Өлеңдер ✍️
ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН МАРЖАН ЕСЖАНОВА айтысы
Дәулеткерей:
Біз қазақ әлімсақтан көшпендіміз,
Емгенбіз адалдықпен төстен де уыз.
Қанжығамыз майланып әр сапарда,
Бос қайтып көрмеп еді бөктергіміз.
Маржан ақын кеп отыр қапталыма,
Айтыста суыратын сертпен қылыш.
Жауға шапқан Зарина, Тұмарлардай
Майданда қай жігітке дес бердіңіз?!
Әселхан апамыздан тәлім алып,
Дей алман жыр додада сескендіңіз.
Таң асырып тұлпарың қайта мініп,
Ордалы Оңтүстіктен қош келдіңіз!
Айналайын ағайын,
Жіберіп тізгін ат басын,
Аламаныңда шапқасын,
Көңілдің алтын қақпасын
Көрерменіме айқарып.
Қапталыма қарасам,
Құнан қойдай ойқастап,
Дөнен қойдай бой тастап,
Маржан да кепті-ау жайқалып.
Аянып мен де қалмаспын,
Атыма қамшы басайын,
Жырыммен шашу шашайын,
Тайбурыл аттай тайпалып,
Шалқұйрық аттай шайқалып.
Ал, Маржан, енді көрейік,
Өлеңнің басын жіберіп,
Өр Алтайдан қайтарып.
Алатаудың шыңына
Жырменен жүзік, ай тағып.
Шабытыңызға қонса екен
Райымбектің рухы
Тастайтын жауды тойтарып.
Атаңның алтын намысы
? ????????.
???? ??? ????? ???????,
???????? ????? ???????,
????????? ????? ??? ?????,
???????? ???? ????????!
Ақындығыңнан байқалып.
Азат күн тұрса басыңда,
Қазақтың жырын айталық,
Көңіліміз сосын жай тауып,
Көркейіп елге қайталық!
Маржан:
Демеңдер Маржан бүгін тек тұрғандай,
Тығылып тамағына кек тұрғандай.
Аруақты батырларды шақырғанда,
Кеудеме қыз да болсам кек тұнғандай.
Батыр қыз, аруақты қыз деп ед Дәулет,
Маржанның шабыты да тек тұрғандай.
Мына біреу найзасын ала салып,
Шіркін-ай, жауға шапқым кеп тұрғандай!
Сегіз қырлы сұр жебе
Секірген аңды сұлатар.
Сегіз қырлы сұр сөздер
Ақырған ерді құлатар.
Балғынбекпен айтыстым,
Мықты еді ол да бір атар.
Бойында батыр қаны бар
Қыздарды жігіт ұнатар.
Астаналық жігіттер
Тек Маржанды сұратар.
Екеуміз де мерген ек,
Кімнен де бұрын кім атар?
Алайда мен әйелмін
Жылатып тұрып жұбатар.
Дәулеткерей:
Ағайын, бас қосқасын тойыңда аман,
Керек-ақ әрбір істі пайымдаған.
Қобыландының тұқымы деген едім,
Маржан қыздың болған соң жайында алаң.
Найзаны ап жауға шапқым кеп тұр дейді,
Әрине, түсінікті жайың маған.
Дегенмен, Маржан әпке, ескерерсің,
Жігіт ем мен додадан тайынбаған.
Басынан дулығасы түсіп қалып,
Нарқыз да қыз екенін мойындаған.
Маржан:
Отыр ғой үмітіңді ақтап балаң,
Ерлігін Нарқыздардың тоқтатпаған.
Бауырың тым биікке көтерді деп,
Мен сені анашыма мақтап барам.
Астаналық он жігіт келсең дағы,
Мен бүгін биігімді сақтап қалам.
Басынан дулығасы түссе дағы,
Намысын Нарқыз ешкімге таптатпаған.
Назарды бұрсам Дәулетке,
Дәулет бітпес сәулетке.
Егеухан анаң тойғызған
Өлеңге сені жөргекте.
Жалғыз өзің шаппассың,
Қалғандай жалғыз жер-көкте.
Шап бергенге тап берсе,
Сол айтыс қызық көрмекке.
Дәулеткерей:
Айналайын Маржан қыз,
Ағыла сөйлеп жатырсың,
Жүрегің сөйлер ақынсың
Алашыңа езуден
Өлеңмен енші бөлетін.
Аянып мен де қалмаспын,
Тары түссе таңдайдан,
Маржан түссе маңдайдан,
Тәңір не салса көретін.
Жаныңыз неткен нәзік ед,
Айтысқанда алқада
Достықтың гүлін егетін,
Адамдық нұрын себетін.
Анамды айтып кеттің ғой,
Қулықтан туған құбаша
Ененің сүтін еметін.
Анамды айтып жатырсың,
Мәңгілік менің ақылшым
Мейірім нұрын төгетін.
Айналайын Маржан қыз,
Жырың болса, айтшы, төгетін.
Маржан:
Қазақтың жараспайды менмендігі,
Қай кезде солай сөйлер сенген де ұлы.
Анаңның ерлігі емес жеңгендігі,
Шын ерлік дәл осында келгендігі.
Дәулеткерей:
Жатқа намыс жіберу затыңда жоқ,
Кеудеңде тұнған кезде лапылдап от.
Алматым бар қазаққа – Алтын Ордам,
Бұрғандай мәңгі жайнап ғасырға бет.
Тәңір берген қазақта ерлер барда
Ешқандай дұшпандарға бас ұрмап ек.
Дәм-тұзымыз жарасып азаттықта,
Ешқашан елдің құтын қашырмап ек.
Екіталай күн туса ел басына,
Елдің туын ұстайтын батыр қажет.
Тәңірім, талапайға салма елімді,
Ел басқарған ерлерге ақыл қажет.
Бүгінгі баба тойы құтты болып,
Бағың жанып, өссе екен басыңда көп.
Райымбектей ұл туған Жетісуым,
Жер жаннаты болмасқа хақың да жоқ!
Айналайын ағайын,
Алласы сый қып беретін
Ақынның тілі алмастан.
Батыры қылыш қандасқан,
Қазақтай батыр ел едік,
Қазақтай ақын ел едік,
Заманнан заман алмасқан,
Қағаннан қаған алмасқан.
Сонау бір сұрқай заманда
Сумақай қолы дұшпанның
Жағаңа келіп жармасқан.
Райымбектей бабамыз
Алла деп атқа қонғанда,
Көбесін сөгіп жебесі,
Төбесінде ойнап алдаспан,
Адырдан ары жау қашқан.
Сол бабаның тойын да
Бүгінде тойлап отырмыз,
Танымай тарихымызды
Жетпіс жылдай шаң басқан.
Бабамның беріп көз жасын,
Азат күннің арайы,
Мөлдіреп тұр ғой мәңгі аспан.
Қасымдағы Маржан қыз,
Құрсағын құлын кеңіткен,
Құлын мен тайын ерткен
Мама биедей маң басқан!
Маржан:
Қазақта нағыз ақындар
Осылай жырды төгеді.
Ақындары бар осындай,
Жаныңыз жайсаң кең еді.
300 жылдығын тойлаған
Райымбек нағыз ер еді.
Інісі өлсе ағаға
Мінсін деп тұлпар береді.
Бұдан кейін, қазағым,
Батырың қалай өледі,
Ақының қалай өледі?!
Жомарттығын қазақтың
Жырлай бергім келеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter