Өлеңдер ✍️
ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН ӘСИЯ БЕРКЕНОВА айтысы
Дәулеткерей:
Күмбір күй көкіректен шалқып ойнақ,
Көтерген қыран қанат халқы байрақ.
Армысың, мерекелік меймандарым,
Сөйлейін алдарыңда жарқын ойлап.
Ордасында Елбасы – жол басында,
Бұл күнде елдігіңе әркім айғақ.
Айтыстың да парызын қарыз қылмай,
Танытсам қара өлеңмен қарқын, айбат.
Ассалаумағалейкум, Астана елі –
Алашқа алтын тұғыр, алтын аймақ.
Жаратқан жыр бөлеген жөргегіне,
Сарыарқа, дұғай сәлем белдеріңе.
Алғаш қадам басқасын Астанама,
Еріксіз тасып толам ернеуіме.
Бас қосты бас ақындар, жас ақындар,
Жарасар именбестен төрлеуім де.
Алатау ерулік деп ерттеп берген
Бесті жырды байлайын белдеуіңе.
Танытып таланттылық тал бойымнан,
Алашым, тойыңа жыр, арнайын ән.
Қасымда Әсиядай әз анам бар,
Тартынбас тарланбозың қандайыңнан.
Алатаудай қасыма сіз келгенде,
Балапандай талпынам баурайыңнан.
Өзіңізбен кеп қалдым айтыспаққа,
Тұқыртып ұстамассыз шаужайымнан.
Тәуекел – тары түссе таңдайымнан
Немесе маржан түссе маңдайымнан.
Әзіл сөз арамызда десек те шет,
Ақындар адалдықпен есептесед.
Айтылар атымызға сынау, мінеу,
Көңілін көрерменнің қош етпесек.
Айтыстың тай қазанын қайнатарсыз,
Қозасын қара өлеңнің көсеп-көсеп.
Ал, апа, сөз тізгіні өзіңде енді,
Кезек-кезек сөйлейік, кесек-кесек.
Әсия:
Жыр қонып, жүрегімнен өлең көшкен,
Елімсің өлең десе елеңдескен.
Айтыстың ақ тұйғыны ұшпай тұрып,
Жөн болар жұртымменен сәлемдескен.
Сүйеушім сайыстарда деп білемін,
Шабытым шылбыр үзіп кетті менің.
Армысың, ақ жаулықты ана, жеңге,
Армысың, төбетейлі тектілерім.
Жырымның жарылғандай жанартауы,
Кездеспе тек көңілдің самарқауы.
Арқа мен иен дала қосылған соң,
Даланың сендерсіңдер Алатауы.
Қалайша жамандыққа қияды ішім,
Төгесің сұлу сөздің зиялысын.
Айтыстың «Ақ көйлегі» атанған сен
Егеухан анамыздың тұяғысың.
Кәусардай құяр бұлақ тұнығы да,
Төгілсін жырдың бүгін сынығы да.
Өзіңдей жыр-теңізден бастау алған
Алтынның қасиет бар сынығында.
Байқасам, жүрегіңнен ән атылды-ай,
Жыр болып бала сезім жаратылды-ай.
Балапан деп отырсың сен өзіңді,
Қатайтып жіберейін қанатыңды-ай.
Тіліңді жонылған бір оқ қылайын,
Пейліңді жыр сезіммен тоқ қылайын.
Қайнатшы жыр қазанын, балам, сірә,
Мен сөзім соған тиер шоқ қылайын.
Демегін бүгін, сірә, налып шығам,
Салымды, сірә, суға салып шығам.
Анамын баласы үшін жан беретін,
Тісіммен тістесем де алып шығам.
Дәулеткерей:
Анашым жол бергесін айта бер деп,
Алашқа жыр арнайын байтақ ел деп.
Анамыздан ақ бата ап келіп тұрмын,
Айтқандай «ат орнына тай төлеу» деп.
Қасыма келгеннен соң аяулы анам,
Саңқылдап мен сөйлейін саяңда аман.
Мен бүгін кемеріңнен шалқытайын,
Бастау ап қара өлеңдей бай арнадан.
Әйтпесе, өзенсіз ғой тасып-тасып,
Ағысы бүгіндері баяулаған.
Астана жұртым, алашым,
Соқпағың сонау заманнан,
Бүгінде заман жаңарған.
Жүйткіген көңіл көк дөнен,
Қиялым менің шабарман.
Айтысқа шыққан ұлыңмын,
Алашқа ақын саналған.
Лебіз естіп қайтайын
Әсия сынды анамнан.
Анамыз халық ақыны,
Айтысқа шығып талай жыл,
Самай да шашы ағарған.
Халықтық атың биік қой,
Мен қалай асам қамалдан?!
Тексіздің тілі түрпідей,
Мен жаңылмайын тобамнан.
Бетсіздің бірі мен емес,
Қадалған жерден қан алған.
Шындығын айтсам дәл қазір,
Мен-дағы ақын ананың
Құрсағында жаралғам.
Бесікте көрген тәрбием,
Айтысқа шығып анаммен
Тізгінді тартып қала алман.
Тереңге бойлап толғасам,
Ақындар мінген сұр қасқа
Шаба алмаса, ұр басқа.
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сертіңе серік болайын,
Тоқтамай шауып тынбасқа.
Өкініш кетсін өзектен,
Астары арзан бөз өткен
Матаның даңқы бір басқа.
Мәйегі арзан сөз өткен
Атаның даңқы бір басқа.
Айналайын анасы,
Балаңның бағын жандырар,
Құмарын елдің қандырар
Құнарлы тілмен жыр баста.
Әсия:
Сөзім бар сезіміңді ұршық қылар,
Күй сарнар жаныңды тек бүршік қылар.
Ағысың баяулады деп айтасың,
Толқын бар талайды әлі тұншықтырар.
Анаңа семсер сөзбен сайланып өт,
Көңілді демдеп, сірә, жайланып өт.
Отырсың қамалсың деп, сірә, мені,
Есігін аша алмасаң, айналып өт.
Есті жан есті сөзді ұғынады,
Демеймін балам сасып бұғынады.
Үлкен тас сүріндірмей құлатады,
Көтерген тасқа танау жығылады.
Деймін тек көңіліңді жай алайын,
Алақан тосып сені аялайын.
Аспаса арнасынан асып-тасып,
Баламды мен де ана боп аялайын.
Түссінші бүгін, сірә, жыр сабына,
Отыр ғой көп те, міне, жыр сағына.
Ақындар ешқашанда өзі туған
Түкірмес сол ананың құрсағына.
Дәулеткерей:
Анамның жырлары бар алмас кілең,
Тақырға тары өспейтін салмас түрен.
Анамның алақанында аяланып,
Толғауды тоқсан ауыз жалғас қып ем.
Мен сіздің толқыныңа тұншықпаймын,
Мәреден бақ күтетін марқасқа ұл ем.
Бақ сынасам деп келгем алдарыңа,
Таза бұлақ тақырда қалмас білем.
Мен дағы желпінбеймін желектеп құр,
Шабытым қазір менің шелектеп тұр.
Апасы, құлағың сал, ал, ендеше,
Бір-екі ауыз сөз айтуым керек боп тұр.
Балаң ем мұңы бөлек, сыры бөлек,
Отыршы жырларыңмен жылы демеп.
Шеттегі шерлі жүрек қандастардың
Тыңдаңыз бір-екі ауыз мұңын елеп.
Ашынып артық айтсам, кешір, ана,
Демегін неге бала күңіренед?
Оралмандар жайында сөз айтпақпын,
Үкіметтің құлағының түбіне кеп.
Ашқанмен құшағыңды айқарып құр,
Шаттығы көңілдердің шайқалып тұр.
Азаматтық ала алмай өз елімде –
Ашынып айтатұғын жайт анық бұл.
Елге ел қосылғанда құт деуші еді,
Отанға құйылардай жайқалып нұр.
Үкімет бізге көңіл аздау бөліп,
Келген бақты керген бақ қайтарып тұр.
«Келін, келін, келін-ақ,
Келген жылы сөзін бақ.
Мен келгелі жеті жыл,
Сөйлегенім бүгін-ақ».
Алдыңа келдім айтқалы
Ақиқатын қандастың,
Сырымен қоса мұңын ап,
Жылы да жауып қоймаспын,
Қымтап мен оны жылылап.
Халықтың анам ақыны,
Бір-екі ауыз сөз айтайын,
Деп ойлаймын ұғынад.
Тарихқа бір шегініп,
Шежіреңді, елім, ақтардым,
Орыстың болсаң да отары,
Ошақтың отын өшірмей,
Одан да аман шақ қалдың.
Полигон жарып жеріңде,
Азабын тарттың ақ қанның.
Желтоқсан желді түн еді,
Қабағына қан қатқан күн.
Алды-артыңа қарамай,
Көп ұлтты Қазақстан деп,
Шаттандың да мақтандың.
Одан да қалдың аман-сау,
Болғасын текті ұрпағы
Сары алтын киген сақтардың.
Тәуелсіз елім қазақ деп,
Қазағым бүгін азат деп
Шабыттандым, шаттандым.
Құттықтау айтып тойыңа,
Тілектен тұмар таққанмын.
Осындай үлкен тілекпен,
Егеменді елім болған соң,
Алтайдан көшіп Арқаға
Аңырап келе жатқанмын.
Ата да жұртпен табысып,
Ағайыныммен қауышып,
Жамырап келе жатқанмын.
Шет жерде көңіл шеменді,
Сезініп елде еркін мен
Жадырап келе жатқанмын.
Қошеметіңді, қазағым,
Қабыл ап келе жатқанмын.
Отан деп соққан жүректен
Жаныңа жігер күш берер
Жалын ап келе жатқанмын.
Ата да салтын сақтаған,
Бұзылмаған қазақтың
Қанын ап келе жатқанмын!
Шабытым менің келгесін,
Балаң да былай шешілед.
Алтайдан көшің жеткенде,
Мақтадыңдар бәрің де
Ғасырдың ұлы көші деп.
Атажұртқа келгесін
Көңілім де өсіп ед.
Тағы да қарпып айтайын,
Азаматтық ала алмай,
Тойлауға да қатыспас,
Сайлауға да қатыспас,
Елге келген қазақтың
Еркіндігі осы ма ед?!
Қазақты қаны жуас ел дей ме екен,
Алтын ел ақиқатқа шөлдейді екен?
Қышымайды қасқа бас деп айтушы еді,
Үкімет өзі біліп көрмей ме екен?!
Әсия анам халықтың ақыны ғой,
Мұңыма менің көңіл бөлмей ме екен?!
Менен гөрі сөздері салмақтырақ,
Жоғарғыға жеткізіп бермей ме екен?!
Әсия:
Айтысты мына бала аттан қылды,
Қазағым, алашым деп мақтан қылды.
Арман не, айтты балам көкірегінде
Шер болып, бүгін мұң боп қатқан жырды.
Әрине, мен емеспін поштабайың,
Деп едім, балам, сенен дос табайын.
Айтқаның жай сөз емес, елдің зары,
Қалайша мен сөзіңді қоштамайын?!
Деймін ғой тек сүрінбей жосыл да отыр,
Жетекке құлындайын қосыл да отыр.
Зорлама, сірә, балам, терді төгіп,
Еститін бүкіл құлақ осында отыр.
Алашым, алты мына арыс аман,
Демеймін бар ісіңнен қалыс қалам.
Хан естір айтқаныңды, жаным балам,
Отыр ғой ортамызда Әбіш ағам.
Жеңіл сөз ілінбейді байлауыңа,
Жыр кептер қонар, сірә, жайлауыңа.
Қақылы қосылсыншы оралмандар
Келесі Парламенттің сайлауына.
Бұл балам көңіл жырын есіп көрер,
Жылы сөз естігенді несіп көрер.
Отыр ғой Сенаттың да өкілдері,
Мәселе оралманға шешіп берер.
Төмен бе оралманның азығы да,
Құлақ сал бұл баланың назымына.
Отаным, елім деп бір, еңіреп бір,
Келгені оралманның жазығы ма?!
Болып тұр бұл заманның бәрі қайғы,
Күтпейік тек өмірден сары майды.
Бауырлас аузы асқа жарымаса,
Алаштың аузы асқа жарымайды.
Артылар мол болса да төгіп ішкен,
Жариды өзі еңбекпен егіп ішкен.
Қаны бір қазағымыз қайтып келсе,
Жарасар ағайынға бөліп ішкен.
Не пайда атың көпке жайылғаннан,
Не пайда елсіз өскен жай ұланнан?!
Не пайда қара қазақ халқыма тек
Төбедей бір байларың байығаннан?!
Қол салар елдің ащы жарасына,
Ой салып Алаштың кең даласына.
Оралман баспанаға зар боп жүрсе,
Коттежді салып берер баласына.
Демеймін елден артық салық төлер,
Пайдасын сол теңгенің халық көрер.
Оралман бір ақысын ала алмаса,
Байларым «Мерседесті» алып берер.
Жан балам, ерттемегін жайдақ әнін,
Көрермін елдің әлі сайрағанын.
Апаңа өкпе айтып отырсың ба,
Айтқаным сені, сірә, қайрағаным.
Жан едім жел сөздерге желікпеген,
Өлеңнің жақұттарын теріп келем.
Жарамас жас қыранға жөргегінде
Жарбақтап жапалаққа еліктеген.
Естідім жан жаратын толғамыңды-ай,
Наразы бұл еліңе болғаныңды-ай.
Жан балам, мен көрейін қанат қатып,
Сенің де, сірә, қыран болғаныңды-ай.
Дәулеткерей:
Халқымның мен балайын нарқын шыңға,
Ал, балаң асқарларға талпынсын ба,
Тері тұнып бапталған тұлпар болса,
Аламанда жер қауып алқынсын ба?
Тыңдайтын барлық құлақ мұнда дейсіз,
Ендеше, сол құлаққа «алтын сырға».
Жырымды мен қайтейін, енді үдетіп,
Шабытым айдаладан келді жетіп.
Жеріне жеткіздің-ау, Әсия апам,
Ағыңды қара демей теңбіл етіп.
Жайыма қосылғасын мына менің,
Жүрегімді жібердің елжіретіп.
Бала ма анасының қолында өспес,
Мен емес азаматың сенім кешпес.
Ендеше, ана, сізге рахмет,
Балаң ем ақ самайдың жолын кеспес.
Біз болып Астананың қоналқасы,
Айтыстың бал ағызған омартасы.
Көңілің қияларға шарықтасын,
Қыранның асқардағы қонар тасы.
Ана жақта қой десе ағаларым,
Болғандай бұл сайыстың жол ортасы.
Айтыстағы жағылған алау жырдың,
Суымай тұрған кезде қоламтасы.
Әсия:
Орынды, сірә, сөзге талас бар ма,
Жақсыдан жамандарды аластар да.
Жүрегің елжіресін, жаным балам,
Жасыма мынау тұрған Алаш барда.
Келген соң ерік жырдың жорғасына,
Ақ тілек күтіп отыр ел де асыға.
Астанам айналсыншы, асыл елім,
Бұзылмас бірлігіңнің ордасына!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter