Өлеңдер ✍️

  13.02.2022
  122


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

* * *

Атың Лəйла! Жаным-ау, атың Лəйла,
Жанарыма тұрасың жақын жайда.
Қиялыммен қыр кезген бейбақпын ғой,
Құмарымнан шығатын шақыр жайға.
Атың Лəйла! Сүйікті атың Лəйла.
Кейде саған алмаймын жақындай да.
Бұл өмірде тірліктің бəрі керек,
Бірақ алдыменен сен, ақынды ойла!
Атың Лəйла! Қымбаттым, атың Лəйла,
Алдырғайсың осы бір хатыңды ойға.
Есіміңді ежелгі түркі еліне,
Дастан етіп сақтаған ақынды ойла.
Лəйла, Лəйла! Беу, Лəйла, Лəйла жаным,
Қарлығаш боп айланып ойланамын.
Ганжауйды өзіңе пір санасаң,
Онда мені жақсылап ойлағаның.
 Лəйла, Лəйла! О, Лəйла, Лəйлажаным,
Жүрегімді быт-шыт қып бөлшектедің,
Соның мұңын жанымнан өлшеп көргін.
Мəжүнінді құдірет санасаң сен,
Онда маған сый-құрмет көрсеткенің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу