Өлеңдер ✍️
ЕСКЕРТКІШ
Ригада Коммунар бағындағы латыштың
ұлы ақыны Я.Ранис ескерткішіне
Осы арада Лигуасы1 тойланып,
Өткендігі тарихқа аян,
ойға анық.
Енді міне, кере қарыс маңдайы,
Ақын отыр тас тұғырда ойланып.
Шаштары тас,
Бет əлпеті,
Көзі тас.
Қапсағайлы денесімен өзі тас.
Оның жазған өлең кітаптарының
Жан-жүректі балқытатын сөзі тас.
Орындығы кресло емес,
мрамор
Шумақталып келетіндей сірə жыр.
Ойларында қиратылған қарағай,
Аққулы көл,
Ойпаттармен тұр адыр…
Ойларында Латгалия2 бақтары,
Онда өткен бала махаббаттары.
Асыл жары – Аспазия ақынның
Абақтыда сан жазысқан хаттары.
Не бір үлкен томы болар халықтың,
Ойларына тұрғандай-ақ салып мұң.
Ойларында айдауда3 өткен жылдар мен
Болашағы өзі туған халықтың.
Ойларында латыш əні көп оның,
Ұқтыратын жүрегінің дегенін.
Данққұмар даңғазалар секілді
Ойларында – сыйлық алу жоқ оның.
Осы алаңда Лигуасы тойланып,
Өткендігі тарихқа аян,
ойға анық.
Еңбек Ері болмаса да екі рет,
Ақын отыр асқақ қарап ойланып.
Көңіл толып ескерткішке сенеді ой,
Қиял деген болады екен телегей.
Қақ төрінен Риганың
тұп-тура
Ғарышқа тік көтерілген кемедей.
1 Лигуа - Латыштың ұлттық мерекесі.
2 Ақынның туған жері.
3 Ақын он алты жыл қуғын-сүргінде болған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter