24.02.2022
  492


Автор: Тұңғышбай Әл-Тарази

САРЫАРҚАДАН САЛҒАН ӘНДІ АЛАТАУДАН ТОСТЫ ЖҰРТ

(Астана театрының Алматыдағы гастролінің аужайына салынған зер)


 


Алматыдағы гастрольдік сапарын «Абай» қойылымынан (М.Әуезов, Л.Соболев; «Абай», реж. Әлімбек Оразбеков) бастағанарманқала астаналықтардың екпініат шаптырғандай болғаны рас. Орынды, елордамызға орын тепкен, тегеуріні мықты, телісі құрықты театр. Қалай тайраңдаса да, тотай еркелесе де ерікті. Жүйрік болғаны, биік болғаны елге сын. Бұл жолғы сапардың мақсат-мүддесі де құптарлық. Алматы – мәдени, ғылыми, талғами, өрелі интеллектуалды орта, оған сөз жоқ. Ұлттық театр өнерінің атасы, қазақтың өнер керуенінің өрелі көшін бастаушы, елдіктің, кемелдіктің ұранын тастаушы, елбасы саясатының белсенді қоштаушысы. Қазақ елінің қай кемеріндегі болмасын, қазақ-орыс театрларының апталап келіп, жата-жастана ең жақсатты өнерін көрсетіп, «бата» алып кететін бақуат қала бұл. Актерлеріміз осында оқыған, режиссерлеріміз осында  «тоқыған», суретшілеріміз де сызуын осында «сызған». Арамза молда болатын аңқау ел де жоқ мұнда, талғамы биік тәрлі көрермен бар. Қалпыңның парасын, қарым мен өренің сарасын, қолтық сөгер шабыс пен қара жаяулықтың арасын көрсете алатын кәделі жұрт керек-ақ. Ол – Алматы. Жаны шыға, жан ұшыра мақтайтын жалпақшешейлердің жалғаны мен шынын ажырататын естиярлар облыстық театрларда жетіп артылады, алайда оларға керегі, әрине, ауыр да болса, әділетті талдау ғой. Арқадан қағып, «сен жақсы да мен жақсы» деген аярлықтың құйрығы бір-ақ тұтам, бұл да анық, дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Сапар шымылдығының ашылуына алқымға шыққан


«әкемтеатрдың» ақсақалдары мен боссақалдары аталы сөз айтып оңдыра алмағанымен, босаға аттаған қонақтарға деген еректі елпілдеу, ыстық ықылас аз-кем болса да байқалған. Салақтау көрінген алматылықтардың қарсы алу салтанатына орай, астаналықтардың өнері пысықтау шықса екен деген тілек бізде, көрерменде болғанын ашық айту керек. Жоқ, шымылдық ашыла бере, сахнадағы әжептәуір әсемдік пен тазалықты көріп, тебіреніске толған тілеуіміздің теріске шықпағанына қуандық. Қараңғылық сейіле бере, қақ ортадан дөңгеленген таза дүние іспетті құшақа сыймас шар көрінді... Бәлки Жер, бәлки Шер шары. Ол шар әлден уақытта көкке көтеріле бере айнала қоршаған Абайдың шәкірттері, кейінірек ауыр мұң арқалаған Өзі де көріне бастады. Ол кенет екі Абайға жарылды...


Қойылым осылай басталды. Спектакльдің сүйрікті қалпына, суретіне, декорацияға көз салдық, қап, әтеген-ай, екі қапталдан созыла әлдебіреуді іліп алғысы, әлде әлденеге


«үйреткісі» бар асауға салар құрықтар көріне бастады. Құрықтар,.. қайдан көріп едім, ә, есіме түсті,.. бұрын болған. Мыслы, Ерғали Оразымбетовтің 2002 жылдары қойған


«Қозы Көрпеш – Баян сұлуында». Хош деңіз, Абайдың алты жасар балаға да таныс «Жүрегімнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла...» деген жолдармен кестеленетін кесекті өлеңі оқыла бастады. Өлеңі бітер- бітпесте, оң қапталға барып, артына көз тастады, біреу- міреуді іздегендей, әлдекімнің кезегі келгендей ме, қалай?!..


 


Рас екен, түкпірден тағы бір Абай бізге қарай емініп келе жатты... Бұны да бір жерден көрген сияқтымын,.. е,.. елуінші жылдары Шәкен Айманов қойған қойылымды елестеткен екен ғой... Онда оң қапталға келіп ақыл айта бастайтын актердің қолында кітап бар еді дейді көргендер, естуімізше, әлгі кітаптың бетінде не жазылғанын оқыған сайын сол уақиға айна-қатесіз сахнада қайталанады екен. Сонымен,


«үлкен Абай», солай да, солай қарағым, мыңмен жалғыз алыстым,.. деп зарлаған сайын Кіші Абайдың басынан небір «құқайлар» өте бастайды, үлкен Абай соған қар-р-ап тұрады! Мен ұқпай отырған ұтымды шешім шығар деген дәмемен шыдамымды шақырып отыра бердім. Онысын ауыздықтай алмаған Болат Атабаев бірінші көріністен соң- ақ залдан шығып кетті, оған мұндай театр ұнамайды, ол тек қана эксперименттік қойылымдарды ғана мойындайтын болған. Онша оңып тұрған қасиет емес. Театрлардың бәрі де спектакльдерін атабаевша теріс қою міндет емес қой, деп, ол қылығына іштей қарсылық жасағандай болдым...


Спектакль бітті. Сонымен, нендей құбылыс болды, жалпы, қойылымның құны қандайлық, көркемдік сапасы мен салмағы қай деңгейде деген ой қамап, алдымен алған әсерлерімізді қорыта келгенде, әркіммен бір ұрсысатын пендеки Абай бар да, ақын Абайды іздеп таба алмағанымызға көзіміз жеткендей... Тағы да сол өз қазағымен ғана ұрсысып,


«қайран сөзін қор қылған, тобықтының езіне» өкпелеп, аяғы жер иіскемейтін, кестелісөзінкезкелгенжерге тықпалап, ақыл мен нақыл айтып жүрген, ет пен сүйектен жаралған кәдімгі адам сияқты кісіні емес, мүсін Абайды көрдік. Пайғамбар ақынды қалай асқақтатсақ та орынды, алайда бізге ол кісінің пенделіктен көтерілу сиқырлары мен ойшылдық өлшемге өту құпиялары қымбат қой. Кіші Абайды «қадағалап», кіріспеске кірісіп, өзімен-өзі күйіп-пісіп, арагідікте кішісімен қол алысып амандасып жүрген үлкен Абай (Т.Мейрамов), жалпы қойылымның архитектоникасына, эстетикалық ерекшелігіне нұқсан келтіріп тұрғандай ма, қалай?.. Қысқасы, көзге шыққан сүйел сияқты, адамның зықысын алғандай... Ойыны да, сөз саптау мәнері де, жүріс- тұрысы да сол баяғы, «байғожаның таяғы», осыдан қырық


 


жыл бұрынғы «шеберлік». Осы орайда, ойымда көптен бері қонақтап жүрген, сахнадағы кестелі келетін шешен сөзге қатысты, кәсіби маман ретінде маза бермейтін мына бір теориялық талдау көлденеңдей  берді... Қарсы  алдыңдағы


«қан шымылдықтан» алатын алғашқы әсерде, ділмар сөзбен көркемделген рольге актер тарапынан көп күш жұмсаудың қажеті жоқ секілді көрінеді. Өз сөзіңді дәл және мәнерлі дауыспен жеткізе алсаң, шығармашылық табыс өзінен өзі келетіндей көрінетіні бар. Көптеген актерлер шешендік сөзден құралған монологтарды асықпай, әр сөзді нақ жеткізсе болды деп есептейді. Әдетте, көп жағдайларда олар дауыстың екпініне күш салады. Осы орайда В.Немирович-Данченко былай деген екен: «...актер-орындаушының шеберлігінің ең көп бөлігі қай «сөзден» басталуға тиісті дауыс екпінін табуға бағытталады. Ал, актер-тудырушының, керісінше, сөзі табиғи, жеңіл және кезінде айтылуға тиісті, «тілге жеңіл, жүрекке жылы» (Абай) боп көрінеді, сонда әлгі сөзді қалай айтам деп тыраштанудың да, ойнайтын кейіпкерінің сыртқы күйзелістерінің көріністері туралы күшенудің де, зорайтып ойлаудың да қажеті болмай қалады [Немирович-Данченко В.И. В спорах о театре, СПб. 1992. 82 б.]. Мысалымыздағы алғашқы сөз болған актерлік ойынның қателігі – сөздің жетегінде кеткендігінен туындайды. Сөз қаншалықты көтеріңкі, әсерлі де әдемі, тіпті сұлу да-уыспен әуенді айтылып, ерекше маңызға толы болса да, нағыз суреткер – актер әуелі кейіпкерінің өмірімен терең танысып, тыныстауы керек, оның сөзін суық қайталаумен шектелу аздық етеді, және де ондай үстірт әсірелік шынайы өнер де емес. Актердің жан-дүниесі, парасат-парқы, интеллектуальдық өресі мен оның жүрегімен жеткізетін пьеса мәтіні ол жасаған сахналық кейіпкер бейнесіне жымдасып кіріккенде ғана образ сәтті болатын сияқты. Біздікі ғана жөн деп көкірек қақпай-ақ қоялық, алайда адалы осы екені анық. Өз басымыздан өткен соң, академик Әлкей Марғұланша қиыстырсақ, «бірдеңе білген соң» айтамыз да.


Әлімбек Оразбеков режиссер ретінде әдемі ізденістерімен ауызға ілігіп жүрген жүйріктердің бірі. Сырт көзге бәрі де оңай көрінеді ғой, болмаса, тарғыл заманда жазылған


 


ұлы Мұхаңның табиядай өрілген пьесасының тінін бұзбай жаңа жолға салу, жаңа қалыпқа көшіру онша оңай толғақ емес шығар. Сөз театрына арналып жазылған дүниені әрекетті қойылымға айналдырудың машақатын бір кісідей ұғуын ұғамыз-ау, бірақ қайтып?! Қалай?! Дегенмен, суретшінің аса сараң қаламынан туған, тап-тұйнақтай таза жасалған декорация, режиссерге артық-ауыс тұрмыстық күйгелектіктен арылуына мегзегендей... Осы мақсатпен ойға келген пьесадағы қысқартулар дұрыс жасалған сыңайлы, алайда уақиға желісі сығымдалған соң, Қанікей, Көкбайлар, Әзімхандар араласқан әңгіме желісі «әумиін» болғандықтан, ойынның өн бойында кісі өлімі көбейіп кеткен. Айналасы жиырма минуттың төңірегінде Айдар, Әбіш, Мағаш сахнада кезек-кезек ажал құшады. Қойылымның «есігінен сығалағандай» ғана салдарда қалған бұл үшеуі де, Ажар бейнесі де, Әйгерім де көмескіленіп кеткен. «Аңқау елге ақыл айтып жүретін» жалғыз орыс Долгов та қысқарып кеткен соң, Абайдың үйін тінту себебі де сендірмейді. Ол сахнаның режиссерлік шешімі сөз қылуға тұрарлық па, қайдам, әйтеуір сол тінту «операциясына» қатысқан кейпі ұсқынсыз солдаттарды ығыстыра шеттетіп, «қуып шыққан» Абайдың шәкірттері мен тілеулестерінің «революциялық демонстрациясы» сияқты мизансцена – мақтаулы Әлібекті әуелеп тұрған әп-әжептәуір биігінен солқ еткізіп қара жерге бір-ақ түсіргенін көргенде, тілден қалып, күлкіміз тыйлды, кіретін тесік таппадық... Әйтсе де...


Жалпы, спектакльдің көркемдік стилистикасы назар аударуға тұрады. Ерекше эстетикасы бар, таза қойылым... Тек құрықтарды айтам да, бір жерде көріп қойған соң, көңіл шіркіннің түкпіріне қонақтамай-ақ қойды, амал не. Қайталаулар бола береді ғой, «онда тұрған не бар дейсің» деп, сарсаң болған санаңды сабырға шақырасың, көнесің. Яғни, өзіңді-өзің зорлайсың... Ал, өнерге зорлық жүре ме?.. Әйтсе де...


Екінші, кіші Абайдың гриміндегі Нұркен Өтеуілов жақсы актер екен, тілі таза, сахналық сүйкімі мол. Соңымыздан ерген кейінгі толқындардың легінен Нұркен тақылеттес актерлер некен-саяқ екенін еске алсаң, Өтеуіловке кәдімгідей


 


елжірей бастайсың. Еңбегі адал, есі толық, өнерпаздық табиғаты ешбір селкеусіз жаралғандығының куәсі сол емес пе, қойылым біткенше Нұркеннің соңынан еріп, әрбір айтқан сөзіне сеніп, тілеуін тілеп отырасың. Бұл – табиғи дарын, актерлік табыс. Жалпы бұл жас өрен астаналықтардың шығармашылдық ұжымының жауһарларының бірі десе де болғандай. Сонан соң, театр үшін жаралғандай, қарасаң көз тоятын, құшақтасаң құшағың толатын Ерлан Малаев та осы сипатқа лайықтының бірі. Керімді түйсініп ойнайды, сахнада еркін, қимыл-әрекеті шынайы. Бір байқалған нәрсе – ол өзі өте қымбат нәрсе – жастардың көбі сахнада еркін «өмір» кешуге ұмтыла-тыны көзге ұрып тұр,


«театрша сөйлеу, әртісше ойнау» деген қазақы сахналық жабысқақ дерттен аман екен. Тек сол еркіндік, бара-бара әлдебір алдымыздағы апайтөс ағаларымыздың адами һәм артистік тайраңына, әпербақандығына ауысып кетпесе жарады... Басқа актерлер нұсқалаған Тәкежан, Нарымбет, Оразбайлар Абайға лайықты қарсылас бола алмай қалғаны да көңілді қабаржытты. Қарсыластар «лагерінен» жалғыз Жиреншеге ішің жылиды, Жанқалдыбек Төленбаевтың орындауындағы бұл образдың ішкі иірімдері, сөз әрекеті, ой ағысы оң назарыңды аударады. Қойылымда айтпай кетсең, атасы өлетін бір кешірілмес салақтық бар, ол – Сырттан бидің келеке-мазақ бейнесі. Қазақта би – қабырғалы ұғым. Сойылға көнбей, сөзге ғана құлайтын сүйекті жұрттың сындарлы сипатындай. Тырыли арық, табаны бұдырсыз бұла актерге бұл рольді бере салу – қателік, тіпті немкеттілік, спектакльдің тініне түскен сызат. Актер жетіспесе, Еркін Жуасбектің өзі-ақ ойнаса болғандай екен, әгәрки әлдебіреулердей алғашқы мамандығы актерлығынан айнып, «ұялып», сахнаға шығуға «арланып» жүрмесе, азын-аулақ ғалымдығы адымын қысқартып, жаңа басталған басқармалығы терісін қалыңдатып жібермесе... Бұл қуыршақ театры емес қой, кір- қожалаққа мән бермей, күресіннің шаңын көтере салатын!


Астаналық театрдың актерлік труппасының іріленіп, қомақтыланып келе жатқаны осы сапарда өте орнықты көрінді. «Менмін» деген актерлер   мен   актрисалар қатары молая түскені, осы театрды арғы-бергі қалыптасу


 


кезеңдерінде басқарған Жақып Омаров, Қадыр Жетпісбаев, Әзірбайжан Мәмбетовтердің қажыр-қайраттары, төккен терлері текке кетпегені, тілектері тепкі, еңбектері еш болмағаны қуантады. Алматыдан, ары мен беріден аттай қалап алдырған өнерпаздардың алпыс пайызы ұжымнан ойып   тұрып   орын   тепкендігі   көрініп-ақ   тұр.   Әзірге


«адасып» жүргендері де жетерлік шығар. Әуезов театрынан тұра «қашпай» өз қалауымен, жанұялық себептерімен ауысқан Қазақстанның халық артисі Гүлжан Әспетова осы театрдың діңгекті, үлкен суреткеріне айналып үлгергеніне куә болғанымызға қуанғанымызды айта кеткеніміз жөн болар. Әуезов театрында жүргенде өзімізге әпкелігінен әріптестігі басым, әрі қадірі қымбат болған Гүлжанды көп жоқтағанымыз, өзгеге қимағанымыз да рас. Сол себепті суреткерлігі мен сүйкімі артық партнеріміздің барған жерде бағы ашылғанын тілеп жүргеніміз жасырын емес-ті. Осы айшықты ойларымызға сүйрікті себеп – біз көрген келесі қойылым. Ол – Джон Патриктің «Қымбатты Памелла» атты аса қуатты, көрнекті, ойлы, білікті пьесасының режиссер Ю.И.Ханинга-Бекназар сахналаған спектаклі. Өте тамаша! Міне, нағыз өнер, көркем дүние! Пьеса да, режиссура да, актерлер ойыны да айыз қандырарлық болып шыққан. Басты рольдегі, әзелдегі әңгімемізге арқау болып отырған Гүлжан Әспетова мұнда нағыз хас шеберлерше аспандаған. Бәрі де орынды, бәрі де шынайы. Ойындары мен мінез-құлықтарында,   сахналық   көңіл күй, рольге қажетті психофизикалық қалыптарында, тіпті бүгіндергі тал бойында ешбір мін жоқ, өнерпаздық өресінде ешқандай жасандылық та, өнерпаз ретінде өзге елдің өзек- қалыбына қол жүгіртерде көбіміздің желі-көгенімізден, нұсқа-ұсқынымыздан көрініп қалатын «қазақбайшылық» та жоқ. «Әкемтеатр» деп әспеттеген ата театрымызда сол Әспетоваңыз «тұсалып», қысылып, булығып, «шығар төрге шыға алмай, жығар жерде жыға алмай» жүрген екен- ау деген де ой қылаң бергені жасырын емес. Ал, мұнда, сарайы молынан ашылып, қалықтап ұшып, қанаттанып, суреткерліктің шынайы биік өлшеміне көтерілген Әспетованы, «аруақты» актрисаны көрдім, көрдім де тоба


 


қылдым, «тіл-аузым тасқа» деп ырымдап, айналама түкіріп те қойдым! Өзгелердің қаңсығын таңсық көріп, онысы мен мұнысындай екен деп, өлшем көріп, теліп, теңестіріп әлек болатын әуейі жұрттығымыздан жеріп, өз жүйріктеріміздің жыртығын жамап, алқалап, аялағанымыз артық болмас. Әспетова кешегі кеңесті қойып, бүгінгі биік деп жүрген бірсыпыра елдердің ерке актрисаларынан еш кем емес. Сахна сиқырының бірден-бір куәсіндей, кейіпкержандылық мектебін еркін ауыздықтаған, өз өнерін ессіз сүйген, айналасына шығармашылдықтың шынайы шуағын шашқан арқалы актриса Гүлжанды «төңіректеген» жас буын өкілдері Нұркен Өтеуілов, Алтынай Нөгербек те сол шуаққа шомылып, актерлік шеберліктің пилотажын көрсетті деп айтуға болады. Қыр арқасында қырықтан астам роль ойнап тастаған кәнігі «қақпас» емес, жап-жас Нұркеннің қолтық сөгер қабілеті таң қалдырды, кеудесіне нан піскен кердең актерлердің көбінің тағдыр-талайына жазбаған, сахналық образ жасаудың керемет мысалын көрсетті. Табиғилықтың төрінен көрінетін әрбір іс-әрекеті, үстіне не кисе де жараса кететін, онша көзге ұра бермейтін шағын дене бітіміне қонған өнерпаздық қуаты, сахнаның о шеті мен бұ шетіне, асты мен үстіне зыр жүгірген күйгелектігі, жанын қоярға жер таппаған мазасыз кейпі ешбір ерсіліксіз, мінсіз, түсінікті, ұғынықты. Бір қарағанда қарапайым боп көрінетін орта бойлыдан сәл ғана асатын нәзіктеу жаралған қалпы, оның өнерпаз ретіндегі биіктігін, салмақтылығын, тереңдігін паш етіп тұрғанын көріп, ырза көңілдің тоғайма күйін кешесің. Бұл


– жүйріктіктің, алымды актерлік шеберліктің белгісі, роль табиғатын түйсініп, еңсеріп, оның ішкі-сыртқы қалпына еніп қана қоймай, қазақы ұғыммен айтқанда ұңғып, ноқталап, тұсап, «ерттеп мініп алу» өлшеміне көтерілгендігінің айғағы. Өтеуіловтың өрнекті суреткерлігі, драманың уақиғасын ойнап шығу ғана емес, оған деген өзінің адами көзқарасы мен кезеңінің жара-дертін бағалау қасиеттерінің, аламанға айтар ойының, ақыл-есінің толық, ет пен сүйегінің пәлсәпәлық, шын өнерпазға ғана тән шер-шемендіктің, өре биіктігінің көрінісі. Кейпіне енген кейіпкерінің кестелі, қызғылықты   һәм   қисынды   әрекеттерінің   жүйе-желісі,


 


анықтығы қанық мақсат-мүддесі, көкейкестісі, алға тартқан арман-алданышы ап-айқын, әмбеге түсінікті. Ақша мен байлықты армандайтын, кәдімгі өзіміз күнде көріп, кездесіп тұратын пәкене пенделіктен, парықты пәтікке, парасатты кісілікке көшуінің жымы білінбей жымдасуы да, ең бастысы


«мен осындаймын» деп күжіреймеуі де, басқан ізі білінбеуі де, шіренбей міндетсінбеуі де шеберліктің құзар шыңы. Сымбаты келісті Сырым Қашқабаевтың да өнерпаздық мүмкіндіктері асып-төгіліп жатқаны, адами һәм сахналық сүйкімінің молдығы – ертеңгі алар биіктіктерінің берік баспалдағы. Қып-қысқа ғана эпизодта басты рольге барабар салмақ көтерген Ерлан Малаевтың кәнігі шебердей ақаусыз мүсінделген актерлік жұмысына, зергер ұстаның зерлі өрнегіндей өрілген өнерпаздық табысына риза боласың. Әрине, қоюшы режиссердің бұл тұста, ала бөтен бөлек қалып, қиыннан қиысқан көркемдік шешім іздеп әлек болмағаны айдан анық. Өйткені драманың өзінің негізі, тіні, сүйегі асыл. Пьесаның ешбір қоспасыз, қарау өтіріксіз, ойдан шығарылған шикі уақиға желісінсіз, күшеніссіз, жеп- жеңіл әрі қарапайым құрастырылғанына тәнті болып, шіркін, біздің жазғыштар неге осылай жаза алмайды деп жігерің құм болады екен. Қысқасы, бұл қойылым кез келген алыс- жақын шетелдік театрлардың өре-қарымымен бой таластыра алатынына ешқандай күмән жоқ, «біздерде де осындай бар» деген орынды мақтанышпен иық теңестіруге болады.


...«Үйдегі көңіл-қарықты, базардағы нарық бұзады» деген мағнасы терең мақал, адам баласының алай-бұлай күйінің барометріндей екен. Алдында ғана айшықты спектакль көріп, алқын-жұлқын болып алабұртқан көңілдің су сепкендей болғаны қиын түйін. Бүгінгі күннің тақырыбы, жастар проблемасы дегендей болған келесі спектакль («Махаббат мелодрамасы». Авторы Қанат Жүнісов, реж. Болат Ұзақов.) кешегі көрікті ойымды күл-талқан етті! Міне, осы қойылыммен өздерінің облыстық, ауыр болса да, аузымыз бармаса да айтайық, перифериялық театр екендігін көрсетіп алды. Драматургиясы солғын, режиссурасы күлгін. Ал, кеше ғана тәнті етіп, айналасына сүйкім шашқан талантты актерлер мұнша өтірік табиғилыққа барады деп


 


ойламаппын. Болат Атабаевтың залда болмағаны жақсы болды, Асқар Тоқпановша айғай салар ма еді, әлде қандай жағдай болар еді! Әңгіме желісін өнердің тар жол тайғақты соқпағы жайлы өрбуін ниет қылған автор (Қ.Жүнісов) мақсатын ұғуға, құптауға   болар,   алайда   ол   ойдың әдіра қалғанын көріп, жайғаса отырған күрсімізге сыймай, ілгерілі кейінді ырғалақтап әлек болдық. Өкініштісі, (әлде шыны солай ма) автор да, театр да өнер жолының қиындығын продюсердің төсегіне жатумен, режиссердің құшағына кірумен пайымдайды екен. Ол мәселе адамның жеке шаруасы емес пе, әнші ме, сауыншы ма, әкім бе, археолог пе, кәсіпкер ме, нәсіпқор ма, мейлі, әркім өз ышқырына өзі ие болуы керек қой, асылы. Кім көрінгеннің көрпесінің астына сығалау емес қой, өнер мұраты. Өмірде шәнда- шәнда кездесіп қалатын нас қылық – назар салып сөз етіп, оны көзіқарақты көрермен алдына тосатындай, қоғамның көкейкестісі қылатындай тақырып емес еді. Драманың басты проблемасы ол емес, өнерпаздықтың толғақ-талайы, артист деген әуейі де арманшыл халықтың ғазапты еңбегі, жанын жалаңаштап, шынына қосып мұңын шерткен, құпиясы мен сырын ашып санатты ортаға салуға мәжбүр ететін сахна сиқыры, кезеңінің тезегін, заманының жарасын, қоғамының наласын арқалаған шер мен шемені, шығармашылдық өренің өлшемі, талант деген құдіреттің құны, өнер жасаудағы тәр мен талғам түйсігі, суреткерліктің санатты әлемі болса керек-ті. Бұл ойларға тамаша дәлел болатын, әлгі сарауыз продюсерді сахналаған, сары тісті болып қалған Кеңес Нұрлановтың келеңсіз, нұрсыз ойыны да аз «көмек» жасап тұрмағанын ауыр болса да айтуға мәжбүрміз. Алматыдан аттай қалап, аттандырып көшіріп алғандардың ішінде, артистігінен азаматтығы артығы екеу болса бірі өзі еді Кеңестің. Сахналық сүйкімі анасынан дарығанмен, суреткерлік пәтігі кем түсіп жатқанын көріп, қатты қынжылдық. Жігіттігі асқанын талай көрген Кеңесіміздің орындауға ыңғайлы-ақ рольді еңсере алмай, шығармашылдық ебедейі қашқанын жақсыға жори алмадық. Бұл жерде рольдің астарын ашып бермеді, драмалық негіздегі бары осы, қойылымның шешімі шала болды деп, өкпені өзгеге, режиссерге, авторға арта салуға


 


дайын тұратын бәлеқор көңіл де көжеқатықтыққа жарамай тұр. Әншілігіне ғана емес, сұлулығы мен сүйріктігіне қызыққан еліккіш сезіммен бе, әлде шын сүюден әукесі түсті ме, осы екі араның ара-жігін ашып алу керек пе еді, және олардың біріне ең негізгі жетелейтін күш ретінде табынған дұрыс па еді? «Мен оған ғашық болып қалдым, Оспан» деген салқын сөздері әлгі екеуінің бірінің де маңайына жуымай тұрғанын, я жүректен, я еркектік ұлы сезімнен шықпағанын


«қашан өлетінін ғана білмейтін» мен де, кеще емес көрермен де сезіп отырды-ау, шамасы. Ал, өзім бір кісідей сөзі де ісі де саф деп білетін Кеңес те, ол сезімді ешқашан ойыншыққа айналдырмайтын мен және мен тақылеттестер де, әйелге, төмен етектіге деген Аллаһтан келетін ақиқи тартылыс күшін тазалық пен әсемдіктің аспани әлемінен келетін құдірет деп білеміз емес пе, ендеше оны соншама кірлетпей, қожалақтатпай, пәктікке суарылып, сұлуландырып суреттесе керек-ті. Қарау өмірде онсыз да қарабайырланып бара жатқан, адамзат баласына ғана тән, өзіндей қарсы жыныстыға құмар қылған хас қызығушылықты кепиеті кеткен киноны қойып, енді театр сахнасынан садыраласақ, не болдық!? Жерде жатқан нанды көтеріп биікке қоюды әдет қылған қасиет дарыған қазақ, аяқасты болып жатқан ұлы сезімді аспандатуға бейім емес пе еді! Пьесада жоқ болса, мейлі, автор қасыңда емес пе, ол да өнер адамы, тіпті ақындығы да бар деп естідік, айтысып, тартысып дегендей, актерлік һәм адами позицияңды дәлелдеп, ықылық ата ықпал етпеуші ме еді ортақ іске?! Режиссерге құл, авторға тұл болмауды біздер бастап, Кеңестер қоштап, актерлік өнердің сөз ғана жаттайтын жаппарқұл-орындаушылық қана емес, керек десеңіз кісілік, құтты біліктік қадам, тұлғалық қасиет екенін айтып қана емес, айғай салу керектігінің кезеңі келгені қашан, тіпті уақыты өтіп, көштен қалып барамыз емес пе!?


Эдуардо «әріптестің» әдейілеп меңзеп айтатынындай,


«тоғызыншы кейіпкерге», залдағы көрерменге, яғни бізге құлақ тосар болсаңыз, берер «жауабымыз» тәтті емес, осыдан сәл жоғарыда түзілген тотыяйын қосылған таттай болып тұр, құрметті астаналық әріптестер. Сахналық бейнені өмірдегі өзінің   мінез-құлқына   теліп,   үйреншікті   ым-ишаратына,


 


күнделікті сөз саптау әдетіне, «барымен – базар» пайым- парасатына ғана иек артпай, ой қатпарын қалыңдатып, өре сүбесін семіздетіп, мақсат-мүддесін пісенттеп, тырп еткізбей кісендеп, шідерлеп, бұғаулап алуға әбден болатын басты рольді пышыратып, көңілсізден туған көзсіз баладай сенімсіз шимайлағандарыңызға қарадай күйініп, ішіміз іріді. Образдың сызығы да, қызығы да жоқ, қарсы алдымыздағы қан шымылдықтың аржағындағы қасиетті мекенде, кепиетті сахнада өзіміз күнде көріп, қол алысып жүрген кәдуілгі Кеңес қана кердең қағып, қаңғалақтап жүр. Сахнада өзін- өзі ойнауға хақылы, кәдімгі деуге тұрарлық қазақта бірді- екілі тұлғаның ғана хұқығы болған, олар Қаллеки мен Серке, Құрманбек пен Рахия, Сәбиралар ғана болатын. Қалғанымыздікі құр арамтерлік. Құлаққа сырға, иекке сақал, көзге кірпік жапсырып әлектенген әпербақандардікі бекер тыраштану. Көрерменге Кеңестің Кеңес екенін дәлелдеудің аулы а-алы-ыс, мекерленіп міндет қылуға әлі ертерек-ті. Сахнаның кепиеті дегеннен шығады, бұл қызықты қараңыз, өмірде өте сүйкімді Кеңестің сол кештегі сахнада құты қашып, біз түгіл қыз көз тартар түгі қалмағанын айтуға аузым бармаса да, амал жоқ, айтып, «Платон – досым, бірақ шындық қымбат» деген Аристотель ақылгөйдің пәдәрлі һәм пірлі сөзін арашаға шақыруыма тура келіп отыр.


Қойылымға қатысқан басқа өнерлілер жайында да намысымыз буып «жағадан алардай» жанайғайға салуға болар еді, бұл жолы «ет бауыр, емшектесіміз» Кеңесті ғана


«құрбандыққа» шалдық. Әйтпесе, ылғи да үміттендіріп жүретін Болат Ұзақов та, табиғатынан тәрбиелі Қанат Жүнісов те, погоны жарасты полицейді оңдыра алмай, ардың-күрдіңделген, одыраң-содыраңдаған, себепсізден- себепсіз «адал» адам бола қалған әпендіні жасаған Жәнібек Мұсаев та, алпысыншы жылдардан адасып, әжептәуір жасты артына қалдырған осынау күнәһар жердің үстінде емес, аспаннан түскендей болып, апырақ-тапырақтанған, басқаны қойып кезінде кеңес өкіметі де орнамаған аңқау ауылдың адамы, тіпті телевизор көрмеген, түктің мәнісін білмеген апасы болып жүрген актрисамызға не жорық? Кезінде талай биіктікте көрінген, сүйкімі мен суреткерлігі ешкімнен кем


 


емес келбетті жан Жанат Чайкина да, бүгінгі күннің заманауи өнерпазы дейтін, жаңашыл дейтін, жас дейтін, кеше ғана бәлки білікті, бәлки құрықты ұстаздың алдын көрген дейтін, Кеңестің емес, көрерменнің, біздердің биік талабымыздағы, ұшқыр қиялымыздағы кейіпкер Әмірдей азамат жігіт


«ғашық» та болатындай, естен танып асық та болатындай ештеңесін көзіміз шалмаған шошақай қыз Ақсәулеңіз де көңіл толтырмады. Естуімізше, бағдарламада жазылғандай екінші құрамдағы артистер де аз тер төкпеген болар, оған шәк жоқ, бәлки біз іздеген табиғилық пен шынайылықты солар тапқан болар, «көрген көзде жазық жоқ», оларды көрудің реті келмегеніне өкініштіміз. Көрсек, бәлки, бұл одағай ойларымыз бен солақай сынымыздан қайтармыз, кім білген!? Бәлки, Алматыда ғана ауытқып, ал Астанада қарық қып жүрген болар, кім білген!?..


...Әу баста әнге жерік қазақтың көптеген театрлары кейінгі кездері музыкалы комедия, мюзикл жанрына жиі барып жүр. Жарасымды, жап-жақсы қойылымдар өмірге келіп жатыр. «Аудармаға ауып бара жатқаны несі?» деп жөнсіз кінә таққыш шемен ойлы шенеуніктердің орынсыз


«ұлтжандылықтарына» сене қою қиын. Таза өнерде ұлт болмаушы еді біз білгенде, оның үстіне адам баласына ортақ ойлар ортаға тасталып жатса, әлгі сөздер әдіріссіз жақтан соққан жел, айдалаға атылған шығасыл оқтайын. Ұлтжандылық пен өнерді ұлтқа бөлудің арасы ат шаптырым. Бүгінде Әуезов театрында әуелеп жүріп жатқан «Аршын мал аланның» авторы қазақ болмағанының не айыбы бар? Тереңге барсақ, түбі бір түркілер тақырыбы, шығыстық иба, мұсылмандық тәр, иманды тәрбие, ортақ ой. Одыраңдап орыс бола салуға жақын өзімізге обал жоқ. ендеше қанымыз туыс «қардаш» дейтін өзегі бір елдің өзгеге ауытқи қоймаған шығыстық, ұлттық, елдік, патриоттық пәтіктеріне қызығып, пәдәріне бой ұрғанымыз ұятты іс пе?


Хош, деңіз... Көрерменіне көңілді кеш сыйлағысы келгеннен бе, әлде театрларының «муздрама» атын жамылғанын ақтағысы келгеннен бе, әйтеуір астаналықтар әлемге атышулы «Ханума» комедисын сахналапты. («Гамарджоба!». А.Цагарели, Г.Кончели; реж. Е.Тәпенов.)


 


Ерекше қалыппен қойылған еңселі спектакль көретін шығармыз деген есек дәмеміз, сахна ашыла салысымен жүзеге аса қоймағанын бірден айта кеткеніміз жөн шығар. Жоқ, бұл ойымыз актерлердің жанкешті еңбегін жоққа шығарып, қойылымды іске алғысыз етуден туындаған жоқ. Сөз басында айтқанымыздай, бұл комедияны талай театр сахналарынан көріп, көзімізді суғарғандықтан, күткен нәрсемізді қапелімде таба алмай, әдемілік пен үйлесімділікке қана алмай қалғанымыз рас болғандықтан төтеден келіп отырмыз. Тәуір-тәуір шешімдер, әуезді де әсерлі дауыспен шырқалған әндер баршылық. Әсіресе, көпшілік сахналарындағы қатар түзген жастардың көзтартарлақ билері, парлап, хорлап, бір кіісідей ұжымдасып ши шығармай айтуға тырысқан ариозолары мен әндері назар аударарлық. Ал, жалпы алғанда спектакль шашыраңқы, ортақ форма табылмағандай, иі қанбағандай, «бөтекесі» толмағандай көрінді. Жанр мәселесі де шатастырылған сыңайлы, музыкалық комедия деуге де, мюзикл деуге де, гротесктік сайқымазақтық деуге де болады. Бірақ соның біріне де жауап бермейтіні өкінішті. Бірді-екілі актерлер айшықты еңбектенген, алайда олар босқа арамтер болып жүргендей, өйткені қойылымның режиссурасы бір тиянаққа түзілмеген сияқты, жалпы көркемдік шешімі табылмағандай, тіпті уақиғаның соңынан еріп қана отырғандай әсер береді. Ал, пьесаның уақиғасы шым-шытырық, өте қызғылықты, тау халқының тас үгітер әзіл-қалжыңы іш пыстырмайтыны әмбеге аян. Режиссер мен актер қиялын сан саққа жүгірте алатын драматургиялық   тегеуріні   барлығынан   болар, бұл пьесаның алыс-жақын шетел театрларының түгелі дерлігінің сахнасынан арғы-бергі жылдарда айшықты орын алғандығы. Аудармашы (Е.Жуасбек) пьесаның «Ханума» деген керіштей қатқан, сан заманнан санаға сіңіп кеткен, әлемге әйгілі әп-әдемі атын білгішсініп бекер өзгерткен екен деп ойладық. Әлде режиссер солай шешті ме екен, кім білсін?! Грузиндердің «гамарджоба» деген амандасу сөзі бұл шығармаға тақырып болардай салмақтың, я болмаса қазақтарға түсінікті болсын дейтіндей дәрменсіз мақсаттың үдесінен шыға алмай қалған сияқты. Мысалы, «Айман –


 


Шолпанға» «ассалаумағалейкүм» деп ат қойғаннан қандай шығармашылдық ұтыс бар, нендей «ақылдылықтың» кернеуі көрініп тұр! Қойылым авторлары ойлағандай,


«ханума» сөзін ұқпайды-ау деген қазақ «гамарджобаны» қайдан ұқсын. «Көрермен шақырады» деген жетім үміттің жетегінде болған шығар дейін десең, оған да томпақтау. Сонда бұлардан басқа қандай ой, қандай суреткерлік сүре жетелегеннен аты өзгергенін түсіну қиын, әйтеуір біздің аз ақылымыз жете қоймады, бір кісіге жүк боларлық тәжірибеміз, арғы-бергіден хабары бар көрген-білген, жиған-терген, оқыған-тоқығаны бар, «ой, онда тұрған не бар?» дейтін «жалпақшешейліктен» (қазақпыз ғой!) де ада емес ғазиз басымыз аз-мұз әлекке түскенін айта кеткен артық емес шығар. Ал, көрерменнің басын әлекке салу өнерпаздық емес, ғаламтордан сала құлаш «сабақ» алып жүргендерді таң қалдырам деп тыраштанған күшеніс те сондай.


Қойылымның солғын режиссурасымен жарысқандай болып, суретшінің де қиял-ғажайыбы біздерді ондай өреге, әдемі әлемге көтере алмағанын әу бастағы секемімізбен сендіргендейміз. Қарадүрсіндетіп, оңды-солды қалам сілтеуге ғана жетерлік қызмет жасалғаны соқыр көзге де бадырайып көрініп тұр. Сахнаның әбзелі, бутафориясы, декорациясы өте арзан, көзтартарлық дәнеңе де жоқ. Тәпеновтің өзі көп тамсанатын, мәстіріміз де, мәңгүртіміз де мәре көретін мәскеулік атышулы Е.Вахтангов театрының, күні бүгінге дейін сахнадан түспей келе жатқан «Турандот ханшайым» қойылымында тіпті, қол сүртетін сүлгіні де суреткерлікпен пайдаланғанын бұл тұсқа уәж қылу орынсыз. Таганрогта туса да, сол Мәскеуге текке табынғанды тәрк еткен, тіпті талақ етіп өткен Антон Чеховтан асырып айта алмаспыз. Аты мәлім пьесасындағы «В Москву! В Москву!» деген ащы кекесінін ұқпай жүрген орыси қазақтар арамызда әлі де жүр ғой. Ал, вахтанговтық қойылымның бүгінгі күнге сахнадан түспеуінің салдар себебінің бірі – онда шырқау биікке көтерілген шығармашылдық қиял, тас түйінделген режиссерлік шешім бар. Сонан соң, біздердегідей ботадай тоздыру емес, болғанға болысу бар, талантқа табыну болмаса да, тағзым бар. Ал мұнда қазақы салақтықтың исі аңқып


 


тұрғанын айтпай кетсек, баталы сөздің атасы өледі. Қатты айтыпсың деп, қаһар шегетін қазақы аяққап көкіректілерді аяп, обал-сауап ойласақ, қайда барамыз, «дос жылатып айтар» деген де сол қазақтың өз сөзі, өтірік мақтаудан өрге шығар болсақ, осы күні Алатауымыздың ғана емес, Эверестің құзар шыңында жүрер едік қой.


Актерлердің азапты еңбегі осындайда ысырап болып, бір емес, бірнеше қайнауы кем қойылымға жан бере алмағандарының орны толмас өкінішке апарары да ақиқат. Болмаса, сол күні әншейіндегі ашық даусы тарғылданып, қарлығып, сөз саптауы судың астынан шыққандай болып сұрқайлана естілген (онысын өзі де мойындады), ауырып ойнаған Қуандық Қыстықбаев, еңбекқорлығы мен сахналық қажыр-қайраты ерен Ерлан Малаев, сүйкімі мен адуындығы асып-төгілген, әдемілігіне шеберлігі жарасқан, ауқымы кең актрисалық мүмкіндіктеріне режиссерлер тарапынан әлі де мол назар аударылмай жүрген Айнұр Жүгінісова, жаныға алақтаған, жаңылтпаш айтудың жарысына қатысып жүргендей, соншама тез сөйлеп, сорпа тері шыққан Жанқалдыбек Төленбаев, басты рольдегі Айнұр Бермұхамбетовалардың еңбектері шырт-пырт шашыраңқы болса да дуылды қол шапалақтаулардың өтеуіндей ғана болғаны аян.


...«Кезінде айтылмаған сөздің атасы өледі» деген кесекті, кестелі сөзге жығылып, тағы бір көркем дүниені талдай кеткенді жөн көрдік. Ол – Алматы гастролінің репертуарлық тізіміне ілікпеген, өзіміз Астанаға әдейілеп барғанда көріп тамашалаған, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ләйлі Бекназар- Ханинганың бенефисіне арнайылап қойыл-ған комедияның (Е.Жуасбек, «Сен үшін...» реж. Н.Жұманиязов) «азан шақырып» автор койған әдеби аты «Түн» болатын. Жүгіртіп оқып шыққанымыз бар-ды. Оң көзқарас ұялатқан. Сөйте тұра, сахнаға сапары қалай болар екен деген көңілімізде қаяу қалғанын елең қылмау қиянат екенін жасырмаймыз. Қазаққа жүгенін ұстатпай жүрген жанрлардың бірі, әрі бірегейі драматургия болғандықтан, дүние есігін ашқан әрбір жаңа пьесаны сақ оқитынымыз да сондықтан. Алғашқыда толған үміт, артынша қырық күдік ұялайтыны жасырын емес. Пьеса


 


түзудің алуан түрлі әдісі бар шығар, кім санапты, алайда біздің қаламгерлердің көбіне көп құр баяндау мен уақиға қуалаудан, алакеуімде туған әңгіме мен новелласын дүрсін диалогқа айналдыра салудан әрі аса алмай жүргенін мойындасақ, қағынан жерігендігіміз бола қоймас. Арамызда жүрген, актер деген алтыншы сортты адамдардың азапты еңбегінен хабардар Қалихан Ысқақ, Әкім Тарази, Дулат Исабеков, Роза Мұқанова, Шахимарден, Сұлтанәлі Балғабаев, Иран-Ғайып, Нұрғали Ораздарға қатысы жоқ қатты сөз. Шекспирді шемішкеше шағып, Чеховыңды шыр айналдырып оқып, Әуезовті алып ұрып, Мүсіреповті мүжіп болдым дегендердің өздері драма жанрымен бетпе-бет жеке келгенде, белдері майысып береке таба алмайтындарының сиқыры неде екенін білмейтіндері көп. Ол сиқырдың көп сырын біз де біле бермеспіз, білсек, білек сыбанып өзіміз кірісіп кетпейміз бе. Білем деп бет бақтырмайтын бірді-екілі әпербақан, берекесіз қаламын әрлі-берлі сілтеген болды, бірақ ол сабаз да бұл жанрдың көсегесін көгертті дей алмаймыз. Басы ашық бір нәрсе бар, ол – театр деген қазанның қақпағын ашып қарау, яғни қойылым дүниеге қалай келеді, әдеби жанр түріндегі пьеса, сахналық жанрға


– спектакльге қалай айналады, өнерпаздық шешім деген не, форма, қалып, мақсат, көкейкесті мақсат, идеялар қалай жүзеге асады, шығармашылдық шабыт қай қияға бастайды, орындаушылық шеберлік, интеллектуалдық өре, суреткерлік сөре, қарым, білім, талғам, тәр, қойшы әйтеуір, режиссер мен актердің көркем туынды туғызардағы толып жатқан толғақ-жерігінен хабардар болу. Осыларды ұққан қаламы бар бәдәуи, бәлкім драматургия дейтін жағалауға жақындар. Онда да ол шіркіннің, әлгі жағалауды айтам, үшбу жазбалардың авторы ғылыми дәлелдеуге тырысқан оқылатын бір түрі, қойылатын бір түрі, айтылатын бір түрі кесе көлденеңдейді десек, үміткерді қатты үркіте қоймаспыз. Хош деңіз... Пьеса жазудың ең оңай, әрі әмбеге аян түрі – ойын ішінде ойын жасау – сонау Мольер заманынан келе жатқан (бәлки, қалған) иістене бастаған ескі әдіс болған соң,


«Түнге» көз жүгірткенде, автордың қолданған (бәлки, көп


 


бәледен қорғанған) қалпын қазақы санамызға әп дегеннен сіңіре алмаған шығармыз. Әдетте, А.Пушкиннің «поэта надо судить по его же выбранному закону» деген айшықты сөзін қанша қаперге алмақшы болып әлектенгенмен, театр деген тарлан өнерді ойын деп оңайлатуға қайран көңіл көнбейді- дүр, қайрылып келіп қарсы бола береді, тіпті қаламайтыны рас. Себеп, қазір мольер заманы емес, театр өнері ойын да емес, «келіп, демалып кететін» жер де емес, қазақтың қанына қазықтай қағылған қанатты өнерге, саясатқа да бергісіз санатты өнерге, тек-көгенін көздейтін мәрелі ұстынға, әдемілік әлеміне, еңсесі биік ерекше өлшемге, өмірлік қалыпқа айналғанын культурологпын деп жүрген қыли қыртымбайлар, тракторист-трайболистер ұға алмай жүр... Хош, ол – өз «ауруымыз», өзімізді «третей сотындай» сезінетін өн-бойымызда ондай шіреніс шікәнә жоқтығына шүкір етіп, межелі мақсатымызға көшейік. Аты аталған екіұшты дүниені сахналауға бұ күнде «тамыры жуандап қалған» Нұрлан Жұманиязов келісім берген екен, автор- бастықтың талапты тегеуріні ме, әлде өз қалауы ма, салдарын кім білсін, оның анық-қанығын тексеру қаперімізде жоқ, басты назарымыз қойылымның көркемдік құндылығына ауысқан. Айта кеткен абзал, басымызда мұндай «харам» ойлардың қылаң беруі бекер емес, жүндес білектің кейде өз қалауыңның ық жағына шығармай, желбір жүректі желкелеп, жел өтіне итеріп тізеге басары жоқ емес, екінің бірінде бар. Өнер білектің емес, жүректің ісі екенін біле-білгенмен, қаперде бола бермейді ғой... Тек, әйтеуір, сол бастық жарықтықтың текпіні мен екпіні, айғай-сүрені, өре-қарымы мен өлшем парасы, тек-көгені таза өнер төңірегін төңіректесе қанеки... Нұрлан-режиссердің өз қолымыздан актерлік диплом алғанын білетіндіктен, бұл «ауылдың әуенін» қалай айтып жүр екен деген алаң күйде болғанымыз да жасырын емес.   Жоғарыда   тілімізге   тиек   еткен   сол   Мольердің


«Скапенін» жақсы қойыпты деген қауесет те естідік, алайда қауесет пен көзкөргеннің арасы біраз жер, ретін күткен күпті күйде көп жүргеніміз де хақ. Дей тұрғанмен, Нұрланның бұл жұмысы күдікті көңілді тұрақты орнына түсіргенін айтсақ


 


болады екен. Сол күні спектакль ерекше актерлік шабытпен ойналды. Ләйлі Ақназарқызының мерейтойына деген ұжымдық ықылас па екен, әлде актрисаның айналасына еш маза бермейтін өзгеден табылмас қажыры мен қазымырлығы ма екен, әлде сол күні залда кино өнері болмаса, театр әлемін аз менсінетін, қиылып шақырсаң да қолы тиіп күнде келе қоймайтын министр мен әзелдегі арманы өзге, мақсаты басқа қала әкімдігінің адамдарының отырғаны ма, әйтеуір қойылым зор табыспен өткені ақиқат. Дуылдаған ду қол шапалақ та, құшақ-құшақ гүлдер де сол күні, таза өнер – театрға деген шынайы ықыласқа, сағынышқа айналған сар шекпенге қарық қылды. Кезінде ондай атмосфераға талай бөленген біздің көңіл спектакльдің көркемдік құны жайына қарай ауытқи берді... Алдымен, өзіміз оқып, әп дегендегі көңілге келген кірбіңнің кетуін, пьесадағы «ойын ішіндегі ойынның» қалай шынға айналғанын күттік. Қарсы алдында


«қан төгіліп» жатқан қойылымға да қалт ете қоймауға, ешнәрсеге таң қалмауға үйреніп қалған қазақ көрермені қалай қабылдар екен деген де ой болды. Өйткені өтірік ойнап, табаны жерге тимейтін, шындығы күмән шығарма жазып, оны теріс тәрбиелі маргинал мыжғылап қойып, есіміз барымызға «неге бұлай» деуге дес бергізбейтін бетпақтыққа көніп, тек орындаушылық-марионеттік әлжуаз «әртістікке» шарасыз,     амалсыз     үйреніп,     жағымпаз-жарбаңдықпен


«күйленіп», адал еңбегімізді арзандатып, тәтті азабымыздың аруақты дәмін ащылатып алған өзіміз-ді. Сөз қадірін бір білсе – қазақ білуге керек-ті, алғашқы пьесалары аңыздар мен эпостық шығармалардан құралған ұлттық театр, сол қазақы санаға тастай сіңген тас қорғаннан, сөз театры деген тебінгіден, атойлаған «айқайдан» арылуы үшін, қанша қатты естілгенмен, екі арада қазалы ұрпақ алмасуы болмаса, өзге қалыпқа көшуі оңай емес-ті. Ертелеу есейген, жаңалыққа талпынып көрген бірді-екінің ерікті жол іздеп еркінсуі, шідер үзуі сатқандық есебінде болғаны әлі күнге күн тәртібінде ғой. Сәті келіп тұрғанда сән іздемей, кезінде көз майын тауысып, күресінде қалған көп парақты ақтарғандағы зерделеуге қатысты зерттеулеріміздің ішінен тағы да есімізде


 


қалған мына бір пәтуалы пайымды қарастырып көрсек қазымыр болып көрінбеспіз: «Эпоста, – дейді Г.Гачев деген білімір теоретик, – сөзсіз ештеңе жоқ. Материалдық негіз ретіндегі сөздің тінінен басталып, біздің ішкі пайымымыз іске кіріседі де, рухани қабылдау әлемімізбен араласып, қиял-ғажайыпқа ұласып кетеді. Театрда жағдай бөлек, онда жанды тіршілік бар, сахнадағы сөз адамдардың өміріне, іс- әрекеттеріне сәйкестене қызмет етеді. Ал, күнделікті өмірде, ауызша айтылатын сөздерде оншалықты өзіндік жүйе, я болмаса, көкейкесті мақсатқа бағынған байланыс болмайды, ол бар-жоғы жанды қимыл-қозғалыстардың іс-әрекетімен араласқа түскен, жалпы оқиға желісін түсінуге қажетті қызметші, көмекші, ой ұшығын жетелеуші ғана [Гачев Г.Д. Содержательность художественных форм. Эпос, лирика, театр. – М.: Просвещение, 1968. 262 стр.]. Расын айту керек, сол күні сұлу мерекеге ұласқан кештің негізгі себебі – селкеуі көп пьесаның емес, өмірге оңынан келген,


«жанды тіршілік» кешкен, автордың «ой ұшығын жетелеушілікке» жеткен спектакльдің, өзіміз әманда зарығып күтетін, қай жағынан қарасаң да сұлу, орынды өрілгендігі. Режиссурасы да тап-тұйнақтай, сахнада актерлерге көсіле шабатын құрақ көрпедей жер қалдырмаған сансыз қораптардан құралған «декорация» да, уілінен шуылы көп музыка да құлаққа түрпі, көзге күлкі көрінген жоқ. Ең бастысы, өзіне арналып қойылған қойылымда арқалы актрисамыз Ләйлі актерлік шеберліктің құзар шыңына бет алған бедерлі суреткерге айнала бастағанын көріп, шеріміз тарқап, шемен көңіліміз босағанын айтпақшымыз. Сахна мен өнерпаздық сананың өрелі тоғысқанына, табиғилық пен шығармашылдықтың шынайы үйлесім тапқанына, образдың сахналық әрекет- қарекеттерінің өмірдегіден алшақтамағанына, сөз бен ой иірімдерінің бірігіп-кіріккеніне, екінің біріне берілмейтін адами сұлулықтың, сүмбіле-сүйкімділіктің құты қашпай, өзеуреген көрерменнің көзайымы бола алғанына, суреткер ретіндегі неше қатпарлы тереңдік пен шектеусіз шеберлік мүмкіндіктердің    куәсі    болғанымызға    тоғайып-толқып,  қалқып ұшып, өзге әлемге, өрелі өлшем еліне көтерілгенімізді, өзіміз де кей кездері кешетін шығармашылдық рахатқа бөленгенімізді мақтанышпен мойындағанымыз рас. Өзіміз бұрыннан өнерлі беймазалығын білетін, білімділікке құштарлығынан да хабардар Ләйлі, ата театр мектебін аттап кетпей, баталы жолын санасына қаттап, жадысына жаттап өткенінің қуатты куәсі осы ролі болғаны жүрек жарар қуанышқа бөлегені ақиқат. Актрисаның жүйріктігін мойындау үшін, мыңның емес, бір рольдің өзі жеткілікті екені түйсіктіге түсінікті шығар. Ал, бір рольді биіктете білгеннің мыңды жығар біліктілігі болары да белгілі.


Бұл сапардан түйгеніміз бен «күйгеніміз» қатар өрілгенін біраз әңгіме қылдық. Арасында «әтегеніміз» де болды, ол – «Үйлену» мен «Қарагөзді» көріп көзімізді суыта алмағанымыз. «Бірі кем дүние» демекші, көңілдегінің бәрін бірлеп, кейінгінің ақысынан дәмеленбей, тағы бірде тәтті кештерді бастан кешу рахатын болашаққа қалдыра тұрғанымыз да дұрыс шығар... Елордалық серілердің


«Сарыарқадан салған әнін» әлі талай рет Алатаудың бөктерінен тосып, қосылып айтуға, тұшынып тыңдауға жазсын... Қалай дегенмен, қарымды актерлері, дарынды режиссерлері, салымды басшылары бар көңіл қалдырған азырақ күдіктен гөрі көбірек үміт ұялатқан, шалғайда жатқан елуден астам еңбегі еш, тұзы сор, басқан ізі білінбейтін, алайда егемен елінің еңселі патриоттары болып жүрген азапты болса да асқақты, талантты актерлері жетіп артылатын, аймақтардағы тобашыл театрларымыздың біразынан жүйрік, онынан озық көрінген елордалық өрнегі ерек өнер ұжымының алдағы жасампаз жеңістеріне жабыла қол шапалақтайтын жалынды шақты, шуақты кезеңді күтейік, ағайын!


Мамыр, 2010 ж.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу