Өлеңдер ✍️

  23.02.2022
  331


Автор: Өріс Яшүкірқызы

Бақыт және Ой

Бақыт:
Екеуміз де Адамның басындамыз,
Талғамаймыз қартын да, жасын да біз,
Қайсысымыз Адамға жақындаумыз
Айтып берші, бір пікір жасырмаңыз.
Мен Бақытпын, көксейді әр жан мені,
Құным қымбат емеспін арзан тегі,
Ғұмыр бойы қол созар Адам маған
Бұл сөзімнің жоқ шығар жалған жері.
Бақыт деумен өтеді барлық Адам,
Бар аңсары: “Бақытты қайдан табам”,
Ой дегеннің тайызы, тереңі көп,
Сол себепті Бақытқа жақын Адам?
Мұңаю мен Торығу, Жабырқау да,
Ойда деймін бұларсыз Адам сау ма,
Үш құзғынмен Ажалға жетелейсің
Адамға Ойдан басқа жоқ қой жау да.
Айшық айтсам Зұлымдық, Кек те сенде,
Жақсылыққа бірікпес ептесеңде.
Барлығы да Адамның қас
-дұшпаны,
Адалдықпен арасын көктесеңде.
 Адам үшін Ой емес Бақыт биік,
Адам бізді жүрген жоқ бекер сүйіп,
Ақиқаты сірә да, осы болар,
Бақытқа Ой да жүрер басын иіп...
Ой:
Дұрыс қой, жақындықты талдағаның,
Өзіңде талдайтындай бар ма Дарын,
Қашаннан сен тайғанақ емес пе едің,
Адамның пайдаланар арзан арын.
Адамның ұғып па едің жан қайғысын,
Сан түрлі Ой жүйесін талдаймысын,
Адамның нақсүйері білсең
- Ойы
Сабыр мен Сенімін сен алдаймысың?
Бізбенен Достық туған Махаббатпен,
Үміт те, бізбен бірге Қанағатпен,
Адамның бойындағы жасампаздық
Жаралған Ізгілік пен Шапағатпен,
Өмірдің көрсетпейміз қараңғысын,
Ойына Адам айтқан бар алғысын
Адамның сарқылмайтын Қуатымыз
Ойменен Адам өзі жаралды шын.
Мәңгі өлмес Ой сәулесі Адамдағы,
Сенімбіз серпілдірген қадамдағы.
Ой ғана Адам үшін шарқ ұратын
Сондықтан бізге жақын Адам жаны.
Баяны бар Адамның Ойы болар,
Ойдың да жарқылдайтын жайы болар.
Ал, Бақыт, тоқта сөзге, баяның жоқ,
Баяның Адамдағы тойың болар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу