Өлеңдер ✍️
ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН ШЫНАРБЕК ҚАБИЕВ айтысы
Дәулеткерей:
Бісміллә, тілге келсе төкпе өлеңім,
Халқыма қарызымды өткеремін.
Ақ шағыл, арман құшқан Маңғыстауға
Аққудың қанатымен жеткен едім.
Алдыңа ықыласың алып келді,
Шаттықтың шалқар күйін шерткен елім.
Ордалы облыс тойы құтты болсын
Өткерген бастан тағдыр өткелегін.
Арман қалам – Ақтауым қырық жаста,
Желкенін желге керген көк кеменің.
Қашаған ата аруағы ырза болса,
Мен қалай шабытымнан шектелемін?!
Арқалап Астанамның аманатын,
Тойларың тойға ұлассын деп келемін.
Сұнқарын шыңыраудан шыңға ұшырған,
Тұлпардың ізі қалған бөктер едің.
Маңғыстаудың мәйегін кетірмес деп,
Азамат тойларына бек сенемін.
Пешенесі бақ пенен ырысқа бай,
Көсегесі көгерген көкбөрі елім!
Жортқанда жолың болсын, ал, Шынарбек,
Отырсың қазынамды аршып ал деп.
Аманат арқалаудан қайыспайтын,
Сенемін, сен кәтепті нар шығар деп.
Құрсаң да қарсыласқа қасқыр қақпан,
Ойлама бөрі жігіт қансырар деп.
Жаналқым айтысқанда жанұшырып,
Талантың тас тессе екен тамшыдай боп,
Адай ата қоныста жүрген ұлсың,
Шалқұйрық шабытыңнан шаң шығар көп.
Алысқаны құлайтын айбатынан
Қамыстағы жолбарыс аңсырар ме ед?!
Қараймын Қашағанды туған жұртқа,
Адайдың бір жүйрігі бар шығар деп!
Алтайдың аясында туып едік,
Ақтауға еркеледік, міне, келіп.
Жалт ұшқын, жасын шабыт жанарымда,
Айтыстың қолымызда туы берік.
Алмасын қызыл тілдің суырайын,
Қалмасын текті өнердің құны кеміп.
Маңғыстау, аталы елсің, баталы елсің,
Дегендей тектіліктің тұғыры едік.
Абылдың күйлерімен арқаланып,
Тәңірдің жатқандайсың нұрын еміп.
«Бекет» деп берекелі сөз бастасаң,
Атаңды Алла сүйген құлы дедік.
Шалдарымның аруағын шақырғанда,
Кең Маңғыстау кеткендей күңіреніп.
Қарсы алып жатқаныңда құшақ жайып,
Тамсанып ішімізден тынып едік.
Ал, Шынарбек, мерейің үстем болсын,
Қош дедік, пейіліңді жылы көріп.
Қараңды үзіп кетпессің қасымыздан,
Табан қызып тұрғанда жүгірелік!
Шынарбек:
Қызығын ұлы тойдың көрген елім,
Тойыңа мен де бүгін дем беремін.
Құтты болсын айтқаның ортақ болып,
Ақжайықтан алып ұшып мен де келдім.
Мэлстің ерте келген тұлпарларға
Тізгінін байлайтұғын белдеу едің.
Болғанда Дәулеткерей келген мынау,
Желкеніңді жетектеп дем беремін.
Адайдың әулиесі, әнбиесі,
Мен сенің аруағыңа сенген едім.
Тек қана әулиелер туғызды ғой.
Мұнайшы Төреғали еңбек ерім.
Дәулеткерей, қош келдің бұл өлкеге,
Сен де бір алысқанды жеңген едің.
Армысың, аналарым, жеңгелерім,
Тентек қып ұл туғызған кемдегенің.
Тойларың кұтты болсын тағы да айтам,
Қалықтап аспаныңа мен көремін!
Теңедің мені қасқыр қақпанына,
Риза боп мен отырмын шапқаныңа.
Отырсың кең көсіліп осы төрде,
Дәулетжан, маңдайыңа бақ дарыған.
Сені жұрт адай ма деп қалып жүр ғой,
Бұл жерде сөйлегейсің ақтарыла.
Қақпан құрып қайтемін мен өзіңе,
Тілекші боп отырам шапқаныңа.
Көзі бар сенде білім мол мұраның,
Біледі әрбір адам жолдық әлін.
Каспийге шағала боп ұшып келген,
Бұл дағы осы тойда болды мәлім.
Каспийге қанатыңды сулатып ап,
Мен сені Ақжайыққа қондырамын.
Ортаға ой бөлісіп тапқаныңды,
Кейінге қоя тұрып жаттауыңды.
Құлагердей көсіліп, мен тілеймін,
Кең далада сен бүгін шапқаныңды.
Үш жүз алпыс екі әулие қолдай берсін
Астанадан келген қос бақтарыңды.
Шабам деген жігітке от беретін
Маңғыстау ел еді ғой бақ дарулы.
Адай деген – мақтауды сүйетін ел,
Тағы да жалғап жібер мақтауыңды.
Дәулеткерей:
Шынарбек, шын сөйлейтін ағам едің,
Даланың жырмен сүйген ала белін.
Адай халқы мақтауды сүйер дерсің,
Көне қояр ма екен-ау оған елің?
Ақиқатқа тік қарап жүргеннен соң,
Бұлтарыссыз бермей ме бағаны ерің?!
Сені адай деп қалып жүр елім дейсің,
Демеймін мен адайдан шамалы едім.
Сабыр Адай деген де есімде бар,
Бұдан бір ақиқатты жаңа көрдім.
Дәулет Керей атымды ойласаңшы,
Демеймін ізіңізден саған ердім.
Арқыратып айтыста шауып жүрсем,
Келеді шапқан сайын шаба бергім.
Мэлс менің кескен-ді тұсауымды,
Мінеки, мәреңізге жаңа келдім.
Осыдан мені адай деп қалады жұрт,
Отырғам жоқ жорғадан тана көргім.
Анамызға сыйлаған Қатимолда
Қасиетін танырсың «Қаракердің!»
Мен жүрмін алты алаштың бағын жырлай,
Тәңірім текті өнерге табындырғай.
Ақтауға алғаш келген кезімізде,
Жаратқан тілімізден сабылдырмай.
Шынарбек, сен де маған жақсы айтасың,
Сезімге шын сөзіңді бағындырмай.
Батыстың мақамына салып жүрмін,
«Қарагерді» жүрісінен жаңылдырмай!
Аманатты болашаққа апарармын,
Демеймін мен артықтау атақ алдым.
Қақпан болман, дейсің ғой, шапқан болсаң,
Жолыма келмес кесе жата қалғың.
Тойына келген кезде, шапқылайын,
Кешегі жыр жампозы Қашағанның.
Шағала қанатымды сулап алып,
Деймісің Ақжайыққа апарамын?
Мен деген Ертіс бойлап өскен ұлмын,
Ертістен алты алашқа сапар алдым.
Жайыққа сен апарсаң мына мені,
Жайығыңа Ертісті қотарармын.
Мынау ел шабытыма бағыт берген,
Отырсың талантымды танып төрден.
Айтайық әңгімені осы жерде
Әдемі ақиқатпен әдіптелген.
Домбыраның киесін мен айтайын,
Жұлдызым боп жарқырар жанып төрден.
Алтай асып, Қытай асып босып кеткен,
Білесің, шығыстағы халықты, елмен.
Сен білсең, қасиетті сол «Қарагер» –
Атажұртқа қалың елді алып келген!
Шынарбек:
Шын жүйрік сөз таба алмай тосылғандай,
Бұл Дәулет қай ақыннан шошынғандай?!
Еркелеп сен отырсың елге келіп,
Шабытың бүгін жаңа ашылғандай.
Жайыққа Ертіс болып құям дейсің,
Шуағы екі жұрттың шашылғандай.
Ертіс боп қотарылсаң Ақжайыққа,
Болады үш жүз қазақ қосылғандай!
Қадірін білетін ер ағаның да-ай,
Тұлпардың саз баспаған табанындай.
Алладан әмір болып, дәм бұйырып,
Таттың ғой бұл Ақтаудың тағамын да-ай.
Сыйласа Қатимолда домбырасын,
Қадірін білген болар ананың да-ай.
Отырсың кереймін деп алып қашып,
Керей екенін біледі ел баланың да-ай.
Адайдың әнін айтып жүргеннен соң,
Мен сені адай ұл деп қаламын да-ай.
Келіп-кетпей жүріңдер қоныс теуіп,
Жүрсінші бұл Ақтаудан ән арылмай.
Дүркіресең дүлей боп осы жерде,
Мен есем теңіздің бұл самалындай!
Бұл жерге Ақтау тойын тойлап келдің,
Тәу етіп аруақтарға бойлап келдің.
Айбек болса бұл жерден қыз сұрайды,
Ал сен қандай бәлені ойлап келдің?
Дәулеткерей:
Ақындар алқаңызға талай келсін,
Жүзіңізден шапақты арай көрсін.
Айбекті қыз сұрады деп кінәлап,
Шынарбек бізден кінә санай берсін.
Жүреміз бір қазақтың әнін айтып,
Әнімізге ашылар сарай болсын.
Бұл Дәулет – керей болсын, адай болсын,
Халқының қажетіне жарай берсін!
Байқасам, бұл Шынарбек алдырмас қой,
Қозғалып орынынан тапжылмастай.
Дәулетке тәтті тілек айтып жатсаң,
Елімнен мен де бата алдым жастай.
Адай, керей жайын бекер айтқаным жоқ,
Ортада осындай да қалдырмас па ой?
Мысалға, иран асып, Хиуа көшкен
Адай мен Керей тағы тағдырлас қой!
Ал, енді, тілімізден жыр өңделсін,
Сабырым тілімізге үнем берсін.
Демеймін, Шынарбекпен айтысқанда,
Шау тартып, шабытымыз жүгенделсін.
Шынымен тұлпар болса бұл Шынарбек,
Көмбеге қос құлағын тігер болсын.
Бесқала, Түркімен мен Ташауызға
Кезінде жайлап, көшіп жүрер де елсің.
Алтай асқан, Қытай мен Моңғол асқан
Ақиқат айтып өскен ұл ем мен шын.
Ендеше, мына менен жалғыз тілек –
Бар қазақ Отанына түгел келсін!
Осылай бір сәлемді жолдағасын,
Алдымен ұлттың жайын толғағасын,
Демегін Дәулеткерей ауа сөйлеп,
Кетті деме шабысы болмағасын.
Қара көздер жиналсын шаңыраққа,
Аталар көлегейлеп жол қарасын.
Осылай ойымды айтып мен кетейін
Айтыста ақиқатты сомдағасын.
«Оралман» дейтұғын бір атымыз бар,
Берді деп айтпа оның кем бағасын.
Ақтауда ал, мысалға, мұнай көп қой,
Мұнайдың біледі екен ел бағасын.
Бірақ та сол мұнайдың құны қанша,
Оралманға жақсылап үй салмағасын?
Ақынын аялаған Ақтау елі,
Әкімің оралманға оң қарасын!
Шынарбек:
Дәулеттің нұр кіргендей ажарына,
Бүгінгі ұлы тойдың базары да.
Ұлтымның ұрпағының аз болуы –
Қоғамның кешегі аштық ажалы да.
Тек қана адай, керей емес деймін
Иранның асып кеткен ар жағына.
Осындай бар қасірет барлық кезде
Дүниенің ортақ болған қазағына.
Бірлікті ойлап өткен бабалардың
Ұрпағы бүгін бірақ азады ма?!
Алтынның сынығы да алтын болар,
Бұл қазақ ешқашанда тозады ма?
Мұнайым ырыс болып барлық елге,
Еш жамандық жоламасын қазағыма!
Қырсық адай ешкімге көнбейді ғой,
Болашаққа бір-бірден төрлейді ғой.
Өзгелерді қайтеміз біз кінәлап,
Тырнақ асты кір іздеу өнбейді ғой.
Тарихтың бетін қазып кінәламай,
Болашақты ойлауды жөн дейді ғой.
Өткенді жоқтағанмен, Дәулетжан-ау,
Қайтарып бізге ешкім бермейді ғой.
Тәуелсіздік ап жатыр Қазақстан,
Бұндай бақты бізге ешкім бермейді ғой.
Ешкімнің айтқанына көнбейтін ел
Көшеге де ешкім атын бермейді ғой.
Қазағым сезіп жатыр жылылықты,
Бүгінгі той жасаған күні құтты.
Алты Алашқа атағын мойындатқан,
Әулие аталарым ұлылықты.
Әр тасы толып тұрған тарихқа
Жеріңнің топырағы, құны құтты.
Басқалар «Адайстан» деп айтатын,
Бәрінен Маңғыстаудың жері құтты.
Дәулетжан, сен жарқ еткен елеспісің,
Немесе асу бермес белеспісің?!
Қос қанатын қияға қатар жайып,
Кәдімгі қырандармен теңесті шын.
Қашаған бабаларым ел қыдырып,
Хиуаға барып қайтқан емеспісің.
Сол жақта керейлерде қалып қойған
Қашағанның ұрпағы емеспісің?!
Дәулеткерей:
Орайлы әңгімені жақындатсақ,
Шынарбек Шынар деген атың жақсы-ақ.
Қашағанның ұрпағы емес пе деп,
Бұл маған бір шындықты мақұлдатпақ.
Жақсы атаның тұқымынан мен қашпаймын,
Егер де сынығына татып жатсақ!
Осылай саған жауап қайтарғасын,
Шындыққа шырай беріп айта алғасын.
Екеуміз біраз жерге бардық білем,
Тұлпардың тектілігі байқалғасын.
Ырзамын, Маңғыстаудың маңғаз елі,
Пейіліңе шомылдырып қайтарғасын.
Ақындарға өкпеңіз жоқ та шығар,
Алдыңда алқызыл гүл жайқалғасын.
Ендеше, мына бізден жалғыз тілек:
Маңғыстау, шаңырағың шайқалмасын!
Жатқасын Алтай таумен кенерелес,
Демегін бұл дағы жай өнер емес.
Ақынның қызыл тілі балға сынды,
Ол қалай тасқа шеге шегелемес?!
Текті көріп отырмын Шынарбекті,
Атасынан баласын бөлер емес.
Айбек қыз сұрап кепті деп бір айттың,
Мен бүгін күтпеймін ғой сенен егес.
Сұрарым ел-жұртымның ықыласы,
Басқа маған ештеңең керек емес.
Шынарбек:
Ағайын, көріп тұрсың жол ұстамды,
Қыраның қияларға мол ұшқанды.
Дәулеткерей көрсетіп тектілігін,
Өзінің қазақтығын дәл ұстанды.
Кешегі Кеңес лаң салған кезде,
Қазақтың бар даласы орыстанды.
Партияның қитұрқы саясаты,
Бәрі де орыстану жол ұстанды.
Тәуелсіздік келгесін тәубе дедік,
Еліме бақ дарыған ырыс қалды.
Жаңағы өзің айтқан оралмандар
Маңғыстауда Жаңаөзенге қоныстанды.
Келуге ешкімді олар шектемейді,
Атажұртқа келгенді ешкім тек демейді.
Қазақ деп сіңірейік ортамызға,
Оралман деген сөзге өкпелейді.
Қайтеміз бауырларды сыртқа теуіп,
Не заман өтіп кетті өтпегейлі.
Шеттегі барлық қазақ келсе дағы,
Маңғыстау кең даласы кет демейді.
Айтыста халық берер төрені де,
Қызыққа бүгін елім бөленуде.
Дәулеткерей, Айбектей қос ұлың бар,
Жолықтым айтыстың қос береніне.
Алла жар, әулиелер қолдап тұрса,
Мен сенем, қазақ жетер дегеніне.
Ақынның сөздеріне куә болған
Халқым да сыймай жатыр кемеріне.
Адайдың ықыласы болмаса егер,
Дәм жазып Дәулеткерей келеді ме?!
Мэлс пен Дәулеткерей бар кезінде
Далаңа Ұлытаудың керегі не?!
Атыңнан айналайын, Дәулеткерей,
Жыр десе бүлкілдесін әу деп көмей.
Қырандай қалықтай бер көгімізде,
Аман жүр, құлағыңа дау жетпегей!
Кезің бүгін қыран боп қомданатын,
Көлінің сәні бүгін болған ақын.
Қайтеміз адай, керей болып біздер,
Кез болды қазақ болып ойланатын!
Дәулетжан, ән тамады таңдайыңнан,
Інінің жолықтырдым қандайынан.
Еліңе барған кезде аман жүрші,
Әр кезде Бекет сипап маңдайыңнан!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter