12.02.2022
  224


Автор: Абдрахман Асылбек

Маймұрын

Әй, Серіктің түрін-ай,
Қолдарының кірін-ай.
Киімді оңдап кимеген,
Бір түйме жоқ түймеден.
Омырауы сірескен,
Сау жері жоқ шірештен:
Онда сіңген май да бар,
Онда төккен шәй да бар.
Қаймақ та бар, бал да бар,
Жұмыртқа да, нан да бар.
Үсті түгел топырақ,
Шашы кеткен қобырап.
Алма-жұлма малақай,
Әйтеуір бір балақай.
Бәрін айт та бірін айт,
Мұрынының сырын айт.
Былай тұрсын жуынбақ,
Қос танауы шуылдап,
Ал, маңқасы бозарып,
Қалған кезде ұзарып,
Күлдіріп бар баланы,
Кері тартып алады.
Күле-күле шіркінге,
Дейтін болдық бұл күнде:
«Маймұрын-ау, маймұрын,
Жеңің сенің майлығың».


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу