12.02.2022
  160


Автор: Абдрахман Асылбек

Арамызда бәрі бар

Бір сөзді дәл ұғар,
Бір сөзді сәл ұғар –
Сан алуан баланың
Арамызда бәрі бар.
Біздің Болат үнемі
Томпаң қағып жүреді.
Барлық заттың сапасын
Тістеп барып біледі.
Екідегі Еркінбек
Ерке мінез елпілдек.
Ертегі айтсаң күледі
Езу жимай кеңкілдеп.
Ал, көршінің Оралы
Биыл үшке толады.
Отырса да, тұрса да,
Өз саусағын сорады.
Анау үйдің Жұманы
Сөзді қашан ұғады?
Жемістерді піспеген
Көк күйінде жұлады.
Көбей болса көп бөлек,
Қалды жасы төртке кеп.
Кейде ішпей тамағын,
Қиқаяды өкпелеп.
Беске толды Бестібек,
Кім айтады есті деп?
Күнде сұрап қоймайды:
«Таулар қалай өсті?» – деп.
Алтыдағы Азамат
Жатпайды үйді мазалап.
Ол өзінің киімін
Өтектейді тазалап.
Жетідегі Жұмабай
Жүр ешкімге ұнамай.
Өйткені, ол тамағын
Іше алмайды жыламай.
Кім білмейді Арманды,
Өнеріне ел таңданды.
Сегізінде күй тартып,
Думан қылды бар маңды.
Көрдіңдер ғой, балалар,
Түрлі-түрлі бала бар.
Ұландарды өнерлі
Елі жақсы бағалар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу