12.02.2022
  177


Автор: Абдрахман Асылбек

Арман




1
Арман қойдым атыңды,
Арманы көп болсын деп.
Алыс пенен жақынды
Асқар оймен шолсын деп.
Арман қойдым атыңды,
Арманы көп болсын деп.
Қыран құстай қатулы
Құзар шыңға қонсын деп.
Арман қойдым атыңды,
Арманы көп болсын деп.
Алға тартып ақылды,
Отырсын деп жол сілтеп.

2
Түні бойы тыным жоқ,
Таңды көзбен атырдың.
«Берекесіз» бір ұл боп,
Бар дауыспен бақырдың.
Екі айыңда күлімдеп,
Жүрегіме от үрдің.
Үш айыңда мығым боп,
Төрт айыңда отырдың.
Бес айыңда оң қарап,
Алты айыңда талпындың.
Жеті айыңда жорғалап,
Тыным таппай шарқ ұрдың.
Сегіз айда сүйеніп,
Тоғыз айда тік тұрдың.
Он айыңда күй өріп,
Көңілділік ұқтырдың.
Қылығыңмен тапырақ
Шапшаңдыққа бейім ең.
Жасқа толлмай жатып-ақ,
Жүріп кеттің кейіннен.

3
Әке, сірә, баласын
Жасық болсын дей ме екен?
Пасық болсын дей ме екен?
Шалқар теңіз айдындай
Ашық болсын дейді екен.
Әке, сірә, баласын
Тұйық болсын дей ме екен?
Сұйық болсын дей ме екен?
Мәртебесі әмәнда
Биік болсын дейді екен.

4
Алдымнан шығып папалап,
Асылсаң келіп мойныма,
Әкелік ыстық махаббат
Жандырмай жанды қойды ма?
Сенімен ғана алданып,
Кем туар, мүмкін, бір өлең.
Осының өзін малданып,
Мол жырым бар деп білер ем.

5
Сен туғанда қуандым
Аспандағы күнім деп,
Баспалдағым ұлым деп.
Сен туғанда қуандым
Жайнайтұғын гүлім деп,
Сайрайтұғын үнім деп.
Сен туғанда қуандым
Алмасатын жылым деп,
Жалғасатын жырым деп.

6
Сен ауырсаң, бөпешім,
Мені азапты етесің.
Түні бойы дөңбекшіп,
Көз ілмейді көкешің.
Титтей тыным көрмеймін,
Дәрігер боп емдеймін.
Неге ғана сен үшін
Ауырмадым мен деймін.
Төксе көзің нұр ұшқын,
Мен де төгем жыр ұшқын.
Күлімдесең күн болып,
Қайыспайтын құрышпын.

7
Еңбегімнің жемісін
Бергенім сол ел үшін.
Керек десе, өртеніп,
Отқа түсем сен үшін.
Өзіңе арнап, ұланым,
Ағызсам жыр бұлағын.
Елдің ұлын мәпелеп
Жатырмын деп ұғамын.

8
Тәтті бер деп сұрайсың,
Тұрмай жатып төсектен.
Бермей қойсам, жылайсың,
Жараспайды осы өкпең.
Аямаймын мен сенен
Тәтті түгіл балыңды.
Бірақ, қалқам, сенсең ең,
Қинайсың бос жанымды.
Балалықпен тілерсің
Жұмсақ пенен тәттіні.
Өсе келе білерсің
Жұмсақ пенен қаттыны.
Еңбек, бейнет – қатты сын,
Үйренерсің өмірден.
Татарсың тек тәттісін
Ащы термен төгілген.

9
Біздің үйдің үнемі
Шырағданы сөнбейді.
Жалын атып жүрегі,
Анаң бесік тербейді.
Мезгіл-мезгіл оянып,
Мен де басты көтерем.
Бесігіңе таянып,
Көңіліме от өрем.
Балғын жүзің нұр шашып,
Сен жатасың көсіліп.
Кеудемде бір жыр тасып,
Мен қараймын тесіліп.
Жаз дидарың таң болып,
Тоя алмаймын мың қарап.
Естіледі ән болып,
Жылағаның іңгәлап.
Балбұл жанып гүл өңің,
Қайта ұйықтайсың, жан балам.
Арай етіп жүрегін,
Атырады таңды анаң.

10
Әлди, әлди, бөбегім,
Ақ бесікке бөледім.
Ай мен күнге теңедім,
Ақтарылған өлеңім.
Әлди, әлди, жанарым,
Мақтанышы ананың.
Әлпештеген қарағым,
Таза болсын жан арың.
Әлди, әлди, Арманым,
Аялаған ардағым.
Қыран құстай самғағын.
Бесік жырын арнадым.
Әлди, әлди, әлди-ай!
Әлди, әлди, құндызым,
Аспандағы жұлдызым.
Жарқыраған күндізім,
Жайнай берсін нұр жүзің.
Әлди, әлди, балапан,
Тербетеді жан апаң.
Аялайды алақан,
Аялайды бақ Отан.
Әлди, әлди, Арманым,
Аялаған ардағым.
Қыран құстай самғағын,
Бесік жырын арнадым,
Әлди, әлди, әлди-ай!

11
Арманым-ау, қарашы,
Анау үйдің баласы
Омырауын саталдап,
Жағылыпты бар асы.
Арманым-ау, қарашы,
Анау үйдің баласы
Кірін жумай бетінің,
Өрши түскен жарасы.
Арманым-ау, қарашы,
Анау үйдің баласы
Көрінгенмен алысып,
Жыртылыпты жағасы.
Арманым-ау, қарашы,
Анау үйдің баласы
Ата-ананың ақылын
Тыңдамайды шамасы.

12
Сіңген әдет санаңа –
Бермей жатып анаң ас,
Таңертеңнен далаға
Жүгіресің жалаңаш.
«Арғымақты» басқа ұрып,
Содан тыным таппайсың.
Табаныңды тас тіліп,
Күнге бетті қақтайсың.
Суда жүзіп жарысып,
Рахатқа батасың.
Достарыңмен алысып,
Құмға аунап жатасың.
Қақтап шілде аптабы,
Болсаң-дағы қап-қара,
Сен – папаңның әппағы,
Күлімдеймін шаттана.
Қандай жақсы жаз күні
Күнге күйіп шыныққан.
Балалардың базбірі
Бұл әдетті ұмытқан.
Көндіктің сен бәріне –
Көк мұз, ақ қар, қырауға.
Жоламайды тәніңе
Ауру түгіл тұмау да.

13
Жүгіріп келе жаттың да,
Қалпақтай ұштың сүрініп.
Үстіңнің шаңын қақтың да,
Қайтадан кеттің жүгіріп.
Осылай болсаң әманда,
Мақтаныш үлкен маған да.
Сүрініп кетсең табанда,
Жалтақтай көрме адамға.

14
Бала болып ойнадық
Асық атып, ақсүйек.
Өзімізше ойладық
Осы ғана жақсы деп.
Доп жасадық кейде біз
Тана-торпақ жүнінен.
Желбіреп бөз жейдеміз,
Соны қудық күнімен.
Кейде кесіп шыбықты,
Мініп алдық тай қылып.
Көрсеттік көп қылықты,
Астымызда – «сәйгүлік».
Сен ойнайсың бұл күнде
Ойыншықпен алуан.
Керек десең, тұр піл де
Керемет зор, палуан.
Қоян, қасқыр, қарсақ та
Тұр алдыңда тізіліп.
Отызға кеп қалсақ та,
Біз қараймыз қызығып.
Дайын, қайда «барсақ та»
Зымырандар, қайықтар...
Өнер таңдап әр таңда,
Өзіңсің ғой байыптар.
«Басқарасың» кемеңді,
Етпейсің сен бос талап.
Мүмкін, шарлар әлемді,
Боларсың да космонавт.
Не керектің сен үшін
Дап-дайын тұр, мол бәрі.
Еңбегіңнің жемісін
Елің көрсе болғаны.

15
Кейде ашуға барып қап,
Айрыламын сабырдан.
Құйрығыңнан салып қап,
Қайысады қабырғам.
«Сынып кеткір қолым бұл
Неге сынып кетпеді?
Айтпадым сөз жеңіл бір», –
Өкінемін деп тегі.
Тағамын деп саған сын,
Артық кетсем кей кезде,
Айуан емес – адамсың,
Жетер еді-ау жай сөз де.
Үйретем деп таяқпен,
Өзім таяқ жеп жүрмін.
Сені қатты аяп мен,
Енді ұрмаспын деп жүрмін.

16
Жасың бірден жаңа асты,
Түсінесің көп сөзді.
«Жігіт» болдың жарасты,
Қара қасты, от көзді.
Қадағанда көзіңді,
Тіліп өтер қанжардай.
Көрген адам өзіңді
Қалған емес таңданбай.
Көз тимесе екен деп,
Өзім-дағы сұқтанам.
Әр жүрекке мекендеп,
Бек адам боп шық, балам.

17
Бұлбұлдайын сайраған
Әнші болар ма екенсің?
Мыңғыртып мал айдаған
Малшы болар ма екенсің?
Әлди, әлди, бөпешім:
Асау мініп теңселген
Батыр болар ма екенсің?
Сөзің өткір семсерден
Ақын болар ма екенсің?
Әлди, әлди, бөпешім:
Аты шыққан әлемге
Ғалым болар ма екенсің?
Жақсылықпен бар елге
Мәлім болар ма екенсің?
Әлди, әлди, бөпешім:
Таудай талап бар болса,
Бәріне де жетерсің.
Тек жалқаулық жар болса,
Өмірден бос өтерсің,
Әлди, әлди, бөпешім.

18
Қыңқылдайсың көтер деп,
Көтеруден талдым ба?
Айтқаным жоқ жетер деп,
Бәйек болып алдыңда.
Соншалықты жабысқақ
Ошаған боп қалдың ба?
Жүріп кетсең қарыштап,
Көп қызық бар алдыңда.
Жол азабын мол көріп,
Сүрінер ең, құлар ең.
Өзіңе-өзің дем беріп,
Табанда ұшып тұрар ең.
Өсе келе өзгеге
Жалынбайтын болар ең.
Өмір деген тезге де
Салмақты боп қонар ең.

19
Жетектейін десем мен,
Қолды қағып тастайсың.
Томпалаңдап көшемен,
Зыр жүгіре бастайсың.
Қылығыңа құмартып,
Қарап қалам артыңнан.
Өжеттігің мың артық,
Таймашы осы қалпыңнан.
Сені біреу қашанғы
Жетегіне алады?
Мазалама папаны,
Мазалама ананы.

20
Таң нұрымен ашылған,
Балам, гүлге құмарсың.
Мүмкін, сәби жасынан
Нәзік жанды шығарсың?
Көрген жүрек дір етер,
Балам, гүлге құмарсың.
Айлар өтер, жыл өтер,
Таңдап бірін жұларсың.
Құшағында әкенің,
Балам, гүлге құмарсың.
Оған да мол мәпенің
Керектігін ұғарсың.
Балғын бөбек күніңде,
Балам, гүлге құмарсың.
Баптай білсең, түбінде
Өзің де оған ұнарсың.
Таң нұрымен ашылған,
Балам, гүлге құмарсың.
Жайнап өскен жасыңнан,
Өзің де бір шынарсың.

21
Көк тіреген төбесі,
Балам, тауға құмарсың.
Мүмкін, таудай дәмесі
Асқақ жанды шығарсың?
Шын ниетпен талпынсаң,
Шың басына шығарсың.
Жүрмей жатып алқынсаң,
Шықпай жатып құларсың.
Қалауыңды таппасаң,
Бұлдыраған мұнарсың.
Ел сенімін ақтасаң,
Таудай болып тұрарсың.

22
Аласа тым бойың да,
Жете ме әлің, жетпей ме?
Асыласың мойынға,
Күресемін деп кейде.
Жығыламын өтірік,
Сенен күшім аз болып.
Қайта-қайта лепіріп,
Күресесің мәз болып.
Күрес деген, бірақ та,
Ойын емес тек қана.
Ол өзіңді сынақта
Салар суға, отқа да.
Қиындықпен тірессең,
Шынығарсың, шыдарсың.
Шындық үшін күрессең,
Шың басына шығарсың.

23
Жақсы киім кигенді
Тіптен жақсы көресің.
Жылтыраған түймеңді
Айналдыра бересің.
Сенің жайнап жүруің –
Менің-дағы тілегім.
Сенің ойнап-күлуің –
Менің-дағы гүл өңім.
Кем емессің теңіңнен
Қуатыңның барында.
Күнім болып көгімнен,
Жадыра да жалында.
Мына дарқан өмірде
Киім деген жақсы-ақ қой.
Сол киімді тегінде,
Маңдай термен тапсақ қой.

24
Өзіңде тұрып, өзгенің
Затына сонша құмарсың.
Қадалса отты көздерің.
Қолыңа алып тынарсың.
Өзіңде тұрып, өзгенің
Затына сонша құмарсың.
Тоймайтын, әсте, көздерің,
Әсіре қызыл шығарсың.
Өзіңде тұрып, өзгенің
Затына сонша құмарсың.
Ойлайтын, әлде, бас қамын,
Өзімшіл бала шығарсың?
Өзіңде тұрып, өзгенің
Затына сонша құмарсың.
Әлде, оның жұмбақ астарын
Ашуға асық шығарсың?

25
Үлкенге де «ассалау»,
Кішіге де «ассалау».
Қатар өскен құрбыңнан
Мінезің де басқалау.
Керегі жоқ түсінің,
Керегі жоқ ішінің.
Шалғайынан аласың
Қарамаған кісінің.
Үйге кірген кісінің
Қолын қатты қыс, ұлым.
Белгісі ғой бұл деген
Болар бала ісінің.
Үлкенге де «ассалау»,
Кішіге де «ассалау».
Айналайын жан балам,
Өзіңде ойлы бас бар-ау.

26
Туыстықты түйсінген,
Игі сөзге исінген,
Әділдікті шын сүйген,
Арғы атаң Үйсіннен.
Ағайынды, қосақты,
Берекелі, ошақты,
Баптап мінген қос атты –
Бергі атаң Ошақты.
Жадыңда тұт, жас түлек,
Сауық тілеп, наз тілеп,
Көшіп-қонған жаз түлеп,
Келесі атаң Тасжүрек.
Сейіт – Төртбай – Асылбек,
Жүнісбек атаң әділ боп,
Абдрахман әкең ақын боп,
Бөлінеді жақын кеп.
Туыстықтың тармағын
Талдап жатар алда кім?
Жеті атаңды, Арманым,
Қажет біліп алғаның.
Айтар болсақ дұрысын,
Жалпы қазақ ұлысың.
Адамдықтың құлысың,
Рушылдық құрысын.

27
Сәл көрмесем, құлыным,
Құштарлығым артады.
Сенің әрбір қылығың
Мені өзіне тартады.
Сыңғырлаған күлкіңді
Естігенше асығам.
Өзіңменен қыр гүлі
Секілденер ашылған.
Сенің отты көздерің –
Нұр-жалынның өзені.
Сенің тәтті сөздерің –
Жырларымның өзегі.
Сені көрсем, көңілдің
Көтерілір түндігі.
Өйткені, сен өмірдің
Секілдісің кіндігі.

28
Үміт, қауіп көңілге
Қатар келіп орнаған.
Болашағың жөнінде
Күні-түні толғанам.
Үмітім сол – ізгілік
Сепсем деймін ұрығын.
Күн нұрындай қыздырып,
Өпсем деймін, құлыным.
Қалып қоймай өзгеден,
Өссең деймін, құлпырып.
Мақсатыңа көздеген
Жетсең деймін ұмтылып.
Қауіпім сол – шырақ боп,
Жана алар ма екенсің?
Мәңгілікке мұра боп,
Қала алар ма екенсің?
Жаралмасаң пінә боп,
Онда саған кінә жоқ.
Кең дүниеге шыға кеп,
Кету қиын, сірә, тек.

29
Тойладық кеп бәріміз
Сенің туған күніңді.
Төгіліп жыр-әніміз,
Түн пердесі түрілді.
Бірге толып Арманың,
Адам болды десті жұрт.
Өзіңе абзал арнап үн,
Өткізді сол кешті жұрт.
Шығар, мүмкін, солай да,
Бірақ, кім бар түсінген?
«Адам болу оңай ма?» –
Деп ойладым ішімнен.
Айтқан сөзді мол құптап,
Жетіге де толарсың.
Кітабыңды қолтықтап,
Мектепке де барарсың.
Қуанбайды кім оған,
Қанат қақсаң қомдана?
Болды екен деп шын адам,
Айта алмаймын сонда да.
Мектебіңді бітіріп,
Куәлік те аларсың.
Білім іздеп, жұтынып,
Институтқа да барарсың.
Қуанбайды кім оған,
Қанат қақсаң қомдана?
Болды екен деп шын адам,
Айта алмаймын сонда да.
Институтты бітіріп,
Диплом да аларсың.
Кісі болып, күтініп,
Жұмысқа да барасың.
Қуанбайды кім оған,
Қанат қақсаң қомдана?
Болды екен деп шын адам,
Айта алмаймын сонда да.
Бастан өтіп нелер сын,
Қиындықты жеңерсің.
Ел үшін тер төгерсің,
Жемісіңді берерсің.
Сонда ғана білерміз
Нағыз туған бір ұлды.
Шын құттықтап жүрерміз
Сенің туған күніңді.

30
Әкеге тартып тумаса,
Әкеден артық тумаса,
Бала бала болар ма?
Бала дана болар ма?
Әкеге тартып туғаны –
Әкенің жолын қуғаны.
Аңсағаны, арманы
Жалғағаны арнаны.
Әкеден артып озғаны –
Әріге қолын созғаны.
Әлемнің сырын ашқаны,
Халыққа нұрын шашқаны.

31
Мен шықпаған тұғырға
Көтерілсең болғаны.
Осы қысқа ғұмырда
От өрілсең болғаны.
Мен жазбаған жырларды
Жаза білсең болғаны.
Мен ашпаған сырларды
Аша білсең болғаны.
Мен бармаған даңққа
Бара білсең болғаны.
Еңбек етіп халыққа,
Жана білсең болғаны.

32
Көздерің шын қызғанда,
Әпер деп бірін маған,
Қарайсың жұлдыздарға
Жырақта жымыңдаған.
Сен неден тартынасың,
Шоқ түссе жас жаныңа.
Тынымсыз талпынасың
Арманның асқарына.
Осал деп әкем менің,
Орынсыз өкпелеме.
Қолыңда әлем сенің –
Ұшырдық көкке кеме.
Өзгеден қалыспауға,
Барынша ұмтыл бүгін.
Шарықтап ғарыштауға
Сенің мол мүмкіндігің.
Қиядан қас қағымда
Әлемді мұңсыз шолып,
Жанарсың аспанымда
Өзің де жұлдыз болып.

33
Құлағыңа құйғандай
Үйретті екен саған кім?
Дейсің бірден қиналмай:
«Баласымын атамның».
Балдан тәтті сөзіңді
Естігенде аташың.
Құшып-сүйіп өзіңді,
Береді ақ батасын:
«Айналайын жан балам,
Ақ батамды ал, балам.
Талабынан танбаған
Сұңқарымсың самғаған.
Дейтін болсаң балаңмын,
Баласы бол адамның,
Панасы бол далаңның,
Данасы бол ғаламның!».

34
Тұра қудың көре сап
Балапанын тауықтың.
Ол да қашты сезе қап,
Төнгенін бір қауіптің.
Шиқ-шиқ етті ол лезде,
Қатты састы шамасы.
Түсті келіп сол кезде
Арашаға анасы.
Қанатымен қалқалап
Балапанын табанда,
Тап-тап берді әр қабат,
Айбат шегіп саған да.
Аялаған анасы
Ол да өзіңдей балапан.
Ақыл көзбен қарашы,
Текке ұрындың, балақан.
Біз де әлпештеп сені шын,
Саулық тілеп тек қана,
Керек десе, сол үшін
Өртенеміз отқа да.

35
Дала, дала, дала деп,
Ұмтыласың далаға.
Шығармаса, нала боп,
Өкпелейсің анаңа.
Қайтармаймыз бетіңді,
Түлеп ұшқан ұяңда.
Бала бүркіт секілді
Көз тігесің қиянға.
Көріп алсам дегендей
Кең даламды дұрыстап,
Дем аласың тереңдей,
Таза ауамен тыныстап.
Аймалайтын далаң бұл
Топырағын уыстап.
Аймалайтын анаң бұл –
Қойны толы ырыс-бақ.
Әділдікті, теңдікті
Үйренерсің анаңнан.
Ұлылықты, кеңдікті
Үйренерсің далаңнан.

36
Шыр етіп туған күніңнен
Ойладым болашағыңды.
Ышқына шыққан үніңнен
Өжеттік кейпің танылды.
Шыр етіп туған кезіңнен
Ойладым болашағыңды.
Жаутаңдап тұрған көзіңмен
Атырдың бақыт таңыңды.
Шыр етіп туған уақтан
Ойладым болашағыңды.
Күлкіңді сыйлап шуақтан,
Бөледің нұрға жанымды.
Шыр етіп туған сәтіңнен
Ойладым болашағыңды.
Шырқатып шексіз шат үнмен,
Арнадым әсем әнімді.

37
Сүйкімді сәби үніңді
Бұлаққа мөлдір теңедім.
Тамаша тәтті тіліңді
Тамсана тыңдап келемін.
Жанары жарқын көзіңді
Көктегі күнге теңедім.
Нұрына тосып өзімді,
Нұр алып, балқып келемін.
Кіршіксіз күміс күлкіңді
Думанды тойға теңедім.
Бақытқа толы бұл күнді
Қызықтауменен келемін.
Жеткізер алға әнімді
Келешек күнім сен едің.
Сондықтан, саған барымды
Берешек болып келемін.

38
Игі іс етсем әкелік,
Саған қалар сауабы.
Жасар болсам қателік,
Маған қалар жауабы.
Әділ сөздің сарасы,
Ұғынып ал мынаны:
Әкесі үшін баласы
Болмақ емес кінәлі.
Сен жіберсең кемшілік,
Тастағаның мені сырт.
Жасай алмас кеңшілік,
Айыптайды мені жұрт.
Іске аспаса мәпесі,
Арылмайды азабы.
Сондықтан да, әкесі
Баласы үшін жазалы.

39
Баласы жақсы болса,
Ол – әкенің мақтаны.
Жасынан басшы болса,
Ол – еліне жаққаны.
Ақылы тапшы болса,
Ол – азапқа батқаны.
Пәтуасыз бақсы болса,
Ол – қарғыстың атқаны.

40
Бала адам болса,
Ол – әкенің биігі.
Бала жаман болса,
Ол – әкенің күйігі.
Жай басар шабан болса,
Жұғымы жоқ сұйығы.
Қараңғы надан болса,
Тірелетін тұйығы.
Бала батыл болса,
Ол – әкенің сенімі.
Әр сөзі ақыл болса,
Ол – әкенің серігі.
Ақылдан бақыл болса,
Басылмас желігі.
Адамға жақын болса,
Онда ол – ел ұлы.

41
Жамандық көрсең біреуден,
Жақсылықпен ғана жауап бер.
Арамза мысық тілеумен
Алысқа бармас жауапкер.
Қолынан келген қиынын
Төндіріп баққан күнде де,
Салбырамасын иығың,
Қабақты шытпа, үндеме.
Тарта бер тура, тарықпа,
Күңкілге көңіл бөлмегін.
Танытар сені халыққа
Маңдай тер, адал еңбегің.
Жамандық көрсең біреуден,
Жақсылықпен ғана жауап бер.
Арылып арам тілеуден,
Бас иер бір күн жауапкер.






Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу