Тақпақтар ✍️
Тәнім менің тіл қатар
Бал, балақан, ойлашы,
Ой түбіне бойлашы.
Он екі мүшең түп-түгел
Тіршіліктің қоймасы:
Көз
Жақсы, жаман неменің
Мен бәрін де көремін.
Жаманынан қашықтап,
Қалап алғын керегін.
Құлақ
Жақсы сөзді тыңдаймын,
Жаман сөзге қыңбаймын.
Жақсы хабар естісем,
Жеткізгенше тынбаймын.
Мұрын
Сезіміме сиысты
Сезем барлық иісті.
Адам жаман иісті
Иіскемеуге тиісті.
Ауыз
Ауызбын деп жей берем,
Бере берсе дей берем.
Артық ішіп қоям деп,
Таяқ жеймін кейде мен.
Тіс
Болса егер тіс бүтін,
Болар сенде іш бүтін.
Ауырмаған адамда
Әрқашан да іс бүтін.
Тіл
Сезем ащы-тәттіні,
Жұмсақ пенен қаттыны.
Байланысты тек маған
Балалардың шаттығы.
Миық
Болса көңіл биік тым –
Керілгені миықтың.
Бірге күлер сенімен
Шұғыласын құйып күн.
Иық
Сене берме иыққа,
Оған ақыл сиып па?
Қиқаң етсе иығың,
Тірелгенің тұйыққа.
Аяқ
Баспаған жерім болмайды,
Аспаған жерім болмайды.
Жүре берсең, түбінде
Ісіңді Алла қолдайды.
Қол
Мен шебермін, шебермін,
Бәрін жасап берермін.
Қолдан келмес еш зат жоқ,
Еңбегіммен көгердім.
Жүрек
Мен – жүрекпін, жүрекпін,
Бар сезімге тірекпін.
Жамандықтан жиреніп,
Жақсылықтан гүл ектім.
Бас
Мен бас болам, бас болам,
Ақыл-ойды басқарам.
Өз тәніңді билей біл,
Жаны жарқын жас балам!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter