будданың мүсiнiн сатып алды. Ал- дында бiздiң де көзiмiз түскен едi, артынан тексерсек, ықылым заманда жасалған дүние екен. «Iздеген табады» деген осы...


Ұланбатырға келегеннен кейiн, Қазақстан мен Моңғолия арасында Тарихи және мәдени ескерткiштердi қорғау жөнiндегi келiсiмге қол қойылды. Құжаттың бiр пунктiнде көне түркi жазуларының көшiрмесiн алу туралы да айтылған едi. Бiзге Бiлiм, мәдениет, технология және ғылым министрi И. Лхачважава мен Моңғол Ғылым академиясының президентi Б. Чадраа құрмет көрсетiп, сапарымызға сәт тiледi.


Сөз соңында айтарым, И. Н. Тасмағамбетовтың мұрындық болғысы кел- ген «Көне жазбалар алқабы» туралы тамаша ойы. Мен оны «Көне түркi жа- зу жазирасы» деп атар едiм. Жазира деген сөз — кең-байтақ, ұшы-қиырсыз деген ұғымды бере алады, шынында да, көне түркi жазуы әлемi ұлан-асыр ғой. Бiз келiп, көргенiмiздi саралап үлгергенше, Иманғали мырза Ақмоладан келешек алаң үшiн жер алып та үлгерiптi.


Менiң ойымша, осы «жазираның» басты элементi, рәмiзi ретiнде Есiк қорғанынан табылған жиырма алты әрпi бар тостағанды алуымыз керек. Бiз- дiң заманымызға дейiнгi VI–V ғасырларда туған дүниенi бетке ұстасақ, бiздiң тамырымыздың тереңде жатқанын көрсетер едiк. Егер «жазирамыздың» Қазақстан картасы ретiнде пiшсек, республикамыздан табылған көне жа- зуларды, байырғы ескерткiштерiмiздiң әрқайсысын өз аймағына қоюға болар едi. Қазақтағы «дүниенiң төрт бұрышы» деген ұғым — күрделi ұғым. Iрi-iрi ескерткiштердi төрт бұрышқа қойсақ, қалғандарын орналасты- ру қиынға соқпас. Бiр сөзбен айтқанда, «жазираның» жоғары дәрежедегi көркемдiк шешiмiн табуымыз керек. Iске сәт, ағайын!


«Ана тiлi»,


№35, 28 тамыз, 1997 ж.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу