Өлеңдер ✍️

  22.02.2022
  137


Автор: Ақберен Елгезек

ӨЗГЕРІС

(цикл)
1-өлең
Балкондар – қанаттары үйлердің.
Көк үйлер – ордалары күйбеңнің.
Аулалар.
Балаларға үйген құм...
Алатау – ... күйген мұң...
Осы сурет өзгермейтін секілді.
Өзге суретті көз көрмейтін секілді.
«Өзгереді» деген сөзден өзгеше
мына жалған сөз білмейтін секілді.
Мені де өмір көзге ілмейтін секілді...
2-өлең
...Сол аула, өзгермейтін, қалыпты.
Ай да аспанда өзгермейді, жарықтық.
Жұлдыздар да баяғыдай,
Аспаннан
кірпіктерін қағып тұр.
«Табиғатта болмайды, – деп, – нала-мұң»,
күбірлейді санамдағы қонағым.
 Өзім білер өзгермейтін әлемде
өзгеріске мен ұшырап барамын...
Уақыт сыңсып ағады...
3-өлең
Бақырая тізбектелген көліктер
бағынбастай ретке.
Сағат тілі ақшамдағы жетіден
аттанады түнекке.
Анайы сөз ауаменен арбаса,
бар наланы қар басар.
Бәрі де сол баяғыдай шеңберде.
Өзгеріссіз далбаса.
4-өлең
Ымырт...
Жым-жырт...
Бөлме іші күңгірт...
Кеңістікті кезіп жүрген уақыт –
ең баянды шындық...
Өзгерместі өзгертетін ажал ғой – ол...
О, сүйкімді Сұмдық!..
 * * *
Түннің аппақ меңіндей
Ай көрінер.
Сенімсіз?..
Естен сәуле төгілмей,
буланбайды көңіл – сыз.
Айғыр-бұлттың құйрығы
жасырады Ай-меңді.
Ол да – тағдыр бұйрығы?
Тағдырсыздар қайда енді?..
Бағалы емес ғұмыр түк.
Баянсызын аңдатты.
Миға сәуле жүгіртіп,
міне, тағы таң да атты.
Қақ маңдайдан тебілген,
қашып кетті түн, түзге.
Сұрағы көп өмірден
жауап берер кім бізге?..
 * * *
Талай әсер жоғалды, ұмыт болды,
Өмір өзі оларды ұмыттырды.
Ұмытпайды жаралы жаным бірақ
Бүршік атып көрмеген сынық гүлді.
Өмір бәрін өзгертті, терістеді,
Әлсіретті әр кезгі жеңіс мені.
Ұмытпайды жаралы жаным бірақ
Ішімдегі мерт болған періштені.
Өмір өзі өткенді жат қылады,
Жат қылады, жадымнан лақтырады.
Қайта-қайта ауыртар жанымды кеп
Тағдырымның жасаған соққылары.
Ерімеді іштегі мұздың бәрі,
Буланбады іштегі сыздың бәрі.
Ұмытылмас бірақ та түнгі аспанның
Мені аяп жылаған жұлдыздары.
Ұмытылар біреудің жау болғаны,
Дос болғаны біреудің, жар болғаны...
Жадтан өшпей, өкінтіп түске енер
Орындалмас арман боп қалғандары.
Кімге ұнаған ақынның қылықтары?
Тағдыр-түрме қамады, құлыптады.
Бүгін маған қадалып, ауыртады
Өмір атты айнаның сынықтары...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу