Өлеңдер ✍️
Апорттың зары
Дүниенің көрдім жалғанын,
Ішімде жатыр арманым,
Тамырым әрең соққан соң
Шырылдайды бар жаным.
Баяғы Апорт тегім жоқ,
Сөл шырынды кебім жоқ,
Апорт дәміні іздейтін
Таңдай менен ерін жоқ.
Білесіңдер, қандай ем,
Жегенде жұмсақ нандай ем
Шырыным болса теңеу жоқ
Тіл үйірген балдай ем.
Әншінің және әні едім,
Алатаудың сәні едім,
Шетелге де барған ем
Орнына жүріп кәденің.
Күн нұрындай жас едім,
Жемістің дәмді басы едім.
Дастарханға өң берер
Ең сүйікті ас едім.
“Апортан артық тағам жоқ”
Деп бағалар адам жоқ,
Балталап мені жоюда
Шырылдаймын амал жоқ.
Қамқоры болмай Отанның
Бауыммен сая оталдым,
Айтатын тілім болсайшы
“Тамырымды неге қопардың?”
Жеміс едім жауым жоқ,
Өніп ек өсіп ауыл боп,
Құрылыс қаптап, таптады
Апортты іздер қауым жоқ.
Халіме қарап күйемін,
Барады қурап сүйегім.
Жетісудың жемісі ем
Ағыттып арыз тиегін.
Білеме екен тобаны,
Табиғат қорғау қоғамы,
Дабыл қағар пенде жоқ,
Қай кезде орным толады.
Келер ме Апорт шырайым,
Шыдағанша шыдайын,
Құрылыс қырып барады,
Үн қатпай қалай тұрайын
Туар деп басқа арай күн,
Үмітпен елге қараймын,
Емеспе едім Апортың
Үйірген тілін талайдың.
Еліме зарым жетер ме,
Бастағы зорлық өтер ме,
Алатау еді мекенім,
Сатыла көрме бөтенге.
Тілегім осы не дейін,
Бүлкілдеп отыр көмейім.
Зар жылап жазып арызды
Көзімнің жасын төгейін...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter