Өлеңдер ✍️

  13.02.2022
  110


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ЖАНБОЛАТ АУЫПБАЕВҚА

Шығысымнан таң атып, Күн күледі,
Шуағымның жарқырап мың күрегі.
Сендер жаққан қуаныш шырағданын,
Содан іздеп сенделем,
Кім біледі?..
Кім біледі? Бар шығар... Таба алмадым.
Еміренгенім елес боп тағы алдандым.
Үкідейін ұшады үміт шіркін,
Сағынышым ғажайып, саған жаным...
Тілегіме жеткізші, Жасаған Ием!
Мейлі жазсам жазайын осал өлең.
Самал ессе, сендерден Лебіз бе деп,
Құлағымды құмартып тоса берем.
Тілегіме жеткізші, Жасаған Ием!
Келіспеген жолымыз барыспапты,
Қанша жазып жүрсек те таныс хатты.
Бір шəугімнен шай ішкен қайран Жандар,
Бұл күндері қайырылмай алыстапты.
Ермек еткім келмейді еріккенді,
Елестейді алдымнан көрік көлі.
Аман болып əйтеуір жүріңдерші,
Менің сағынышымның кейіпкері.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу