Өлеңдер ✍️
Қазы мен тұз
Құдайым беріп жұғымды,
Алмайтын болдым тынымды.
Ауыздың іші мені аңсап
Асқазан маған бұрылды.
Шыға алмаймын сытылып,
Тістің де болдым құты нық.
Мені көрсе шыдамай
Жұтқыншақ тұрар жұтынып.
Жақ та мені жақтайды,
Тіл де мені мақтайды,
Қазы, қазы, қазы-ай деп
Басқа дәмді татпайды.
Болмаған соң татымды,
Атамас ешкім атыңды.
Қазы-еке, болдым мінекей,
Тұз-еке деп кім шақырды.
Тәттіге де қосылмай,
Ащыға да қосылмай,
Бір қалмайсың қатардан
Қылығың ұят осындай.
Асқазанның төрінде.
Мен жүргенде көрінбе,
Тіпті дәмге жолама,
Жолама мүлде ерінге.
Осыны түсініп ұқ та,
Еш дәмге басыңды сұқпа.
Әсіресе, Қазы тұрғанда,
Орынды босат, шық та
деп Қазы Тұзды кеп жерледі,
Тұз қысылып терледі.
“Жоғалайын, қасыңнан,-
менсіз Қазы боп көр”,- деді.
Тұзсыз қазыдан сән кетті,
Дәм кеткен соң мән кетті,
Көгеріп, сасып бүлініп
Қазы атынан дәм кетті.
Ауыз да теріс бұрылды,
Ерін де Қазыдан жырылды.
Тіс болса Тұзсыз Қазыдан
Ауыздың қуысына тығылды.
Қазы бүлінді, ластанды,
Бұзылды. Итке тасталды.
Тұз орнына келіп
Барлық дәмді басқарды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter