Тақпақтар ✍️
Бақытты мақта
1
Көктемде
Жыртылған жерге
Сепкенде,
Кетті еніп жерге,
Тереңге.
Жоқ еді әл де,
Жоқ өң де...
Күні-түн өніп,
Бұлқынып,
Жарыққа ұрық ұмтылып,
Нәп-нәзік,
Онша еленбей,
Қылтиып тұрды
Тебендей.
Жапырақ жайды
Жас өнім.
Тірілді мақта,
Жаса өмір!
Көгерді,
Өсті,
Жеңді ол,
Бой созды күнге
Енді ол.
Ұмтыла берді сол мақта,
Бақытты еді сол шақта!
Көргенде егіс жемісін,
Диқан да бақытты еді шын.
Көктемде егіп мақтаны,
Аялап тыным таппады.
Суарды,
Күтті,
Баптады,
Аптаптан оны сақтады.
2
Мақта да мақта
Айнала,
Ұяң ең алғаш жай ғана.
Кең байтақ мына жер енді
Гүліңе сенің бөленді.
Бойыңда қуат кернеген,
Ақ толқын құмды тербеген.
Даланың ақ гүл,
Ақ таңы,
Өзіңсің – адам мақтаны!
3
Сен үшін, мақта,
Сірә, біз
Мақтанбай қалай тұрамыз:
Еңбекті етсек бір есе,
Өнімді бердің жүз есе.
Киюге сәнді, мықты да
Бересің сәтен, шытты да.
Мата емес жалғыз берерің,
Майың да – елдің керегін.
Тоқылған сенен кездеме
Қымбат-ау барлық кезде де.
Кигізсең диқан баласын,
Табады қандай жарасым!
«Ақ алтын» атың бекерге
Халыққа тарап кетер ме?
Өзіңді диқан мақтайды,
Күн-түні күтіп баптайды...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter