Әңгімелер ✍️
Әлду мен Дәлду
Қазақ радиосы, шынында қызық. Мұндағы Әлдулер мен Дәлдулер еріксіз елеңдетпей қоймайды. Оның қайсыбірін айтайық. Ерінбесеңіз тыңдап көріңіз. Әлду:
- ...Кәне, кәне біз Сіздердің звоноктарыңызды күтіп отырмыз. Кім бізге телефон соғады. Аржағынан телефонның шырылы сияқты бір дыбыс естілер- естілместен.
- Кіммін дейсіз? Өте жақсы. Айдобол. Атыңыз да келісті екен. Сирек кездесетін ат дегенім бой баяғы. Өйткені менің әжем айтатын. “Айдобол, Айдобол, ас ішкенде пайда бол деп... Ихх и их.. и хи-хи-ка... Әлду өзі әбден күліп алады. Аржағындағы да күлетін шығар, ол естілмейді ғой бер жаққа. Содан соң барып:
- Сонымен негізі тақырыпқа көшейікші. Айтпақшы біздің тақырыбымыз қандай еді? Ымм.. а..а.. Иә.. мақал сөздің жартысын табу екен ғой,- Әйелдің шашы ұзын... деген.. Сіз не айтасыз... Әл-л-о- у, тыңдап тұрсыз ба. Сіз не
айтасыз, деймін, Айдабол? Ол қасқа аржақта әбден ойланып жатса керек. Мына жақтан Әлду тағы да:
-Айдобол таппадыңыз, иә? Айдобол, ұйқысы қанбаған шығар, таппай отыр. Кәне, радотыңдаушылар одан әрі кім бізге телефон соғады...
Шыр...р..р.. Телефон естіледі.
- Кім екен?...
- Әсем-ай..
- Қалай, Әсем-ай, біз сені ерте оятқан жоқпыз ба?
- Жоқ..
- Не істеп отырсыз, қазір.
- Шәй ішіп...
- Шәй ішіп, бізді тыңдап отыр екенсіз ғой.
- Иә...
- Ал, енді айта қойшы.. Мақалымызды қайталап жіберейік, пе? “Әйелдің шашы ұзын.... Иә, аржағын айта аласыз ба?...
- Шаштаразға баруы керек шығар...
-Таппадыңыз, таппадыңыз. Онда өзіміз айтайық, ә? Қазақта мақал бар. “Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа” деген.
Бұған әрине, қыздар мен әйелдер ренжімейді деп ойлаймын... Қазіргі қыздардың онсызда шашы қысқа, ал ақылдары ұзын...ұзын.. ә?. Тағы да сыңғырлаған күлкі...
Радиода Әлду мен Дәлду күліп болмайынша хабар жүрмейді. Бұдан кейінгі кезек әнші Дәлдуге беріледі. Ол:
Арманым менің, Арманым менің, Аңсадым сені, Аңсадым сені,
Гүлдей құлпырған, Көктем жарасқан,
Жұлдыздар сені Күнге таласқан,
Айым-ай, Асыл бағым-ай, Айым-ай, айым-ай,
Айым-ай...
Айым-ай... деп табандап тұрып алады.
Әлдудің әлгіндегідей шатпағынан, Дәлдудің дәләку әнінен құлақ әбден сарсып бишара радионың құлағын жаба қоясың.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter